АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ БАРЛЫҚ МЕКТЕПТЕРІ ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУҒА КӨШЕДІ

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мегаполис мектептерінде қашықтан оқытуды ұйымдастыру жұмыстарына байланысты онлайн брифинг өткізді.

Спикер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Төтенше жағдай енгізу туралы Жарлығына сәйкес коронавирус инфекциясының таралып кетпеуінің алдын-алу мақсатында Алматы қаласы Білім басқармасы келесі шаралардың іске асырылып жатқанын мәлімдеді.
Ең алдымен, мектепке дейінгі білім беру мекемелері 19 наурыздан өздерінің қызметін уақытша тоқтатты. 16 наурыздан бастап қосымша білім беру ұйымдары, музыкалық мектептер, өнер мектептері, Оқушылар сарайы жұмыстарын тоқтатқан екен.
«Алайда қашықтан оқыту арқылы жұмыс жүргізілетін кейбір бағыттар бойынша онлайн курстары ұйымдастырылуда. 16 наурыздан бастап колледж бен ЖОО (жоғарғы оқу орны) студенттері қашықтан білім беру технологиясы негізінде оқу жүйесіне көшті. Колледж оқытушылары қазіргі таңда қашықтан жұмыс атқаруда», – деді Л.Жылқыбаева.Спикердің айтуынша, бүгінде қалада арнайы білім беру ұйымдары (балалар үйі, кәмелет жасқа толмаған балаларды бейімдеу орталығы және т.б.) карантин режимінде жұмыстарын жалғастыруда. «2020 жылдың 16 наурызынан 5 сәуірге дейін оқушылар үшін көктемгі демалыс бекітілген болатын. Ал 6 сәуірден бастап Алматы қаласының барлық мектептері қашықтан оқытуға көшеді. Бұл кезеңде мектеп мұғалімдері өз үйлерінде отырып, қашықтан жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта біздің педагогтар оқытудың жаңа форматына көшу бойынша өте үлкен жұмыстар атқаруда, олар өздерінің сабақ жоспарлары мен презентацияларына толықтай өзгеріс енгізіп жатыр», – деді Л.Жылқыбаева. «Қазіргі уақытта бұл жағдайда ата-аналардың қатысуы өте маңызды рөл атқаратынын айтқым келеді. Сондықтан мен барлық ата-аналардың шыдамдылық танытып, оқу үрдісінің осылайша ұйымдастырылуына түсіністікпен қарауын сұраймын», – деді басқарма басшысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *