АЛАШ ЖЕРIНДЕГI ТҰҢҒЫШ АЛАМАН

Алматыда бокстан Әлем чемпионаты жалауын көтердi

17Ербол ТҰРЫМБЕТ

Алматыда бокстан ел тарихындағы тұңғыш Әлем чемпионаты өтiп жатыр. Қатысушы елдер саны жөнiнен Ха­лықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) рекордын жаңартқан байрақты додада 116 елден жиылған 576 боксшы сынға түседi деп күтiлген. Дегенмен, бокс басталарға 1 күн қалғанда салмақ өлшеу рәсiмi өтiп, онда қатысушылар қатарының 457-ге дейiн азайып қалғаны белгiлi болды. Ал Қазақстан атынан қатысатын 10 спортшының басшысы болып 69 келiде сайысқа шығатын Данияр Елеусiнов таңдалды. Бұл салмақ дәрежесiнде бұған дейiн Серiк Сәпиев өнер көрсеткен едi. Айта кетейiк, қала әкiмi Ахметжан Есiмов пен Халық­аралық бокс қауымдас­тығының (AIBA) президентi Чинг-Куо Ву және Серiк Қонақбаев бәсi жоғары әлемдiк бәсекенi салтанатты түрде ашты.

 

Алматыдағы әлем чемпионатының бiр ерекшелiгi, боксшылар бас киiмсiз, яғни, шлемсiз жұдырықтасатын болды. Жалпы, бұған дейiнгi әуесқой бокс сайыстарында көзiмiз үйренгендей көрiнiс ендiгi жерде өзгерiске ұшырап отыр. Сонымен қатар, енгiзiлген ендiгi жаңалық – боксшылардың ұпай саны да өзгеше есептелмек.

Өз жерiмiзде өтiп жатқандықтан, жерлестерiмiзден күтерiмiз көп екенi былай да түсiнiктi. Әсiресе, ел үмiтiн ақтайдыға санайтындарымыздың бiрi – Данияр Елеусiнов. Естерiңiзде болса, Лондон Олимпиадасында Даниярдың жолы болмай қалып едi. Техникалық тұрғыдан өте сауатты бокстаса алатын спортшымыздың өнерi талайдың таңдайын қақтырып, Олимпиададан арнайы жүлде алып қайтқан-ды. Оның үстiне, Серiк Сәпиев иеленген салмақ дәрежесi бұл жiгiтке бекер табысталып отырған жоқ. Ендеше, осы жолы Даниярдың өз қабiлетiн анық көрсететiн кезi жеттi.

Боксшыларымыздың әлемдiк додаға дайындығы жөнiнде ұлттық құрамамыздың бас бапкерi Мырзағали Айтжанов жiгiттердiң жеңiске деген жiгерi тасып тұрғанын айтқан болатын.

– Жеребе рәсiмi бiз үшiн сәттi болды. Оның үстiне, шаршы алаң қожайыны ретiнде екiншi айналымнан қосыламыз. Бұл, әрине, қарсыластары­мыздың ұрыс айла-тәсiлiн, осал тұстарын қарап, бiлiп алуға жақсы мүмкiндiк. Бiз бұл чемпионатқа жыл бойы дайындалдық және жiгiттерiмiз де әбден ширығып, көрермендердi қуантуға әзiр тұр, – дейдi бас жаттықтырушы.

Оның айтуынша, бiздiң құраманың басты қарсыласы – қай уақыттағыдай кубалық боксшылар. Сонымен бiрге, Ресей мен Италия, Украина және Филиппин мен Тайланд та жақсы құраммен келiп отыр.

Сонымен, төмендегiдей құрамда өнер көрсететiн бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының қарсыластары анықталды:

49 келiде:

Құрама сапындағы ең тәжiрибелi саналатын Бiржан Жақыпов қазiр нағыз шыңдалған шағында тұр. 19 қазан күнi шаршы алаңға шығатын оны Белик Галанов (Ресей) мен Вадим Кудряков (Украина) жұбының жеңiмпазы күтiп тұр. Жалпы алғанда, бұл салмақта 38 боксшы жүлделердi сарапқа салмақ.

52 келiде:

Бұл салмақ дәрежесiнде жұдырықтасатын жерлесiмiз Iлияс Сүлейменовке 18 қазан күнi Эндрю Молони (Австралия) – Паттиараччи (Шри-Ланка) жұбының жеңiмпазы қарсылас атанбақ. Сондай-ақ, бұлардан басқа осы салмақта екi дүркiн Еуропа чемпионы, Бакуде өткен әлем чемпионатының финалисi Эндрю Селби және өзге де есiмi қазақ бокс жанкүйерлерiне жақсы таныс мықтылар бар.

56 келiде:

19 қазан күнi рингке шығатын Қайрат Ералиев Танжит Лалли (Канада) мен Никола Андрейана (Румыния) жұбының жеңiмпазымен жұдырық түйiстiретiн болады. Жалпы, бұл топта 51 елдiң спортшылары бақ сынайды. Олардың арасында Олимпиада чемпионы, кубалық Робейси Карразана да бар.

60 келiде:

Бұл салмақта ел намысын қорғайтын Берiк Әбдiрахмановтың бiрiншi кездесуi 20 қазанға жоспарланған. Жалпы саны – 46 боксшы таласқа түсуде. Олардың арасында бiздiң Берiкпен қатар, италиялық Доменико Валентино, бразилиялық Робсон Консейсао және тәжiк Анвар Юнусов жүлдеге дәмелiлер қатарынан саналуда.

64 келiде:

Қазақ бокс жанкүйерлерiне жақсы таныс есiмдердiң бiрi – Мерей Ақшалов. Мерейдiң Әлемдiк бокс сериясы сындарында «Астана арландары» сапында қалай өнер көрсеткенi жұртшылыққа жақсы мәлiм. Техникалық қыры өте бай Мерейдiң алтын алатынына сенiм жоғары. Ол алғашқы қарсыласы шотландтық Джош Тэйлормен 18-i күнi қолғап түйiстiрмек. Жалпы алғанда, осы салмақта 55 боксшы бәсекеге түсiп жатыр.

69 келiде:

Ұлттық құрамамыздың капитаны Данияр Елеусiновке артылар сенiм мол. Соңғы екi Олимпиада ойындарында алтын сыйлаған осы салмақтан алтын дәрежемiздi түсiрiп алмау да үлкен жауапкершiлiк. Дегенмен, Даниярдың қалайша жұдырық сермейтiнiн жақсы бiлемiз. Ал оған негiзгi қарсылық көрсетуi мүмкiн спортшылар қатарында италиялық Винченцсо Манджакапре, Лондон Олимпиадасының финалисi Фредди Эванс бар. Мұндағы қатысушылардың жалпы саны – 55.

75 келiде:

19-ы күнi шаршы алаңға көтерiлетiн Жәнiбек Әлiмханұлы ямайкалық Джонатан Хэнсон мен әзiрбайжандық Солтан Мигитинов жұбының жеңiмпазымен кездеспек. Мамандардың ойынша, ақтық мәреге дейiн Жәнiбектiң жолын қарымды қарсыластар кескестеп тұрған жоқ. Дегенмен, жүлдеге таласар сәтте румын Богдан Журатони, Украина құрамасының капитаны Дмитрий Митрофанов және Лондон Олимпиадасының финалисi бразилиялық Эскива Флорентинолар қарсылас атануы мүмкiн.

81 келiде:

Әдiлбек Ниязымбетов Лондон Олимпиада­сындағы жақсы жетiстiгi арқылы атын әлемге әйгiлеп алды. Дегенмен, қарсыластары да осал емес. Былтырғы әлем чемпионатында Әдiлбектiң жолын кескен кубалық ла Круз, әлемдiк бокс сериясынан танымал хорват Хрвое Сеп пен алжирлiк Абдельхафид Беншабла және ирландтық Джо Вардтар осы салмаққа шоғырланған. Ал Әдiлбек алғашқы кездесуiн 20 қазан күнi өткiзедi.

91 келiде:

Ауыр салмақта жерлесiмiз Антон Пинчук абыройымызды қорғамақ. Антонның бағына орай, мұндағы кiл мықтылар екiншi қоржынға түсiптi. Нақтырақ айтқанда, италиялық Клементе Руссо, кубалық Эрисланди Савон, Еуропа чемпионы және Бакуда өткен әлем чемпионатының жүлдегерi, сондай-ақ, 2012 жылғы Олимпиада жүлдегерi, әзiрбайжандық Теймур Маммадов пен Бакуда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегерi, қытайлық Ксуанксуан Ваң – бәрi екiншi топта. Айта кетейiк, Антон алғашқы кездесуiн 18 қазан күнi венгр Имре Сцелло мен марокколық Абухамад жұбы жеңiмпазымен өткiзедi.

+91 келiде:

Ең ауыр салмақта Иван Дычконың өнер көрсетiп жүргенiне көзiмiз үйренiп те қалды. Иван Лондон Олимпиадасында да жақсы қырынан таныла бiлдi. Әйтсе де, Дычкоға осы жолы да ауыр сын болғалы тұр. Ол бiрiншi шығуында Иштван Бернадт (Венгрия) пен Ален Беганович (Черногория) жұбының жеңiмпазымен жұдырықтасады. Ал, жалпы, осы салмақта румын Михай Нистор, серб Милутин Станкович, әзiрбайжан Магомедрасул Меджидов, хорват Филипп Хргович, жуырдағы Қазан Универсиадасының чемпионы, ресейлiк Магомед Омаров, екi дүркiн әлем чемпионы, италиялық Роберто Каммарелле сынды есiмi жаһанға мәшһүр саңлақтар бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *