Алғабастың айтары көп…

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

    

Маңызы жоғалмайтын мәселе­лер қай-қай қоғамда да бар. Қазіргі халық бұрынғыдай қоңыр тірлігіне алданып, қоңторғай қалпында отыра бермейді. Арқасын жауыр еткен ауыр дүниелерге көз жұма қарамайтын болған. Сұрайды. Сабыры таусылса, сынайды. Ал сол елдің атынан қолы (бәлкім, құрығы) ұзын ағайынға мінберден сөйлеуге тікелей құқылы депутат­тар көз көріп, құлақ естіген мәселе­лерге көңіл бөліп жүр ме? Шелегін көтерісіп, шаңын сүртіспесе де,  шарасыз кейіптегі жұрт­тың шерін тарқататындай не істеп жүр?

Дәл осындай сұрақтар санасының саңылауы бар әр адамның көкейінде сайрап жатқанына күмән жоқ. Бәрі де жаманның жақсы болғанын, жақсының одан әрі көбеюін құп көреді.

Қалауын айтқан елдің қарасын жақын­да біз де көрдік. Іштегі күйіктің кесек-кесек сөзге айналып, кезек-кезек төгілгеніне куәміз. Қаумалаған елдің бел ортасында – Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қали Қошқарұлы. Ол өзі сайланған Алатау ауданына қарасты «Алғабас» ықшамау­данының тұрғындарымен бетпе-бет кездесіп қайтқан еді. Сол жерде айтыл­маған сөз қалмады: су да, қоғамдық көлік те, қақпақсыз құдық та айтылды.

Ентігін баса алмай, ел ішіндегі елеулі мәселелерді айтушы үлкен мен кішінің барлығы мәселенің әп-сәтте өзгере қоймасын өздері-ақ түсініп тұрды. Дегенмен, «Алғабас­та» кейінге шегеруге болмайтын әлеуметтік жағдайлардың бары анық-ты…

Алатау ауданына қарасты «Алғабас» ықшамауданына бір жылдары көп қабатты үйлер салынып, тұрғындардың емін-еркін өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалды. Содан бері халқының саны 20 мыңға жуықтаған мекенде жыл өткен сайын әлеу­меттік проблемалар қылаң беруде. Жинал­ған жұрт соның бәрін Алатау ауданындағы №14 сайлау округінен сайланған қалалық мәслихат депутатының алдында егжей-тегжейлі баяндап берді.

Ел айтқан мәселенің барлығы елеуге тұрарлық екенін біз де өз көзімізбен көрдік. Мысалы, «Алғабасқа» қатынайтын қоғамдық көлік ықшамауданның ішіне кірмегендіктен, шетте тұратын адамдар үшін №29 емхана мен мектепке барудың өзі мұң болып отыр. Ал кешкі сағат 7-ден кейін жүруін тоқтататын №57, №7 авто­бустар келетін жерде желден, жауыннан, күннен қорғаныш болатын ешқандай аялдама да салынбаған. Тіпті, оған тікелей шығу тұрғындарға оңай соқпайды. Өйткені, арада арық болғандықтан айналма жол арқылы ғана бара алады. Адамдардың өтуі үшін сары жолақ белгілер салынбаған жолда кімді қандай қауіп күтіп тұрғанын бір Алла біледі. Бағдаршам орнатылмаған. Ажалдың алдына күнде барып-келіп жүрген тұрғындар көлікке арналған жолдың үстінен көпір немесе жоласты өткелдерінің жасалуын қалайды.

Сонымен қатар, мыңдаған халқы бар ықшамауданда әлі күнге дейін пошта, банкомат сықылды қажетті орталықтар жоқ. Тұрғындардың айтуынша, бұл аумаққа «Халық банкінің» бөлімшесін ашса да, артық етпейді.

Бұдан бөлек, Қали Қошқарұлының өзі балаларға арналған ойын алаңдарыныңсалынбағанына және аулалардың иесіз жұрттай қаңырап тұрғанына көз жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындар көліктің көптігінен елең-алаңда өмір сүріп жатыр екен. Себебі, ол жерде арнайы автотұрақтардың салын­бауынан, жолдағы жылдамдыққа қарсы кедергілердің болмауынан балаларды қараусыз жіберуге қорқатын көрінеді.

«Алғабаста» соңғы уақытта кәріз жүйесіне арналған құдықтардың қақпақ­тары жиі ұрланатын болған. Ал үңірейген құдықтар үрейге үрей жамап, елді алаң­датып-ақ отыр екен. Жауын-шашыннан кейін олардың ішіне су толса, тіптен қауіпті. Өйткені, көліктен қорқып, балаларын жетексіз ойнатудан тартынған жұрт ай мен күннің аманында сәбилер ашық қалған құдыққа түсіп кете ме деп алаңдайды.

Депутатқа назын айтқан ел «Тұрғын үй» серіктестігінің жұмысына көңілдері толмайтынын жеткізді. Олардың айтуын­ша, серіктестік тұрғындармен байланыс орнатып, қаржылық есеп беру дегенді білмейді. Бір сөзбен айтқанда, құрылыс сапасынан, көрсетіліп жатқан қызметтері­нен кемшіліксіз үй қалмапты. Жауын кезінде тұрғын үйлердің жертөлесі суға толатын кездер де жиі қайталанады. Сылақ­тар түсіп, шатырдан да су ағатынын мойындау керек.

Бір қызығы, №130 көпқабатты үйдің пайдалануға берілгеніне жарты жыл өтсе де, оған бүгінге дейін көгілдір отын қосылмапты. Бұған қоса, осы үйдегі лифт жұмысы да сын көтермейді екен: бұзылған жағдайда жөндел­мейді. Өйткені, жауапты мекемелердің айта­тын сылтауы мынау – әлі қабылдан­бапты.

Айтылған мәселелер мұнымен бітпейді. Тұрғын үйлердегі ыстық судың орнына суық не жылы су ағатын көрінеді.

– Ыстық су лас, сап-сары болып ағады және қолыңды жуғанда сабынның өзін кетіре алмайды. Сабынды шая алмайтын ол не қыл­ған су? Жылу жүйесінің маман­дарына арыз­дандық. Олар «Алғабастың» жылу жүйесін әлі құжат бойынша қабыл­дамағанын айтады. Қысқасы, жылу тора­бы­ның жобасы жоқ. Ыстық суға арналған құбырлардың қалай және қайда тартыл­ғанына да ешкім жауап бере алмайды, – дейді Сандуғаш Серікқали.

Сонымен қатар, тұрғындар «Алғабасқа» имандылыққа шақыратын Алланың үйі – мешіт құрылысын бастау керектігін мәселе етіп көтерді. Ал бір мектепте оқитын бала­ның саны бұл күні екі есеге жуықтаған. Бала санының көбейгені, әрине, жақсы. Бір­ақ білім ордасына сыймай жатса, бір дүниеңнің ақсап жатқаны оңай білінеді ғой.

Осының бәрін мұқият тыңдаған Қали Сәрсенбай елдің жанайқайын жауапты мекемелер мен жауапты тұлғаларға жет­кізу­ді өз мойнына алды. «Алғабастың» алға басуы үшін әлі де талай жұмыстар атқарылуы тиіс.

Кездесуге «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Алмасаев, Алатау аудандық қоғамдық денсаулық сақтау комитеті  және қалалық аурухана өкілдері мен Алатау аудандық әлеуметтік сала бөлімінің мамандары қатысты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *