Аймақ журналистерінің Астана алаңы

«Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Нұрлан СҮЙІН
Астанада өтіп жатқан Astana Media Weeк форумынан хабарлайды

Бүгін Astana Media Weeк аясында өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өз форумы өтті. Оны Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ашты.

— Биыл үшінші жыл өңірлік масс-медиа өкілдерінің басын қосып отырған форум Astana Media Weeк аясында өтіп жатқаны баршаңызға белгілі. Журналистер үшін, баспасөз қызметі мен ақпарат саласының басқа да мамандары үшін көптеген семинар-тренингтер өтті. Мемлекеттік мүддені халыққа жеткізіп, қоғамдағы өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда аймақтық медианың маңызы зор. Осы орайда қазіргі күні өңірлік ақпарат құралдарының алдында үлкен мақсат-міндеттер тұр. Ол — Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан саяси, экономикалық және рухани жаңғыру жөніндегі кешенді реформаларға жұртшылықты жұмылдыру, — деп атап өтті министр.

Дәурен Абаев өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының әрқайсысы әр аймақта болғанмен, бәріне ортақ мәселелердің жетерлік екеніне тоқталды.

— «Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда бір туысың болсын» деген әдемі сөз бар. Форумдағы негізгі мақсаттардың бірі — сіздер бір-бірлеріңізді танып, біліп, пікір алмассын деген ниет. Осылайша еліміздің медиа саласын әртараптан емес, ортақ мүдде аясында дамытса дейміз, — деді ол.

Министр журналистер үшін арнайы ұйымдастырылып отырған ашық алаңның пайдасы зор екенін атап өтті. «Алдағы уақытта аймақтық форум өзара пікір мен тәжірибе алмасудың тұрақты алаңына айналады деп сенемін. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өңірлік масс-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға әзір»,- деді Дәурен Абаев.

Ақпарат өкілдерінің алаңында көп мәселе көтерілді.

— Дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары — газеттер, журналдар нарық жағдайына төтеп бере ала ма, өмір сүре ала ма, болашағы қалай болады деген мәселе туралы әлемде де, оның ішінде Қазақстанда да көптен бері әңгіме орын алып жатыр. Кейбір сарапшылар «газет-журналдар уақытпен бірге жылыстап шыға береді» дегенді айтады. Кейбіреулер «газеттердің күні бітті, өлді не болмаса жақында жаназасын шығарамыз» деген ниетте. Қалай өлтірмеуге болады? — деді «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп.

Ал, TNS Central Asia бас директоры Татьяна Старцева: «Қазақстанда теледидарды кемінде күніне бір рет халықтың 76 пайызы көреді. Мен қала тұрғындары жайында айтып отырмын. Ал ауылдықтардың дағдылары біршама өзгерек. Интернетті халықтың 51 пайызы қарап, 36 пайызы радио тыңдайды, тағы 10 пайызы баспасөзді оқиды. Соңғы 3 жылда көрсеткіштер әсіресе интернетте айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын көріп отырмыз. Интернетке күнделікті кіретіндер саны  айтарлықтай артты, соңғы үш жылда — 14 пайызға. Теледидарды көретін күнделікті аудитория 5 пайызға, баспасөз оқитындар саны 5 пайызға қысқаруда. Ал радио аудиториясы шағын болғанымен, өте тұрақты», — деді. Осыдан-ақ ақпарат айдынындағы өзгерістердің қалай болып жатқанын аңғара беруге болатын шығар.

Форум барысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзге де өңірлік БАҚ өкілдерімен қоса, еліміздің алып мегаполисі Алматының қос басылымы – «Алматы ақшамы» газетінің 30 жылдығы мен «Вечерний Алматы» газетінің 50 жылдығы мерейтойларына орай Бас редакторлар Қали Сәрсенбай мен Евгений Грюнбергті Алғыс хаттармен марапаттады.

Сөз кезегі келгенде, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарына ортақ келелі мәселелерді саралай келе, «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай:

— Бұқаралық ақпарат құралдарының  қоғамдағы  рөлін  қарапайым халық   арасында нақылға айналып кеткен   «бүгінгі күннің қамын  — журналистер ойлайды» деген ұғым  айқын аңғартып  тұрғандай. Бұл  —  журналистер қауымының еңбегіне  оқырмандар  мен көрермендер, тыңдаушылар тарапынан берілген әділ баға деп білемін. Мемлекеттегі  барлық БАҚ өкілдерінің мақсат-мүддесі  қашанда ортақ  болуы тиіс, ол —  туған ел мен туған жердің, Қазақстан мемлекеті мен Қазақстан халқының  мұраты  мен  игілігі  жолында адал  қызмет ету. Осы орайда бәрімізге барометрлік бағдар болар  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы әрбір бұқаралық ақпарат құралының  идеялық ұстанымына, идеологиялық төлқұжатына айналуы тиіс деп білемін, — деді.

Astana Media Weeк форумы одан әрі өз жұмысын жалғастырып жатыр.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close