Қайғылы оқиға есеңгіретіп тастады

алматылықтар Мәңгілік алаудың жанына жиналып, қайғылы отбасының қайғысын алыстан болса да бірге бөлісуге тырысты

Бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырған Астанадағы қайғылы оқиға бәрімізді есеңгіретіп тастағаны рас. Құдайдың жазғанына шара жоқ деп өзімізді жұбатсақ та, бес бірдей баланың өлімін, бір түнде бес балапанын жоғалтқан әке мен шешенің басындағы жағдайды бұдан былай ешкімге бермесін деп тілейміз.

Әсел ДАҒЖАН

Аптаның басындағы қаралы хабар жан-дүниемізді төңкеріп тастағандай болды. Тіпті, дүниенің бір шеті опырылып түскендей әлі есімізді жия алмай отырмыз. Әлеуметтік желідегі көңіл-күй тіптен аласапыран. Қайғылы ата-анаға көңіл айтып, өлең жазып жатқан жұртта есеп жоқ. Көпбалалы ата-ананы мемлекет үй, жұмыс, жәрдемақымен қамтамасыз етуі керек деген пікірлер де толастар емес. Бір отбасының басындағы орны толмас үлкен қайғы бұл өмірдегі үлкен құндылық бала және оның қауіпсіздігі екендігін түсіндіріп бергендей болды.

Дәл осы 5 ақпанның кеші қаладағы 28 Панфиловшылар паркінде де ерекше азы­нап, суық тұрды. Қолдарына гүл ұстаған алматылықтар Мәңгілік алаудың жанына жиналып, қайғылы отбасының қайғысын алыстан болса да бірге бөлісуге тырысты. Тіпті, бір апамыз үйінен жеті шелпек пісіріп әкеліп, жиналған жұртқа таратып жатты.

– Баланы бізге Алла Тағаланың өзі бе­реді, өзі алып кетеді. Қиын да болса шын­дық осы болып тұр. Бес баланы дүниеге алып келіп, асырап бағу оңай емес. Енді сол баласынан бір түнде айырылу деген қандай үлкен қайғы екенін ата-ана ретінде сөзбен айтып жеткізе алмай тұрмын. Қиын. Өзім үшін үлкен сабақ болып жатыр, баламды жалғыз қалдырмайтын болдым. Халық болып жұмылып ақша аударып, көмектесіп жатыр. Бірақ дәл қазір ол әке-шешеге бұл орны толмайтын қайғы. Дәл қазір оларға өте жақсы психолог маманның көмегі қажет. Оларды жалғыз қалдырмау керек, – деді «Болашақ» қауымдастығының Алма­тыдағы директоры Қымбат Әбдікерімова.

Өрімдей  бес баланы бір мезетте ақтық сапарға шығарған азалы күнді бүкіл ел болып қасірет тұтты.

– Қазақ – қашан да көпбалалы болған. Бола береді де. Ол біздің қанымызға сіңген дүние. Біз көпбалалы халықпыз, ол біздің ұлтқа тән қолтаңба. Мың жыл бұрын сондай болсақ, одан кейін де көпбалалы болып қала береміз. Мұны қалай бар, солай қабылдау керек. Бізді өзгертуге тырысудың қажеті жоқ. Бұл енді қоғамның алатын сабағы. Мемлекетке келсек, жас отбасы­ларды қолдау мәселесін қолға алу керек. Көптен бері айтылып келе жатқан – көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін көбейтуді қайта қарау қажет, – деді «Жастар үні» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дәурен Бабамұратов.

Сөз соңында айта кетейік, марқұм бес баланың анасы Ситер Жанымкүл Амангел­діқызының атына ашылған есепшотқа еліміздің түкпір-түкпірінен қайырымды жандар қолұшын созып, ақша жинауда. Ескерте кетейік, егер ақша аударғыңыз келсе, онда Каспий голд картасындағы 5169 4931 5217 1321 нөмірлі есепшотына ау­даруыңызды өтінеміз. Ал әлеуметтік желілер арқылы ашылған өзге есепшоттар алаяқтарға тиесілі болуы мүмкін.  Сон­дықтан мұқият болуыңызды сұраймыз.

 

Қайрат ҚҰДАЙБЕРГЕН, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер:

Оларда басқа таңдау болған жоқ

Бес бірдей періште мына өмірді бойжетіп, ертеңін күтпестен тастап кете барды. Ата-аналары оларды жетілдіру үшін ешкімге алақан жаймай, өздерінің адал еңбектерімен бағып-қағу үшін уақытпен санаспай еңбек етті.

Дәл қазіргі уақытта бір баланы бағып-қағу оңайға түспей тұр. Ал олар бірден бес бүлдіршінді дүниеге әкеліп, тәуекелге бел буған еді. Әлеуметтік желілерде кейбіреулер біреуі жұмысқа кеткенде неге біреуі бала­ларының жанында қалмады деп те уәж айтып жатыр. Ондай сәуегейлерге айтар едім – ол бүлдіршіндердің ата-аналары қолы бостықтан түн қатып жұмысқа шық­қан жоқ. Түнгі ауысымға шақыртып ал­ған соң барды. Оларда басқа таңдау бол­ған жоқ. Бұл – біздің халық үшін үлкен қасірет.

Періштелердің жаны жәннатта, жатқан жерлері жайлы болсын!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *