АДАМЗАТТЫҢ ЕҢ АЛҒАШҚЫ АҚЫНЫ

(Эссе-трактат)

Серік АҚСҰҢҚАР

Ақынның өлеңі ғана емес, өзі де – Поэзия. Жылағаны мен күлгені, жүріс-тұрысы, аузынан шыққан сөзі де. Бірде Алғашқы Ақынның өлеңіне әбден көңілі кеткен Император өзіне шақырып алып, ерекше құрмет жасайды. Алтын сарайын аралатып көрсетеді. Сонсоң, алтын тағының алдына кеп: «Менің орныма бір сәт отырып көрші?», – депті, не айтар екен деп. Сонда Ақын жұлып алғандай: «Ұлы Мәртебелі Тақсыр! – депті, – Мен онсыз да өз тағымда отырмын ғой!».

Ол өзін патшадай сезінген. Құлша сезінсе, оның көкірегінен адамзатты сансыз сауалға салатын «Өлең деген Сөз патшасы «(Абай) – Құдайдың бір құбылысы тумайды ғой? Ол күндердің күні Гомер мен Эсхил, Гете мен Байрон, Пушкин мен Блок, Неруда мен Мағжан, Мұқағали… Цветаева мен біздің Фариза отыратын орында елден бұрын отырғанын сезген еді…

Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға арнап алғаш өлең жазған ақын Гете еді. Оған ол тұтас бір жыр «Батыс-Шығыс Диванын» арнайды. Діні бөлек болса да, ділі лүпілдеп, осы кісімен бірге соққан-ды. Енді адамзаттың Алғашқы Ақынының «Бостандық» деген өлеңін қайталап бір оқып көрсеңіз, оның да бір пайғамбарлық миссия атқаруға бейілді екенін байқар едіңіз. «Жер тап-тар ғой, себебі. Қалай сезбей келгем осы мен оны? Улап-шулап, қажытты ғой мыналар, Ұшқан құсқа ілесіп, Ұшып кеткім келеді, Ғарышқа барып, қара жерге, Түсіп кеткім келеді!» дейді! Адамзаттан бөліп алып, Алласы жарылқаған пайғамбарлар ғана ғарышқа ұшып, қара жерге түседі ғой!

Пушкиннің «Пророгы», тіпті, ғажап: «…И он мне грудь рассек мечом, И сердце тре­петное вынул, И угль, пылающий огнем, Во грудь отверстую водвинул. Как труп в пустыне я лежал, И бога глас ко мне воззвал: «Восстань, пророк, и виждь, и внемли, Исполнись волею моей, И, обходя моря и земли, Глаголом жги сердца людей».

Ақынның айна-қатесіз образы, адамзат тарихында атқарар азаматтық миссиясы тұр осы өлеңде! Пушкиннің ессіз қара тобырға қарап: «Молчи, бессмысленный народ, Поденщик, раб нужды, забот! Несносен мне твой ропот дерзкий, Ты червь земли, не сын небес; Тебе бы пользы все…» дегені бар ғой? Осы жерде біреулердің Адамзаттың Алғашқы Ақынына мұрнын шүйіріп: «Былшылдаған екенсің! Өлең дегеннен қандай пайда бар бізге?!» дегені есіңе түседі… Адамзаттың Алғашқы Ақынының түбіне осылар жеткен! «Барлық ақын – баласы бір адамның» деген сөзді Мұқағалидың аузына Алла салған екен ғой!? Шынжыр балақ, шұбар төс, Аға сұлтан Құнанбайдың баласы Абай неге: «Туған жер, өлген мола жібермейді, Әйтпесе тұрмас едім осы маңда?» дейді Қасым заман­дастарын тәрк етіп, Тәңіріне тіл қатып; «О, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, Мен – қазақтың баласы!» деген.

О, Жаратқан Ием! Өзің ғана жарылқай гөр, біздей жазықсыз құлыңды.

 

Өлең мен өркениет

Қасым оқуларында болып, facebook-ке қарауға қол тимеп еді. Кешегі Асқар Жұмаділдаевтың «Қазаққа ақын емес, технократ керек» деген сөзінен кейін әңгіме ушығып бара жатыр екен. «…технократияға да әуелі Поэзия қажет. Онсыз технократия – өте қауіпті құбылыс. Бұған не дейсіз, Құс баласы?!» деп, Шығыстан Тыныштықбек ақын суырылып шығыпты. Басқа ақындар әлі үнсіз… Олардың өздері бүкіл ғұмырын арнаған Ұлы Мәртебелі Поэзияға жау шапқандай, ел дүрлігіп жатқанда, мына дүниеде түк болмағандай бей-жай қалғаны несі?! Енді бізді осы сауал ойландырып отыр.

Мен де Асқар Жұмаділдаевты тани қоймаймын, бетпе-бет жолықпаған кісім. Бірақ оның ақпарат құралдарына беріп жүрген емен-жарқын, жүрекжарды лебіздеріне жаныммен тәнті еді. Әсіресе, Абай поэзиясы, Абай дүниетанымы, хакімнің болмыс-бітімі қақындағы ой-пікірлеріне баяғыдан ішімнен бас иіп жүргем. Өзі қазақ поэзиясының айтулы классиктерінің бірі һәм бірегейі Тұмағаның (Т. Молдағалиев) туған күйеубаласы. Мұндай ірі тұлғаны ұлттық поэзияға қарсы немесе оны түсінбейді деп айту ұят қана емес,  обал болады! Мен бір білсем, бұ кісі қазақ жырының ғана емес, әлемдік поэзияның озық үлгілерін жан-тәніне сіңірген адам болуы керек? «… Мен күй тыңдасам не классикалық музыка тыңдасам… мысалы, «Тәттімбет», «Жұмыр қылыш», «Көрұғлы», «Жолаушының жол қоңыры»… өзінен-өзі ой келе бастайды…» деп, о кісі босқа айтып отырған жоқ. Сутегі атом бомбасын ойлап тапқан ұлы физик А.Сахаровтың өзі Андрей Вознесенский мен Евгений Евтушенконың тоталитарлық қоғамның шаңырағын шайқалтқан тегеурінді тентек жырларына өмір бойы сүйсініп өткен! Осы математиктің өзінің хакім Абайға деген махаббатының өзі қандай! Абайды ақын­дардан да терең түсінеді ғой бұ кісі! Асқар Жұмаділдаев өлеңдегі өзеуреген халтураға қарсы ма десем, «…ақын­дардың жазатын 3-4 тақырыбы бар: «Махаббат, Туған жер, Отан». Басқа тақырып жоқ. Махаббат деген ең оңай тақырып. «Сүйдім-күйдім» деп бәрі жазады емес пе?! – дейді. Ол Ұлықбектің «Киіз кітабы»мен Темірханның «Көк түріктер сарынын», Жәркеннің Жәйіртау туралы шерлі жырларын оқымаған ба? Ақындар айтысын қойшы… Ол поэзия емес, шоу ғой?!

Бізді көш соңына қалдырып кеткен отыз елдің өздері қазақтың қара өлеңімен қанжыға қағыса алмайды! Ғабит Мүсірепов «Әдебиет ұлы болмай, халық ұлы болмайды» деген! Мемлекет инвестицияны, міне, осы қара өлеңге құюы керек еді? Орта ғасырдағы Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз жырларындай ұлы құбылыс бізден басқа ешкімде жоқ қой?! Соны әлемдік жырдың айналымына түсіре алдық па? Түсіре алмадық қой! Гомерден бастап, Евту­шен­коға дейін қазақша сайрап тұр! Әрісі – 300 жыл, берісі – 70 жыл төсекте басымыз, төскейде малымыз қосыл­ған орман жұрты Абайдың өзін өз деңгейінде орысша аудара алмады ғой? Мағжан ше? Қасым, Мұқағалилар ше?!

Қазақ жыры неге елден ерек? Біздің маңдайымызға көшпелі өмір сүру салты жазылған. Атқа мінген қазақтың арқасына аруақ қонып, аузынан өлең төгіледі! Қазақтың шетінен «ақын» болып жүргені содан… Бірақ дүниеге Абай келгеннен кейін Ақынға деген көзқарас күрт өзгерген. Қазақ оны әлі байқаған жоқ… Жапондардың интеллек­туалдық деңгейінің өсіп кеткені сонша, бір-біріне өлеңмен қолтаңба бере береді екен, бірақ өздерін «ақынмын» деп айтпайды… Жапон жырының аруағынан именеді! Бізде, мүлде, олай емес, қазақта. «…Өлең жазған адамның бәрі – ақын. Бірақ Абай қайтадан тіріле ме?!» деп еді Мұқағали. Біз: «…тіріледі! Ол – бізбіз!» дейміз кеудемізді керіп! Ал керек болса?! Біз диалогқа жоқ халықпыз. Біздікі ылғи монолог… Асекең, міне, осыны айтып отыр.

Иә, біз де Өркениет өріне шығуымыз керек, Аль­пинисше көкке көтеріліп немесе құмырсқаша өрмелеп… «Сөзбен салғыласып отыра бермей!» (Асқар Жұмаділ­даевтың сөзі). «Тілсіз (ойсыз, сөзсіз) ешқандай да есеп шықпайды. Ал Тілдің ең көркем де көсемі – Поэзия. Поэ­зия – адамның жанын нұрландырады. Математикада ондай қасиет болмайды. «Итке темір не керек» демекші, жаны нұрлан­бағандарға математиканың да еш қажеті жоқ»  деген Тыныштықбек бауырымның сөзінің де жаны бар. Сондай заман келе жатыр, өйткені…

Поэзияның тұла бойы – математика! Математиканың жұлын-жүйесі – поэзия ғой; Асекең қыза-қыза келе «Қазаққа ақын емес, технократ керек! Ертең сенің балаң сөзіңді мойындамайды!»; «Қазақта математик туралы бір өлең бар ма?!» депті. Сол сөзі шамыма тиіп кетті… Неге жоқ, бар ондай өлең!

 

Ақырзаманның «Абжад есебі…»

Физика-математика – несібіңіз,

Алты Алашқа әйгілі есіміңіз.

Бірақ, аға, есебін бұ қулардың,

Сіз шығара алмайсыз – кешіріңіз!

 

Бұл шайтанның есебі жан улаған,

Шығара алмай, ел естен тануда, аға:

Амалында қосу мен көбейту жоқ,

Бөлу ғана – мұныкі,

Алу ғана.

 

Мен түгілі, көктегі Құдайға анық,

Көз атаулы барады лайланып:

Бөлу менен алудың күні туды,

Көбейту мен қосуың былай қалып.

 

Өз есебін шығармай қоймайды бұл,

Біз – етекте,

Төбеден ойнайды құр:

Сізді қалай – ақымақ, мені – мәжнүн,

Елді – есалаң тобыр деп ойлайды бұл?!

 

Лирикалық шегініс – Тұран–Иран–Рим

Құс жететін самғап ұшып,

Қанаты әбден талғанда,

Көрген де оны, көрмеген де – арманда;

Тұран бар-тын,

Иран бар-ды,

Рим бар, –

Кім бар еді басқа мынау жалғанда?!

 

Лүп-лүп етіп асқақ алып жүрегі,

Сол Үшеуі Жерді ұстап тұр еді.

Даламның да бөлек еді-ау, өңі онда,

Ғаламның да басқаша еді реңі.

 

Тұлпарлар да жердің түбін шарлаған,

Сұңқарлар да көкте еркін самғаған.

Тығылып кеп бір аяр сұм, арда ұлдың,

Арқасына пышақ сала алмаған!

 

Сол заманда алған еді ел есе,

Ер болар ма елдің мұңын жемесе?

Ақындары патша болған олардың.

Патшалары ақын болған – немесе!

 

…Махаббат – жоқ!

Мұнда бәрі – ойнас!

Тұл!

Қымыз ішіп, бал жесе де тоймас құл?

Тұран тұрған қасиетті бұ жерден,

Ер Тоңғадай* Ұлан тумай қоймас бір?!

 

Туады олар, айтады әлі өлеңді,

Ұшпаққа алып шығады әрі ол елді.

Сол уақытта біз болмаймыз бұ жақта,

Өзегіңді өртейтіні сол енді…

 

*Алып Ер Тоңға – Тұран елінің баһадұры.

 

Құлағымда Қобыз сарыны

(Эпилог)

 

Әшейін пендең ем ғой, перің емен,

Қобыздан басқа күнде нені көрем?

Түбінен құлағымның жоқтау айтып,

Сарыны-ай, түу түкпірден еңіреген?

 

Алаштың қайғы-мұңы толайым кеп,

Айналып жүр ме маған соғайын деп.

Бір сарын жүрегіме арбап күнде,

Жүр маған Қобыз келіп қонайын деп.

 

Бір қайғы бір қайғыны қозғайын деп,

«Қолыңа қобыз алсаң, сөз дайын?» деп.

Сол шіркін жүрегіме кіріп алып,

Меніңше, жүр-ау, тағы боздайын деп.

 

Жүрмеймін жиі ел жүрген ортада көп,

Айтпаймын балаларға қорқа ма деп.

Қорқыттың зар сарыны, құлағымнан,

Барады қалай шауып қолқама кеп.

 

Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға арнап алғаш өлең жазған ақын Гете еді. Оған ол тұтас бір жыр «Батыс-Шығыс Диванын» арнайды. Діні бөлек болса да, ділі лүпілдеп, осы кісімен бірге соққан-ды. Енді адамзаттың Алғашқы Ақынының «Бостандық» деген өлеңін қайталап бір оқып көрсеңіз, оның да бір пайғамбарлық миссия атқаруға бейілді екенін байқар едіңіз. «Жер тап-тар ғой, – себебі. Қалай сезбей келгем осы мен оны? Улап-шулап, қажытты ғой мыналар, Ұшқан құсқа ілесіп, Ұшып кеткім келеді, Ғарышқа барып, қара жерге, Түсіп кеткім келеді!» дейді! Адамзаттан бөліп алып, Алласы жарылқаған пайғамбарлар ғана ғарышқа ұшып, қара жерге түседі ғой!

03.02.2019 ж. Қарағанды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *