Абзал жандар құда да, құдағи да болып кетті

Рая ЕСКЕНДІР

 

 

«Құлагер» ық­шам­ауданы – қазақтың рухы, даланың исі аңқыған, қоңырқай тіршілігі бар, ауыл іспетті. Бір кездері қала орталығына қатынау үшін тек жалғыз ғана қоғамдық көлігі болса, бүгінде бұл мәселе шешімін тапқандай. Өз алдына екі бірдей балабақ­шасы, қала бойынша үздіктер қата­рындағы мектеп-гимназиясы, ХҚКО, аудандық әкімшілік, «Нұр Отан» партиясының кеңсесі, зейнетақы төлеу орталығы мен «Магнум» сауда желісі бар ықшам­ауданда тұрғындар сұранысына сай барлық қажеттілік бар.

Тұрғындар үшін қашан да қалтқысыз қызмет етуге әзір емхана қызметкерлеріне «құлагерліктер» де дән риза. Көк­темнің келгенін көпшілікпен қуана қарсы алған емхана қызметкерлері әз-Наурызға байланысты тамаша бір іс-шара өткізген еді. Төрт қабаттан тұратын ғимараттың әрбірі бір-бір ауыл болып, ұлттық әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді жаңғыртты. Бірінші қабаттағы профилактикалық бөлім қызметкерлері қазақтың «Құда түсу» рәсімін сахналап, екінші қабатқа «құда түсіп» барды. Екінші қабаттағы емхана қызметкері Нұрсұлуды айттыра барып, тамаша бір салт-дәстүрді көрсетті.

Үлкен құдағи болып, сөз бастаған ел анасы Шекерхан Бұрантаеваның көп білетіндігі, үлкенді сыйлап, кішіні құрмет ете білетіндігі байқалса, әке рөлін сомдаған Вален­тина Әбдіразақова Жолдасбай қарияның болмысын ашып көрсете білді.  Ана болып, көпшілікке тебірене тілегін арна­ған Эльмира Сырдәулетова, қызы болып биязылық таныт­қан Гүлмира, ибалы келін кейпіндегі Ұлжалғас қазақтың ұлық салт-дәстүрін тағы да есімізге салды. Екінші қабаттағы «құда-құдағи» Шәрбану Қалауова әке болып, Алмагүл ана бейнесіне еніп, қимастықпен қыздарын үлкен өмір жолына ұзатты.

Емхананың үшінші, төртінші қабатында тұсау кесу рәсімі салтанат құрды. Мұнда Қаншайым  Тәңірберге­нованың немересінің тұсау кесу рәсімі өте қызықты өтіп, көпшілік сәбидің алғашқы қадамына куә болды. Емхананың Салтанат, Сымбат, Оразкүл сынды қызмет­керлері мерекенің қызықты өтуіне белсене атсалысты. Осылайша Ұлмекен Смайылқызы басшылық етіп, Шуақ Тоқтабайқызы, Кәмила Сейітбекқызы әділқазылық еткен ұлттық іс-шара өз мәресіне жетті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *