«АҚШАМ» БАСТАҒАН БАСТАМА

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық кітапханада ақын, драматург, композитор, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Исраил Сапарбайдың «Рух мейманасы» атты кітабының тұсаукесері өтті.

 Балнұр АХМЕТ

Шымкент қаласындағы «Ернияз» баспа­сынан жарық көрген бұл кітапта ақынның «Ұйқыдағы ұлттық рух», «Жаңғыру мен жаңару», «Рух мейманасы», «Қайран да менің ауылым» атты рухани маңызы мен мазмұны терең мақалалары жинақталған.

Іс-шараға бірқатар белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері мен зиялы  қауым өкілдері қатысты. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып жүргізді. Басқосу барысында ақын Исраил Сапарбай жаңа кітаптың жарыққа шығу тарихы «Алматы ақшамы» газетінде жарияланған «Жаңғыру мен жаңару» атты мақаласынан басталғанын  айтты.

– 2017 жылы Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғаны баршаңызға белгілі. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері еліміздің барлық бұқаралық ақпарат құралдарында бұл бағдарламалық мақалаға байланысты өздерінің ой-пікірлерін білдірді. Елбасының мақаласын оқығаннан кейін ой туды, көкірегіме қонды. Айтылатын талай пікірлер бар екен, таным таразысында терең талдау керек екен. Елбасының қоғамда рухани сілкініс тудырған мақаласына байланысты 2017 жылы 14 қыркүйекте «Алматы ақшамы» газетінде «Жаңғыру мен жаңару» атты мақа­лам  жарық көрді. Бірақ мен мұнымен тоқтап қалған жоқпын. Ойланып-толғанып, жан-жақты зерттегеннен кейін бұл тақырыптың тереңіне бойлап, жалғастыру керектігін, ойды кеңейту керек екенін түсіндім. Осылайша тақырыптың тұңғиығына тереңдей бердім. Көңілімдегі айта алмай, жаза алмай жүрген көп мәселелерді қамтып, ойымды кеңейтуді көздедім. Рух туралы терең толғанып жазуға кірісіп кеттім.

Имам Әл-Бухаридің хадистерін аударып, Құранның қазақша нұсқасын оқыдым. Ақиқатында, рух туралы біз көп нәрсе біле бермейміз. «Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі» деп хакім Абай әдемі айтқан. Кітап­тың атауын рухпен байланысты атағанды абзал көрдім. Мейман – қонақ. Алланың аманатқа бізге берген рухы көкірегімізге, жүре­гімізге қонақтайды ғой. Алла Тағала дүние­дегі алғашқы адам – Хазіреті Адам атамыздан бастап, күллі адамзат ұрпағына Өз рухынан үрлеп, жан берді. Топырақтан жаралған адамның өлшеулі өмірі аяқталып, пенденің жаны-рухы ұшып кеткен кезде тек тәні ғана қалады. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде айтылған. Қазақта «Меймана» деген сөз бар. Кейбіреулер «меймана» деген сөзді қалай түсінуге болады деп сұрап жатады. «Жаның, рухың саған қонған Алланың мейма­ны болады. Күндердің-күнінде сен оны Өзіне тапсырасың» деп оларға түсіндіремін. Рух туралы терең ой орамдары жинақталған кітап­тың атауын  «Рух мейманасы» деп атаған­ды жөн көрдім, – деді ақын Исраил Сапарбай.

 

Дандай ЫСҚАҚ,

сыншы, ғалым, филология ғылымының

докторы, профессор

 

АҚЫНДАРЫ МЫҚТЫ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ДА БИІК

Ақын Исраил Сапарбай елімізге, күллі түркі әлеміне танымал тұлғаның бірі. Әрбір ұлттың көзі, құлағы – ақын-жазушылар екені бұрыннан белгілі. Ұлттың басына төніп келе жатқан қауіп-қатер болса, оны алдын-ала сезінетін ақындар, жақсылық болса, оған да алдымен қуанатын ақындар қауымы екені рас. Асқақ рухты ақындары мықты елдің бола­шағы да биік. Ақынын құрметтеген ел ғана мықты бола алады. Адамзат өмірінде тілдің, әдебиеттің, рухтың орны ерекше болып мәңгі қала береді. Исраил Сапарбай өзінің  жолынан қайтпай, дүниенің жолына түспей, өзінің адами қалпын әдемі сақтап келе жатыр. Ақынды махаббат жыршысы ретінде де, композитор ретінде де ел жақсы біледі. Сіз ұлт қамын ойлап жүрген ұлтжанды азаматтың бірісіз. Жаңа жарық көрген кітабыңыз арқылы ұлт жанашыры, ұлт қайраткері, ұлт мүддесіне қызмет етіп жүрген азамат ретінде таныл­дыңыз. Біз әрқашан сізді осындай биіктерден көре бергіміз келеді. Қазақ ұлтының болаша­ғына қызмет ете беруіңізге шын жүректен тілектеспіз!

 

Бауыржан ЖАҚЫП,

Қазақстан Жазушылар одағы

Басқарма төрағасының орынбасары

 

АСҚАР ШЫҢДАРДАН КӨРІНЕТІНІ КҮМӘНСІЗ

Қазақ елі Исраил Сапарбайды ақын ретін­де де, композитор ретінде де жақсы таниды. Ақынның қаншама әдемі, әсерлі әндері тыңдар­ман жүрегін теңіздей тебірентті. Сырлы сезіммен өрнектелген оның әдемі әндерін қазақ жастары сахна төрінде қазірге дейін шырқап жүр десек, артық айтқандық емес. Қазақ халқы оны әр кітабының атын ерекше бір талғаммен қоятын қаламгер ретінде жақсы біледі. Исраил Сапарбай ақын ретінде де, драматург ретінде де ой қозғайтын қоғам қайраткері ретінде де іргелі істер атқарып келе жатқан тұлға. Оның драма­тур­гиясы өз алдына бөлек әлем. Ол Шәмші­ні сахнаға алып шықты. Басқа да үлкен тұлғалар туралы жазған. драматургиялық туын­дылары рухани маңыздылығымен ерекше­ленеді. Ол төл тарихымызда терең із қалдырған Желтоқ­сан көтерілісі жайлы да жазды. Драма­тургтің қуатты қаламынан туған бірқатар пьесалары еліміздің театрларында сахналанды. Негізі, халықтың берген бағасынан биік баға болмайды ғой. Ел игілігі үшін жасаған еңбе­гіңізді халқымыз жоғары бағалайды. Респуб­ликалық және халықаралық сыйлықтардың иегері атанған ақын өмірде әлі талай асқар шыңдардан көрінетіні күмәнсіз. Өйткені, оның жазған дүниелері еліміздің, халқымыздың игілігіне жарап жатқаны ақиқат.  Ақынның сезіммен өрілген өлеңдерін мектеп оқушыла­ры жатқа оқыса, жұртшылықтың жүрегіне жол тапқан әсерлі әндері радиодан, теледидар­дан шырқалады. Оның драмалық шығарма­лары да еліміздің әр өңіріндегі театр сахнала­рында өнерсүйер қауымды қуантады. Жа­қында маған Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театры­нан хабарласып, Исраил Сапарбайдың телефон нөмірін сұрады. «Исраил Сапарбай­мен ақыл­дасып, оның жаңа бір драмалық шығармасын жаңаша форматта сахналасақ деп едік» деген ниеттерін білдірді. Бұл Исраил Сапарбайдың еңбектеріне сұраныс көп екендігіне нақты дәлел бола алады. Қала­мы­­ңыздың қуатымен шығармашылықтың шыңынан көріне беріңіз!

 

Жанарбек ӘШІМЖАН,

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері

 

ҰРПАҚҚА ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ОСЫНДАЙ ТЕРЕҢ ТҮБІРЛІ  ДҮНИЕ КЕРЕК

Аударма мен драматургияда да, поэзия мен прозада да жанкешті еңбек етіп келе жатқан қазақ ақындарының бірі Исраил Сапарбайдың бұл кітабы ұлт қамы, ұрпақ қамы үшін жазылған тағылымға толы еңбек.  Қазір ұлт рухын серпілтіп, ұрпақ санасын жаңғыртатын кезең келді. Дәл бүгінгі күні бізге теледидар, радиолардағы халықтың санасын басқа жаққа бұратын дүние емес, тасқа жазылып, тарихқа қатталатын, қазақ халқына, қаракөздерімізге ықпал ететін осындай терең түбірлі дүние керек. Ұлт қамы үшін күресіп жүрген ұлы тұлғаларымыздың бірісіз. Әдемі әніңізбен тәрбиелеп жатырсыз. Кітаптың бауы берік болсын. Халыққа кеңі­нен тарап, рухты серпілтетін жан азығы болсын, тіл азығы болсын, діл азығы болсын дейміз. Сіз бергі кезеңдегі тарихқа ғана емес, сонау арғы кезеңдегі шығыстың шайырла­рына да, ұлы тұлғаларымызға да, Ақсақ Темір заманына да қатысты әр түрлі тарихи аспек­тілерде салиқалы сөз қозғап жүрсіз. Мұның барлығы өзіңіз көрген, түйген, білген, оқыған, жиған дүниеңізді ұрпаққа берсем деген ұлы мұрат жолындағы ерен еңбектің жемісі. Қазақ өлеңінің құдіретін қастерлейтін озық ойлы оқырман әлі күнге дейін жырларыңызды іздеп жүріп оқиды. Жарық көрген жаңа кітап елге жетсін. Бұл кітапты насихаттауға атсалы­сайық, ағайын. Әлеуметтік желінің ақпаратты қоғамға, елге жеткізетін жақсы жақтары бар. Кері жақтары да бар. Сол кері жақтарын кері ығыстырып, алдыңғы қатарға рухты сүйреп баратын «Рух мейманамыз» таси берсін!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close