«АҚСАЙДЫ» АҚСАТЫП ТҰР

ӘУЕЗОВ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ НАЗАРЫНА!

Қаламыздың жаңа басшысының шет аудандар шет қалмасын,  Алматының орталығы қандай сәулетті, салтанатты болса, шеткі аудандардың да сән-салтанаты солай болуы тиіс деген бастамасы қаладан шалғай орналасқан аудан тұрғындарын бір қуантып тастағаны анық.  Шын мәнінде, орталықтағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарының  сын көтермейтіні рас. Бұл туралы газет тілшілері талай рет мәселе көтергенмен, оған селт еткен аудан әкімдіктері тазалық, коммуналдық-шаруашылық бөлімдерінің басшылары  болмады.

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Қаланың жаңа басшысы аудан әкім­діктеріне жаңа талап қойып, өз ауданда­рындағы кемшілік атаулыны қалыпқа келтіріп, аудан тұрғындарының жайлы да қауіпсіз өмір сүрулеріне қажетті жағдай­ларды қарастыруды тапсырған болатын. Содан бері  бір ай өтсе де  Әуезов ауданы әкімдігі қызметкерлерінің аула аралап, тұрғындармен жүздесіп, қал-жағдайларын білгенін көзіміз шалмады. Аудан әкімі тұрмақ, тиісті сала басшыларының аудан­ның осы аймағын ұмыт  қалдырғанына   осы жолдардың авторы тұратын Төле би–Момышұлы және Яссауи көшелерінің  қиылыстарындағы жайсыз тірліктер куә.

Осы  аталған көшелердің қиылыста­рындағы тазалық  туралы айтудың реті жоқ. Арықтың бойлары  сусындардан босаған пластик құтылармен бітеліп жатса, аулалардың арасында аула сыпырушының сыпыртқысының ұшы тимеген жерлер бар. Төле би– Момышұлы–Яссауи көшелерінің  бойлары мен қиылыстарын заңсыз сауда нүктелері жаулап алған. Желіде жариялан­ған аяғымен нан ашытып жатқан  тандыр нан пісіруші өзбек ағайындардың да дүңгір­шегінің осы  Төле би–Момышұлы тұрғын­дарының  «сүйікті» орнына айналға­нына бірер жылдың жүзі болған шығар.  Жуырда оған жапсарласа салынған жеміс-жидек, көкөніс сататын дүңгіршек, «Алма­ты» деп аталатын дүкен пайда болды. Осы  сырт келбеті «қалалық» талапқа сонша­лықты сай келмейтін сауда нүктелері  ірге­лерінде тұрған «Алмалы» мейрамхана­сының сәнін келтіріп тұр.

Осы аталған дүңгіршектердің  қызметі­нің қаншалықты заңды екенін бір құдай білсін, бірақ Алматыда осындай сауда нүктелерінің күні бүгінге дейін жұмыс істеуі әрине көңілге қонымсыз екені даусыз әңгіме.  Осы аз күннен бері  Төле би– Мо­мыш­ұлы көшесінің қиылысында мұздай көже, балмұздақ  деген жарнамасы жалау­лаған   тағы бір «жаңа» дүңгіршек пайда болды.  Оның сыртқы сипатына, көженің  қалай дайындалғанында  ешкімнің шаруа­сы жоқ, шөліркеген жұрт шөлдерін басу үшін дүңгіршек иесі ұсынған салқын көже­ні сіміріп алып, жөндеріне кетіп жатыр. Ал тура осы көшенің қиылысында орналасқан санитарлық талаптарға сай келе қоймай­тын «Гиппо» дүңгіршегінің де заңды құжаты барына күмәндіміз.   Бір сөзбен айтқанда,  қала орталығынан  көші­рілген    заңсыз дүңгіршектердің бірқатары осы көшелердің бойынан жайлы қоныс тапқан.

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің  «Қоршаусыз қала»  бағдарламасына да бағынбаған қоршау иелері де осы аймақтан табылады. От үстінде отырған көпқабатты тұрғын үй иелерінің де мұң-зарына  құлақ асқан  пенде  кездеспеді. «От үсті» деп отырға­ны­мыз, жанар-жағармай құю стансалары мен  автокөліктерді газбен қамтамасыз ету стансаларының  тұрғын үйлер мен қоғам­дық орындармен іргелес орналасуы еді. «Ақсай-3а»  көппәтерлі тұрғын үй тұрғын­дарының ауламыз абаттандырылса деп армандағандарына да біраз уақыт болды. Әзірге  ол армандардың ауылы  да алыс секілді. Айтқан сөзіміз аудан басшылары­ның құлағына жете қоймаған соң көзге көрінсе,  назарға алар деген үмітпен көзі­мізге қораш көрінген  сол нысандарды фотоаппаратымыздың  көзімен беріп отыр­мыз.  Көрер көз болса,  «Ақсай» ықшам­ауданына да  өркениетті үрдістер жетіп қалар деген үміттеміз.

Ал жылда  қазылып жататын Төле би көшесінің  тағдыры да осы көше арқылы қала орталығына қатынайтын қала жұртының көкейінде жүрген көп сауалдың бірі.  2017-2018 жылы қазылып, жылу жүйе­лері жаңартылып жатқан бұл көшедегі жөндеу жұмыстары  биыл қайта басталды.  Төле би көшесіндегі жөндеу  жұмыстары қашан аяқталады деген сауалға да тиісті мекемелерден жауап күтетінімізді де айтқы­мыз келеді. Ал қалған әңгімені  газеті­міздің фототілшісі Самат Құсайынов түсірген суреттер айтсын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *