ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ОРТАЛЫҒЫН АШАМЫЗ

%d1%82%d0%b0%d0%ba%d0%b8%d1%80

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назар­баев биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақыры­бындағы бағдарламалық еңбегінде: «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақ­стан – 2050 Стратегия­сында» «2025 жылдан бас­тап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек­тігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық са­лаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді бас­пасөзді, оқулықтарды, бәрін латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз… Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы техноло­гиялық ортаның, коммуника­цияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекше­лігіне байланысты», – деген болатын.

Латын әліпбиіне көшу туралы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері айтылып, «Қазақстан-2050» Стратегия­сында бұл жөнінде міндет те белгіленіп, тіл білімі ғылыми-зерттеу институты жаңа графиканың жоба­сын жасап келе жатқаны белгілі. Алай­да, Мемлекет басшысының ру­хани жаңғыруға байланысты бағ­дарламалық еңбегі бұл іске тың серпін беріп, көктемнен бері іс алға жыл­жыды. Латын әліпбиінің бірнеше жаңа нұсқасы жасалып, ол бүкіл ха­лықтың, ғалымдардың, зиялы қауым­ның талқылауынан өтіп, алты мыңдай ұсыныс түсті. Ақыры әбден екшелген нұсқа қабылданып, қазақ елінің көп жылғы арман-аңсары жүзеге асты.

Елбасының 27 қазан 2017 жылғы Жарлығымен бекітілген жаңа нұсқа бәріміздің де көңілімізден шықты. Мұнда тілдің дыбысталуы нақты­ланды. Әріп саны бүгінгі ақпараттық технологияның талабына сәйкес­тендірілді. Қазақ әліпбиінің орфогра­фиялық нормаларын айқындауда озық дәстүрлер мен жаңа уақыт талабына сабақтастыруға, сәйкес­тендіруге басымдық беріліп отыр.

Тіл білімі ғалымдарының пікірін­ше, қазақ тілінің латын әліпбиіне көш­уі ана тіліміздің әлем тілдерінің биігіне көтеріліп, халықаралық дең­гейде өз орнын алуына және әлемдік ақпараттық кеңістікке енуіне ықпал етеді.

Сондай-ақ, Елбасы рухани жаң­ғыру туралы еңбегінде 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа гра­фикадағы стандартты нұсқасы қабыл­данса, 2018 жылдан бастап жаңа әліп­биді үйрететін мамандарды және орта мектепке арналған оқулықтарды дайын­дауға кірісуіміз қажеттігін, ал­дағы екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізуге тиіс екенімізді айтып, ауқымды тапсыр­малар да берген-ді.

Елбасының тапсырмасына орай әлі алда атқарылатын жұмыс ұшан-теңіз. Біздің Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университе­тінің ғалымдары да осынау игілікті іске белсене атсалысуға әзір. Қазақ­стандағы орта мектепке арналған оқулықтардың 70 пайызын жазған Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдары латын әліпбиін оқыту жөніндегі оқу-әдістемелік құралдарды дайындауға да құлшыныс танытып отыр. Уни­верситет жанынан білім мекеме­леріндегі педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыратын «Латын әліпбиін оқыту әдістемесі» орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, латын әліпбиіне қатысты кез-келген оқу-әдістемелік мәселелерді шешуге өз үлесімізді қосуға дайынбыз.

Еліміздің рухани жаңғыруына бастайтын бұл жаңа үрдістің өміршең болатынына, ана тіліміздің латын әліпбиі арқылы әлемдік өркениеттер көшіне ілесетініне сеніміміз кәміл.

 

Такир БАЛЫҚБАЕВ,

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор.