Халық әні жаныма жақын

Дәл қазіргі уақытта тыңдарман халық нағыз өнердің бағасын біліп, бағалай білетін деңгейге жеткен. Әсіресе, саф өнердің, нағыз өнерпаздың өзін көріп, үнін естіген тыңдарманды алдай алмайды екенсіз. Соңғы жылдары өзіндік үнімен, сахнадағы әдемі сыпайылығымен көрермен қауымының ыстық ықыласына бөленіп, әнімен әлдилеп жүрген Әлия Әбікенова сирек кездесетін өнер иелерінің біріне айналды. Бекзат өнердің жанын жараламай, тап-таза күйінде халқына жеткізіп жүрген әнші қыз кейде дәстүрлі өнердің жоқшысындай да көрінеді. Қазір жарқ-жұрқ, тарс-тұрс етіп, сахна да, ән де белгісіз бағытқа көшкендей күй кешіп тұрғаны жасырын емес.

Әсіресе, дәстүрлі өнердің тағдыры сынға түскен заманда Әлияның әні сол өнердің арашашысы сияқты. Бүгінгі ақпараттар заманындағы әлеуметтік желілердің өзі Әлия Әбікенованың атына ыстық ілтипаттар жазып жатады. Жастардың өздері де өнерді бағалай, бағамдай бастағандай. Біз мереке қарсаңында сүйікті әншімізге арнайы барып жолығып, әңгімелесіп қайтқан едік.

 

Нұрғисадан бата алған

 

–       Әлия, ең алдымен оқырмандар да, мен де сіздің өнер әлеміне қалай келгеніңізді білгім келіп отыр. Әншілік жолды таңдауыңызға әсер еткен кім еді?

–       Бала кездегі қиял, арман деген жүйрік қой. Мен де сол көп кішкентай балалар сияқты арманшыл болып өстім. Жүрегімнің түкпірінде өнерге деген әйтеуір  бір құштарлық сезім болатын. Оны ешкімге сездіре бермейтінмін. Отбасымызда әкем өнерді қатты құрмет тұтатын кісі, ал анам өнерден құралақан емес еді. Қолына домбы­расын алып төгіп-төгіп жібергенде серпіліп, сергіп шыға келетінбіз. Менің өнерді таңдауыма, ең алдымен, себепкер болған әкем еді. Ән салғанды өте жақсы көріп, өнерге жақын болып өстім.

 

Қазір қарап отырсам, өнер жолын таңдау осылай ішкі қиялдан басталады екен. Бірде үйімізге атақты Нұрғиса Тілендиев қонаққа келді. Сірә, менің өмірімді түбегейлі өзгерткен осы оқиға ма кім білсін. Сол күні ән де айтылды, күй де тартылды. Күнде жолы түсе бер­мейтін өнер иесінің домбырада ойнауы мені қатты қызықтырды. Көзімді жүйрік саусақтарынан бір сәт те алмай ұйып тыңдап отырдым. Нұрғиса аға бір кезде «сен өскенде күйші болғың келе ме?» деп сұрады. «Алла қаласа, Дінзухра екеуіңді өзім тәрбиелеп, керемет ансамбль шығарамын, әлі-ақ танымал боласыңдар», – дегені есімде қалыпты. Күйдің ырғағына беріле тыңдап кеткен болуым керек, Нұрғиса ағаның «түп» деп түкіріп кеп жібергені. «Міне, саған енді өнер қонды», – деп рахаттана күйін жалғастырып тарта берді.

Осындай айтулы, дара кісіден бата алған соң қалайша мен басыма қонған өнерді тұншықтыруға тиіспін? Айты­ңызшы! Әлгінде айттым ғой, анам өнерді құрметтейтін, түсінетін кісі. Дегенмен, менің осы жолды таңдауыма қарсы болды. «Қыз балаға лайықты мамандықты игергенің жөн» деп көнбей қойған да анам еді. Сондықтан мен кейде анама «көбіне менен қай өнер ордасын бітірдіңіз, музыкалық біліміңіз бар ма?» деп сұрайды деймін. Анам «ештен кеш жақсы. Оқу ешқашан кеш болмай­ды. Оқып ал» деп қояды. Кім біледі, бір күні сәті түсер. Ол да болар деп қоямын. Жалпы, мен өте ұяң болдым. Көпшіліктің алдына шығып ән салуға ұялатынмын.

 

«Бәрін менің әнге деген құштарлығым жеңді»

 

–       Алғаш рет сахнаға шыққан кезіңіз есіңізде ме? Ұяң адамға сахнаға шығу тіпті қиын болған шығар…

– Менің өнерге келуімнің өзі оңай болмады. Әрбір сахнаға шығып, кон­церт­ке қатысуымның өзі үлкен бір оқиға болатын. Жалпы, өнер жолын таңдамақ түгіл ән салып, сахнаға шығуыма үзілді-кесілді қарсылықтар болмай қалған жоқ. Сол қарсылықтарға қарамастан іштегі өнер бәрібір жарып шықты. Ақыры, Қазақ Ұлттық универ­ситетінің Заң факульте­тіне оқуға түстім. Заңгер деген мамандық меніңше өлмейтін мамандықтың бірі екен. Қарапайым өмірдегі құқығыңды білу үшін де заңнан хабарың болуы керек. Қазір заңгер маман болып кетпесем де заңды бір кісідей білемін. Оқуымды аяқтаған соң өз мамандығым бойынша қызмет істедім. Бірақ бәрін менің әнге деген құштарлығым жеңді.

–       Өнерде кімді үлгі тұттыңыз?

– Менің өмірде пір тұтып, өнерін құрметтейтін, әндері жүрегіме жақын бір ағам болды. Ол кісінің аты-жөні – Бекет Есентаев. Алғаш рет Бекет ағаның әнін тыңдағанда ол кісінің жанарындағы жасты көрген едім. Салалы саусақтары­мен гитарасын қолына алып, ойланып, өмірімен бетпе-бет келгендей күй кешіп, ішкі жан тебіренісін әнімен жеткі­зіп отырған ағаның асыл бейнесі күні бүгінге дейін көз алдымда қалып қойыпты.

Кейін Бекет ағамен хабарласып, «Өмірге сауал» әнін аттай қалап алған едім. Сонда ол кісі «менің әндерімнің кез-келгенін орындай бер. Менің әндерім саған аманат» деген еді. Алғаш рет бұл әнді Тоқтар Серіков орындады.

«Өмірге сауал» әніне бейнебаян түсіріп, ағаның әндерін жинақтап таспа етіп шығардым. Бұл ән 1989 жылы ағаның көңіл-күйінің болмай, тұрмыста да жағдайы болыңқырамай жүрген кезінде жазылған әні екен. Әсіресе, өмір­дегі адамдардың сатқындығы, ба­сыңа іс түскенде жалт бұрылып, тайқып кеткендігі осы әннің өмірге келуіне түрткі болыпты. Бекет ағаның кез-келген әнін тыңдасаңыз, тұнып тұрған философия. Жеңіл-желпі дүние емес. Мұндай туындыларды тыңдағанда өмірге деген көзқарасыңыз өзгеріп, ішкі дүниеңіз де, сыртқы әлеміңіз де таза­рып шыға келгендей боласыз.

Мақпал Жүнісоваға еліктеп ән салып өстім. Сол кісіге ұқсап ән салуға тырысатынмын. Еліктейтін адамыңның болғаны мамандық таңдауыңа әсер етеді екен. Сәуле Жанпейісованың ән айту мәнері қатты ұнайды. «Сол кісіден сабақ алсам, мектебінен өтсем» деген де ізгі арманым болды. Сәті бір түспеді. Домбыраны тарта білгенмен, ән салып кете алмаймын.

 

«Артық сөз, артық күлкіні ұнатпай­тын әке мінезі менде де бар»

 

–       Танымал, елге белгілі кісінің баласы болу да оңай емес. Отбасындағы тәрбие қалай болды?

–       Біз отбасында төрт баламыз. Алдымда бір ағам, әпкелерім бар. Мен үйдің кенжесімін. Соған қарамастан, мен ең үлкендері сияқтымын. Отбасын­да өзі солай болады ғой. Бір бала ерке, бір бала ата-анаға көмекші, ақылшы болып өседі. Бізді әкеміз еркелетпей өсірді. Ол кісі өте қатал болды. Бізге үнемі «әкімшілікке барғандарыңды, бір кісіге барып мәселе шешіп немесе көмек сұрағандарыңды көрмейтін болайын» деп қатаң талап қоятын. Сенесіз бе, біз әкеміздің қызметін білгенімен, қызмет орнын білмей өстік.

Қазақта мынадай бір сөз бар ғой. «Әкенің малы балаға мал болмайды» деген. Шынында елге белгілі, танымал кісінің баласы болу қиынның қиыны екен. Әкеміздің барлық атақ-абыройы тек оның еңбегімен келген. Жастайынан еңбекке ерте араласып, атқа отырды. Табысқа жетсе еңбегімен жетті. Сосын ол кісінің бойында өзіне тапсырылған жұмысқа бел шеше, белсене кірісетін жақсы қасиеті бар. Содан да болар, отбасында балаларына да сол талапты қояды. Артық сөз, артық күлкіні ұнатпай­тын әке мінезі менде де бар. Егер мен әкемнің атағына, абыройына малданған болсам, осы уақытқа дейін қайраткер атанып, басқа да мара­паттарды алған болар ем. Теледидардан да күнде түспеуге болар еді. Бірақ біздің үйдегі тәрбие мүлдем басқа. Сондықтан көбіне мен әлі ондай дәрежеге жеткен жоқпын. «Әр нәрсенің өз кезеңі бар. Әр нәрсе өз орнымен» деп іштей тоқтау айтып отырамын. Өмірдегі ұстанымым осындай.

–       «Әлияның көйлектерінің әдемі­сін-ай» деген сөздерді жиі естимін. Құпия болмаса осындай әдемі киімді кім тігеді екен? Өз елімізде ме, өзге елде ме?

– Иә, көп жерлерге барғанда «көй­лектеріңіз әдемі екен» деп қызығып, ырымдап сұрап жатады. Көңілім түссе сыйлап кететін де кездерім болады. Сах­на­дағы киім үлгілерін өзімнің талғамы­ма сай етіп тіктіремін. Әрбір көйлек әнді ашып тұрса деймін. Көйлекті тіктіргенде ашық-шашық болмауына ерекше мән беремін. Киім тек әдемі болумен шектелмеу керек. Кигенде қонымды, сосын әннің табиғатына сай келіп жатса деймін.

Менің ең кішкентай көрермендерім де кейде «Әлия апай, көйлегіңіз әдемі екен, маған сыйлаңызшы» деп жатады. Баланың көңілін қалай қалдырасың, келген соң Найль Байкучуковтің салонына тапсырыс беріп, көмекшіле­рімнен беріп жіберемін. Менің көйлек­терімді негізі Наиль Байкучуков тігеді. Сахнаға осы дизайнердің тіккен киімдерін киіп жүрмін.

 

«Жақын туыс, достарымның тойларына ғана барамын»

 

–       Өткенде Парижден де көріп қалдым.

–       Иә, Парижде «Сән апталығы» өтіп, әлемнің әр бұрышынан келген дизайнерлер өз коллекцияларын көр­сет­кен еді. Қазақстаннан Динара Сәт­жан, Наиль Байкучуков барды. Наилдің «Пейіштің құстары» атты коллекция­сын ұсынғанда «Бұлбұл құсым» әнін орындаған едім. Ұлттық нақыштағы қазақтың киіміне көрер­мендер зор қошемет көрсетті. Дина­раның еңбек­сүй­гіштігі, ізденімпаздығы ұнайды. Сол жолы маған ұсыныс білдір­генде де бірден келіскен едім. Өйткені, өз халқымыздың інжу-маржа­ны болған ұлттық нақыштағы киім үлгі­лерін дүние жүзінің назарына ұсын­ғанда мен де өзімнің бір үлесім болсын деген едім. Дүниенің әр түкпірінен келген қонақ­тар­дың қазақ қызының дизайн үлгіле­ріне деген қошеметі өте айрықша болды.

– Қазіргі әншілер тойға жиі барады. Сізге де ұсыныстар түсетін шығар. 

– Иә, қазір бұл үрдіске айналып барады. Маған да көп ұсыныс түседі. Бірақ мен жақын туыс, достарымның ғана тойларына барамын. Енді ол жағы әркімнің өз еркіндегі шаруа ғой. Сондықтан пәлендей деп айту да қиын.

– Осы арада мына бір сауалдың сәті келіп тұрғаны. Осы Қанат Үмбетов екеулеріңіз туыс емессіздер ме?

– Қанат менің өнердегі досым, сахнадағы әріптесім. Алғаш рет екеуміз «Жанымда бол» деген әнді бірге орындап едік. Көпшілік өте жылы қабылдап, ән хитке айналды. Сосын келесі ән келді дүниеге. Содан тағы бір ән жаздырдық. Қыза-қыза келгенде бір альбомға жетіп қалыпты ғой. Қазір екеуміз бірлесе орындап жүрген әндеріміздің саны онға жетті.

– Көбіне халық әнін орындайсыз. Бұл өзіңіздің таңдауыңыз ба?

– Иә, халықтың әнімен тербеліп өстік. Әрбір халық үшін өзінің өнері, өзінің табиғаты ерекше ғой. Маған көптеген композиторлар әндерін ұсынып, бірлесе жұмыс істейік деп ниет білдіреді. Бірақ көп әннің әуені жеңіл, менің ойымнан шықпай жатады. Ән дегеніңіздің өзі өмір. Оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Алдымен әннің әуеніне  мән беремін. Сөзі келіңкіремей жатса, әрине, оны өзгертуге болады. Халық әндері жаныма жақын болған­дықтан, басқа әндердің де болмысы осындай болса деп ойлаймын.

–       Гастрольдік сапарларға жиі шығасыз ба?

–       Өнер сапарымен еліміздің барлық өңірінде болған сияқтымын. Астанада жеке концертім де болды. «Мен әлі дайын емеспін» дегенмен өнер көрсе­туімнің сәті түсті. Ал Алматыдағы кон­церт қашан, қайда болатынын әлі жос­парлаған жоқпын.

Көктемді күтіп жүрмін. Сәтін салса, осы наурыз айынан бастап өнер сапарына шыққалы отырмыз. Көктем мерекесі, аналар мерекесін қара алтын­ның отаны Қарағандыдан бастап, жез­дің кені Жезқазған, Сәтбаев, Жаңарқа өңірлерін араламақшымыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттастан – Рая ЕСКЕНДІР.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *