Армения билігіндегі бетбұрыс

Ел парламенті жаңа президентті сайлады. Алайда, оның құзыреті шектеулі болмақ

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

  

Әлемде әр мемлекет басқарудың өзіне тиімді жолын таңдауға құқылы. Осыдан екі жыл бұрын (6 желтоқсан, 2015 жыл) Арменияда бүкілхалықтық референдум арқылы Конституциясына өзгерістер енгізіліп, бұл елдің  парламенттік билікке көшетіні белгілі болған  еді. Соған сәйкес Ұлттық жиналыс  (парламент) жақында президенттік лауазымға  үміт­керге таңдау жасап,  онда 105 депутаттың 90-ны жақтап дауыс берген  64 жастағы физик ғалым, саясаткер, дипломат,  кәсіпкер Армен Саркисянның мерейі үстем болды. Оның кандидатурасын елдегі билеуші консервативтік АРП (Армения республикалық партиясы), Арменияның солшыл ұлтшыл «Дашнакцутюн» төңкерісшіл  партиясы және оңшыл орта­лықшыл «Царукян» партиясы қолдап, қуаттады.

Енді жерде  алдағы 9 сәуірде жаңа мемлекет басшысын ұлықтау рәсімі өтіп, сол күні президент  Серж Саргсянның өкілеттілігі аяқталады. Бұдан былай  Армения президенті  бір рет жеті жылға ғана сайлана алады. Екінші рет сайлануға құқығы болмайды.

Армениядағы мұндай саяси өзгеріс пен бетбұрысты қолдап  немесе сынап жатқандар да баршылық. Қолдап жатқандар президенттіктен гөрі демократияшыл  парла­менттік  басқаруға үлкен үміт  артатын сыңайлы.

Ақиқатын айтқан жөн, осыған дейін президенттік қызметті атқарып келген Серж Саргсянның жұмысына жұрттың көбінің көңілі толмайды. Оны «сыбайлас жемқорлыққа, тамыр-таныстыққа жол берді, соның кесірінен халықтың  әл-ауқаты, тұрмыстық деңгейі төмендеп кетті»  деп кінәлайды.

Ал оппозициялық  партиялар мен ұйымдар парла­мент­тік басқаруға көшу, премьер-министрдің билігін нығайту президенттік билік тізгінін  (2008–2018) он жыл  ұстаған, бұдан әрі сайлануға мүмкіндігі жоқ  Серж Саргсянның қулы­ғы мен амал-айласы деп есептейді. Бұл жөнінде бұдан бұрын да «Алматы ақшамында» 30.12.2015 ж. жарық көрген – «Армения парламенттік билікке көшпек» деп аталатын мақалада  айтылған.

Еске түсіре кетсек, онда былай деп жазылған болатын: «…Армения жақында  президенттіктен – парламенттік басқару жүйесіне көшу жөнінде халыққа сұрау салған референдум өткізді. Елдің Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша  Армения Конституциясына сондай өзгеріс енгізуді жақтап, тұрғындардың  63,37 пайызы дауыс берген болса, 32,36  пайызы қарсы болған.

Сөз жоқ, сайлау мен референдум өткен жерде қай кезде де қолдаушылар мен қарсы болушылар табылады. Бұл демократияға тән құбылыс. Дегенмен, қарсы болу былай тұрсын, оппозициялық АҰК (Армян ұлттық конгресі) партиясы  «сұрау салу және дауыстарды санауда  көптеген заңсыздықтар мен бұрмалаушылықтар жол берілді», деген айыппен референдум нәтижесін жарамсыз деп тану жөнінде  Орталық сайлау комиссиясына шағым түсірді. Парламенттегі АҰК партиясының жетекшісі Левон Зурабянның мәлім­деуінше, референдум өткізу барысында: «келеңсіздік көп болған». Сондықтан оның  есебінше конституциялық рефор­маны қолдап, қатысқандардың әрі кеткенде 30,3 пайызы, ал қарсылық болып 69,69 пайызы дауыс берген.

Жалпы, қазіргі билікке қарсы топ: «мұның бәрі прези­дент Серж Саргсянның қулығы мен қитұрқы амалы. 2018 жылы оның президенттік мерзімі бітеді. Биліктің дәмін татып, бауыр басып қалған ол парламенттік жүйеде – премьер-министр тағына отыра  қоймақ» дегенді айтады».

Расында да 2015 жылы Армения Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес Ұлттық жиналыс – парламент сайлаған жаңа президенттің  билік құзыреті  әлдеқайда шектеулі   болады.

Дәлірек айтқанда, президенттің құзыретіне мыналар жатады:

– Мемлекет басшысы ретінде Конституцияның орын­далуын бақылайды.

– Кезекті немесе кезектен тыс парламент сайлауын белгілейді.

– 21 күн ішінде парламент қабылдаған заңдарды  бекітіп, жариялайды.

– Конституцияда көрсетілген жағдайларда үкіметтің доғарысын қабылдайды.

– Премьер-министрдің ұсынысымен министрлер кабинеті құрамына өзгерістер енгізеді.

– Бірақ та Ұлттық жиналысты таратып, кезекті парла­менттік сайлауды белгілей алмайды.

– Үкіметтің ұсынысымен халықаралық келісім-шарттар жасайды, премьердің ұсынуымен шет елдердегі елшілерді, түрлі халықаралық ұйымдардағы өкілетті өкілдерді  тағайындайды және босатады. Шет мемлекеттердің елшілерінің, ха­лықаралық ұйымдар өкілдерінің  сенім грамоталарын қабылдайды.

– Елдің сыртқы саясатын негізінен  премьер-министрі айқындайды.

– Бұрынғы президенттей Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы бола алмайды.   Соғыс жағдайында ондай міндет  үкімет басшысына жүктеледі.

– Белгіленген заң мен тәртіпке сәйкес премьердің ұсынуымен Қарулы Күштердің, басқа да әскерлердің  бас­шылық құрамын тағайындап, қызметінен босатады. Жоғары әскери шендер береді.

Арменияның жаңа көшбасшысы Армен Саркисянның саясаткерлік, дипломаттық және кәсіпкерлік қабілет-қарымына шек келтіріп, мін тағу қиын. Ол 2002 жылы  ағылшын азаматтығын  алып, 2011 жылы өз еркімен бас тартқан.  Мұны өзі  «Англияға емін-еркін, жиі барып-келіп тұруым  және жеке басымның қауіпсіздігі үшін керек болды» деп түсіндіреді. Кейіннен  оның аса  қажеттілігі болмай қалған.

Кейбір   ақпараттық    Sputnіk  сияқты  порталдар А.Саркисянды «жұртпен тілтапқыш»  батыстың  «ақылды» адамдары мен іскер топтары арасында  зор беделге ие және посткеңестік елдерде түрлі бизнес-жобаларды сәтті жүзеге асырушы ұнамды да  «күлшелі» азамат деп сипаттайды. Сондай қасиетінің арқасында Саркисян Британия  королі отбасымен де жақсы қарым-қатынас орнатқан. Тіпті,  зайыбы Нунэ  Елизавета ІІ-нің үлкен ұлының қолдауымен Букингенм  сарайына және Виндзор қамалына  жылу жинайтын  қайырымдылық қорын басқарады.  Соған қарағанда,  Армен Саркисянның  президенттік таққа отыру салтанатына  Чарльз  ханзаданың келуі  ықтимал. Олай дейтініміз, 2013 жылы ханзада Чарльздың  армян жеріне сапарын  осы Армен Саркисян ұйымдастырған-тын.

Танымал Armenіa.іm. порталының: « Ол елге  Батыста да, Шығыста да жоғары деңгейде байланысы бар, үлкен ықпалға ие тұлға ретінде  оралып отыр.  Саркисян  Ұлыбританияда король жанұясы және іскер топтармен  тығыз қарым-қатынас орнатумен қатар, Түркіменстан мен Өзбекстанда да табысты кәсіпкерлікті жолға қойған» деп жазуы айтылған ойды толықтыра түседі.

Саясаткер Армен Саркисян  президенттік қызметіне кіріспей жатып, әлдебір БАҚ құралдары оның әйелі Нунэ Саркисянның 2016 жылы қазанда ағылшынның   Daіly Maіl  басылымына  берген  сұхбатын қайта  жариялап үлгерді. Ол сұхбатта Нунэ ханым: «Кеңес Одағы тұсында білікті де қабі­летті физик ғалым ретінде Арменге  шетелдік университет­терден 13 рет шақырту келді. Алайда,  «ақыл-ой ұрланады», талантты ғалым шет елде қалып қоюы кәдік  деп қауіптенген коммунистік режим  оның баруына бір рет те рұқсат етпеді. Біз өзімізді үнемі бақылап, аңдып жүргендей сезіндік. Менің мамам:  «Аузыңа сақ бол. Ешқандай анекдот айтушы болма. Қабырғаларға да құлақ қойылған!» деуші еді… Біз «қайта құру» кезеңінен кейін ғана шет елге шығуға мүмкіндік алдық. Мен тұңғыш рет отыз жасымда Лондонды көргенде аузымды ашып таң қалдым», – деп ағынан жарылған.

Бір кезде  Армен және Нунэ Саркисяндарға  шекарадан бір аттам асып шығу арман болса, бүгінде  олардың  Англия  астанасының  ақсүйектер тұратын  Лондон-Челси ауданында  жанға жайлы баспанасы  және Суррей  графтігінде  кең сарайдай үйлері бар.

Конституцияға енгізілген өзгерістерге орай бұдан былай  армян елінде Парламент – Халық Жиналысы  көп партиялық жүйе бойынша сайланып, жасақталады.  Оның үстіне Армения посткеңестік елдердің ішінен Латвия, Молдова және Эстониядан кейін парламенттік басқару жүйесіне көшіп отырған төртінші мемлекет. Бір айта кететіні, Литвада парламенттік республика саналғанымен, онда президенттік биліктің кейбір белгілері сақталған. Парламенттік билік барлық елдерде  «төрт аяғын тең басқандай» жұмыс істеп, тиісті нәтиже беріп отыр деп айту әбестік. Мәселен, кейбір саясаттанушылар Молдова билігіндегі айтыс-тартыс пен текетіресті және елдегі саяси тұрақсыздықты осы парламенттік басқарудың  босаңдығынан көреді.

Әлімсақтан келе жатқан ақиқат. Ел басқару кез-келген саясаткер, талантты ғалым, іскер кәсіпкердің қолынан келе келмейді. Оған ерекше қарым-қабілет пен дарындылық керек-ақ. Мұны  демократиялық жолмен сайланған:  1991-1992 ж.ж. Грузия президенті болған Звиад Гамсахурдиа мен  1992-1993 ж.ж. Әзербайжан президенті болған Әбілфаз Елшибейдің  тағдырынан көруге болады.

Дейтұрғанмен,  Арменияда елінің дамуы мен игілігі жолында парламенттік билік пен жаңа президенттің де жемісті де табысты жұмыс істеуіне тілектеспіз.

 

«Ақшамның анықтамасы»: 

 

Армен Варданович Саркисян – 1953 жылғы 23 мау­сымда Ереванда сәулетшінің отбасында дүниеге келген. 1976 жылы Ереван университетінің  физика-математика факультетін, 1979 жылы осы ЖОО-ның теориялық физика бойынша аспирантурасын бітірген. Релятивтік астрофизикадан кандидаттық диссертация қорғаған. 1976–1984 ж.ж.  университетте  физикадан сабақ  беріп, теориялық физика кешендік жүйесінің компьютерлік моделін түзумен айналысқан. 1984–1985 ж.ж. атақты Кембридж университетінде тағылымда­мадан өтіп келіп, өз  университетінде, оқытушы, про­фесссор және кафед­ра меңгерушісі қызметтерін атқар­ған. 1989–1991 ж.ж. аралығында Кембридж университеті мен Лондон университетінің Математика институтында қызмет істеген.  1999 жылы Армения Ұлттық акаде­миясының құрметті докторы болып сайланған.

Үш рет: 1992–1995, 1998–2000 және 2013–2018 ж.ж. Арменияның Ұлыбританиядағы  Төтенше және өкілетті елшісі,  сондай-ақ, қосымша   Еуроодақтағы , Бельгия, Нидерландия, Люксембург және Ватикандағы өкілетті өкіл болған. 1996 жылы төрт айдай Арменияның премьер-министрі қызметін атқарып, денсаулығына байланысты еркімен босаған.

Армен Саркисян  білікті ғалым, салиқалы саясаткер, дарынды дипломат  қана емес, табысты кәсіпкер де. Кезінде ол  әйгілі Brіtіsh Petroleum, Alcatel, Telefonіca компанияларынмен тығыз байланыста жұмыс істеп, оларға  кеңесшілік еткен. Біреулер оны жыл сайын Астанада өтетін Еуразиялық медиафорумның негізін қалаушы деп атайды. Кезінде оған  «Қазақстан газын Арменияға заңсыз тасымалдаумен айналысты» деген айып та тағылған. Ал өзі «мен қайырымдылық істер болмаса,  ешқашан армян жерінде кәсіпкерлікпен айналысқан емеспін» деп ақталады. Дегенмен, атақты Knіghtsbrіdge Group компаниясының қожайыны екені рас. Бұл компания энергетика, қоршаған ортаны қорғау, мұнай-газ өнеркәсібі, мультимедиа, жоғары технология, телекоммуникация салалары бойынша Еуропа, Ресей, Қытай, Үндістан, Моңғолия, Қазақстан елдеріндегі ауқымды бизнес-жобаларға белсене қатысып, жұмыс істейді.

Отбасылы, зайыбы Нунэ  балалар жазушысы, екі ұлы және үш немересі бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *