Өзі сәнді, өмірі мәнді болса, игі…

Біз сән бизнесіндегі подиумдарға  тек үлкендер ғана шығады деп ойлайтынбыз, қазір сәнқой балақайлар да көтерілді.

 Кейінгі толқынның көңілге қоныңқырай қоймаған әлдебір тірлігін көргенде алдыңғы буынның «баяғыда біздің бала күнімізде…» немесе «жас кезімізде» деп бастала кететін әңгімесі жастарға жақсы таныс. Ондай сәттерде «ол кез басқа, ал қазір мүлде жаңа заман ғой» деп өз уәжін алға тарта қоятындары бар. Ол да рас. Осы орайда, мен бүгін кішкентай балалардың сән әлемі туралы аз-маз әңгіме қозғағым келеді.

Не әперсе, соны киетінбіз

Біз сән бизнесіндегі подиумдарға  тек үлкендер ғана шығады деп ойлайтынбыз. Себебі, біз бірінікін бірі киіп өскен ұрпақпыз. Ол кездегі сапа қандай еді! Жақсы матадан тігілген пальтоны өзіңнен кейінгі сіңлілерің, тіпті туысыңның бір-екі қызы да киіп шығатын. Қанша жусаң да өңін бермейтін мектеп формасын айтсаңшы! Мектеп те, ата-ана да етегі қысқа кигізбейтін, сондықтан ол сұр көйлек те біраз жыл үстімізде жүретін. Мектеп формасы бар-жоқты да білдіртпейтін, яғни ауқатты үйдің баласы мен қарапайым отбасынан шыққан балақайдың арасындағы әлеуметтік теңсіздік аса білінбейтін.

Жас буын айтқандай, шынымен, қазір уақыт мүлдем басқа. Бүгінде бесіктегі бөбектің де үстіне аппақ шілтерлі көйлек кигізіп алып, баяғы ата-әжелеріміз айтатын тіл-көз дегенді елемей, көптің алдына құшақтап шыға беретін болдық.

Айналамызда асқан талғаммен киінетін кішкентай бүлдіршіндер көбейді. Сәнді киінген олар тіпті сүйкімді болып кетеді. Есіңізде ме, бала кезімізде бізге ата-анамыз не әпереді, соны киетінбіз, көбіміз талғам мен таңдау дегенге аса мән беріп жатпаушы едік. Ал қазіргі бала не киетінін де өзі таңдайды. Қалап тұрғанын сатып алып бермесе, жер бауырлап жатып алып жылайтындарды да көріп жүрміз. Бұл енді әке-шешенің шектен тыс әлпештеуінен шығар. Дегенмен, әлпештейміз деп тәлпіш етіп алмау жағын да ойлап жүрген жөн.

Жалпы, әдемілікке, көркемдікке құмар болған дұрыс-ақ. Қазір өзі таңдап, өзі киінетін баланың ойы да, сөзі де еркін. Ал біз бұйығы, ой-пікірімізді еркін, ашық айта алмай өскенбіз.

 

Кішкентай жұлдыздар

Ақпараттық технологияның өмірімізді цифрландырғаны сонша, үйде, көшеде не ішіп, не жеп отырғанымыз тұрмақ, не киіп жүргенімізді де әлеуметтік желілерге салатын болдық. Баласын жұтындырып киіндіріп қойып, оның атына жеке парақша ашып, оған күнде ұл-қыздарының сән суреттерін жүктеп отыратын ата-аналар да көбейді. Кеше не істегенін, бүгін не істеп жатқанын және ертең не істейтініне дейін жазып отырады. Содан әлгі балақайлар көп оқырман, жазылушы жинап, бір сәтте жұлдыз болып шыға келеді.

Кім баласының көркем, сұлу болғанын, әдемі жүріп-тұрғанын, сәнмен киінгенін қаламайды дейсіз. «Балаңызды бізге әкеліңіз, жұлдыз, модель болудың қыр-сырын үйретеміз» деген сән агенттіктері де көбейген. Осылайша баланы жарнамалап ақша табатын агенттіктер жетіп-артылады бүгінде. Дизайнерлердің сән апталығында да балалар киімінің көрсетілімдері болып жатады. Сөйтіп, балдырғандар өздері киім таңдап қана қоймай, олардың арнайы фешн-көрсетілімдері де ұйымдастырылады. Иә, балалар сәні фэшн-индустрияның маңызды бір бөлігіне айналғаны қашан! Тіпті, бірқатар дизайнерлер тек балалар топтамаларына ғана назар аударатын болған. Сауда нүктелерінде тек балалар киім-кешектері сатылатын жеке-дара бутиктер де қаптап тұр.

 

Бала, ойна, ойла!

Бүгінде көпшілік алдына, түрлі жиын, басқосуларда анасы мен қызының бірдей киініп шығатыны да сәнге айналған. Қарасаң, көз тояды.

Әрине, әдемілік ешқашан көптік етпейді. Сұлулыққа сүйсінесің. Әдемілік адамға қуат береді, шабыттандырады, өмір сүруге құштарлығыңды арттырады. Дегенмен, артық кетіп жататын жағдайлар да кездесіп қалып жүр. Мәселен, бір сән агенттігі жеті-сегіз жастағы қыз баланың басына суда шыққанда сүртінетін аппақ мамық орамал байлап, ваннаға отырғызып суретке түсірген. Бұлай ақша табу, баланың жасына лайықсыз фотосессия жасау неге керек?

Айтпақшы, тақырыпқа орай айта кетейік, Instagram бетінде бастарына орамалды шарт  байлап алып, келін болып рөлге енетін алты-жеті жастағы блогер бүлдіршіндер де жүр. Олардың танымалдылығы оқырмандарының басқан «бармақ» белгісімен өлшенеді. Бұл да керек пе бізге?.. Баланың балаша ойлап, бала болып ойнап өскеніне не жетсін!

 

Күз аруы

Өткен күзде тоғыз жастағы қызымның сынып жетекшісі хабарласып, Шұғыламды «Күз аруы» байқауына қатыстыруымды сұрады. Баламнан бұл туралы ойын сұрап едім, қатысқысы келетінін айтты. Содан кірісіп кеттік. Байқау онлайн өтетіндіктен уақытымыз да молынан болды, біраз күн дайындалдық. Ән-тақпақ, би-жырымызды түрлі фонда, түрлі уақытта, түрлі қимыл-қозғалыста бейнежазбаға таспалап, сосын бәрінің басын біріктіріп мұғалімгнің ватсабына салып жібердік. Апайымыз «бәрі жақсы, тек өзін-өзі таныстыру номинациясында шашын көтеріп, әлде бұйралау керек пе екен, сөйтіп қайта түссеңіздер» деген ұсынысын айтты. Мен бірден «шашты сәндеп не керек, мен өзі баланың бетіне үлкендерше опа-далап жағып бояндыруға да қарсымын, өзінің табиғи келбеті дұрыс емес пе?» деп ойымды ашық айттым. Ұстаз келісті. Шашты көтеріп, бетті боямағанымыз үшін жүлдесіз қалғанымыз жоқ. Бұл онлайн-байқау болған соң жүлделер орын-орынға бөлінбепті. Белгіленген үш номинацияның біреуін біз де қанжығаладық.

 

Әдемілік көптік етпейді

Опа-далап демекші, қазір сахнаға шығып ән айтып жүрген кейбір кішкентай қыздардың ерінін шиедей етіп, көзін де бояп, кірпігін қайқайтып көтеріп қоятыны да өтірік емес. Көзге қораш көрінеді-ақ. Әрине, олардың артында ата-анасы да тұр.

Киімге қайтадан оралайық. Қазір байқасаңыз, балалар киімі өте қымбат. Бірақ жасыратыны жоқ, осылар үшін жүрміз ғой деп, сұрағанының бәрін алып беріп жатамыз. Біреу ұлың сымбатты немесе қызың көркем екен десе, төбең көкке жеткендей қуанып қаласың. Психологтердің пайымдауынша, әдемі киінген бала өз-өзін бағалай біледі, қоршаған ортада өзін еркін де сенімді сезінеді. Иә, бүлдіршіндерді кішкентайынан ерекше стильмен киіндіру болашақта оның эстетикалық талғамының қалыптасуына негіз болмақ.

Түрлі сән агенттіктері өткізетін байқауларда жеңімпаз болған балақайлар әлемнің фэшн-индустрия саласындағы алдыңғы қатарлы агенттіктерімен келісім-шартқа отырады. Оза шапқандары қазақстандық және шетелдік түрлі бренд киімдерді жарнамалап суретке түседі, жарқын бейнелері дизайнерлік бутиктердің әйнегіне жапсырылады. Түрлі фотосессия жасап, әдемі глянц журналдар бетіне шығады. Бэйби-фешн подиумдарына көтеріледі. Көп уақыты сәнденумен кететін сол балақайлар бір сәт балаларға арналған танымдық журнал, кітаптарды да парақтауды ұмытпаса екен тілек те бар. Сыртқы келбеті мен ішкі дүниесі қабысқанда ғана нағыз сәнді сұлу сонда болатынын ата-аналары қазірден құлағына құйып жүрсе, нұр үстіне нұр болатын шығар.

Балдырғандардың соңғы үлгідегі сәнмен киінгеніне ешкім де қарсы бола қоймас. Тек балалар брендінің үлкендерді қайталамағаны дұрыс сияқты. Себебі, кішкентайлардың өз көңіл күйі, өз таным-түсінігі, балалық шағы болуы керек. Бәрі өз уақытымен болғанға не жетсін. Оларға да ересектерше киінетін кез келер. Бастысы, аман болсын. Бала – біздің болашақ.

 

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *