ЖАСТАР ҚАНДАЙ ӘН ТЫҢДАП ЖҮР?

«Опмай-опмай», «Cенің миың болмағанда, кімдікін жеймін», «Cені мен көрген сайын, как будто тебя знаю», «Ары-бері, бері-ары, жүріп ары-бері», «Джәст май юнивөрс» – бұл сөздердің сізге бірі таныс, бірі жат. Мүлдем жат болып  бірінші рет естіп отырсаңыз, бұл 2018 жылы хит болған әндердің сөздері. Бұл әндердің барлығы  жастардың құлағынан түспейтін серіктері – құлаққаптарында ойнап тұрады. Әннің мағынасына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Бір тыңдағаннан сөздерінің жатталып қалатыны және жеңіл темптері биге шақырып тұратыны рас, оны көбісі мойындайды. Мүмкін сол үшін де әннің сөзіне, оның мағынасына ешкімнің бас қатырғысы келмейтін де шығар. Әйтеуір, ырғақты әуен болса болды. Қайталап бір әуенді тыңдай берген соң мида оның еріксіз жатталып қалатыны рас.

Өткен жылы Астанадан пойызбен келе жатқанда 3-4 жасар сүйкімді қыз бала «Алматыда жоқ, Астанада жоқ» деп ән айтып, жол бойы көңілімізді көтергені бар. Бірақ жанымызда бірге келе жатқан апалар «мына әннің сөзін кім жазған, Құдай сақтасын. Жоқ-жоқ деп жақсы сөз айтып тұрған жоқ. Мына бала не жаттап алғанын түсініп тұр дейсің бе, бүгінгі жастардың есі ауысып кеткен бе?» деп күйіп-піскені есімізде. Дегенмен, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ жеңіл әуен мен мағынасыз әндердің ортамызда ойнап жүргені рас. Тыңдайтын құлақ болған соң жазылып жатқан да шығар. Бәлкім, тыңдармандардың деңгейі көтерілмей жатқан болар? Әйтпесе, ән дегеніміз өнер еді ғой. Ол Димаш пен Данэлия сияқты тыңдарманға керемет шабыт сыйлап, кейбір жандардың ауруына шипа беруі керек еді ғой. Кезіндегі Ш.Қалдаяқов, Ақан сері, Мәдина Ералиева, Бибігүл Төлегенова, Алтынбек Қоразбаев, Батырхан Шүкенов секілді ән шырқап, әуен жазған өнер иелері қайда жүр?!

Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,

Табиғат берген екен күн мен айын.

Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен,

Дариға арманым көп не қылайын, – міне, мағына мен шынайы сезімге толы, құлаққа майдай жағып, жүректен орын алар нағыз ән. Махаббат туралы әндерде бұрынғының қыздары арман болса, қазіргінің қыздары «ары-бері, бері-ары» жүргеніне мәз. Өкінішке қарай, қазіргі жағдайымыз осындай. Мұхтар Шаханов айтқандай, «батыстың цивилизациясын аламын деп, канализациясына түсіп кетпейік!»

Жұмагүл МАРАТХАНҚЫЗЫ,

Тұран университеті Журналистика

факультетінің 2-курс студенті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *