ТАРИХТЫҢ ТIЗГIНI ҒАРЫШТЫҢ ЫРҚЫНДА

Толық тiзбектiң әлеуметтiк- психологиялық сипаты

Әр тiзбектi 4 кезеңге бөлуге күн қызметiнiң өзгерiстерiне сәйкес қосанжарлана өрбiген тарихи уақиғаларды зерттеу барысында алынған деректер түрткi болып едi. Әр уақиғаның ағымын жеке-дара талдап, содан соң уақыт жағынан күн қызметiнiң кезеңдерiне орайлас келетiн белгiлi тарихи уақиғалардың мезетiмен салыстыра отырып, екеуiнiң арасында қандай да бiр байланыстың жоғына қарамастан, олардың бәрi бiр-бiрiнен аумайтын, бұралаң қағып, бiрде өрге ұмтылып, бiрде еңiске ылдилайтын арнамен ағындайтынын аңғару әсте қиын емес. Бұл талдауға ежелгi грек, рим көтерiлiстерi мен жорықтарынан бастап жаңа заманның төңкерiстерi мен соғыстарына дейiнгi санқилы әлемдiк уақиғалар арқау етiлдi. Кеңiстiкте де, тарихи уақыт ағымында да өзара ортақ ештеңесi жоқ, бiрақ эволюцияның белгiлi бiр шендестiгiне ие болатын тарихи уақиғалардың сыртқы сәйкестiгi жергiлiктi уақытқа немесе кеңiстiктiк жағдайларға тәуелсiз тұрған әрi алуан тектi тарихи уақиғалар ағымына iштей мiндеттi, тiптi, әмбебап заңдылық пен морфологиялық ұқсастық дарытып, мерзiмдi түрде әсер ететiн әлдебiр фактордың бар екендiгiн пайымдауға себепшi болғаны рас. Ұқсастықтың көзге түсiп, көңiлге шалынар белгiлерi тұрақты болмаса да, белгiлi бiр шекте ауытқып тұруға бейiмдiлiгi байқалды.

Жинақталған материалды қорыта келе, бiз тарих өлшемi тiзбегiнiң әр кезеңiне арналған, төменде қысқаша мазмұндалып отырған сипаттамасын түздiк, ол, былайша алып қарағанда, әрбiр тарихты өлшеу тiзбегiне өзек болатын, түрлi кездейсоқтық пен уақыттық немесе мекендiк мәнге ие үстiрт құбылыстардан бостан тұратын тамаша пiшiм тәрiздi көрiнедi.

I. Тарих өлшемi тiзбегiнiң бiрiншi кезеңi (минималды ширығу мезгiлi).

Бұл кезеңге тән ерекшелiктер мыналар: бұқараның бытыраңқылығы, халықтың саяси және әскери мәселелерге енжарлығы, бейбiт өмiрге бүйрегi бұратындығы, жалтақтығы мен көнбiстiгi және т.б.

Тарихи әрекет жасайтын адамзат қауымында мұндай психологиялық нышандардың пайда болуы тiзбектiң бiрiншi кезеңiнде, әдетте, қандай да бiр идея немесе құқық үшiн күресуге құлқы болмауымен, сондықтан да тез тiзе бүгiп, тұтқынға берiле кетуiмен, қаруын лақтырып тастап, майдан даласынан қашып кетумен, т.б. қабаттаса жүрiп жатады.

Жекелеген адамдардың немесе дүйiм топтың мұндай құлқы мемлекеттi басқарушы саланы соған сәйкестi шаралар қабылдауға: дұшпандарымен бiрқатар бiтiм жасауға, дипломатиялық байланыстар орнатуға, бейтараптық жариялауға, содан соң әскердi таратып жiберуге және т.б. мәжбүр етедi. Көне жылнамалар мен замандастардың мемуарларында бұл кезең жалпы бейбiт көңiл-күймен, қандай да бiр дау-дамайға араласуға құлықсыздықпен, әскери әрекеттердiң аяқталып, халықаралық және ұлттық әскери-саяси тiрлiкте өзгелердiң iсiне араласпау ауанымен ерекшеленедi. Тарихшылар бұл деректердi адами-имандық күш-қуаттың сарқылып, бастан өткерген ауыртпалықтардан психологиялық қажудың, мемлекеттiң тұтастығына қаяу түсiп, бұрынғы бiрiктiрушi ықпалдар арыны бәсеңсуiнiң, жауынгерлiк қабiлет төмендеуiнiң, көсемдердiң беделi түсiп, билiгi әлсiреуiнiң немесе тақтан таюының және т.б. салдары ретiнде түсiндiргiсi келедi.

Адамзат баласының басқа қызмет саласындағы құштарлығы да түр-тұрпатын өзгертедi: қоғамдық тұрмыс ағымы сабырлылық пен бейбiтшiлiк арнасына түсе отырып, басқа мақсаттарға жетуге, өзге мәселелердi шешуге бағытталған мимырт жүрiсiн жалғастыра бередi. Адамның рухани қызметi тап осы жерден бастау алып, мәдени құндылықтардың iргетасы қаланады, қоғами ой қазанының қаспағына айналған бұрынғы қасаңдық тұнбасы қырылып, таза өнер мен шын ғылым ұшпаққа шығады. Иә, минимум кезеңiнде адамзат баласы тыныштыққа ұмтылып, өткен жылдардың дүрбелеңiнен демалады да, тықырлай таянып қалған алдағы дәуiрдiң дүрбелеңiне төтеп берерлiк күштi бойына жинақтайды.

Бiрiншi кезеңде орын алған тарихи уақиғаларды зерттеу iсi ширығудың минималды мезетi мынадай жағдайларға:

1. Бейбiт келiсiм-шарттар жасасуға;

2. Бұқаралық сипат алмайтын жеңiмпаз жорықтарға;

3. Толықтай тiзе бүгуге;

4. Жаулап алуға;

5. Парламентаризмнiң мейлiнше қысқаруына;

6. Бiрегей билiктi немесе ат төбелiндей шағын топтың басқаруын күшейтуге жол ашатынын анықтады.

II. Тарих өлшемi тiзбегiнiң екiншi кезеңi (ширығудың өршу мезгiлi).

Бұл кезеңнiң психологиялық және тарихи күрделiлiгi аса ауқымды iзденiстi талап еттi, соның нәтиежесiнде бiз осы кезеңге қатысты едәуiр көп материал жинадық. Бұл жерде бiз тек жалпы қалыптағы ескертпелердi берумен ғана шектелуге мәжбүрмiз.

Осы кезеңнiң бастапқы кезi тарихи шығармаларда бұрынғы кезеңдерге қарағанда әлеуметтiң белсендiгiлi артып, шамырқана түсетiн мезгiл ретiнде сипатталады. Бұқара әлi бiрiге қоймайды; тек ширығудың минималды кезеңiнде құлдырап, тарап кеткен партиялар мен топтар қайтадан ұжымдасып, көсемдер көрiне бастайды, бағдарламалар түзiледi. Бұқараның өзiне сенiмдiлiгi қайтадан жанданады: мемлекеттiк қайраткерлер, қолбасшылар мен дiлмарлар, баспасөз күшiне мiнедi. Қоғамдық тұрмыстың көкжиегiнен саяси һәм әскери мәселелер төбе көрсетiп, шиеленiс өрши түседi. Бiртектi ой-пiкiрлердiң шалығы жайлап, бұқараның есi-дертiн жаулап алады. Жеке адамдардың ерiк- қалауын айтпағанда, бiртектi әскери немесе саяси тақырыптарға, егер ол бар болса, назар аударушылық ауаны бiртiндеп арта бередi; халық арасындағы идеялар басымдыққа ие бола бастайды. Маңызды мемлекеттiк мәселелердi шешуде әлi де батылсыздық пен солқылдақтық байқалады, түбегейлi қорытынды әлi де шығарылмайды, әйтсе де, соғысқа дайындық қарқын алып, халықаралық ахуал шиеленiсе түседi. Алайда, ашық соғысқа шығуға немесе соғыс жариялауға ешкiм тәуекел ете алмайды: қолайлы сәттi күтiп, бұқараның жаппай ширығуының ашыған қамырдай күмпиiп бара жатқанын сезiп, кiдiре бередi. Шынында да, көп ұзамай, бiр, екi жылдан кейiн, кейде одан да аз уақыттың iшiнде бұқараның бiр жеңнен қол шығарып, әлдебiр мәселенi талап етуi үстемдiк алады. Ендi, әскери немесе саяси мәселелерден алшақ жүрген адамдардың өздерi әлдебiр саяси немесе әскери топқа қосылуға мәжбүр болады.

Арынды сипат иеленiп, халық бұқарасының шыдамсыздығы мен күйгелектiгi белең алатын екiншi кезеңнiң соңында бiз қауымдастықтардың әскери-саяси тұрмысының ең маңызды мәселелерiнiң бiрiн, атап айтқанда, қорғану немесе шабуыл жасау мақсатында сол қауымдастықты құрайтын түрлi ұлттар мен ұлыстардың бiрiгуге ұмтылуын, саяси топтардың басқа саяси топтарға қарсы тұтасуын байқаймыз.

Осы кезеңнiң маңыздылығы – нақты кезең ағымында сол адамзат қауымдастығындағы тарихи уақиғалардың одан әрi ширығуына негiз қалайтындығы, тiптi, максималды ширығу кезеңiнде оның өрбу тағдырын шешiп те жiберетiндiгi. Қаралып отырған кезең әрқашанда әрi барлық адамзат қауымдастығында бiрдей уақыт аралығын иелене алмайды; оның ұзақ немесе қысқалығы күн қызметiнiң жай-күйiне байланысты болады. Бұған қоса, нақ сол себептерге байланысты осы кезеңде түрлi пiшiмде көрiнедi. Екiншi кезең ағымындағы бiртiндеп өрбитiн үш негiзгi:

1) Бұқара арасында идеялардың пайда болу;

2) Идеялардың топтасу;

3) III кезеңнiң бастапқы мезетiне таман сол адамзат қауымдастығының бұқарасында негiзгi бiр идеяның айқындалу кезеңдерiн айыра бiлуге тиiспiз.

1) ширығудың өршу кезеңiнiң бiрiншi фазасында негiзгi идеялардың пайда болуы мемлекетiшiлiк экономикалық саясат пен халықаралық әскери-саяси факторларға тiкелей байланысты болады; мұндай жағдайда мемлекеттiң экономикалық ахуалы, билiк пен мемлекеттiк аппараттың ұйымдасуы мен тұрақтылығы, халықаралық жағдай – соғыс, қоршауға алу, басқыншылық қаупi, сол сияқты бұқара арасында құйындай ұйтқып жүрген әрқилы көңiл-ауандар мен идеялар әжептәуiр мән-маңызға ие болады. Егер де сол сәтте нақты қауымдастықта қалыптасқан құрылымға немесе орныққан тәртiпке қатысты наразылық болмаса, жоғарыда аталған құбылыстар орын алмауы да мүмкiн, тарих өлшемi тiзбегiнiң азды-көптi тыныш өтуi де, мiне, осыған байланысты. Алайда, алдағы уақытта тiзбектiң одан әрi дамуында күрт шиеленiс пайда болып, асқынып ала жөнелмесiне ешкiм кепiлдiк бере алмайды; шынымен, ылғи да, тiптi, ширықтырушы себептер мейлiнше аз болған кезде де, келесi кезең жергiлiктi бұқараның қатысуымен бұрқ ете түсетiн уақиғаларымен шанышқыдан жырылып шығуы әбден мүмкiн.

Аударған –Мақсот IЗIМҰЛЫ.

(Жалғасы. Басы газетiмiздiң өткен нөмiрлерiнде).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *