Талдықорғанда 4,6 млрд теңге жымқырған күдіктілерге қатысты сот отырысы басталды

Талдықорғанда 4,6 млрд теңге жымқырған күдіктілерге қатысты сот отырысы басталды
Сурет: almaty-akshamy.kz

Дәл осы ала дорбадағы қап-қап ақша қалың көпшіліктің жағасын ұстатқан еді.

Былтыр дәл осы сәуір айында Талдықорған білім бөлімінің есепшісі ала сөмкелерге ақшаны толтырып, қашып бара жатқан жерінен ұсталғаны ел есінде, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. Осы іске қатысты сот отырысы басталды. Қалалық білім бөлімінің бас есепшісіне және 20-ға жуық білім мекемесінің бухгалтерлеріне 4,6 мрлд теңгеге жуық қаржыны жымқырды деген айып тағылып отыр.

245 томнан тұратын іс Жетісу облыстық қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған сотында қаралып жатыр. Барлығы 20 күдікті. Жымқырылған қаражат сомасы 4 млрд 570 млн теңгеден асады. Мемлекеттік айыптаушының айыптау актісін таныстыруға 4 сағаттан астам уақыты кетті. Айта кету керек бұған дейінгі отырыста прокурор сотталушыларды үкім шыққанша қамауда ұстау тұралы ұсыныс жолдаған болатын. Сот ұсынысты ішінара қанағаттандырды. Қазіргі таңда 16 адам қамауда отыр. Қалған 4 азаматшаның бірі зейнет жасында болғандықтан, екі күдікті жүктілігі бойынша және біреуі денсаулығына байланысты үйқамақта отыр.

Саян Дүйсебаев, Жетісу облыстық прокуратурасы 2-ші басқарма бастығының орынбасары:

Білім беру бөлімінің орталықтандырылған бухгалтериясының бухгалтерлары және мектеп бухгалтерларына қатысты ұйымдасқан топты құру және ұйымдасқан топ құрамына қатысу, сонымен қатар ұйымдасқан топ құрамында болып бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру баптарымен іс қаралып жатыр.

Көпшіліктің жағасын ұстатқан бұл істі тергеу өткен жылы басталған болатын. Қалалық білім бөлімінің бас есепшісі аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілініп Панфилов ауданында ұсталған. Тінту барысында есепшіден 1 млрд теңгеге жуық қолма-қол ақша табылды. Мұнан бөлек 20-дан астам жылжымайтын мүлік пен бірнеше көлік және бағалы әшекейлер тәркіленді. Іс өте ауқымды болғандықтан сот отырысы аптасына үш рет өтетін болды.