Әл-Фарабидің ескерткіші тұратын орын әлі бос тұр
немесе 43 жыл бұрын жасалған ескерткіш
Осыдан 43 жыл бұрын Алматыдағы әл-Фараби даңғылы мен Достық даңғылының қиылысында ұлы ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған ескерткіш орнатылуы керек болатын.
Әсел ДАҒЖАН
Неге десеңіз, сонау Кеңестік кезеңде, 1977 жылы сол кездегі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы үкіметінің қаулысымен Алматыда әл-Фарабиге ескерткіш орнату жайлы бүкілодақтық байқау жарияланады. Байқауда үздік шыққан ескерткіш жобасы әл-Фарабидің 1105 жылдығына орай Алатаудың етегінде орнатылуы тиіс еді.
Неліктен ескерткіш тиісті жерге орнатылмай қалды? Редакциямызға қоңырау шалған мүсінші, Қазақстанның өнер қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Ескен Сергебаев бізге осы мәселенің мән-жайын түсіндіріп, ескерткіш орнатылатын жердің әлі бос тұрғанын айтты.
– Кеңес Одағы кезінде біз оқып өскен әл-Фараби әлі де сол әл-Фараби. Заман өзгергенмен, ұлы ойшылдың мұрасы, артына қалдырып кеткен құнды қазынасы маңыздылығын жойған жоқ. Олай болса, биыл 1150 жылдығын атап өтетін бабамыздың мерейтойына орай бір кездері орнатылмай қалған ескерткішті өз тұғырына қондырсақ, туристік тартымдылыққа баса мән беріп отырған Алматыдай алып шаһардың эстетикалық тартымдылығы арта түскен болар еді. 43 жыл бұрын жасалған әл-Фараби ескерткіші неге аяқсыз қалды деген сұрақ мазалап отыр ғой, айтайын. 1977 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы үкіметінің қаулысымен Алматыда әл-Фарабиге ескерткіш орнату жайлы бүкілодақтық байқау жарияланды. Ескерткіш әл-Фараби даңғылы мен (бұрынғы Ленин) Достық даңғылының қиылысындағы көпірдің оң жағында орнатылуы керек болатын. Байқауға сол кездегі одақтас елдің бәрінен бас-аяғы 54 жоба келіп түседі. Ленинград, Кишинев, Әзербайжан, Грузия, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан дейсіз бе, одақтас елдің бәрінен түрлі жоба келеді. Сол кездегі ғылым, мәдениет, әдебиет және өнер саласындағы белгілі қайраткерлерден құралған әділқазылар алқасы қос архитектор М.Жақсылықов пен С.Коханович және мүсінші ретіндегі менің жасаған жобамызды үздік деп танып, бірінші орынды жеңіп алдық. Содан Бас жоспар бойынша екі даңғылдың түйіскен жерінде қолына кітап ұстаған әл-Фарабидің 8 метрлік қола мүсіні, астында сұр түсті граниттен жасалған ұзындығы 3 метр болатын тұғыры бар, тұғырдың соңы биіктігі 16 метрлік аркаға ұласатын кешен болатын. Басында сәлдесі бар, иығы желбіреп тұрған кең киімді әл-Фарабидің динамикалық фигурасы – шығыс мұсылман елдеріне тән адамзат баласының мәңгілік білім алуға деген құлшынысы мен талабының символын көрсетіп тұр. Композицияның идеялық мәні осындай болатын. Арканың іш жағында Пифагор мен Аристотельден бастап бүгінге дейінгі ұлы тұлғалардың 76 бейнесі салынған рельефтер болатын. Мұндай аркалар шығыс елдеріндегі белгілі ғимараттардың бәріне тән, ол храмға кіретін есіктің символын атқарады. Ал біздің композицияда ол әл-Фарабидің білім есігі арқылы мәңгілікке қадам басқанын білдіреді.
Біздің жоба жеңіп шыққан соң біз бірден жұмысқа кірісіп кеттік. Сол кезде осы істің басы-қасында жүрген Өзбекәлі Жәнібеков аптасына бір рет келіп, Оқушылар сарайының астында жұмыс жасап жатқан біздерді тексеріп кететін. Рельефтарды жасап бітіріп, әл-Фарабидің мүсініне кірісе бергенімізде саяси жағдайлардың әсерімен ескерткіштің бәрін тоқтатуға тура келді. Оның орнатылуы белгісіз мерзімге шегерілді де, сол күйі қолға алынбай қалды. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. Биыл сол бабамыздың 1150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өткелі отырмыз. Сол 43 жыл бұрын ескерткіш орнатылатын жер әлі бос тұр. Әл-Фараби ескерткішін өз тұғырына неге қондырмасқа? Қазір Медеу мен Шымбұлаққа туристер ағылып жатыр. Сонда Абай мен Достық даңғылдарының қиылысында 175 жылдығы тойланатын Абай тұр, одан жоғары жүрсеңіз, 1150 жылдығы аталып өтетін әл-Фараби жарқырап тұрса, қаланың эстетикалық келбетімен қатар тарихи тартымдылығы да арта түсетін еді. Мен осы мәселені айтып, Президентіміз Қ.Ж.Тоқаев пен қала әкімі Б.Сағынтаевқа хат жаздым. Егер қала әкімдігі қолдап жатса, біз жұмысты бастап кетуге әзірміз, – деді мүсінші Ескен Аманжолұлы.
Айта кетейік, Ескен Сергебаев М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының алдындағы Әуезовтің ескерткіші, Павлодардағы С.Торайғыров, Ақтөбедегі Әбілхайыр хан мен Ахмет Жұбанов ескерткіштерінің авторы.