ҚЫТАЙ НАЗАРЫНДАҒЫ ОРТА АЗИЯ: Біз көршімізді қаншалықты тани алдық?

ҚЫТАЙ НАЗАРЫНДАҒЫ ОРТА АЗИЯ: Біз көршімізді қаншалықты тани алдық?
origin.www.bloomberg.com

Қытайда Орталық Азияны зерттеумен айналысатын ғылыми орталықтар саны бірнеше ондап саналады. Солардың арасында кемінде 11 институт жүйелі академиялық зерттеулер жүргізіп келеді. Жылына шамамен 65–70 мерзімді басылымда Орталық Азиядағы бес мемлекетке қатысты ғылыми-зерттеу мақалалары жарияланады. Әр жылы онға жуық монографиялық еңбектер жарық көреді. Бұлардың сыртында жүздеген онлайн сайттарда біздің аймаққа қатысты тақырыптар күн сайын дерлік кездесіп отырады. Соңғы кездері Қытайдың Қазақстандағы және жалпы Орталық Азиядағы стратегиялық қадамдарының жиілей түскені белгілі. Осы тұста еліміздегі қытайтану саласының деңгейі бұл үрдіске қаншалықты жауап бере алып отыр деген сұрақ туындайды. Ең алдымен, бір елдің өзіне көршілес елдер мен аймақтарды зерттеуі қалыпты және заңды іс-әрекет екенін айтқан жөн. Бір елге қатысты оның тілін, дінін, мәдениеті мен тарихын, экономикасы мен саясатын, әлеуметтік өмір салтын зерделеу сол елмен дипломатиялық қарым-қатынастардың дұрыс құрылуына жол ашады. Мемлекеттің ішкі-сыртқы саясаты қандайда бір ғылыми негізге жүгінбесе, кез келген саяси мақсат пен бағдарламаның сәтсіздігіне апарып соғатыны белгілі.

ҚЫТАЙТАНУ МЕН ОРТААЗИЯТАНУ

Өз еліндегі аймақтану ғылымының тарихын қарастырған қытайлық зерттеушілер Қытайда Орта Азияны академиялық деңгейде зерттеу істері өткен ғасырдың 30-жылдарында басталғанын айтады. Еліміздегі қытайтану ғылымының академиялық негізі Кеңес Одағы кезінде қаланды. Бірақ ол кезде сыртқы қарым-қатынас пен сыртқы саясатты тек Мәскеу белгілеп отырғандықтан, Қазақстанның өзі үшін қытайтану ғылымын дербес дамыту қажеттілігі болған жоқ.

Еліміздегі қытайтану мен Қытайдағы ортаазиятану (немесе қазақстантану) ғылымы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңа сипат пен бағытқа ие болды. Аймақтағы бес ел тәуелсіздікке ие болғаннан кейін Қытаймен жеке-жеке дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Бірақ бастапқыда барлық тараптарда бір-біріне деген терең түсінік жоқ еді. Бейжің өзінің тарихи тәжірибелеріне жүгінсе, аймақ елдері қытайтанудың кеңестік тәжірибелерін басшылыққа алды. Мұның өзі елдердің қытайтану мен ортаазиятану саласын дамытуға деген қажеттілігін арттырды. Бір анығы, сол кезден бастап қарқын алған Қытайдың Орта Азияны зерттеу істері мемлекет тарапынан баса мән берілген және мол инвестициямен дамытылған салаға айналды.

ОРТА АЗИЯНЫ ЗЕРТТЕУ ІСІ:  ТӨРТІНШІ КЕЗЕҢ

Қытайдың қазіргі заманғы ортаазиятану саласы соңғы 30 жыл ішінде үш кезеңді басып өтті. Бірінші кезеңі – 1991–2001 жылдар арасын, екінші кезеңі – 2001–2012 жылдарды, үшінші кезеңі – 2013 жылдан қазірге дейінгі уақытты қамтиды. Қытай «Орталық Азияны зерттеу кеңесі» деп аталатын мекемесін құрып, 1992 жылы он зерттеушісін жаңа тәуелсіздік алған мемлекеттерге жіберді.

Бұл Қытайдың Орта Азия елдерін дербес зерттеуінің алғашқы қадамы еді. 2001 жылдан басталған екінші кезеңде Қытайдың осы аймақты тануға деген талпынысы артты. Бұған ықпал еткен бірнеше түйіндер бар еді. Ең әуелі екі тараптың өзара қарым-қатынастары жаңа деңгейге өсті, сондай-ақ, «11 қыркүйек» оқиғасынан кейінгі халықаралық жағдай, жаңа сын-қатерлер Бейжің үшін өзінің солтүстік-батысындағы Шыңжаңмен шектесіп жатқан аймақты тіпті де терең тануға итермелей түсті. Әсіресе, терроризм, экстремизм қауіптеріне, әрі олардың ішкі жақтағы сепаратизмге ұласып кетпеуіне көбірек назар аударды.

2001 жылдан кейін Орта Азия елдеріне инвестиция салуды көбейте түсті. Аймақпен болған сауда-экономикалық қарым-қатынастың өсуі, ірі державалардың аймаққа назар аудара бастауы да қытайлық зерттеушілердің Орта Азияға деген қызығушылығын арттырды. Оның үстіне 2003-2004 жылдарда Грузия мен Украинадағы «Түсті революциялар» мен 2005 жылғы Қырғызстандағы революция қытайлық зерттеушілер үшін желілес оқиғалар ретінде қарастырылды. Осыдан кейін аймақтағы елдерді жеке-жеке тереңдей зерттеуге тіпті де мән берілген еді.

Ал 2013 жылдан кейін «Бір белдеу, бір жол» жаһандық жобасы қытайлық зерттеушілердің аймаққа қызығушылығын қайта күшейтті. Осыдан бұрын (екінші кезеңнің соңына қарай) зерттеушілер назарын көбінде Қытай мен өзге ірі державалар қатынасы көбірек қызықтырып, аймақтану ғылымының назары да солай ауған еді. Бейжіңнің ғасырлық ірі жобасы зерттеушілерге қайта шабыт берді. Әрі осы кезеңдегі Қытайдың ортаазиятану саласы әлем елдерінің алдына шыққанын көреміз. Ресейдің Кеңес Одағынан бері сақталған дәстүрлі базалық мүмкіндігін айтпаған күнде, аймақты терең тануда Қытайдың академиялық базасы Батыстан озып шықты.

Аталған кезеңдерден біз Қытайдың ортаазиятану ғылымының үрдісі мен Бейжің саясаты арасында терең байланысты көре аламыз. Тіпті, кей жағдайда олардың аймақтағы үрдістердің алдымен жүріп отырғанын да байқаймыз. Ғылыми зерттеу мен оның қорытындылары Бейжіңнің саяси һәм экономикалық іс-қимылдарына барынша тура бағдар бере алған. Ал Сианьдегі «Орта Азия – Қытай» саммитінен кейін, сондай-ақ, Қытайдың өзгере түскен сыртқы саясаттағы ұстанымдарына қарай Орта Азияны зерттеу ісі де тың деңгей мен жаңа кезеңге өтуі мүмкін.

ЗЕРТТЕУДІҢ  АУҚЫМЫ МЕН ЖЕТІСТІКТЕРІ

Қытайдың Орта Азия елдерін зерттеудегі академиялық базасы негізінен Бейжің, Шанхай, Үрімжі және Ланьчжоу қалаларына топтасқан. Бұдан тыс әр провинциядағы Қоғамдық ғылымдар академияларының бәрінде дерлік Орта Азияны жанамалай зерттейтін институттары, кемінде кафедралары жұмыс істейді.

Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей–Еуразия институты Орталық Азияны зерттеу кеңсесі, бұл – Қытайдың Қазақстанды қамтыған аймақты қалт жібермей қадағалап отырған ең ірі ғылыми орталығы. Негізгі бағыты аймақтағы саяси және экономикалық жағдай, қауіпсіздік пен энергетика мәселелері, аймақтық ынтымақтастықтың дамуы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының дамуы мен ұстанымдарына, Орталық Азиядағы ірі державалар арасындағы қарым-қатынастарды, соған қоса, ұлттық мәселелерді де қарастырады. Онда тұрақты ғылыми зерттеу тобы жасақталған әрі аса тәжірибелі ғылыми қызметкерлер аймақтағы елдерді жеке-жеке қадағалауына алған. Бұл кеңес жыл сайын «Орталық Азия елдерінің дамуы туралы есеп» немесе «Қазақстанның экономикалық дамуы туралы ғылыми-зерттеу есебі» деген секілді өз жұмыстарының нәтижесінде жүйелі түрде есеп беріп отырады.

Осы және өзге де аталған-аталмаған зерттеу орталықтары аймақтың географиясы, демографиясы, экономикасы мен әлеуметтік жағдайы, су ресурстарынан тартып кен байлықтарына дейін, мәдениеті, этно-байланыстар, тарихи және жаңа қайшылықтар мен интеграцияларын, тіл, дін, салт-санасын, тіпті ру-тайпаларының таралуына дейін өздерінің зерттеу нысандары еткен. Қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түркімен, пуштун және орыс тілдерін жетік білетін, аймақтың тарихы мен мәдениетінен мол білімді зерттеушілері де бар. Айталық, Ву Хунвэй, Бао Йи, Чжан Нин, Су Чанг, Чжао Хуйронг, Ян Джин және Сяо Бин қатарлы беделді зерттеушілері аймақ халықтарының тілдерін меңгерген және құнды ғылыми еңбектерімен танылған.

Ұзақ жылдық жүйелі ғылыми жұмыстар жүргізілген бұл сала Қытай билігіне аймақ бойынша білікті кадрлар дайындауда да өз пайдасын тигізген. Орталық үкіметтегі Орта Азия ісі бойынша комиссиялар мен кеңестерде, комитеттерде, аймақтағы елшіліктерде аталған сала мамандары кадр ретінде таңдалып отырады.

Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының Орталық Азияны зерттеу кеңсесінің директоры Сунь Жуанжи (Sun Zhuangzhi) өзінің бір сұхбатында ортаазиятану саласында ең негізгі 4 проблеманың бар екенін айтады.

Біріншісі – саладағы «мұрагерлердің» болмауы; Аймақты зерттеу үшін жаңа кадр дайындау көп жылдық жұмыс. Тілі мен мәдениетін, тарихын, салт-санасын терең меңгеріп шығуға жас мамандар үшін ұзақ уақыт керек. Оның үстіне жалаң жазба деректерге сүйену жеткіліксіз, осы елдердің өзінде тұрып, зерттеу жүргізу қажет. Мұның бәрі қаржы, уақыт және адам ресурстарын талап қылады. Екінші мәселе ретінде Сунь Жуанжи зерттеу нәтижелерінің тереңдемеуі, тұрақты назар салынбауы және белгілі бір сала немесе белгілі бір тақырып бойынша зерттеулер тізбегі болмауы секілді проблеманы көрсеткен. Тарата айтқанда, бір ғана тақырыпты өмір бойы зерттеп-зерделеген ғалымдар қатары аз. Үшіншіден, зерттеу институттары арасында ынтымақтастық пен үйлестіру істері әлсіз. Кейде, екі не одан да көп институттар бір тақырыпты қуалап кетсе, тиісінше өзге маңызды салалар зерттелмей қалып кетіп жатады. Төртіншіден, тікелей далалық және қоғаммен араласа отырып зерттеу тәжірибелері қытайлық зерттеушілерде аз. Әлеуметтік мәселелерге жауап іздеуде көбінде өзге шетелдік ақпараттарға сүйену басым екенін айрықша атайды. Бұл, әсіресе, «Түсті революциялардан» кейін күшейе түскен проблема ретінде көрсетеді. Біздің байқауымызша, қытайлық зерттеушілердің Орта Азияға қатысты ғылыми еңбектерінің өзі қытайлық насихаттың ықпалына ұшыраған. Ежелгі қытайлық орда деректердің өз тарапынан берілген бағаларын кейбір тарихи-мәдени контекстерде ғылыми дерек ретінде келтіріп жататынын көреміз.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Қазақ–Қытай қарым-қатынасына, Қытайдың еліміз бен аймақтағы іс-қимылдарына баға беру және тарихи қорытынды шығару, болашақ үрдіске алдын ала болжам жасау – елдегі қытайтану саласының міндеті. Егер, соңғы кездегі Қытайдың аймаққа болған мүдделік қатысуының күшейгенін, бұл жағындағы процестердің жиілегенін ескерсек, елдегі аталмыш сала деңгейінің өсуіне, ең алдымен, мемлекет тарапынан көңіл аударылуы тиіс. Сондықтан қытайтану ғылымының деңгейі мен бағытына қатысты сала мамандарының пікірін сұраған едік.


Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры:

Ғылыми ұсыныстар да, тиімді шешім де маңызды

Елімізде осы сала бойынша өзім жетекшілік етіп отырған Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жанында арнайы Қытайтану орталығы ашылған, жұмыс істеп отырған мамандарымыз да бар. Жыл сайын Қытайға қатысты ғылыми жобалардың конкурсына қатысып, Қазақстан – Қытай, Орта Азия – Қытай қатынасы бойынша, ықпалы мен пайда-зияны секілді түрлі тақырыпта бағалау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз.

Бізден өзге ғылыми орталықтарды айтар болсақ, ҚазҰУ-да Шығыстану факультеті бар, онда т.ғ.д. Нәбижан Мұхаметханұлы басқарып отырған Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығы деген орталық жұмыс істейді. Мамандарының потенциалымен көптеген жұмыстар атқаруға мүмкіндіктері мол. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Шығыстану кафедрасында да Қытай бағытында зерттеу жүргізіп жатқан қытайтанушы мамандар бар. Назарбаев университетінде және Елбасы кітапханасы дейтін мекемеде қытайтану орталықтары жұмыс істейді. Стратегиялық зерттеулер институтында арнайы Қытайтану орталығы бар.

Қысқасы, салыстыра қарағанда, жаңа сападағы Қазақстан – Қытай, Орта Азия – Қытай қарым-қатынастарынан туындайтын кез келген мәселелерге алдын ала болжам жасап, түйінін тарқатып, ғылыми ұсыныстар арқылы тиімді шешім жасауға ықпал етуге Қазақстандағы қытайтану саласының потенциалы толық жетеді деуге болады.

Елдес ОРДА, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері:

Қытайтану тұжырымдамасын қабылдау керек

Біздің елде қалыптасқан қытайтану саласы бойынша әркім әртүрлі пікір айтуы мүмкін. Негізінде тәуелсіздікке дейінгі қытайтану мен кейінгі қытайтану арасы жер мен көктей. Бұрынғы қытайтану кешенді түрде жұмыс істеді. Сөйтіп, білікті синологтар қалыптасты. Ал кейінгі қытайтану қаншалық кешенді жұмыс ретінде қаралғанын айту қиын.

Бүгінгі қытайтанудың алғы шартын бұрынғымен салыстыруға келмейді, өйткені қазіргі гео-әлеуметтік, гео-саяси үдерістер жылдам өзгеріп жатыр. Менің жеке пікірімше, бұл үдерістің мүддесінен толық шыға алатын қытайтану әлі қалыптаспады, соған байланысты біраз еңбектену керек. Біздегі геостратегиялық салалық зерттеулердің ұлттық контенті көбінше орыс тілінде жасалынады немесе дайын орыс тіліндегі контентті ала салады. Ал қазақтілді аудиторияға қажетті контент мүддеден шыға алмай отыр. Бір жүйеге түспеген қазақша контенттер қытайтануға байланысты түрлі фейк ақпараттың жылдам тарап кетуіне себеп боп жатады. Негізінде қытайтануға байланысты мемлекет тарапынан кешенді жұмыстар қолға алыну керек және қазақтілді аудиторияның қажетінен шығатын қазақша контенттің концепциясы жасалуға тиіс.

Сонымен бірге, қытайтану мәселелері Қазақстанның стратегиялық гео-масштабынан шығып, жалпы түркі әлемінің гео-масштабына ендеп барады. Сондықтан тақырыпты бауырлас түркі елдерінің ортақ мүддесі аясында қайтадан қарастыруымыз керек. Былайша айтқанда, түркілік танымдағы ортақ қытайтану тұжырымдамасын қабылдауымыз керек. Бұл бір жағынан түркі мемлекеттері арасындағы интеграцияны тездетеді, екінші жағынан қытайтануға байланысты зерттеулерді бірізділендіреді.