Елден заңсыз жолмен әкетілген капиталды қайтару бойынша заң қабылдануы мүмкін

Елден заңсыз жолмен әкетілген капиталды қайтару бойынша заң қабылдануы мүмкін
Сурет: Massaget.kz

Бұл туралы сайлау учаскесіндегі қысқа брифинг кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

"Мемлекет жоспарлы түрде жұмысты жалғастыра береді, мен ол туралы айтқан болатынмын. Бас прокурор басшылық ететін арнайы комиссия құрылды және ол комиссияның жұмысын өзім қадағалаймын. Менің пікірімше, уақыт өте келе, елімізден заңсыз әкетілген капиталды қайтару бойынша заң шығаруға тиіспіз. Ал, өз еркімен қайтаруды тек қана құптаймыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бүгін Астана қаласындағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында сайлау учаскесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, кезектен тыс Президент сайлауында өз таңдауын жасады. Қысқа брифинг барысында журналистердің сауалдарына жауап берді. Сауалдардың бірі тәуелсіздік жылдарында елден заңсыз әкетілген капиталды қайтаруға қатысты қойылған еді. 

"Тәуелсіздік жылдарында елден заңсыз әкетілген капиталдың көлемі 50 мен 150 млрд доллар арасында деген болжам бар. Қазақстан өкіметінің бұл активтерді қайтаруына не ықпал етуі мүмкін? Адамдардың өз еркімен қайтаруы ма әлде мемлекет тарапынан жасалатын жоспарлы жұмыс па? Табысқа жету мүмкіндігі бар ма?" - деп журналист сауал қойған еді.