Айнұр Кенебайқызы: Мейргер деген сөз жанымды жылытады

Айнұр Кенебайқызы: Мейргер деген сөз жанымды жылытады
Сурет: Almaty-akshamy.kz

12 Мамыр – Халықаралық Мейірбикелер күні.

Алматы қалалық Қан орталығының  жоғары санатты мейіргері Айнұр Әлмесова өз мамандығын қалай таңдап келгенін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Әр адамның болашақта кім болатынын оның   балалық шақтағы ойынынан байқауға болады десек,  Алматы қалалық Қан орталығының қан және оның компоненеттерін дайындау бөлімінің аға мейіргері Айнұр Кенебайқызы Әлмесова өзінің ақ халатты абзал жан болғысы  келетінін  сол бала кезінен-ақ төңірегіне байқататын. Өзге қызбалалар қуыршақ ойнауға жақын болса, кішкентай Айнұр керісінше,  сол қуыршақтарды тексеріп, дәрі жазып беріп ойнайтын-ды.  Кейін өсе келе де сол ойыны  үлкен арманға айналған ол «өскенде кім боласың?» деген сауалға дәрігер боламын деп жауап беретін. 

Мектеп бітірген жылы  медициналық университетке құжат тапсырған, бірақ оған түсу үшін жоғары балл жинау қажет болғандықтан  байқаудан өте алмады. Әйтсе де қайсар қыздың оған тауы шағыла қойған жоқ,  Алматы қаласындағы «Аяжан» медициналық колледжіне құжат тапсырып, бақ сынап көрмек болған оның жолы болып, «Мейірбике ісі» бөлімі бойынша оқуға қабылданды. Сондағы Айнұрдың қуанышын сөзбен айтып жеткізу  мүмкін емес еді, бала кезде қуыршаққа укол салып ойнайтын Айнұр қыз енді  қуыршақтардың емес, науқас адамдардың сырқатынан сауығып кетуіне себепкер болатын мейірбике болатынына қуанған. Содан бері де  зымырап жиырма  жыл өте шығыпты. Айнұр өзі қалаған мамандығы бойынша абыройлы қызмет атқарып келеді.

Айнұрдың қолынан ем-шара қабылдаған науқастар оған үнемі «Айналайын, қолың жеңіл екен, емің дертімізге шипа болсын» деп алғыс айтқанда ол мейрейлене түсетін. Бірде оның құрбысының туысы науқастанып,  Қалалық қан орталығына  қан тапсыруға келген болатын, орталықтағы мейірбикелердің жұмысы, орталық қызметкерлерінің келген адамдарға деген  ықыластары оны  бірден баурап алғаны. Ертесі күні Қан орталығының кадрлар бөліміне жолығутуралы шешім қабылдады. Жолы болып  кетті. Бала күтіміне байланысты демалысқа кеткен бір мейірбикенің орны уақытша бос екен, ол уақытша болса да сол орынға жұмыс істей тұруға келіскен Айнұр ертесіне-ақ Орталық қызмектерлерімен бұрыннан бірге  жұмыс істеп келе жатқандай тез бауыр басып кетті. Тәулігіне қаншама адам  ет жақынының өмірін сақтап қалу үшін қан беру арқылы күрессе, жүрегінің тамырлары адамгершілік қағидаларымен өрілген ерікті донорлардың өзі танып білмейтін адамдардың өмірін сақтап қалу жолында қан беріп, біреуге өмір сыйлап жатқанын көрген Айнұрға бұл Орталық қайырымдылық орталығы сияқты көрінген.  

Оған  Қаңтар оқиғасы кезіндегі ерікті донорлардың қайсарлығы тағы көзін жеткізді.  Қан донорлары өздерінің өмірлеріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, жараланған жауынгерлеріміздің, полиция қызметкерлері мен бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалу үшін қан тапсыруға үздіксіз келіп жатты.   Ал сол оқиға кезінде Орталық қызметкерлерінің өздері де бастама көтеріп, қан тапсырған болатын.  Иығына ақ халат  ілген адам үшін қайырымдылық жасаудан асқан сауапты іс болмаса керек.

Сөйтіп, 2010 жылы Алматы қалалық Қан орталығына донор болып келген Айнұр орталықтың медициналық мейірбикесі  лауазымы бойынша жұмысқа қабылданып, біржола осы орталықта қалып қойды. Өз жұмысына жауапты, кәсібін жетік меңгерген Айнұр Кенебайқызы Әлмесова қазіргі күні Орталықтың ең үздік  мейіргерлерінің бірі.   Өзі уақытша жұмысқа қабылданған Қан және оның компоненттерін дайындау бөлімінің аға  медициналық мейірбикесі. Орталықтағы Мейірбикелер кеңесінің мүшесі.  Жаңадан  жұмысқа қабылданған жас мамандарға білгенін үйретуден жалықпайтын тәлімді  тәлімгер.

«Маған мейіргер деген сөз қатты ұнайды. Мейіргер деген сөз ұдайы ыменің жүрегіме мейірімділік нұрын сеуіп тұратындай, сондықтан болар мамандығымды мақтан тұтамын»,– дейді Алматы қалалық Қан орталығының  жоғары санатты мейіргері Айнұр Әлмесова.

 Ұдайы өзін кәсіби жағынан жетілдіріп, білім-біліктілігін арттырып  отыратын Айнұр Әлмесова өзінің  әріптестерімен қатар,  Халықаралық мейірбикелер күнін қызметіндегі жетістіктерімен, ұжымдағы асқан абыройымен қарсы алды. Ең қуаныштысы мереке қарсаңында ол «Аманат» партиясының мүшелегіне қабылданып, бастауыш партия ұйымының Алғыс хатымен марапатталды. Ұжымның бұл құрметі оның өз жұмысына деген жауапкершілігін бұрынғыдан да арттыра түскені анық.