Алматыда шетелдіктер үшін жаңа туристік төлем белгіленеді

Алматыда шетелдіктер үшін жаңа туристік төлем белгіленеді
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматы мәслихаты мегаполиске келетін шетелдіктерден 1725 теңге көлемінде жаңа туристік жарна алу туралы жобаны қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Алматы мәслихаты туристік алым мөлшерлемелері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өзекті статистикалық деректер негізінде айқындалатынын түсіндірді.
Бұл ретте, шетелдіктер үшін туристік салықты төлеу қағидалары өткен күнтізбелік жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристерді орналастыру орындарында шетелдік туристер саны артқан жағдайда туристік салықтың мынадай мөлшерлемелерін белгілейді: 5%-ға дейін – 0,2 АЕК мөлшерінде; 5-тен 10%-ға дейін – 0,3 АЕК мөлшерінде; 10-нан 15%-ға дейін – 0,4 АЕК мөлшерінде; 15% және одан жоғары - 0,5 АЕК мөлшерінде.
«ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес екі кезеңмен салыстырғанда (2021/2022және 2022/2023 жылдар) Алматы қаласында келу туризмі бойынша қызмет көрсетілген келушілер саны 15% - дан асады. Осыған байланысты жоба туристерді орналастыру орындарында шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемесін туристерді орналастыру орындарында болған әрбір тәулік үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бекітуді көздейді»,-делінген құжатта.
Шетелдіктер үшін туристік алым қалалар мен облыстардағы хостелдерді, қонақ үйлерді, жалға берілетін тұрғын үйлерді қоспағанда, туристерді орналастыру орындарында болған әрбір күн үшін туристерден алынады. Төленетін туристік алым сомасы тұру құнына енгізілмейді.
Құжат Ашық НҚА веб-сайтында 28 тамызға дейін орналастырылған.