300 мыңнан астам қазақстандық жұмыс тапты

300 мыңнан астам қазақстандық жұмыс тапты
Сурет: Zhanaqorgan-tynysy.kz

Мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмыс тапқандар саны 300 мыңнан асты.

Жыл басынан бері жұмыссыз жүрген қазақстандықтар «Еңбек» бағдарламасы арқылы өз кәсібін тапты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, 451,6 мың адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы) қатысушылары болды. 328,5 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 200,7 мыңы тұрақты жұмысқа тұрды», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Ресми мәлімет бойынша, бағдарламаның бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді курстарға 15,2 мың адам жіберілген. 5,5 мыңнан астам адам өз ісін ашу үшін жеңілдікті микрокредиттер, ал 20,2 мыңы қайтарымсыз мемлекеттік гранттар алған. 

Субсидияланатын жұмыс орындарына 155,7 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарына 16,6 мың адам; жастар практикасына – 21,4 мың адам; қоғамдық жұмыстарға – 117,4 мың адам.

«Еңбек ресурстарының ұтқырлығы шеңберінде 1 342 отбасы немесе 4 571 адам қоныс аударды, оның ішінде 1 952 адам еңбекке қабілетті жаста болып табылады. Оның ішінде 1 329 адам жаңа тұрғылықты жерінде тұрақты жұмысқа орналастырылды және 111 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады, 5 адам оқуға жіберілді»,– деп хабарлайды министрлік мамандары. 

Министрлік өкілдерінің сөзіне жүгінетін болсақ, 2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 649 мың адам қатысты. 437,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 319,2 мыңы тұрақты жұмысқа тұрды. Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 12,7 мың микрокредит және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 44,9 мың қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.