Жаздағы қызыл-сары «жапырақтар»

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Футболдан ХХІ әлем чемпионатының басталуына бір-ақ апта уақыт қалды. «Алматы ақшамы» бүгінгі статистикалық шолуын жасыл алаңдағы тәртіп мәселесі мен оны бұзушыларға арнайды

 

 «Кет» дегенде кетпейтіндер де болған

 

Футбол болған соң, жан аяспас айқас болған соң  тәртіп бұзылмай тұрмайды. Ойынның ереже бойынша өтуін қадағалайтын төрешінің қажет тұсы осы. Ол тәртіп бұзғандарды жазалап, тіптен шектен шығып бара жатқандарды ойыннан қуып жіберуге де хақылы.

Мундиаль тарихында жасыл алаңнан қуылған алғашқы футболшы – перулік қорғаушы Пласидо Галиндо. Ол байғұстың не бүлдіріп қойғаны бұ күнде ешкімнің де есінде жоқ: әйтеуір 1930 жылғы тұңғыш доп додасында, Румы­ниямен кездесудің 54-минутында төрешінің оған  алаң сыртын нұсқағаны ғана мәлім. Ол уақытта мұндай жаза басқан ойыншыға көрсетілер арнайы «қызыл қағаз» да шықпаған кез, кейде «бұзақы» өзінің алаңнан қуылғанын түсінбей, кетпей жүріп алған мысалдар да жеткілікті.

Алаңнан қуылған ДЖ.Феррини сонда да кетер емес (1962)

Мәселен, 1966 жылғы чемпионаттағы Англия– Аргентина матчының 38-минутында кезекті рет ойын тәртібін бұзған латынамерикалықтардың капитаны Антонио Раттин төрешіге оның «қателесіп тұрғанын» түсіндірмек болып еді, ол… дереу «кет» деп Раттинге алаңның сыртын нұсқады (бұл – «Уэмбли» стадионында өткен ойындар тарихындағы тұңғыш алаңнан қуылу еді). Футболшы, әрине, біраз уақыт алаңнан кетпей қойды, өйткені, біріншіден, не үшін қуылғанын түсінген жоқ, екіншіден, төрешінің ым-ишарасын да ұқпады. Осы кикілжіңнен кейін ФИФА төрешілерге алаңнан қуылған ойыншыға қызыл карточка көрсетуді тапсырып, ережеге енгізді. Ал ойын тәртібін өрескел бұзғандарға ескерту (сары қағаз) көрсетілетін болды.

Төрешілер  қалталарына сары және қызыл карточка салып шыққан тұңғыш турнир – 1970 жылғы дода. Бірақ қызыл карточка Мексикада мүлде қажет болған жоқ, өйткені, ойыншылар дөрекі қылықтарға онша ұрына қоймады. Бұл – бірде-бір адам алаңнан қуылмаған тарихтағы екінші чемпионат еді (біріншісі – 1950 жылғы дода). Дегенмен, алғаш қолына ұстап тұрған соң, қызық көрді ме екен, жарыстың беташар кездесуінде неміс төрешісі Ченчер пәлендей себеп болмаса да, төсқал­тасындағы сары карточканы қайта-қайта шошаңдата берді. Сөйтіп, аса дөрекілікке ұрынбай-ақ бір мексикалық пен төрт КСРО ойыншысы ескерту алды. Әлемдік доп додасындағы тұңғыш «сары қағаз» грузин Кахи Асатианиге көрсетілді (ойынның 30-минутында).

1-минуттағы қызыл қағаз (1986)

Алаңдағы бас қазының қолында «қызыл қағаздың» алғаш жарқ еткен сәті – 1974 жылдың 14 маусымы. Оны Германия – Чили матчының 69-минутында түрік төрешісі Бабаджан өте дөрекі ойнаған чилилік Карлос Касселиге салтанатты түрде көрсетті. Осы турнирдегі Чили – Австралия (0:0) кездесуінде бір күлкілі жағдай болды. Ойынның 10-минутында ирандық төреші Намдар австралиялық Рей Ричардсқа қарсыласын шалып жыққаны үшін сары қағаз көрсеткен болатын. Екінші таймның орта шенінде Ричардс одан да дөрекі қылық танытты. Төреші, әрине, оны тағы да сары карточкамен жазалады. Футболшының бір ойында алған екінші ескертуі автоматты түрде қызыл карточкаға айналып, оның алаңнан қуы­латыны бәрімізге белгілі ғой. Бірақ Намдар оған… қызыл карточка көрсетуді ұмытып кетті! Сөйтіп, австралиялық жартылай қорғаушы алаңда қалды. Тек арада он минуттай уақыт өткен кезде қапталдағы қазы Намдарды шақырып алып, бірдеңені ұзақ түсіндірді. Екеуара «әңгімеден» кейін барып, ирандық төреші Ричардсқа салтанатты түрде қызыл карточка көрсетті. Қызу ойын барысында әріптестерінің бірінші таймда алған алғашқы ескертуін ұмытып үлгерген австралиялық футболшылар түкке түсінбей, ашуға мінді. Расында да, олар үшін Ричардс жазықсыздан жапа шегіп тұрғандай еді. «Бұзақыны» алаңнан шығарып жіберу үшін тағы да он минут әбігерге түсуге тура келді. Ақыры 64-минутта қызыл карточка алуға тиіс ойыншы 83-минутта ғана алаңнан кетті! Рас, Намдар ойыншыларға жасаған ескертулерінің көптігінен шатасып кеткен шығар деп те топшылауға болар еді. Бірақ ол бұл ойында Ричардстан басқа бірде-бір адамға сары карточка көрсетпеген-ді!

 

 

Ең дөрекісі – 2006 жылғы дода

 

Осыған дейінгі 20 әлем чемпионатында 165 фут­болшы алаңнан қуылыпты. Ең көп тәртіп бұзғандар – Бра­зилия (11 қызыл қағаз), Уругвай (9) және Италия, Арген­тина, Камерун (әр­қай­сысында 8 қызыл қағаздан бар) ойыншы­лары.1950 және 1970 жылы бірде-бір футбол­шының алаңнан қуылмағанын айттық. Ал басқа дода­лардың бәрінде кем дегенде, бір «бұза­қыдан» бар. 1930 және 1934 жылдары – 1-ден, 1954, 1958, 1978 жылдары – 3-тен, 1938 жылы – 4, 1966, 1974, 1982 жылдары – 5-тен, 1962 жылы – 6, 1986 жылы – 8, 2014 жылы – 10, 1994 және 2002 жылдары – 15-тен, 1990 және 2010 жылдары – 16-дан, 1998 жылы – 22, ал 2006 жылы – 27 футбол­шыға қызыл қағаз көр­сетілген.

Тіпті, бір матчта 4 ойыншының алаңнан қуылуы да кез­деседі (2006, Португалия–Голландия – 1:0). Мұндай қатаң шешімге барған жүрек жұтқан төрешінің аты-жөні – Валентин Иванов (Ресей). 3 футболшыға қызыл қағаз көрсетілген тағы бес ойын бар. Жалпы, қызыл (қ.к.) және сары карточкаларды (с.к.) қоса есептегенде, ең дөрекі кездесулер мыналар болып тұр:

 

Бұзық көрсе түрі бұзылып кететін қатаң төрешілердің тізімін мексикалық Артур Брисио Картер бастап тұр. Ол өзі қазы ретінде қатысқан додаларда ұзын-ырғасы 7 фут­болшыны желкелеп қуып шығыпты. Одан отандасы Родригес Морено мен француз Жоэль Кинью де қалыспайды (5 қызыл қағаз). «Кинью» дегенде еске түсе қоятын ерекше жағдай: Уругвай – Шотландия (1986, есеп 0:0) матчында ол Гордон Страчанды оңдырмай омақас­тырған Хосе Батистаға 1-минутта, дәлірек айтсақ, 56-секундта-ақ қызыл карточка көрсетті! Бұл – әлемдік «рекорд». Байғұс уругвайлықты неге бірден қатаң жазала­ғанын француз төрешісі: «Бұл команда ойыншыларының алдыңғы екі турдағы шектен тыс бұзақылығы мені сондай шешім қабылдауға мәжбүр етті», – деп түсіндірді.

 

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *