Жұбановтың ықыласына бөленген жан

Өнерде де, спортта да, ғылымда да айшықты із қалды­рып, тоқсанға жақындаса да әлі Қазақстандағы ең жоғарғы өнер ордасында шәкірт тәрбиелеп, өз ісіне дән риза болып, белі бүкшимей, көз жанары жалт-жұлт етіп шуақ шашып, кеудесін тік ұстап, маңғаз жүретін (кейде болаша елпілдеп кететін де мінезі бар) ұлағатты ұстаз, профессор Пернебек Момыновты білмейтін қазіргі өнер майталмандарын табу қиын. Бұл кісі атақты Ахмет Жұбановтың ең сүйікті шәкірті болған. Консерваторияны қызыл дипломмен бітірген.

 Қазақтың өнертану ғылымына өзіндік үлес қосқан ұлағатты ұстаз Пер­небек Момыновпен кездескен сайын менің есіме сонау өткен ғасырдың елуінші жылдары болған мына бір оқиға есіме түседі.

Пернебек Момынов мектепте оқып жүрген кездің өзінде-ақ музыка, өнер десе ішкен асын жерге қоятын жігіт болып өсіпті. Таңертең төсектен тұра сала бізді каз-қатар тізіп қойып, дене­шынықтыру жасатады. Нені қалай жасау керектігін алдымен өзі көрсетеді. Біз соны қайталаймыз. Сымдай тартыл­ған дене пішіміне қатты қызығамыз. Біз де солай болсақ дейміз ішімізден. Соны біліп қойғандай: «Спортпен айналыс­саң­дар денсаулықтарың мықты, сабақ­ты жақсы окитын боласындар», — дейтін. Өзінің туып-өскен жері Қаратау етегіндегі бір кездері «Свердлов» атал­ған колхоз еді. Ал Қаратаудың күншы­ғыс беті атақты батыр Бауыржан Момыш­­ұлы туған Жуалы жері. Көкбұ­лақтықтар соғыс жылдары Бозторғай асуы арқылы Жуалыдағы бір көлден (Билік көл ғой деймін) тұз артып келетін. Ол кезде Жуалы ауданы Түлкі­бастың құрамында болған. Баукең сол жылдары аудандық әскери комис­сариатта қызмет еткен. Көкбұлақтық халық ақыны Келімбет Серғазиевтің жырлары мен дастандарын арнайы барып тыңдаған. Әсіресе, оған «Теке батыр» дастаны қатты ұнаған. Келімбет отызыншы-қырқыншы жыл­дары Жам­былмен бірге жүріп, халық ақын­дары­ның айтысына катысқан. Жамбыл орден алған соң Оңтүстікті аралағанда жолбасшылық қызметті Келекең атқарған. 1948 жылы халық ақыны атағы берілді. Жұмабек Тәшенов Оңтүстікте облыстық атқару комитетінің орынба­сары болып жүрген кезінде облыстық көлемде өтетін ірі-ірі ісшараларды, жиындарды Келімбет ақынға аштыра­тын. Бұл ауылда Күдері, Әлтай, Кәден деген ақындар, Қарабек деген күйші өткен. Ел аңызында Қарабек қалың жыныстың ортасына барып, жалғыз өзі отырып (екі көзін шарт жұмып алып) күй тартқанда, аспандағы бозторғай шырылдап келіп, домбырасының кұла­ғына келіп қонады екен. Жұрт көрінбей, жасырынып барып тыңдайды. Жиын-тойларда: «Күй тарт!» десе, «Қолым жүр­мейді» деп, ат-тонып ала қашатын болыпты. Мұндай жайды өз басым Әлімжан­ның туған інісі Әріпжаннан көрдім. (Әкесі — бізді «лагерге» айдайтын Әмір ақсақал). Ми қайнатар ыстық күнде бет-аузы терге мал­шынып (ол кезде 6-7-лер шамасындағы бала) көзін шарт жұмып алып, домбыраның шанағын сабалап отыратын. Кейін ол оңтүстіктегі әйгілі күйші болып шықты. Көп жыл бойы Жетісай қаласындағы өнер ордаларында қызмет етті. Өлең де жазатын. Бірде ол Пернебек ағасының бір тойында: Бар арманы – оқумен білім болған. Бар арманы – өнер мен ғылым болған. Қандай ғажап, тұра­тын таңқалуға, Пернекеңдей ер тұлға ұлың болған. Пейіліңді – дала дермін Қөңіліңді – бала дермін. Қаратаудың қыраны боп, Мәңгі­лікке қала бергін! Міне, осындай ақын-жыршы­сы, күйшісі мол қасиетті Көкбұлақта туған Пернекеңнің өнер қумасқа шарасы да жоқ еді. Ал қазір қазақ баспасөзінде өзін­дік қолтаң­ба қалдырып, үлкен ғалым аталған білімді де іскер, көп ізденгіш ақын, көсем сөзшебері Дархан Қыдырәлі, атақты ғалым, медицина ғылымының докторы, академик Жол­шыбек Бердімбетов, ғылым докторы Әбдіқадыр Ботбаев, заң ғылымының докторы Нәжімидден Мұхитденов, ғылым кандидаттары Әділ Ере­жепов, Серікбай Жолдасов, генерал Нұрғали Нұртаев, әнші Сәкен Қалымов, атақты суретші Батухан Байменов (қазір Көкбұлақта Нөкіс атаның он метрлік монументін жасап жатыр), Қазақстанға белгілі ұлағатты ұстаздар Сырманов Рахман, Мүсілім Әбиров, Кәдірбек Сламқұлов, Рүстем Ақынбеков, Нұрқан Қыдырәлі (оның ішінде осы жолдардың авторы да бар), т.б. осы Көкбұлақтан өсіп, ғылым мен білімге, өнерге қанат қаққандар еді. Ал олардың ішінде жасы тоқсанға жақындаса да, әлі еңбек жолын өнер ордасында жалғасты­рып жүрген Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті мен Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер акаде­миясының профес­соры Пернебек Момынов­тың орны ерекше. Ол кісінің өмір жолымен жуыр­да ғана Т.Жүргенов атындағы Өнер акаде­миясының колледжінде ұстаз­дармен, студенттермен, басқа да өнер сүйер қауыммен өткізілген кеште жақынырақ таныстым. Екі сағат уақыт­тың қалай өтіп кеткенін байқамай да қалыппыз. Шәкірттері үлкен сахнадағы экраннан ол кісінің өмір жолын баяндайтын бейне­көріністерде де, қағаз бетіне түскен сөздерінде де шегедей нықтап, бірінен соң бірі тақылдап айта жөнелгенде, біз оларға риза болдық. Пернекеңнің өмір жолының әр тарап­тарына үңіліп сайрап жатты. Алдымен кол­ледж директоры, Қазақстан Респуб­лика­сының білім беру ісінің озық қызметкері Зура Жұмах­метова П.Мо­мы­нов­тың еңбектеріне кеңінен тоқта­лып өтті: «Өнер мектептеріне бес оқулық (әр түрлі сыныптарға арналған), қазақ өнерінің проблемасына байла­нысты жазылған бірнеше талдау кітаптары, төрт томдық моно­графия­лық еңбегі, жүзден астам мақала, брошю­ролары жарық көріп, қазақ музыка өнерінің көкжиегін кеңейтті. Ал ол кісіден тәлім-тәр­бие алып, қазіргі қазақ өнерін көтеруге өз үлестерін қосып жүрген Арыс­тан­бек Мұхаме­диұлы, Мақпал Жүнісова, Бибігүл Нүсіпжа­нова, Ақбота Райымқұлова, Тол­қын Забирова, Сәкен Майғазиев, Жеңіс Сейдол­лаұлы, Шұғыла Сапарғалиева, Алтынай Жора­баева, т.б. өнер майтал­мандары – Пернебек Момы­новтың төл баласындай болып кеткен жандар». Атқарған қызметіне келер болсақ, елуінші жылдары ұстазы Ахмет Жұба­новтың ұсыны­сымен Семейдегі аты бар да, заты жоқ М.Төле­баев атындағы музы­калық колледжге директор болып бекітіледі. Жалғыз чемо­данмен келіп, не оқу ғимараты жоқ, музыка­­лық аспап­тары тапшы, 35 оқушысы (өзімен екі-ақ мұғалімі бар) пионерлер сарайының екі-ақ бөлмесіне орналасқан (бір бөлме­сі өзінің жататын орны) «өнер» ордасының халі қатты ренжітеді. Алдында Мәдениет министрі Әмір Қанапин қабылдауда: «Бір жағдай туа қалса көмек­тесеміз» деген-ді. Ол кісіге хат жол­дайды. Министр Семей обко­мына көмектесуін өтінеді. Ондағылар көмектесудің орнына «арызқой» атан­дырады. Айтқанынан қайтпай­тын Перне­кең екі-үш жылда өнер ордасы­ның жағдайын түзеп, ұстазы Ахмет Жұбанов пен Әмір Қанапиннің жылы сөздерін естиді. Кол­ледждегі студенттер саны 250-ге жетеді. Сөйтіп, «арызқой­лықтан» арылып, облыстық, респуб­ликалық баспасөз «еңбекқор» атанды­рып жібереді. Ұлы Абай мен Мұхтар елінде осылай қызмет етіп, ел алғы­сына бөле­ніп қайтады. Мәде­ниет министрлігі Алматыға шақыртып алып, қалалық музыкалық колледждін дирек­торы етіп бекітіп, 2-3 жылдан соң министр­лікке қызметке шақырады. Онда да абыройлы еңбек етіп, 1968 жылы дарынды жастар­ға арналған Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатына дирек­тор­лық­қа тағайын­далады. Онда үзбей 15 жылдай қызмет етіп, жоғарыда аталған өнер адамда­рының тұсауын осында кеседі. Қазақстанға келген шет ел делегациясы осы оқу орнына бас сұқпай кет­пейтін. Оларды қабылдау Пернебек­тің мойнында еді. Сондық­тан оны достары мен жолдастары «кіші дипло­мат» деп атайтын. Биыл еңбек өтілі 62 жылға толады екен. Бұл деген бір адамның өмірі деген сөз. Содан бері құдай қосқан қосағы (өзі жиі айтатын «бәйбішесі») Тамара Дәулетқызымен өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей көріп, екі қызы­нан тараған немере-шөберелерінің қызығына тоймай, әлі де өзінің сүйікті өнер ордасында қызмет етуде. Тамара жеңгеміз де мықты жерден. Атақты қобызшы Дәулет Мық­ты­баев­тың отбасында дүниеге келген. Оның ағасы Кенжебек Күмісбеков те елімізге белгілі сазгер. Нұрғиса Тілен­диев айтатындай: «Өзі де қазақ, күйі де қазақ». Колледждегі студент­термен кездесуде қарап отырмай, омырауын­дағы «сылдырмақтарына» көзім түсіп кетіп, санай бастадым: «Қажырлы еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысына 70 жыл» медальдары, «Ахмет Байтұрсынов атын­дағы орден», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Оқу ағарту ісінің үздігі» төсбелгілері, «Қазақстанның еңбек сіңір­­ген қайраткері»… Шәкірті Бола­това Ақниеттің ұстазына арнаған «Или­гай» әні ойымды бөліп кетіп, қалғанын санай алмай қалдым. Әйтеуір омырауы орден мен медальға толып кетіпті. Иә, омырауыңыз орден мен медальдарға бұдан да әрі толып, халқыңызға қалт­қысыз қызмет етіп, сексеннен секіріп өтіп, тоқсаннан тоқтал­май өтіп, жүзден жүзіп өтіңіз. Өйткені, өнер­мен қоса жер шарының сан алуан тауына шығып, «альпинист-инструктор» болғаны­ңызды біреу білсе, біреу білмес. Тілегімді жаңа ғана сахнада тақылдап тұрған шәкіртіңіз Ерке Елдосқызының сөзімен аяқтағанды жөн көріп отырмын: «Сіздің мектеп жасынан жеңіл атлетика, бокс, шахмат, бильярд ойнап алды­ңызға жан салмапсыз. Ал студенттік кезеңде коньки, шаңғы, альпинизммен айналыс­қа­­ныңыз, сөйтіп Тянь-Шянь таулары­ның «Ком­сомол», «Талғар», «Маяков­ский», «Абай» шыңдарын, Кавказ тауларында да екі шыңды бағындыр­ғаныңыз бүгінгі егеменді еліміздің қайбір жасына болмасын үлгі-өнеге бола­тын ұлағатты істер. Бізде өнер шыңымен қоса, сіз сияқты Алатау мен Кавказдың, Монбланның (Тибеттегі) шыңдарын игергіміз келеді». Иә, шәкір­тіңіз осылай деді. Міне, мұнын бәрі – сіздің жастарға сіңірген еңбе­гіңіздің нәтижесі. Әр ұстаз осылай болса ғой, шіркін! Сексен алты жарым жасыңыз құтты болсын!

 

Тұрсынбек Ешенқұлов,

Қазақстан халық ағарту ісінің озаты.

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *