Қырғызстанға екінші әскери база қажет пе?
Ресей оны ашумен қандай мақсатты көздейді?

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,
«Алматы ақшамының» саяси шолушысы
Жұртты алдын-ала сендіріп, көндірудің амалы ма екен? Соңғы кезде ресейлік басылымдарда Қырғызстанның оңтүстігінде тағы бір әскери базаның ашылу мүмкіндігі туралы жиі жазыла бастады. Сондай ақпараттың бірі – ақпанның басында Мәскеуден шығатын әйгілі «Взгляд» іскерлік газетінде жарияланды. Басылымның хабарлауынша, ҚР-ның РФ-дағы елшісі Аликбек Жекшенкулов: «Бішкек Қырғызстанның оңтүстігінде Ресейдің екінші әскери базасының ашылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды», – деп айтқан көрінеді. Тағы да сол Жекшенкулов ТАСС агенттігіне берген сұхбатында: «Негізінен қауіп-қатер бізге ауған жағынан төніп отыр. Сирия–Ирак жерінен ығыстырылған «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының жасақтары Ауғанстанның солтүстігіне шоғырланып жатқаны туралы мәліметтер түсуде. Олардың алдымен Тәжікстанға, кейін біздің территориямызға басып кіру қаупі артуда»,– деген.
Елшінің бұл айтқандарынан алдағы наурыз айында Бішкекте Ресей мен Қырғызстан президенттерінің кездесуінде әскери база жайы сөз болатыны байқалады. Мұндай жаңалық, яғни Мәскеудің әскери бағыттағы кезекті ықтимал қадам-қаракеті Орталық Азияны маңызды стратегиялық аймақ санайтын АҚШ пен Батысты бей-жай қалдыра алмайды. Өйткені, олар онсыз да қырғыздың Кант қаласында Ресейдің қуатты авиабазасы орналасқанын үнемі еске салып, ескеріп отырады.
Расында да Қырғызстанның Шу облысына қарасты Кант қаласына жақын маңында Ресейдің шабуылдаушы Су-25 ұшақтары және Ми-8 тікұшақтарымен жабдықталған 999-әскери авиабазасы бар екенінен көпшілік хабардар. Авиабазада 250 офицерлер мен прапорщиктер, 150 солдат қызмет етеді. Мамандардың айтуларынша, екінші деңгейдегі Кант аэродромы Ан-22, Ил-76,Ту-154, Як-42, Ан-125 пен басқа да жеңіл ұшақтарды, сондай-ақ, тікұшақтардың барлық түрлерін қабылдай алады.
Кант авиабазасының негізі сонау 1941 жылы соғыс басталған кезде Одессадағы ұшқыштар даярлайтын әскери авиациялық мектепті көшіру арқылы қаланған. Ол 1947 жылы Фрунзе әскери-авиациялық ұшқыштар училищесіне айналды. 1957–1992 ж.ж. аралығында мұнда мыңдаған ұшқыштар мен штурмандар, авиатехниктер, жүздеген радист-атқыштар даярланып шығарылды. 1995 жылдан Бішкек әскери авиациялық ұшу-техникалық училищесі болып аталды. 2000 жылы авиациялық атауы өзгертіліп, 2009 жылы ҚР Қарулы күштері Әскери институтының филиалы ретінде Ош қаласына көшірілді.
2003 жылдың қыркүйегінде РФ мен ҚР арасында ОДКБ (Ұжымдық келісім-шарт ұйымының) шұғыл әрекет ету ұжымдық күштерінің шеңберінде Кант базасында авиациялық бөлімді орналастыру жөнінде 15 жылға келісім-шарт жасалынып, ресейлік әскери авиабаза 23 қазанда ресми түрде іске қосылды.
2009 жылы екі елдің президенттері осы авиабазада ресейлік әскери құрылымдар мен жауынгерлік контингенттің болуын реттейтін екіжақты келісім-шарттың құқықтық базасын дамыту мен жетілдіру туралы меморандумға қол қойды. Осының негізінде Қырғызстанда батальон көлемінде ресейлік қосымша әскери құраманың орналасуы және Кант авиабазасында ресейлік және қырғыз әскери қызметшілерін даярлайтын оқу орталығын ашу жөнінде келісім жасалды.
Кейбір БАҚ құралдарының мәліметінше, 2005 жылы Қырғызстанда төңкеріс болып, жағдай күрделенген тұста орыс ұлтының өкілдерін шұғыл көшіріп әкету үшін Кант авиабазасында алты Ил-76 әскери-көліктік ұшақтары, бір-бірден Ан-24 пен Ил-18 ұшақтары және екі Ми-8 тікұшағы ертеулі тұрған.
2012 жылдың ақпанында Қырғызстанның сол тұстағы президенті Алмазбек Атамбаев «Кант» пен «Манас» әскери авиабазаларының жабылуы мүмкін екендігін айтып қалды.
Арада төрт жыл өткенде, яғни 2016 жылдың 1 ақпанында президент А.Атамбаев келісім-шарт мерзімі аяқталған кезде ресейлік авиабазаның жабылатындығы жайында шешім қабылдағанын жария етті.
Қырғыз басшысының базаға қатысты құлықсыздау көзқарас-ниетін аңғарған Ресей президенті Владимир Путин 2017 жылғы 28 ақпанда онымен кездескен кезде: «Егер де Қырғызстанның қарулы күштері өздеріне сенімді болса, мұндай база керек емес десе, ресейлік әскерилер сол күні-ақ кетуге даяр. Біз мұнда әскери құрама ұстауға аса мүдделі емеспіз. Ондай әскердің болуы Қырғызстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты туындаған»,– дегенді айтып, өздерінің ұстанымын аңғартқандай болды.
Әйтсе де, бұл әңгіме сол күйінде қалып, Ресейдің Канттағы әскери базасы әлі күнге қызметін жалғастыруда.
Кант авиабазасына қоса, Бішкектен 23 шақырым қашықтықтағы «Манас» халықаралық әуежайын 2001–2009 ж.ж. антитеррористік коалиция елдері, кейіннен 2009–2014 ж.ж. аралығында АҚШ әскери-әуе күштерінің Ауғанстанға әскери жүктерді тасымалдайтын транзиттік авиабаза ретінде пайдаланғаны жұртшылыққа мәлім. База 2014 жылдан Қырғызстан ұлттық гвардиясының иелігіне өтті.
«Манас» аэропортын әскери мақсатта пайдаланғандары үшін каолиция елдері Қырғызстанға жылына 2 млн. доллар, Вашингтон 60 млн. доллар арендалық төлем төлеп тұрды. АҚШ тағы да Бішкек әуежайын дамытуға қосымша 110 млн. доллар көмек берді. Сондай-ақ, Құрама Штаттардың Конгресі 2007 жылы бір реттік 150 млн. доллар көлемінде қаржы бөлді.
Сөз жоқ, мұның бәрі АҚШ-тың Қырғызстанды өзіне қаратып, Ресейдің ықпалынан шығарудың амалы-тын. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.
Дейтұрғанмен, Қырғызстанда Ресейдің екінші әскери базасын ашу жайы кейінгі он жылдың көлемінде қозғалып келеді. Дәлірек айтсақ, 2009 жылдың жазында «Манас» аэродромын АҚШ-тың пайдалануы жөнінде келісім-шартқа қол қойылғанда, ресейлік екінші базаны ашу мәселесі шұғыл күн тәртібіне қойылып, қызу талқыланды. Ол кезде бұл жөнінде екіұдай көзқарас көрініс берді. Біреулер – оны ОДКБ шеңберіндегі Ұжымдық шұғыл әрекет ету күштерінің базасы ретінде ашылады десе, екінші біреулер жоқ, ол тікелей Ресейдің өзінің әскери базасы болады десті.
Мәскеудің мұндай әрекетін сол уақытта американдық сарапшы Дональд Дженсен: «Американдықтардың Қырғызстанда қалуы Ресейдің ішіне шоқ түсіріп отыр. Сондықтан Кремль өңірдегі өзінің ықпалын күшейту үшін екінші әскери база ашуға жанталасуда»,– деп бағалады.
Осы сияқты, аты-жөнін атамауды өтінген өзбекстандық бір саяси талдаушы: «Аймақта АҚШ пен Ресейдің барлық салада, тіпті әскери бағытта да жанталаса бәсекелесіп жатқаны анық. Экономикалық саладағы бәсекелестік құптарлық жәйт. Ал әскер саладағы бәсекелестіктің түбі жақсылыққа апармайды», – деді.
Ресей тарапының Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында екінші әскери базасын ашу әрекетіне Өзбекстан президенті Ислам Каримов: «ондай базаны ашудың қажеттілігі мен зәрулігі жоқ»,– деп үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Бұл орайда Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі: «Орталық Азияның Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты үш мемлекетінің шекаралары түйісіп жатқан күрделі өңірде ондай жобаны жүзеге асыру жаппай қарулануға, түрлі ұлттық қайшылықтардың бой көрсетіп, көптеген радикалдық экстремистік күштердің бас көтеруіне ықпал етіп, аймақтағы ахуалды ушықтыруы ықтимал»,– деген мәлімдеме жасады.
Өзбекстан билігінің әскери-қорғаныс мәселесіндегі мұндай батыл ұстанымы талай саясаттанушылар мен сарапшыларды елең еткізіп, таңқалдырды.
Тек әскери салада емес, жалпы сыртқы саясатта өзінің тәуелсіз көзқарасы мен саясаты бар екенін аңғартқандай, Өзбекстан 2008 жылы (өзінен басқа құрамында Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан болған) Еуразиялық экономикалық қауымдастықтағы мүшелігін тоқтатып, 2009 жылы ОДКБ құрамынан шығып кетті.
Егер де мәселенің орайына қарай, әлдекімдер тарапынан: «онсыз да күрделеніп тұрған алмағайып кезеңде Қырғызстанның оңтүстігінде тағы бір әскери база ашудың қандай қажеттілігі бар?» деген сауал қойылатын болса, оған Мәскеудің: «Еуразиялық экономикалық одақ және ОДКБ бойынша одақтас саналатын Қырғызстанның әскери-қорғаныстық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тынышсыз Ауғанстаннан төнетін исламшылдық қауіп-қатерді болдырмау, әрі толассыз ағып жатқан есірткі тасымалының жолын жабу мақсатында ашылмақ» деп түсінік беретіні хақ.
Ал шындығында, мұның ар жағында Ресейдің Орталық Азиядағы бұрынғы посткеңестік республикалардағы ықпалын әлсіретпеу, оларды уысынан шығармау пиғылы жатқаны бесенеден белгілі. Сондықтан да Ресей Орталық Азиядағы бес республика: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстанмен тығыз қарым-қатынас жасау өзінің сыртқы саясаттағы маңызды стратегиялық басым бағыты екенін жасырмайды.
Осындайда ХХ ғасырдың басында ағылшынның әйгілі саясаттанушысы Хэлфорд Маккиндердің: «Орталық Азияны билеген Еуразияны билейді, Еуразияны билеген әлемді билейді» деп көрегендікпен айтқан пікірі еске түседі.
Орталық Азияның географиялық орналасуы, қойнауындағы табиғи ресурстары Ресейді ғана емес, сонау мұхиттың ар жағында жатқан алпауыт Американы да, қиыр шығыстағы Жапонияны да, іргедегі Қытайды да қызықтырады. Бірі өктем күш-қуатымен, екіншісі озық технологиясымен, ал үшіншісі экономикалық-қаражаттық мүмкіндігімен өзіне қаратып алуды көксейді (Бұл жайында «Алматы ақшамында», 02.12.2015 ж. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» (Синдзо Абэ мен Джон Керри Орталық Азияға қандай мақсатпен келді?) деген мақала жарияланған). Сонда айтылғанындай, 2015 жылдың күзінде Жапония премьері Синдзо Абэ мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің Орталық Азия республикаларын аралап, саяси-экономикалық қарым-қатынастың мүмкіндіктерін қарастырып қайтқандар тектен-тек емес болатын.
Сол кезде бұл орайда бірқатар саясатанушылар мен сарапшылар: «Жапония Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық қарым-қатынасты жақсартып, кейін кезде қарқын алып келе жатқан Қытайдың экономикалық экспанциясын тежеп, бұрынан қалыптасқан Ресейдің ықпалын әлсіретпек. Және де қазіргідей қаржы-экономикалық дағдарыс жағдайында табиғи ресурстарға бай Орталық Азия мемлекеттерімен септесе жұмыс істеп, пайда табу, өзінің ядролық энергетикаға тәуелділігін азайтып, энергетикалық, шикізаттық қауіпсіздігін қамтамасыз етпек» деген болса, ал АҚШ-қа қатысты: «Ақ үй де Мәскеу мен Пекин факторын ескере отырып, Батыс пен Шығысты жалғап тұрған, оңтүстігінде мазасыз Ауғанстан жатқан Орта Азия өңірін өзінің геосаяси мақсатына пайдаланбақ» деген болжамдар жасаған еді.
Ресейлік «Независимая газета» басылымының саяси шолушысы Виктория Панфилованың жазуынша, осы екі-үш күндікте В.Путиннің наурыздың аяғына жоспарланған Қырғызстанға сапарын даярлау үшін Бішкекке РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров келген. Ол Қырғыз–Ресей славян университетінің студенттерімен болған кездесуде екінші әскери база жайында қойылған сұраққа: «Мәскеу мұндай мәселені Бішкекпен ақылдасып шешуге әзір. Бірақ та бұл біздің тарапымыздан болып отырған ұсыныс-бастама емес. Алайда, біз қырғыз әріптестерімізбен қауіпсіздік бағытында туып отырған қиындықтарды бірлесіп шешуге әркез дайынбыз»,– деп жауап берген. Осыған қарағанда, ресейлік екінші әскери базаның ашылу жайы наурызда болатын Путин-Жээнбеков саммитінде күн тәртібіне қойылып, талқыланатыны рас тәрізді.
Қазірдің өзінде қырғыз қоғамында бұл тақырыпқа қатысты көзқарастар әр түрлі. Мәселен, әскери маман сарапшы, полковник Тоқтоғұл Какчекеев: «біз толыққанды одақтас және ОДКБ құрамына кіретін болғандықтан, оның жарғысына сәйкес территориямыз берік қорғалуы тиіс. Егер де Қырғызстанда РФ-ның екінші әскери базасы ашылатын болса, Тәжікстан–Қырғызстан шекараларындағы қорғаныс жүйесі сенімді түрде қорғалады, экстремистер бұдан сескенетін болады. Сайып келгенде, өрт тұтанбай жатып, сөндіріледі»,– дейді.
Бұған қоса Какчекеев: «Ресейдің Қырғызстанның оңтүстігінде әскери база ашу әрекетіне Вашингтон бейтарап қарай алмайды. Жақында бұл елдің Қырғызстандағы елшілігіне басшылыққа Дональд Лу дейтін тәжірибелі дипломат тағайындалды. Лу 2003–2006 ж.ж. осында елшінің орынбасары болып қызмет атқарған. Біздегі НПО (Үкіметтік емес ұйымдарды), олармен қалай жұмыс істеуді, билік басындағы Құрама Штаттармен қарым-қатынасты нығайтуды жақтайтын адамдарды жақсы біледі. Сондықтан болса керек, президент Жээнбеков АҚШ-пен жаңа келісім-шарттар жасалуы мүмкін екенін айта бастады», – деп тағы бір ойдың ұшығын шығарып қойды.
Ал саясаттанушы Марс Сариев: «қырғыз жерінде Ресейдің екінші әскери базасын ашудың қажеттілігі аз. Өйткені, ОДКБ аясында жүргізіліп жатқан көптеген әскер жаттығулар экстремистердің шабуылына лайықты тойтарыс берілетінін айғақтайды. Меніңше, Орталық Азияға сырттан төнер қауіп жоқтың қасы», – дей отырып, керісінше Қырғызстандағы ішкі қайшылықтарға, элиталық топтардың текетіресіне, экономикалық ахуалдың оңалмай отырғанына алаңдаушылық білдірді.
Дегенмен, өз жерінде Ресейдің екінші әскери базасын ашуға ықылас танытып отырған болса, қырғыз билігінің көкейінде қандай да бір ішкі есеп, дәлірек айтқанда, саяси-экономикалық мақсат-мүдде жатқаны даусыз.
Бұл ретте кейбір сарапшылар Ресей Ошта әскери база ашатын болса, сол өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға күш салады, Қырғызстанға көбірек инвестиция құйылады, екі жақты сауда-саттық бұрынғыдан да қарқынды дегендей болжам айтады.
Жоғарыда айтқанымыздай, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Орталық Азия елдеріне сапарын Бішкектен бастап, Душанбеде жалғастырып, Ашхабадта аяқтады. Оның жәй қыдырыстап емес, саяси дипломатиялық мақсатта бұл елдердің тамырын басып қайтқаны кім-кімге де түсінікті.
Мәселенің түйінін шешуді уақыттың еншісіне қалдырайық.