Әуезов әулие екен

Қонаев туралы көп әңгіменің бірі ол кісінің тазалығына келіп тоғысады. Егер көңіл жүйріктігіне салсақ, мен бұның көп себебінің бірін оның өнер, әдебиетке құмарлығынан, сол сала адамдарымен арадағы тығыз байланысынан іздеймін. Димекеңнің кезіндегі елмен арадағы байланыста «алтын көпір» болғандар ақын-жазушылар деседі. Ол кісімен Мұхаңдар, Ғабеңдер, Сәбеңдер,  Шәкеңдер тікелей телефон арқылы сөйлесе беретін болған. Әсіресе, оның Шәкеңмен достығы бір кітапқа арқау боларлықтай. Қандай жағдайда алдына барған адам шаруасын бітіріп шығатын көрінеді. «Алды кең еді» делінеді күні бүгінгі көп әңгіменің бірінде. Бәлкім, тұлға мен тұлғалар арасындағы қарым-қатынастың дәстүрге айналуы Қонаевтың азаматтық, адамгершілік болмысының қалыптасуына зор ықпалы болған шығар. Ұдайы болатын рухани ұшырасу кісіні бекзаттық биігіне көтеретіні сөзсіз.

Қали СӘРСЕНБАЙ

Елін емірене сүйіп еңбек еткен Тұлға — қашан да ел есінен шықпаса керек. Тұлғасын танып, қадірін білген елдің таңы ағарып атады, күні қызарып батады.

Орыстың бір басылымында Қонаевты «қазақтың Черчиллі» деді. Қазақтың өз ішіндегі теңеуге салса бұдан да асырып жіберер еді. Қонаев дүниеге қазақ болып келді, қазақ болып танылды. Қонаев атымен бірге қазақ аты бір ұғымға айналып кетті заманында. Ең бастысы, ширек ғасырдан астам ел басқарған адамның атына қызметтен кеткеннен кейін де кейбір басылымдар беттерінде «бостекі» сөздер айтылғанымен, ол қоғамдық пікірге айналмады, дүниені бәле-жала торлап тұрған уақытта қазақ тез оянды.

Рас, құдіреттей көрінген Кеңес Одағы күйреген кезде сол уақта басшылықта болғандар төңірегінде алуан түрлі әңгімелер айтылды. Қонаев секілді тұлғаларын артына ит қосып қаралап жатқан елдер де болды, Қонаевқа да тас атқысы келгендер болмай қалған жоқ, әрине.

Ол — өз заманының перзенті. Заман­ның күйін күйлеген, биін билеген шығар, бірақ ұлт мүддесіне келгенде қолынан келгенін аянып қалмағаны тағы да белгілі. Брежнев­пен «достығын» тек қана қазақтың мүдде­сіне пайдаланған бір қазақ болса, осы кісінің өзі шығар.

Айттық қой, кейбіреулер жоқ жерден сенсация іздеп, Қонаевқа топырақ шаша бастаған тұста оның тұлғасы одан сайын биіктеп бара жатты. Таза тұлға туралы қандай сөз айтылса да оны тек биіктетуге ғана қызмет етеді. Ал партияның көп шенеунігі жөніндегі әңгіме бөлек, әрине.

Өмір өзгерген сайын тұлға туралы көзқарастың да өзгеріп, толығып отыруы заңдылық. Бірақ Қонаев секілді азаматтар туралы көзқарас көп өзгеріске ұшыра­майды. Бізде заманына қарай тұлғасына да бір жақты баға беру секілді жаман дағды болған. Қазір бұл дағдымыздан арыла бастадық. Тұман ішінен тұлғасын ажы­ратып алатын жағдайға жеттік. Оның шенеунік емес, адам, азамат ретіндегі бейнесіне терең бойлау қажеттілігінің уақыт өткен сайын өткір сезілетіңдігін, өкінішке қарай, кеш түсінетініміз және бар.

Қонаев туралы көп әңгіменің бірі ол кісінің тазалығына келіп тоғысады. Егер көңіл жүйріктігіне салсақ, мен бұның көп себебінің бірін оның өнер, әдебиетке құмарлығынан, сол сала адамдарымен арадағы тығыз байланысынан іздеймін. Димекеңнің кезіндегі елмен арадағы байланыста «алтын көпір» болғандар ақын-жазушылар деседі. Ол кісімен Мұхаңдар, Ғабеңдер, Сәбеңдер,  Шәкеңдер тікелей телефон арқылы сөйлесе беретін болған. Әсіресе, оның Шәкеңмен достығы бір кітапқа арқау боларлықтай. Қандай жағдайда алдына барған адам шаруасын бітіріп шығатын көрінеді. «Алды кең еді» делінеді күні бүгінгі көп әңгіменің бірінде. Бәлкім, тұлға мен тұлғалар арасындағы қарым-қатынастың дәстүрге айналуы Қонаевтың азаматтық, адамгершілік болмысының қалыптасуына зор ықпалы болған шығар. Ұдайы болатын рухани ұшырасу кісіні бекзаттық биігіне көтеретіні сөзсіз.

Бір деректерде Қонаев 42 қала салдыр­ды десе, енді бір деректе ол 47 делінеді. Мейлі ғой, әйтеуір, аз емес. Бірақ сол қалалардың біріне келешекте Қонаев аты беріледі деген сенім біртүрлі күшті. Біз әзірге тілі қазақша шыққан қаланы көргеніміз жоқ. Бәлкім, сол қаланың тілі қазақша болар.

Әрине, тұлға жөніндегі көзқарастың өзгеріп отыруы заңды құбылыс дедік. Дейтұрғанмен де, осы кезге дейін Қонаев жөнінде жөнсіз әңгімелердің аса айтыла бермеуі көңілдегі күдікті біршама сейілтеді.

Бір мысалға тоқталайық. Ол заманда да пара алу болды. Дейтұрғанмен, адам­дарда тойым, қанағат деген бар еді. Қазір­гідей жемқорлықпен күреске бастайтыңдай деңгейге жеткен жоқ. Көп коммунистер үшін партиядан кету деген сөз — адам­дықтан кету дегенмен бара-бар еді. Бірақ Қонаевтың ар-ұжданы, адамгершілігі партбилетпен өлшенбеді. Оның кішілігі мен кісілігі партбилеттен биік тұрды.

Егер Қонаев ішіп-жеп қойған болса, жәй күннің өзі буырқанып жататын мына залым заманда кімнің аузына қақпақ болар едіңіз. Ол құдіреті жетіп тұрса да зәулім сарай салмапты, шетжұрттан есепшот ашпапты, тіпті көлігі де болмапты, өмірбақи тапқан-таянғанын балалар үйіне аударыпты. Осы бір аңыздан гөрі ақиқатқа біртабан жақын әңгімелер, ол өмірден өткен соң да жиі айтылатын болды.

Әлгінде тазалық, бекзаттық туралы айттық. Сол тазалықты 1956 жылы Мұхтар Әуезов былай байқапты.

«Мен бір жақсы адамдармен жекжат болған екенмін. Олай дейтінім, Димаштың туысқандарының бәрі еңбек етеді, өз күнін өздері көреді. Шетінен еңбекқор, Димашқа біреуі де салмақ салмайды. Біздің қазақ­тың жаман әдеті — біреу әкім болса, «саған бақ қонды, енді бізді бағасың» деп мойнына отырып алады. Ал менің құдаларымда ондай әдет жоқ. Жақсы адамдармен туысқан болдым деген себебім осы. Сосын Димаш бұйырса исі қазақтың ортақ ұлы болғалы тұр. Тіл-көзден сақтасын».

Шынында Қонаев «исі қазақтың ортақ ұлы» болды ғой. Тұлғаны тай кезінен тану деген осы. Әуезов әулие екен.

P.S.Бұрнағы күні Алматыдағы Қонаев ескерткішінің алдында тұлғаны өмірден қайтқан күніне орай қала жұртшылығы еске алып, тағзым етті. Бір өзі бір дәуірге айналған оның басқаны былай қойғанда, Алматы үшін сіңірген еңбегі орасан зор болды. Еске алу барысында ғибратты естеліктер айтылды. Димекең жөнінде бір кітап өлең жазған атақты ақын Рафаэль Ниязбеков «Димаш ғасыр» атты өлеңдер топтамасын оқыды. Бұдан кейін Қонаев мұражай-үйінде мемлекет қайраткерінің өмірі туралы деректі фильм көрсетілді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *