Туризмді дамытудың 100 қадамы

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек  мегаполистің жетекші туроператорларының қатысуымен кеңейтілген кеңес өткізді

Алқалы жиында «Туризмді да­мытудың 100 қадамы» қалалық бағдарламасын жүзеге асыру бойын­ша ауқымды да келелі мәсе­лелер қаралды. Соңғы  үш жылда шетелдік туристер саны 14 пайызға өсті. Алматыға биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ғана  Оңтүстік Корея­дан, Үндістан мен Ресейден, ҚХР-нан, Түркиядан, АҚШ пен ГФР-дан 130 мыңнан астам адам келген.  Туристік лектің  80 пайызға жуығы алдағы   тоқсандарда келеді деп күтілуде.

Қала әкімінің орынбасары Әсел Жүнісова өзінің сөзінде халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің, Бүкіләлемдік Универсиаданың, ОЭСР Еуразиялық апталығының, сонымен қатар «Star of Asіa», «Spіrіt of Tengrі»,  «Ұлы дала ойын­дары», «Алматы Марафон» және «Tour of Almaty» сынды  музыкалық, спорттық шаралардың өтуі туристер легіне оң ықпал еткенін  атап өтті.

Бүгінгі күні қала экономикасының 87%-ын қызмет көрсету саласы құрайды, алайда Алматының  жалпы өңірлік табысында туризмнің үлесі небәрі 1,5%. Мегаполистің туристік әлеуетін арттыру мақсатында Алматы агломерациясының тау туризмі бойынша шеберлік  жоспары жасалды, оның құрамына Медеу, Шым­бұлак, Алматау және Бутаковка енді. Биыл­ғы жылы әлемдік деңгейдегі Kempіnskі және Novotel отел­дерінің, түрлі бутик-отельдер мен хостелдердің құры­лыстарын аяқтау жоспарланған. Жыл аяғына дейін  14 халық­аралық агенттіктер үшін БҰҰ-ның өңірлік  ХАБ-ы  ашылады. Париждің, Стамбұлдың, Бангкоктың тәжірибесі  мұндай шараның шетелдік туристер легін ұлғайтатынын, халықаралық деңгейде қаланың танымдылы­ғын арттыра­тынын көрсетті, – деді Әсел Жүнісова.

Ол сонымен қатар, қазіргі кезде турис­тердің көпшілігі өз беттерінше сапарға шығатынын, арнайы веб-тұғырлар арқылы демалыстарын жоспарлайтынын айтты. Жыл сайын  Алматыға деген қызығу­шылық арта түскенін, оны дестинация арқылы әлемдік TrіpAdvіsor тұғырнамасы­нан көруге болатынын, онда қалаға қатысты сұраныс 465 тен 66 824 өтінімге өскенін, бұл тұғырнаманы көбінесе АҚШ-тың, Ресейдің, Ұлыбритания мен Үндістан­ның, Германияның азаматтары пайдалана­тынын тілге тиек етті.

Өз кезегінде  мегаполис  әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев Алматының басты туристік «қақпасы» ретінде көлік тораптарының  модернизацияланып жатқа­нын хабарлап, келесі айдан бастап барлық қалааралық және халықаралық рейстердің  «Сайран» автовокзалы арқылы іске асатынын жеткізді. Қазіргі кезде ғимарат қайта жасалуда, оның айналасы абаттан­дырылып, көлік-логистикалық инфра­құрылым модернизациялануда.

«Барлық заңсыз конструкциялар алынып тасталды. Ғимараттың кіреберіс бөлігін қайта жасау  жоспарланған, сонымен қатар такси тұрақтары мен халықаралық қатынас аймағы кеңейеді.  Нысан  ішінде локальді туристік орталық ұйымдастыру қарасты­рылуда, оған жақын және алыс шет  елдермен жұмыс жасайтын қалалық туроператорлар  орналасатын болады. Автовокзал ғимараты­ның ішінде қоғамдық тамақтандыру  нүкте­лерін ашу үшін халықаралық брендтермен келіссөз­дер жүруде», – деп баяндады Мұрат Дәрібаев.

Бүгінде  «Қазақстан темір жолымен» бірге   «Алматы-1» және «Алматы-2» темір­жол вокзалдарын қайта жасау жұмыстары жүріп жатқанын да айта кету керек. 200 автомобильді қысқа прокатка беру сервисін ашу жоспарланған. Егер өткен жылы Алматыда қоғамдық көліктің 479 бірлігі алынса, биылғы жылы тағы да 569  жаңа автобус қатарға қосылады.

Кеңес барысында оған қатысушылар пәтерлерін қысқа мерзімді жалға беретін кәсіпкерлердің жұмысын реттеуге баса назар аударды: «Қазіргі кезде магистральды көшелердің бойында тұрған адамдар пәтерлерін тәулік бойына ұсынады. Олар­дың жұмысы  көлеңкелі, салық төлемейді. Пәтерлерін жалға ұсынған­дықтан, мүмкін оларды заңдастырған жөн шығар. Бірыңғай нүкте ұйымдастырып, оларға жағдай жасау қажет болар. Жұмыстарын жасасын, бірақ ресми түрде». Талап осындай.

Ендігі жерде туристерді тасымалдайтын туристік компаниялар автобустарының сертификаттары қаралатын болады. Бұл шара қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасын арттырады.

Кездесу барысында  қазақстандық туристік ассоциация  директоры Рашида Шайкенова Іле-Алатау саябағында турис­тердің суретке және видеоға түскендері үшін ақша төлеудің қаншалықты заңды екені туралы мәселе көтерді. Жиынға қатысып отырған Іле-Алатау паркінің бас директоры  Дамир Малгелдиев тек коммер­циялық түсірілімдерге ғана ақша төленетіні туралы жауап берді. Егер инспектор  келушілерден ақша талап ететін болса, шара қолдану үшін әкімшілікке жүгіну керектігін айтты. Ол өзінің  сөзінде Іле- Алатау паркін одан  әрі дамыту туралы дирекцияның арнайы тұжырымдама жасаға­нын, бұл құжатты Алматы қаласы Қоғамдық Кеңесі мүшелерінің жіті қарап шығатынын атап өтті.

«Ақшам-ақпарат» бұған дейін хабарла­ғандай, қала кеңістігі жайлылығын қалып­тастыру мақсатында Алматыда биылғы жазда 150-ден астам көше жөнделеді, 30  шақырым тротуарлар жасалады, 600 аула көріктендіріледі. Барлық жерасты  өтпелі жолдар күрделі жөнделеді, жаңа субұрқақтар салынады. Бұрын қайта жасалған Панфи­лов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Байсеиітова, Төлебаев көшелері мен «Аста­на» алаңынан өзге  мегаполистің бірқатар негізгі даңғылдары түгелдей жаңарады.

 

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *