ЦИРК ӨНЕРІНІҢ ЖҰЛДЫЗДАРЫ ЖАРҚЫРАДЫ

Астаналық цирк алматылықтарға  «Азия жаңғырығы» XІ халықаралық цирк өнері фестивалінің лауреаттары мен жүлдегерлерінің жарқын қойылымын тарту етті. Қазақ мемлекеттік циркінде өткен мерекелік бағдарлама Астананың 20 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Екі сағатқа жалғасқан бағдарламада Никарагуа, Ресей, Белоруссия, Украина, Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғыз­стан­ның танымал цирк әртістері өнер көрсетіп, жоғары кәсіби деңгейде сахналанған қызықты қойылымдарымен көрермен­дерге қуаныш сыйлады. Қойылымның қызықты өтуіне атсалысып, бойындағы бар өнерін салған цирк әртістері алматы­лық көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әр түрлі жанрдағы қойылымдар балаларды да, ата-аналарды да бір сәтке де зеріктірмеді. Әсіресе, қойылымның қызығына батқан балақайлар орында­ры­нан тапжылмастан, қол шапалақтап оты­рып қызыға тамашалады. 

Балнұр АХМЕТ

Айта кетерлігі, биыл Елордамызда дүркіреп өткен «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі Астана қаласының 20 жылдығы мен қазіргі заманғы цирктің құрылуының 250 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Цирк өнерінің әлемге әйгілі әртістері қатысқан бұл мәдени мереке цирк өнерінің ең үздік әлемдік жетістіктерін жұртшылыққа паш ету, сақтау және дамыту мақсатында өткізіледі.

«Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалінің лауреаттары мен жүлдегерлерінің өнерін тамашалаған алматылық кішкентай көрермендердің қойылымнан алған әсері мен қуанышы ерекше болды. Балдай тәтті бүлдір­шіндер сахнадағы әрістердің өнерін, жан-жануарлардың қимыл-қозғалысын қызыға тамашалап, қошеметтеп отырды. Әсіресе, сахнаға көңілді сайқымазақтар шыққан сайын балдырғандар күміс күлкіге кенелді.  «Фаербёрд продакшн» компаниясының президенті Петр Дубинскийдің (АҚШ) Арнайы жүлдесі­нің иегерлері – «Аверюшкины» клоун­дық дуэті (Ресей) қызықты қойылы­мының бірінде сиқыршыларға, бірде музыканттарға, енді бірде түйеқұстарға айналып, цирктің ішкі алаңын сүйкімді балақайлардың сыңғырлаған күлкісіне толтырды. Украиналық танымал жонглер Владислав Морандель әсерлі әуеннің ырғағымен әр түрлі қимыл-қозғалыстарда доптармен жонглерлық жасап, үздіксіз еңбектің арқасында қол жеткізген өзінің қабілетін өнерсүйер қауымға паш етті.

Қазақ мемлекеттік циркінің жарқын жұлдызы, қола жүлдесінің иегері белбеу­дегі әуе гимнасты Анастасия Демидова биіктікте құстай қалықтап, адам өмірде асқақ армандарға қанат қағу қажет екендігін өнер тілінде өте әдемі жеткізе білді. Монте-Карлодағы Халықаралық цирк фестивалінің вице-президенті Урс Пилстың Монте Карлодағы «Новое поколение»  Халықаралық цирк фести­валіне шақырту алған әуе гимнасты өзінің талабымен тамсандыра отырып, кішкентай көрермендерді қиындықтар­дан қорықпай, өмірде биік шыңдарды бағындыруға қанаттандырып, құлшын­дырды. Алтын жүлдегерлер – Астана­лық цирк өнерпаздарының «Әткен­шектер» нөмірі де балдырғандарды өмір­де биік белестерді бағындыруға баулы­ды, көздеген ұлы мұраттарға қол жеткі­зуге ұмтылдырды. Кирилл Стол­бов­скихтың басшылығымен қойылған цирктік нөмірде өнерпаздар биікке ұш­қан әткеншектерден кезектесіп секіріп түскен трюктерімен таңғалдырды.

Фестивальдың Қола жүлдегері – «Сигвейдегі эквилибр» нөмірін орын­даған Ёка Конурбаева және Назерке Мерекеқызы көрерменнің көз алдында рекордтық трюктер жасады. Астаналық цирк өнерпаздары бұл қойылымды Ержан Қоңырбаевтың басшылығымен жұртшылық назарына ұсынды. Үлкен кәсіби шеберлікті, ептілікті, жауап­кершілікті талап ететін бұл қойылым­дағы қыз сахнадағы серіктесінің үстіне шығып, басына басын қойып, әр түрлі акробатикалық қимылдар жасаса, енді бірде әріптесінің басында тік тұрып доп ойнады. Көрермен демін ішіне тартып тамашалаған қойылымның келесі бір сәтінде оның басына мініп, балет бишісі тәрізді цирктің ішкі алаңын айналып жүрді. Айта кетерлігі, қойылымды сахна­лаудағы қиындықтардан қаймық­паған қос ару – Ёка Конурбаева мен Назерке Мерекеқызы Монте-Карлодағы Халықаралық цирк фестивалінің вице-президенті Урс Пилстан және «Латина» Халықаралық цирк фестивалінің Президенті Фабио Монтикодан Арнайы жүлделерге ие болып, шақыртулар алған.

Фестивальдің Гран-При иегерлері – Астаналық цирктің «Барыс» атты-акробатикалық ансамблінің шебер шабандоз жігіттерінің өнерін балалар ерекше ықыласпен тамашалады. Аттың құлағында ойнаған шабандоз жігіттер кішкентай көрермендердің көңілінде жылқыларға, жан-жануарларға деген қызығушылығын оятып, шеберлігімен көрермендердің қошеметіне бөленді.

Никарагуадан қонаққа келген цирк әртістерінің қойылымы сиқырға, құпия­ға толы болды. Саха Республика­сының Марфа және Сергей Расторгуев­тар атын­дағы Мемлекеттік циркі дирек­торының Арнайы жүлдесі иегерлерінің «Магия және иллюзия» атты цирктік нөмірі Филип ван Дайктың жетекшілі­гімен сахналанды. Аузынан от шығарып өнер көрсеткен әртістің бұл қойылы­мына үйретілген иттер мен жолбарыс та қатысты. Қазақ мемлекеттік циркіндегі әсем әуенмен әрленген бұл қызықты қо­йылымды алматылық өнерсүйер қауым 19 тамызға дейін тамашалай алады.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close