Өтеді уақыт зымырап (эссе)

1810Екі мыңыншы жылдың қоңыр күзі. Баққожа ағамен бірге ұзақ сапарға шықтық. Бағытымыз – оңтүстіктегі облыстар, мақсатымыз – «Парасат» журналының оқырмандарымен жүздесу. Рөлде – Бәкеңнің інісі Жеңіс отыр.

Алматыдан алыстаған сайын қоңыр күздің реңі өзгеріп, алдымыздағы кең, жазық дала бірте-бірте сарғыш түске ене бастады. Дәл жаздағыдай болма­ғанымен, күннің қызуы молайып, жеңіл мәшиненің ішінде отырған біздер қалғып-мүлгіп, маужырап келеміз. Кенет Бәкең даусын баяу созып, күзгі даланың сыршыл әуеніндей сағынышқа, нәзік мұңға толы бір әнге басты…

Сен едің ертеменен-ау, қозы ағытқан,

Мен едім боз жорғамен орағытқан, еркем-ай…

Әуелде алыстан үзіліп-үзіліп жетіп, тау жақ беттен ескен қоңыр самалмен бірге шалқығандай көрінген әуеннің сөзін енді-енді құлағымыз анық шалып, көзімізді аштық…

Таң елең-алаңда оянып, қаз-қатар желідегі қозы­ларды ағытып жүрген мұңлық қыз, әлдеқайдан боз жорғасын ойнақтатып шыға келген сері жігіттің елесі пайда болады қиялымызда. Сонау бір есте жоқ ескі заманалардан бермен қарай жүректен-жүрекке жетіп, тыңдаушы көңілін толқытып келе жатқан қандай ғажап ән еді десеңізші. Қол созымдай жерде тұрса да бір-біріне жете алмай, арманда өткен қос ғашық кім?.. Қай кезде, қандай заманда өмір сүрді?..

Осы бір ән көңілімізді тербеп, көпке шейін үнсіз отырдық. Тіпті бар ғой, күн батып, қас қарая бастағанын да кеш аңғарған сияқтымыз.

Кенет қарсы алдымыздан самаладай жарқыра­ған шамдардың тізбегі көрінді.

— Бұл қай жер? – деді Бәкең елең ете қалып.

Алдыңғы жаққа қарап, Ақыртөбеге келіп қалғанымызды бір-ақ білдім. Бұл – күре жолдың қос қапталына тізіле қонған ас үйлер. Көңілі қалап, қалтасы «көтерген» жолаушы осында тоқтап, ас-ауқат ішіп, әлденіп алады.

Бірақ, ас үй деген аты болмаса, бұлардың дені уақытша орналас­қан вагон-үйлер. Нарық заманы­ның қыспағынан қысыла-қым­тырыла шығып, күнкөріс қамына кіріскен жергілікті жұрттың әзірге тапқан амалы осы –күре жолдың бойында күндіз-түні жолаушы­ларға ас қамдап, табыс табу.

— А-а, — деді Бәкең басын шұлғып. – Енді түсіндім… Бәлкім, біз де осында тоқтап, ыстық сорпа ішерміз.

— Ой, аға, бұл жерге көбіне жүк мәшинелері тоқтайды.

— Несі бар, олардың жүргі­зуші­лерімен де әңгімелесеміз. Үнемі алыс сапарға шығатын кісілердің көрген-білгені көп болады.

— Енді бір сағаттан соң Тараз қаласына жетеміз ғой!

— Жоқ, жігіттер, осында тү­сейік…

1809Қаз-қатар тізілген вагон-үйлер­дің бірінің алдына тоқтадық. Кешкі қоңыр салқын ауада кері­ліп-созылып, бойымыздың құрыс-тырысын жаздық. Содан соң вагон-үйдің алдындағы құрақ көрпеше төселген сәкінің үстіне бір-бір жастықты жамбастап қисая кеттік. Асхананың иесі көптен күткен сыйлы қона­ғы келгендей қуанып, зыр жүгіріп жүр. Бәкең де олармен ежелден таныс кісі сияқты емен-жарқын сөйлесіп, ауыл-аймақтың амандығын сұрастырып жатыр.

Бір кезде вагон-үйден сұңғақ бойлы, ақ құбаша келген талдырмаш қыз шығып, бізден тамаққа тапсырыс ала бастады. Мөлдіреген бота көздерін төмен салып, кісіге тура қарамай, ақырын ғана сөйлейді екен.

— Қарағым, сен бұл ауылдың қызы емессің ғой, солай ма?! – деді Бәкең оған біртүрлі қадала қарап.

— Иә… — Қыз ұяң ғана үн қатты.

— Шамасы, Қызылорда жақтан келген болуың керек.

Қолындағы бір тілім қағазға біздің «тапсыры­сымызды» жазып алуға дайындалған қыз сәл езу тартып, Бәкеңе таңдана қарады.

— Иә. Шиеліден келгенмін.

— Бұл ауылда апа-жездең бар ма?

— Иә.

— Демек, мынау асхана сенің жездеңдікі болды ғой.

— Иә. Жездемдікі… Қандай тамаққа тапсырыс бересіздер?..

— Атың кім, айналайын.

— Анар.

— Жігіттер, — деді содан соң Бәкең бізге қарап. –Тамаққа көп қып тапсырыс беріңдер. Анар қарын­дасымның пісірген асы дәмді болатынына мен сенімдімін.

Жеңіс екеуміз жымыңдап, бір-бірімізге қарадық.

— Болыңдар-ей, — деді Баққожа аға бізді асықтырып. – Редакцияның іс-сапарға деп бөлген ақшасы жетеді.

Сонсоң біздің тез жауап қатпай, бөгеліп қалға­ны­мызды ұнатпағандай:

— Бұл екеуіне үлкен-үлкен кесемен ыстық сорпа және үйме табақ қуырдақ алып кел, — деді.

— Жарайды.

Анар жымиып күлді де, ас үйге қарай беттеді.

— Ой, Бәке-ай, сіздің қарындасыңыздың асханасынан ас ішеміз деп, қарнымыз жарылатын болды ғой, — деп біз ойын-шыны аралас Баққожа ағаға «өкпелеген» болып жатырмыз.

— Білем, — деді Бәкең күліп. – Таразда тамаша-тамаша мейрамханалар бар. Асықпаңдар, оған да апарамын. Бірақ, мынау жол үстіндегі елге аз да болса көмегіміз тисін… Күндіз-түні тамақ әзірлеп, қай жолаушы бұрылады деп, екі көзі төрт болып отырған жоқ па.

Аздан соң Анар бізге ыстық сорпа алып келді.

— Өткен жылы Алматыға оқуға барып па ең? –деп Бәкең оны тағы да қалың сұрақтың астына алып жатыр.

— Иә, — дейді Анар ақырын ғана.

— ҚазПИ-ге тапсырдың ба, әлде ЖенПИ-ге ме?

— ҚазПИ-ге…

— Соңғы емтиханнан өте алмай қалдың ба?

— Ой, ағай, сіз оны қайдан білесіз?

Қарақат көзі үлкейіп, Анар оған таңдана қарады.

— Білем, — деп жымиды Бәкең. – Биыл тағы да сол институтқа, тағы да сол факультетке барамын деп жүргеніңді де білемін.

Анар енді, одан сайын таңырқап, «аға, сіздің көріпкелдігіңізге бас имеске амалым жоқ» дегендей үнсіз қалды.

— Жұмыстан қолың босаған уақытта кітап оқып, дайындалып жүрсің бе? – деді Бәкең ағалық қамқор көңілмен.

— Иә…

Оқуға түсуге дайындалып жүргеніне өзге түгілі, өзі де сенбегендей Анардың ерні сәл ғана жыбыр ете қалды.

— Жақсылап дайындал, — деді Бәкең. –Сен қалай­да оқуға түсіп, жоғары білім алуың керек. Болаша­ғың әлі алда, Анар.

Бәкең айтқандай, Анар қарындасымыз пісірген ас расында да дәмді болды ма, әлде ас үйдегілердің қонақжай пейіліне риза болдық па, білмеймін, Жеңіс екеуміз үйме табақ қуырдақты қалай жеп қойғанымызды тіпті аңғармаппыз. Қоштасарда Баққожа аға Анардың әпкесіне қарап:

— Күндіз-түні қара жұмысқа салып, қыз бала­ның бағын байламаңыздар, — деді бұрыннан таныс жандардай шын жүрегімен ақтарылып. – Жоғары оқу орнына түсу үшін көп оқып, дайындалуы керек.

— Иә, әрине, — деді Анардың әпкесі басын изеп. – Оны өзіміз де ойлап жүрміз ғой. Бірақ, мына жерден азын-аулақ табыс тапса, ертең өзінің қажетіне жаратар дейміз де…

— Күре жолдың бойымен кімдер жүрмейді дейсіз, — деп Баққожа аға қасын керді. –«Мал аласы сыр­тында, адам аласы ішінде» деген… Анар секілді жап-жас, көрікті, ақылды қызға көз сұғын қадайтындар көп шығар. Сондықтан да, ертерек оқуға түсіп, білім алып, құтты орнына қонғаны абзал…

— Біздің де тілегіміз сол, -деді Анардың әпкесі мұңайып.

Қараңғылық қоюлана түс­кен. Күре жолдың бойымен ерсілі-қарсылы ағылған маши­налардың жарығы алқаракөк аспан төсін тіліп аққан құйрық­ты жұлдыздарға ұқсайды. Баққожа аға үнсіз. Маған ол алдағы күндерде жазатын жаңа шығармасының желісін ойлап отырғандай көрінді. «Пьеса жазатын болар?..» — деймін іштей қызығып. Жаңағы асха­на­дағы әңгіменің өзі болашақта театр сахнасынан көрінетін бір қызық оқиғаның үзігі емес пе.

…Күре жолдың бойындағы вагон-үйлер. Күндіз-түні ас қамдап, ары-бері зымырап өтіп жатқан жолаушыларды тосқан қарапайым жандар. Әне, солардың ішінде әлдеқайдан, мүлде басқа әлемнен адасып келіп қалғандай Анар жүр…

— Аға, — дедім.

Үнсіз отырған Бәкең:

— А-а, — деді ұйқыдан оянғандай болып.

— Жаңағы кісілердің тіршілігі бір пьесаға арқау болатын сияқты ғой. Жол бойындағы әлгі вагон-асханалар таптырмайтын декорация, ал ондаған адамдар, келіп-кетіп жатқан жолаушылар әр түрлі кейіпкерлер емес пе?!.

— Әрине, — деді Бәкең. – Бірақ пьесаға конф­ликт, яғни шиеленіс, талас-тартыс қажет. Айталық, жаңағы қарапайым жандардың өміріндегі бір ерекше күн пьесаға арқау болуы мүмкін…

Ол тағы да ойланып, үнсіз қалды. Алдымыздан самаладай жарқырап Тараз қаласының оттары көрінді.

***

Таяуда мен кезекті іссапардан қайтып келе жатып, тағы да сол Ақыртөбенің тұсынан өттім. Күре жолдың бойындағы бұрынғы вагон-үйлер көрін­бейді. Олардың орнында әр түрлі кафе, мейрамханалар бой көтеріпті. Бұдан көп жыл бұрын өзіміз тоқтап, тамақ ішкен асхананы іздеп, сұрас­тырып көргім келген. Бірақ, әдейі ат басын бұрып барғанымда сол баяғы Анар қыз қарсы алдымнан күлімсіреп шығып: «Баққожа ағам қайда?» десе, не деп жауап бермекпін деген ойдан бойым мұздап сала берді.

Аяулы азамат, Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы, драматург Баққожа Мұқай ағамыз өмірден өтіп кетті деп қалай айтпақпын…

Нұрғали

ОРАЗ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *