ТАҢ АТҚАНЫ — ӨМІРДІҢ БАСТАЛҒАНЫ

555Таң атса екен

Таң атпайды, шіркін-ай, неге ертерек,

Күн шықпайды күлімдеп,

неге еркелеп.

Қараңғылық бүркейді неге сонша,

Бұл дүниеде, онсыз да көлеңке көп.

 

Таң атқаны –

тіршілік оянғаны,

Неге мынау дүние қараңғы әлі!

Неге ертерек оятпай отырсыз деп,

Қарап тұрған сияқты маған бәрі.

 

Таң атқаны –

өмірдің басталғаны,

Құс күлкісі ғажап қой аспандағы.

Адамзаттың бейнесі қандай әсем,

Жарық дүние есігін ашқандағы.

 

Қандай әсем шашылған күн шуағы,

Жарық күн ғой көңілдің шамшырағы.

Өлең болып қағазға түсіп жатыр,

Жалт-жұлт еткен

ойымның тамшылары.

2013 ж.

 

Түйін

 

Қалды іште түйінделген бір ойым,

Шешілмеді түйінделген бір сұрақ.

Не болса да деген едім, көрейін,

Өзімді өзім сол сұрақтан аршып ап.

 

Шешілмеді, түйін мүлдем қатты екен,

Менің көңіл-күйім мүлдем өзгерді.

Қанша түйін қанша уақыт жатты екен,

Күтіп жүрмін түйін шешер кезді енді.

 

Қуанышты хабар күттім, келмеді,

Түйініме қосылды ол да түйін боп.

Барлық ойды, барлық затты жердегі,

Тастағандай болды құдды түйіндеп.

 

Әйелдің де көңіл-күйі жоқ бүгін,

Ол да түйін, білмеген соң себебін.

Тағы да бір түйін болып өтті күн,

Түйінсіз бір күнді өткізсем деп едім.

 

Бір сыйлайтын ағамызға жолықтым,

Сөйлескісі келмегендей, тыржиды.

Бұл кісіге не болған деп қорықтым,

Бұл күнім де түйін болып жылжиды.

 

Арал асып кеткендей-ақ ақ, қараң,

Бәрі түйін денеңдегі сырқаттың.

Кездесесің түйіндерге қаптаған,

Десең-дағы қаншалықты жол таптым.

 

Әлсіретіп көретұғын жарықты,

Тамырымның кей жерлерін тығындап.

Сұйық қаным түйін болып қалыпты,

Жүрегіме құйылуы қиындап.

 

«Неге» деген сұрақ кетпес жоғалып,

Соның бәрі түйін болып жиналды.

Бір ғұмырың жетпейді екен, ол анық,

Шешу үшін түйінделген ойларды.

2013 ж.

 

Аңсау

 

Ұйқым қашып жүрсе де

қаншалық түн,

Біраз өлеңнің әйтеуір

басын шалыппын.

Аз-аздан алып тастадым өлеңге орап,

Мойнымда жүрген біразын

қосымша жүктің.

 

Босаттым біраз миымды,

ойымдағымды,

Шығардым біраз қуаныш,

уайымдарымды.

Қайырдым біраз өрісте

жүрген ойларды,

Білмеймін, бірақ,

қаншасын қайырғанымды.

 

Өрістегі ойдың біразы қорамда бүгін,

Түсіп те жатқан сияқты,

қаламға жүгім.

Алдаған еді алдамшы өлеңдер біраз,

Болмаған еді бұл ойлар

санамда бұрын.

 

Жазып жатырмын, әйтеуір,

қашқанда ұйқым,

Алып шығар деп жазғаным

аспанға бір күн.

Мен жаққа қарай жақсы жыр

басын бұрса ғой,

Ғажайып дүние туса ғой,

тосқанда шіркін!

 

Аңсаймын кейде,

білмеймін,

аңсаймын нені,

Аңсатқан ойлар кей-кейде

қоршайды мені.

Ширақ күнімді аңсаймын,

қайрат күнімді,

Шаршатып та жүр сырқатым

қанша айдан бері.

 

Келер күндерді күтемін аңсаумен ғана,

Көңілім кейде сияқты гүл солған дала.

Осынау күнге жетсем деп

аңсадым сонда,

Жүрегімді кесіп,

дәрігерлер қол салғанда да.

 

Аңсау да жақсы-ау,

бәрін де аңсайды екенсің,

Өзіңді өзің аңсаумен

қоршайды екенсің.

Бір кездердегі аңсау да ғажайып еді,

Аңсаудың өзінен бұл күнде

шаршайды екенсің.

 

Сұлулығы жоқтай көңілде –

көлдің де бейне,

Қанатын кезі бар шығар шөлдің

де кейде.

Өзімді өзім жұбатам

аңсап отырып,

Аңсаудан басқа не қалды деймін

де кейде.

2013 ж.

 

 

Араша

 

Кешегі сор – бүгін бақ,

Көңіл шіркін тойғасын.

Жүретұғын шырылдап,

Ей, араша, қайдасың?!

Қашсаң дағы әйелден,

Қашсаң дағы баладан.

Қашсаң дағы сен елден,

Қаша алмайсың жаладан.

Қайтем миды ашытып,

Көңіліңді күй тұнған,

Жала сені шошытып,

Оятады ұйқыңнан.

 

Жала боп па ертеде,

Тату боп па бар адам?

Өмірдегі бар пәле,

Болып жатыр жаладан.

 

Қанша кегін алғанмен,

Жолын іздеп жанжалдың.

Сырты бүтін болғанмен,

Іші түтін кей жанның.

 

Иіскеместі иіскеп,

Жемейтінді жейді олар.

Бір-біріңе тиіс деп,

Үгіттейді кейде олар.

 

Сосын әлгі жаласын,

Жібереді желдетіп,

Арашаға барасың,

Көздің жасын көлдетіп.

 

Жан-жағыңа қарасаң,

Жала жүрер жаныңда.

Арқасүйер – арашаң,

Қиналған бір шағыңда.

 

Шындық деген байқасаң,

Арашаның Анасы.

Сол Анасы әрқашан,

Шырылдайды, қарашы.

 

Қорғанышың – араша,

Адвокатың – араша.

Күйіп кете бересің,

Сол араша болмаса.

 

Қолдайтын ақ тілеуді,

Арашаға айт алғыс.

Мүмкін, ертең біреуді,

Арашалап қайтармыз.

 

Кешегі сор – бүгін бақ,

Жала — сұмның ермегі.

Жүретұғын шырылдап,

Ей, араша, кел бері!

2013 ж.

 

Бүлкіл

 

Көп айтпаймыз осы бүлкіл жайында,

Өлеңге де көп қоспаймыз бүлкілді.

Қыз-келіншек бүлкіл жүрген ойында,

Ойға кетіп қала ма деп біртүрлі.

 

Жаққан отты лапылдатып қоймасаң,

Қайнайды етің қазаныңда бүлкілдеп.

Кейде осы бүлкіл жайлы ойласаң,

Өз-өзіңнен кетеді екен күлкің кеп.

 

Қармақ салсаң бүлкілдейді қалытқың,

Бармақ сорсаң бүлкілдейді ерінің.

Көмекейі бүлкілдейді халықтың,

Бүлкілі ғой ол да ет пен терінің.

 

Кетті қашып бүлкілдеген ой талай,

Ойлай берсең,

санай берсең бүлкіл көп.

Кейде көзің түсіп кетсе байқамай,

Көрпелер де кетеді екен бүлкілдеп.

 

Бүлкілдетіп әзіл айтар жеңгей де,

Бүлкілдетіп емізді ғой шешеміз.

Шарапты да бүлкілдетіп кей-кейде,

Бөтелкенің ауызынан ішеміз.

 

Ойдың түрін,

сөздің сырын ұғып көр,

Көз алдында тұрған қызға үлпілдеп,

Қалжың айтса, жанындағы жігіттер,

Бұрыла сап, қыз кетеді бүлкілдеп.

 

Жақсы екен деп мынау жазған өлеңің,

Мақтамай-ақ қойсын ешкім

«шіркін» деп.

Бүлкілдетіп көрейінші деп едім,

Көмейімнен шықты бұл

жыр бүлкілдеп.

 

2013 ж.

 

Қанағат

 

Оқылатын өлеңді,

Терең өлең деп білем.

Оқылмайтын өлеңді,

Керең өлең деп білем.

Сондықтан да ойыңның,

Өлең болсын қайрағы.

Барлық ойын, тойыңның,

Өлең болсын байрағы.

 

Жасама ойға  қанағат,

Отыр ойға қамалып.

Жүрсін барша жамағат,

Өлеңіңнен нәр алып.

 

Өлең – ойдың өлшемі,

Оқырманға жетсін ол.

Өміріңнің бөлшегі,

Сияқтанып кетсін ол.

 

Өлеңіңнен нәр ал сен,

Өлең сенен нәр алсын.

Нәр алмасаң, одан сен,

Ақын болмай қаларсың.

 

Ойың жатсын тереңде,

Сүйсінетін жамағат.

Ешқашан да өлеңге,

Болмау керек қанағат.

2013 ж.

 

ӨЗІМ ЖАЙЛЫ

 

Терең өлең жазбауға да бекіндім,

Керең өлең жазбауға да бекіндім.

Былжыраған бірдеңені, амал жоқ,

Ішім пысып, тағы жазып отырмын.

 

Қызығумен қараймын да өткенге,

Қалам алам, ішім пысып кеткенде.

Жазғанымды жырта салғым келеді,

Осыларды кім оқиды деп кейде.

 

Қалт-құлт етіп жар басында

тұрмыз ғой,

Мылжыңның да сөзін естіп

жүрміз ғой,

Деймін дағы отырамын шимайлап,

Жұрт сияқты біз де тірі жанбыз ғой.

 

Ойлары жоқ адамдар бар оймақтай,

Қара сөзді сөйлететін қайнатпай.

Бір ғажайып теңеу тапсам, сөз тапсам,

Өз-өзімнен болып кетем әруақтай.

 

Отың өшсе, қалатын тек күл ғой деп,

Бір сөзі жоқ бейшаралар жүр ғой деп,

Әдемі бір жылуы бар сөздермен,

Өзімді өзім отырамын әлдилеп.

 

Жаратқанның сыйы шығар, амал не,

Жыр оқимын мылқауға да, кереңге.

Орынымды сайлап қойған осылай,

Құдай мені байлап қойған өлеңге.

2013 ж.

 

Ой өлшемі

 

Ей, жазира, мен сенен биік тұрмын,

Биік тұрмын, самалын сүйіп қырдың.

Сенің төсің құлпырып кетсе екен деп,

Өлеңімді нөсер ғып құйып тұрмын.

 

Ей, ұшқан құс, биікпін сенен де мен,

Сенен әсте кезім жоқ төмендеген.

Мені сенен биікке алып шығар,

Қанатым бар талмаймын «өлең» деген.

 

Сен де менен Алатау, төмендесің,

Кеттім қазір биіктеп сенен де шын.

Көрген адам ақ бұлтты ол бұлт емес,

Ақын мінген ақ желкен өлең десін.

 

Жаным жерде болса да, жаным жерде,

Мен биікпін, биікпін бәріңнен де.

Менің отты жырларым екен деп қал,

Көкжиектен күн ерте көрінгенде.

2013 ж.

 

Ибрагим ИСА

 

Таң атқаны – өмірдің басталғаны,

Құс күлкісі ғажап қой аспандағы.

Адамзаттың бейнесі қандай әсем,

Жарық дүние есігін ашқандағы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close