ТҰРҒЫНДАРДЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

Әуезов ауданы әкімінің есеп беру кездесуі Қазақ қатынас жолдары университетінде өтті. Жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов, аудандық бөлім басшылары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты. Басқосу барысында Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына негізделген баяндама жасаған Әуезов ауданының әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне жан-жақты тоқталып, өткен жылғы атқарылған іргелі істер мен қол жеткізген жетістіктерді атап өтті.
Балнұр АХМЕТ
Жиында аудан әкімінің есептік баяндамасынан соң сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов тұрғындарды қаладағы атқарылған жұмыстармен, алдағы уақытта атқарылатын ауқымды іс-шаралармен таныстырып, қырық жеті жылдық тарихы бар Әуезов ауданының қазіргі елеулі жетістіктерін ерекше атап көрсетті.
Аудан басшысының есептік кездесуінде тұрғындарды толғандырған бірқатар маңызды мәселелер айтылды. Мысалы, «Ақсай-4» ықшамауданындағы көпқабатты үйдің бірінші қабатында тұратын аудан тұрғындары лифт орнатылғанда оны мүлде пайдаланбайтындықтан, ақша төлемесек екен деген өтініш-тілектерін жеткізді. «Достық» ықшамауданының тұрғыны салқын су мен кәріз жүйесі мәселесін шешіп беруді өтінді. «Ақсай-5» ықшамауданының тұрғындары қоғамдық орындарда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандустар көбірек орнатылса деген өтінішін білдірді. «Жетісу-4» ықшамауданында тұратын зейнеткер коммуналдық қызметтердің тарифі көтерілгенін, ПИК қызметі тұрғындардың көңілінен шықпайтынын тілге тиек етті. «Ақсай-1» ықшамауданының тұрғыны қандай адамдардың тегін дәрі-дәрмек алуға құқығы бар екенін сұраса, қауіпсіздік мәселесін алға тартқан «Ақсай-5» ықшамауданының тұрғыны Байзақ батыр көшесіне тротуар төсеу туралы тілегін білдірді. Осылайша жиында екі микрофон алдында кезек күтіп, сөз алған тұрғындар күнделікті тұрмыс-тіршілігінде шешімін таппай жүрген өзекті де өткір мәселелерді аудан басшысына атап көрсетті. Тұрғындарды мұқият тыңдаған аудан әкімі Әнуар Өскенбаев аталған мәселелердің барлығы алдағы уақытта шешімін табатындығын айтты.