Түңiлудiң түбi — тажал

Қаптаған дiни секталардың ықпалы жастар арасындағы суицидтi өршiтiп отыр

Жапон халқының дәстүрiнде адамдар ел бетiне қарай алмайтын күнә жасағанда, абыройдан айырылғанда өзiн-өзi қинамау үшiн құрбандыққа баруды ерлiк санаған. Ал, әлемдегi түрлi дiни секталардың торына шырмалып, өздерiне-өздерi қол салғандар қаншама десеңiзшi?! АҚШ-та құрылған «Күн ғибадатханасы низамы» атты секта ел-елдi аралап, үгiт-насихат жүргiзiп, жұмаққа баратын жол — тек өздерiн өлтiру деп түсiндiрген.  Жапонияда «Шын­дықтың достары» шiркеуiндегi 7 әйел өздерiн өртеп, жан­тәсiлiм еткен. Назар салып қарасақ, өзiне-өзi қол салудың кең тараған жерi — әлемдегi ең бай елдерден шығып отыр. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының көрсеткiшi бойынша алғашқы 5 орынды Жапония, Финляндия, Австрия, Франция, Германия алады екен. Алысқа бармай-ақ, республикамызда соңғы жылдың көлемiнде өзiне-өзi қол жұмсау оқиғаларының  күрт артып  кеткенi жұртшылықты алаңдатып отыр. Әсiресе, жасөспiрiмдер арасындағы суицидтiң белең алуы көп тiркелген.

Ақыл-есi дұрыс жанның өз өмiрiн өзi қиюы мүмкiн емес. Бұл – адамның iшкi жан күйзелiсiнен туатын қауiптi де «жұқпалы» дерт. «Бұл өмiрден жалықтым. Әйтеуiр, бiр өлетiн өмiрде не үшiн жүрмiн? Менде қызық қалған жоқ. Өмiр қызықсыз» деген ақылға  қонымсыз ойларымен имансыздыққа жол бередi. Сонда оларға не қызық? Ата-ана, туыс-бауырларын тез ұмытқаны ма? Бұл жерде ғұлама Абайдың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген сөзiнiң керi келiп тұрған жоқ па?

Жас өмiрi ендi басталған өрiм жастың тығырыққа тiрелетiнi жайында Алматы қаласы Орталық мешiтiнiң наиб-

имамы, қари  Жұманазар САДЫРХАНОВТЫҢ пiкiрiн бiлгiмiз келген едi:

— Бисмилләәһир-рахмәннир-рахим. Қазiргi жастардың арасында өзiне-өзi қол жұмсау көбейiп кеттi. Бұл мұсылмандарға жат қылық. Әр нәрсенiң себебi бар. Өлiмнiң де өз   уақыты болады. Аллаһ адамзат баласының әрқайсысына өлшеп өмiр берген. Сондықтан әр адам, оның iшiнде мұсылман дәм-тұзы таусылғанда «Лә иләһә иллаллаһ Мұхаммәдур расуллаһ (Аллаһтан басқа тәңiр жоқ, Мұхаммед оның елшiсi)» деп соңғы сөзiн айтып, Аллаһқа жанын тапсырады. Аллаһтың айтқанына қарсы шығып, өзiне қол салу өте ауыр күнәнiң бiрi. Қасиеттi Құран Кәрiмнiң Ниса сүресiнiң 29-шы аятында «Өздерiңдi- өздерiң өлiмге қимаңдар» дейдi. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисiнде «… Ал, кiм у iшiп өлсе, о дүниеде мәңгi сол уды iшедi, кiм жардан секiрiп жан тапсырса, тозақтың түбiне мәңгiлiкке тасталынады» делiнген. Сондықтан мұсылман қауымы мұндай әрекеттерден барынша аулақ болуы қажет. Суицидтiң тағы бiр халық бiле бермейтiн себебi – адам бойына жынның кiруi. Құран Кәрiмде адамдар мен жындар тек қана Аллаһқа ғана құлшылық ету үшiн жаратылғаны туралы айтылады. Яғни, жер бетiнде адаммен бiрге жын да тiршiлiк етедi. Қазiргiдей азғындаған заманда олардың адамдарды айналдыруы түкке тұрмайды. Олардың мiндетi де — адамдарды  жаман жолға түсiру. Қазiр мешiттiң  айналасында «Менiң iшiме жын кiрiп кеттi! Менiң жынымды шығарып бер, оқып бер!» деушiлер көбейдi. Адам бойындағы жын мәңгi өмiр сүруi мүмкiн. Адамды азғырып,   қатерлi iстерге жетелеуi мүмкiн. Өзiне- өзi қол жұмсаудың негiзi – осы жынның азғыруы. Барлық нәрсенiң сұрауы бар. Қазақта «Судың да сұрауы бар» деп жатады. Өзiне-өзi қол жұмсаушылардың бұ дүниеде де, о дүниеде де орны жоқ деп есептеледi. Шариғат бойынша олардың жаназасы шығарылмайды, бiрақ арнайы имам немесе бiлiмi бар адам емес, кез-келген намаз оқи алатын жанның шығаруына болады. Мұның өзi олардың  қоғамнан шеттетiлуiнiң негiзгi айғағы. Сондықтан адамзат баласы таза жүру, таза сөйлеу, иманды болу шарттарын ұстану керек.

Осы Орталық мешiт алқасының мүшесi Мәнемқазы НҰРПЕЙIСҰЛЫ:

— Өзiне-өзi қол жұмсау — бiлiмсiздiктiң зардабы. Жаратушының кiтабы мен  Пайғамбарымыздың хадистерiн оқымаған, дiннен мүлдем хабары жоқ адам ғана осындай iстерге барады. Халал деп бұйырған нәрсесiн жасап, харам деп табылатын iстерден бас тарту керек. Елiмiзде қаптап жүрген дiни секталардың ықпалы суицидтi өршiтiп отыр. Солардың жетегiнде кеткен қандастарымыз өздерiнiң ақ жолынан адасып барады. Қаптаған дiни секталардың бақылаусыз кеткен iстерiне абай болуымыз керек.

Педагог Гүлназия МӘДIБЕК­ҚЫЗЫ:

— Жасөспiрiмдер арасындағы мұндай ауыр жағдайдың кең етек алуы баршамыздың ойланатын мәселемiз. Соның бiр салдары мектепте мұғалiмдер, үйде ата-ана алдына келген баланың көңiл-күйiне назар аудармай қалудан туындайды. Өз-өзiне қол жұм­саушылардың арасында намаз оқып, дiн жолында жүргендер де кездеседi.  Дiн жолына ерте түскен жас бiр күнәлi iс iстегенде өзiн-өзi қатты айыптап, онысын  кешiрiл­мейдi деп есептеп, өмiрден ерте кетуге ұйғарым жасайды. Олар­дың санасы дiннiң қаншалықты маңызды екенiн өз дәрежесiнде қабылдай бермейдi. Сондықтан баланы дiн жолына бұруда да өте сақ болу керек. Оларды қатты жекiп, немесе ана дүниеде мына­дай жазаға тартыласың деп қорқытып-үркiтудiң зардабы мол.  Алды-артын әлi толық болжай  бiлмейтiн жас жеткiншекке адам жанынан артық ештеңенiң жоқ екенiн үйде де, мектепте де түсiн­дiру бәрiмiздiң қасиеттi борышы­мыз.

№ 149 жалпы бiлiм беретiн мектептiң психолог маманы Мархаббат ҚАБАНБАЕВА: Суицид мiнез-құлықтың бұзылуы­нан болады. Өзiне-өзi қол салу­шылар негiзiнен 4 топқа бөлiнедi:

1. Психикалық ауруға шал­дық­қандар (100 мыңға 95,2 адам )

2.      Маскүнемдiкке салынғандар (100 мыңға 91 адам )

3.      Нашақорлар ( 100 мыңға 178 адам )

4.      Мүгедектер ( 100 мыңға 110 адам )

Адамдар көбiне қатты күйзелiске ұшыраудан, басқа жол жоқтықтан, стрестен, жақынын жоғалтудан, өмiр мәнiнiң жойылуынан, ойының тұңғиыққа кетуiнен өзiне-өзi қол жұмсайды. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, жыл сайын әлемде 1100 000 адам өз-өзiне қол салады. Оның iшiндегi 350 мың қытайлық, 110 мың үндiс, 55 мың орыс, 31 мың американдық, 30 мың жапондық, 12 мың украин, 10 мың француздар. Қазiргi кезде елiмiзде де өзiне-өзi қол жұмсау алдыңғы қатарға шығып барады. Бұл өзектi мәселенiң шешiмiн әлi ешкiм таба алған жоқ. Әлем психологтары да бұл жөнiнде мардымды ештеңе айта алмай отыр. Ең бастысы, адам  өзiне-өзi сенiмдi болғанда келеңсiз жағдайдан аулақ жүредi.

Айнұр БАЛАБЕКОВА,

ҚазҰУ журналистика

факультетiнiң студентi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *