«Саяхатқа ең алғаш үш жасымда шығыппын»

 

Мәншүк БЕКБОСЫН

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ла­малық мақаласы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына Алматы қаласынан ерекше даралығымен енген жиырма шақты азамат бар. Солардың бірі – Мағжан Сағымбаев.

Мағжан Талапұлы – велосипедпен еліміздің Туын көтеріп, 28 784 шақырым жерді жүріп, 22 ел мен 4 құрлық­ты аралаған алғашқы қазақстандық азамат.  Бүгінде ол Австрияның Зальцбург қаласында туризм саласы бойын­ша білім алып жатыр. Жақында Мағжан Сағымбаев  ар­найы «Алматы ақшамы» газеті үшін тікелей желіге шықты.

Мағжан  – жас та болса, өз мақ­сатын айқын қоя білген жан-жақты азамат. Тәуелсіздік жыл­дарында жеткен жетістіктерімен көзге түскен замандасымыз 1988 жылы Алматы қаласында дүниеге келген екен. 7-сыныпқа дейін Ш.Уәлиханов атындағы №12 қазақ мектебінде білім алып, 7-11 сыныптарды ерекше дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінде тәмамдайды. Қазақта «Тектіден текті туады» деген тәмсіл бар. Мағжанның арғы атасы  Шамғали Харесұлы Сарыбаев – ғалым әрі қазақ тілі әдіснамасының негізін қалаған азамат. 1921–1923 жылдары Алматыда қазақ педаго­гикалық техникумының негізін салу­шылардың бірі болған.

– Өз атам Шора Шамғалиұлы Сары­баев – тіл білімінің маманы, филология ғылымының докторы, профессор. Шора Шамғалиұлы ҚР Ұлттық Ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан­ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері болды. Ал қазақ халқының көне музыкалық аспаптары мен дәстүрлі қазақ музыка мәдениетінің жан­дануы Болат Шамғалиұлы Сары­баевтың есімімен тығыз байланысты. Ол өткен ғасырда қазақ өнерінің қайта даму кезеңіне сүбелі үлес қосты. Танымал өнер қайраткерінің ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қазақ халқының бай мұрасы кеңінен насихатталып, ұмыт бола бастаған төл өнеріміз қайта жанданды. Болат Шамғалиұлының музыка зерттеу саласындағы еңбек­тері мен ізденістері көзі тірісінде-ақ жоғары бағаланып, ол «Музыка археологы» деп аталып кеткен еді. Қазақтың тұңғыш аспаптанушы-ғалымы болған ол ұлт мәдениетіндегі музыканың ерекше орын алатынын дәлелдей алды. Оның еңбектері өзінен кейінгі зерттеу жұмыстарына үлгі-нұсқа болды, – дейді Мағжан Сағымбаев.

Ал жиһанкездің анасы режиссура саласының маманы екен.

– Менің саяхатқа деген қызығу­шылығыма анам себепкер болды. Біл­уімше, ең алғашқы саяхатым 3 жа­сымда болған екен. Анам мені Қара теңізге алып барыпты. Есімде, кейіннен Ыстықкөлге жаяу барып, жаяу қайтатынбыз. Сондай-ақ, біздің үйге көптеген шетелдік азаматтар келіп, тегін тұратын. Олардың аузы­нан көптеген аңыз-әңгімелер тыңдап, саяхатқа деген қызығу­шылығым еселене түсті, – дейді Мағжан.

Сонымен қатар, Мағжанның айтуынша, ол біраз уақыт туризм саласында еңбек еткен екен. Шет­елдік қонақтарға Алматы облысының әсем жерлерін таныстырып, гид болып жұмыс істеген. Әрине, бұл қызмет болашақ саяхатшының жи­һан­кез атануына сөзсіз ықпал еткен. Сөйтіп, Мағжан 2013 жылы  өзінің алғашқы үлкен саяхатына шығады.

– Қазақ географиялық қауым­дас­тығының көмегінің арқасында сая­хаттарға шыға бастадым. 2013 жылы автокөлікпен 8 елді (Қазақ­стан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Армения, Түркия, Украина, Молдова) арала­дым.  Қазақстанның туын Антаркти­даның Массив Винсон (4892 м.) деген ең биік шыңына ілдік. «Arsh Medіa» және «KazGeo» экспеди­циясымен бірлесе, 222 шақырымнан асатын оңтүстік полюсіне жеттік. Бұл экспе­диция Қазақстанның 25 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдас­тырылған еді, – дейді Мағжан.

Жиһанкездің бұл саяхаты төрт айға созылыпты.

– Байқағаным, көлікпен жүрсем көп нәрседен құр қалады екенмін. Табиғаты тамаша небір елді-мекен­дерден лезде өтіп кетіп отырдым. Со­дан кейін велосипедпен сапар шегуге бел байладым. Сапарға жарты жыл­дай уақыт дайындалдым. Жүріп өтетін жолдарымды белгіле­дім. Ала­тын заттарымды түгендедім. Ақша жинадым. Кетерге қарай, «Қазақ географиялық қоғамы» тағы демеу­шілік көрсетіп, қаражат жағынан көмектесті, – дейді Мағжан.

Сонымен қатар, Мағжан 2016 жылы альпинист Мақсұт Жұма­баевпен Оңтүстік Америкадағы ең биік Аконкагуа шыңын (6962 м.) бағындырыпты. Мағжан алғашқы ғылыми экспедицияны Антарктидада басқарған екен.

Айтуынша, бүгінде ол қырыққа жуық елді аралап шыққан. Соның ішінде соңғы төрт жылда шетелге жиі сапарлапты. Оның ішінде түрлі іс-сапарлар да бар. Дәл қазір Мағжан білімге бет бұрыпты. Бүгінде осы саланың дамуына үлес қосып, тың идея, қажырлы еңбектермен толағай табыстарға қол жеткізу үшін Авст­рияның Зальцбург қаласында туризм саласы бойынша білімін жетілдіріп жатыр.

– Мен өзімді әйгілі Стив Джобс, Билл Гейтс сынды адамдармен теңес­тіре алмаймын. Бұл кісілер оқу оқы­май-ақ, адамзатқа қажет керемет дүниелер жасап шығарды. Өз басым төрт оқу орнын тәмамдадым. Ең біріншісі, қазіргі уақытта сұранысқа ие деп танылған бағдарламалау ма­мандығы. Содан кейін халықаралық қатынастар мамандығы қызықтырды. Кейіннен қазіргі заманның жетекші мамандығы қатарына кіретін туризм саласына деген қызығушылығым пай­да болды. Алдағы уақытта Қазақ­станның, оның ішінде Алматы қала­сындағы туризм саласының сақта­лып, жаңа қырынан дамып, жан­дануына себепші болған адамның бірі болсам деген арманым бар, – дейді біздің кейіпкер.

Мағжанның айтуынша, отандас­тарымыздың өзге елдерге саяхат­тауға бейім, ыңғайлы тұратынына көз жеткізу қиын емес екен.

– Әрине, мұның ешқандай сөкет­тігі жоқ. Мүмкіндік болып тұрса, шет  елдерге туристік сапарлармен шыққанға не жетсін. Ел таныған, жер таныған кім-кімге де артықшылық етпейді. Тек бір ескеретін мәселе, мұндай жағдайда қаражат сыртқа құйылады. Сөйтіп, бұл сомалар өз еліміздің экономикалық деңгейін көтеруге көмегін тигізе алмайды. Керісінше, біз бірінші кезекте мемлекетіміздің өз ішіндегі туризмнің керегесі кең болуына көбірек көңіл бөлсек, көп нәрседен ұта аламыз, – дейді Мағжан Сағымбаев.

Бүгінде Мағжан Сағымбаев Қазақ географиялық қауымдастығымен бірлесіп кітап жазып жатыр. Биыл бұл еңбек жарыққа шығады.

 

«Ақшамның» анықтамасы:

Мағжан Талапұлы Сағымбаев – 1988 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Велосипедпен еліміздің туын көтеріп, 28 784 шақырым жерді жүріп, 22 ел мен 4 құрлықты аралаған алғашқы қазақстандық азамат.

ҚР триатлон федерациясының әуесқой мүшесі;

Қазақ географиялық қауымдастығының мүшесі. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *