Сағыныштың ақыны атанған

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

 

Әдебиетшілер үйінде Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдас­тыруымен өмірден ерте кеткен аса талантты ақиық ақын Төлеген Айбер­геновтің жыр кеші болып өтті. Әдеби шараны ақын Бейбіт Сарыбай жүргізді. Бұл жиын Төлеген Айбергеновтің өткен жылы туғанына 80 жыл толған мерейтойының қорытындысы іспеттес болды. Өткен жылы ақынның ме­рей­тойы Алматы мен Астанадан бастау алып, Мәскеу мен Нүкісте, Ақтөбе мен Шымкент, еліміздің өзге де өңірлерінде кеңінен аталып өткен еді.

Жыр кешінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет құттықтау сөз сөйледі:

– Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің қарсаңында аталып өтіп отырған «Бір тойым болатыны анық менің» деп жырлаған Төлеген Айбергенов әлем ақыны болуға әбден лайық азамат еді. Егер ақынның өлеңдері өзге тілдерге аударылған болса, барлық халықтың жүрегін жаулап алар еді. Төлеген ақын жалынды жырлары­мен елге тез танылып, үлкен-кіші ақындар оған еліктеп, үйреніп өтті десек, ешбір артықтығы болмас. Кейінгі кезде де өздерінің бағын поэзия әлемінде сынап көргісі келген жас ақындар да Төлегенге соқпай кетпейді, – деді.

Жазушылар одағы басқармасы төр­ағасының орынбасарлары Бақыт Беделхан, Мереке Құлкен, қарт қаламгер Зәкір Асабаев, «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының жетекшісі Сәбит Тоқымбетов бір топ талантты жастарға Төлеген Айбергенов медалін табыс етті. Бұл медаль «Сағыныш­тың жаршысы» атты ақын өлеңдерінің негізінде Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері сахналаған қойылым жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дариға Тұранқұловаға да салтанатты жағдайда табыс етілді. Өзінің шәкірттеріне қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын сүйіп оқып, жұртшылыққа насихаттауда Дариға Тұранқұлова көптен бері жемісті еңбек етіп келеді. Әдеби шарада еліміздің танымал әншілері ақын Төлеген Айбер­геновтің өлеңдеріне жазылған әндерді орындады.

Жыр кешінің соңында Төлеген Айбер­геновтің қызы Салтанат әкесінің аруағын сыйлап келген жұртшылыққа алғыс сезімін жеткізді.

Дүниеге есігін ақжарқын ақ көңілмен ашқан, сағыныштың ақыны атанған Төлеген Айбергенов Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында 1937 жылы 3 наурызда туған еді. Ташкент педагогикалық инс­титутын бітірген соң Қоңырат ауданын­дағы орта мектепте мұғалім, Шымкент облысының Сарыағаш ауданындағы кешкі жастар мектебінде директор болды, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросында қызмет етті. Өлеңдері республикалық баспасөзде 1957 жылдан жариялана бастады. Туған жерге деген албырт сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы өлеңдері 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинаққа енді. Қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғақ, тегеурінді екпін әкелген поэтикалық жыр кітаптары: «Арман сапары», «Өмірге саяхат», «Құмдағы мұнаралар», «Мен саған ғашық едім», «Аманат», «Бір тойым бар», балаларға арналған «Бақшаға саяхат» сурет-кітапшасы  жарық көрді. Сондай-ақ, орыс тілінде «Мир созвездия» (1987 жыл) деген атпен таңдамалы өлеңдері аударылып басылды. «Ақерке Жайық», «Жаңғырған Маңғыстау», «Қазақстан», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Ақ қайыңдар», «Бір тойым бар», өзге де өлеңдеріне жазылған әндер ел арасына кеңінен танымал. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1974 жылы, қайтыс болғаннан кейін). 1997 жылы ақынның «Таңдамалы өлеңдер» жинағы мен ол туралы жазылған «Біргемін мен сендермен» атты естелік кітап, 2001 жылы «Бір тойым бар» атты жыр кітабы жарық көрді. Жастарға арналған Т.Айбер­генов атындағы әдеби сыйлық та бар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close