НАУРЫЗДЫҢ ЕҢ НЕГІЗГІ НЫШАНЫ – ТАЗАЛЫҚ

525немесе арық тазармай –қала тазармайды

Мәншүк БЕКБОСЫН

«Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген көнеден жеткен сөз бар. Ата-бабаларымыз бұл айға бекерден-бекер үміт артпаса керек-ті. Өйткені, қањарлы қыстан кейін жер аяғы кеңіп, көктемгі шаруаның қызу басталар шағы. Осы кезде қалада да қауырт істер көбейеді. Солардың бірі – қаланың санитарлық тазалығын қалыптастыру.

Наурыздың ең негізгі нышаны – тазалық. Күлі шашы­лып, қоқысы қобырап жатқан жерге береке қонуы екіталай нәрсе. Өйткені, ауру-сырқау да, пәле-жала да салақтар санатындағыларға серік болуға бейім. Сондықтан, ауласымен бірге қаласының да бағын жандырғысы келетіндер алдымен тазалыққа мән бергендері жөн. Осы орайда бүгінде қала бойынша әр ауданда белшесінен қоқысқа батқан арықтарды  тазалау жұмыстары басталып кетті. Жасы­ратыны жоқ, бүгінде арық-атыздар қала халқының қоқыс тастайтын орнына айналған. Арықтардың ластанғанын ешкімге дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Қала тұрғындары арықтарға қоқыс тастауын қоймай келеді. Бүгін тазаласаң, ертеңіне-ақ толып қалады. Аяқ бассаң сүрініп құлайтының – пластикалық ыдыстар, пакеттер, қағаздар. Тіпті, тағам қалдықтары мен босаған ыдыстар да бар. Ол-ол ма, тұрғындардың бәзбірі аулаларын кеңейту мақсатымен көшедегі арықтың үстіне құрылыс жүргізеді. Содан кедергіге тап болған су сыртқа қарай ағады да, көшелер су қоймасына ұқсап жатады. Оған жауған жаңбырды, күн жылынса, еріген қардың суын қосыңыз. Сарылдап аға жөнелер сағасын таппаған су жол бойына жайылатыны анық. Мұндай жағдай жүрер көлікке де, жаяу адамға да қолайсыздық тудырады.

Арықтардағы күл-қоқысты көріп, бізде әлі де таза­лық, экологиялық мәдениеттің орнықпай тұрғанын байқау қиын емес. Бүгінде жастар ғана емес, егде жастағы адамдар да қолында ұстап келе жатқан қалдықты көрінген жерге лақтыра салады. Қоғамдық орын болсын, демалыс орны болсын, бәрібір. Бүгінде қоқыс лақтырып бара жатқан зейнеткерді де жиі ұшырастырамыз. Мұның барлығы қала тұрғын­дарының өзі тұратын қалаға  деген сүйіспеншілі­гінің, жанашырлық көзқарасының олқы соғып жатқанын дәлелдейді.

Қалада «Алматы қаласының 2009–2014 жылдарға арналған қала аумағындағы сел суларын ауыздықтау мен бұру бағдарламасы» қабылданған болатын.  Бұл ретте Алматы қаласы Табиғи ресурстар және таби­ғатты пайдалануды реттеу басқармасы көріктендіру бөлімінің бастығы Дәурен Нұрдәулетовтің айтуынша, бүгінде мегаполисте мың шақырымнан асатын арық жүйесі бар екен. Қала аумағындағы арық жүйелерін бақылау міндеті аудан әкімдіктеріне жүктелген. 2009 жылдан бері қала аумағында 191 шақырымға жететін арық жүйелері қалыпқа келтіріліпті.

– Биыл Түрксіб және Жетісу аудандарының арық жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Өткен жылы Әуезов, Бостандық және Алмалы ауданда­рында 20 шақырымға жететін арық жүйелері салынды, – дейді Д.Нұрдәулетов.

Арықтар қалаға су ғана емес, арнасымен таза ауа да әкелетінін естен шығармау керек. Қаладағы арық тазарып, түзелмей, қала тазармайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *