Молшылық пен тоқшылық мейрамы жылдағыдан өзгеше аталып өтті

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

 

Шаляпин көшесі мен Алтынсарин даңғылына қарай жүріп келеміз. Әуезов ауданы әкімдігінің ғимаратына жақындаған сайын құлаққа естілген әуеннің даусы күшейе берді. Көшедегі көпшіліктің бәрі дерлік мейрамға асығып бара жатқандай. Біз де көптен қалмай, ілесіп жүріп келеміз.

Н.Сац атындағы мемлекеттік акаде­мия­лық балалар мен жасөс­пірімдер театрының алды бүгін адамға лық толы. Үстеріне ұлттық киім киген жұртшылық алаңда көрсетіліп жатқан ұлттық ойын­дарды тамашалап тұр. Мұнда бір топ көрермен қол күреске куә болса, екінші бір топ күрестің жанкүйері, тағы бір топ адам асық атысып ойнап жатыр. Спорттық ойындарды көргесін ары қарай жүріп, мерекелік концертті тамашаламақ болдық. Әкімдік ғимаратының алдындағы алаңға жиналған жұртшылықта есеп жоқ. Алаңның төріне құрылған үлкен сахнада өнер жұлдыздары ән шырқап, би билеуде. Жолдың екі жағынан қолөнер бұйымдары мен ұлттық өнер туындыларын көруге болады. Алаңның орта жағында ауданның жастары өз өнерін ортаға салып, көптің көңілін табуда. Көпшілік мерекенің биыл жылдағыдан ерекше ұйымдастырылғанын айтып, Наурыз мейрамын тойлаудың жылдан-жылға қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті.

Бұл күні мұнда келгендердің ешбірі дәмнен ауыз тимей кетпеді. Киіз үйлер тігіліп, дастархан жайылды. Қаз-қатар қойылған үстелдер арнайы тұрғындар мен мерекеге келушілерге арнап наурыз көже мен бауырсақ үлестіріп жатты. Таратылған көже мен бауырсақта есеп болмады. Жұртшылық наурыз көжені тойғанша ішті. Әуезов ауданы әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ұйым­дастыруымен өткен шара кеш батқанша жалғасын тапты.

Аудан тұрғындары мерекені «Ақсай-4» ықшамау­данының аумағында да атап өтті.  Наурыз мерекесі мен Астана қаласының 20 жылдығына орайластырылған шарада тұрғындар назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, наурыз көже үлестірілді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *