Өмірлік ұстанымымды ешқашан өзгерткен емеспін

Қатаң талап етуді өзімнен бастағанмын, ол қасиетімді қатыгездікке жатқызатындар да табылады

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЙ

 

Елбасының сеніміне ие болған азамат

 

Алматының жоғары жағындағы Тими­рязев көшесінің бойына орналасқан Респуб­ли­калық спорт колледжінің директоры Амалбек Қозыбақұлы Тшановтың қызмет кабинетіне имене енген едік. Кезінде Шымкенттің әкімі болғанда шаһардың шырайын кіргізген, Жамбыл облысын басқар­ғанда үлкен жаңаруларды өмірге алып келген, Жоғары Кеңестің екі шақы­рылымында  және Парламент Мәжілісінің екі мәрте депутаты болып сайланғанда биік  мінбеден халық мүддесі үшін жаңашыл бастамаларды  батыл көтере білген, кезіккен кедергілерді бұзып-жарып өтіп, жүрген жерін гүлдендіре білген, ел ішінде «қатал да, талапшыл басшы» атымен белгілі, өмірлік ұстанымы берік қайраткер азаматпен бетпе-бет келгенде аздап болса да қаймыққанымыз рас. Шымыр дене бітімі кәстөмінің өңірін керіп, жақ еті қайынның безіндей білеуленіп тұрған Амалбек Қозы­бақұлының жастайынан спортпен шұғыл­данғаны бірден сезіледі. Ағамыз орнынан тұрып, қол беріп амандасып, қапталдағы үлкен үстелге келіп жайғастық. Сырт тұлғасы 75-тегі емес, 60-тардағы қимылы ширақ, ойы сергек ересек кісіге лайық болмысы айқын көрініп тұр. Жақында ғана осы кабинетте Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы  кемел жасқа келуімен құттықтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатын салтанатты түрде табыстап кет­кен екен. «Сіз елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткерісіз. Республикамызда құрылыс жұмыстарының дамуына өз үлесіңізді қосып, осы саланың министріне дейінгі жолдан өттіңіз. Шымкент қаласы мен Жамбыл облысының әкімі, Парламент депутаты болған жылдары біліміңіз бен тәжірибеңізді Отанымыздың өркендеуіне, Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуы мен нығая түсуіне арнадыңыз. Қай қызметте де өзіңізді білікті маман, іскер басшы, ел мен халық мүддесіне шын берілген тұлға ретінде көрсеттіңіз. Енді міне, көп жылдан бері Республикалық спорт колледжін абыроймен басқарып, жастарды табандылық пен мақсаткерлікке, салауатты өмір салтын ұстануға, ел абыройын арттыруға қызмет етуге тәрбиелеп келесіз. Сондықтан Сіздің еңбегіңіз бен өмір жолыңызды ел-жұрты­ңызға адал да абыройлы қызмет етудің жақсы үлгісі деп білемін» делінген Елбасы­ның Алғыс хатында. «Ұлық болсаң кішік бол» дегендей, еліміздің өркендеп-дамуына өлшеусіз үлес қосқан, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының, Шымкент қаласының, Төле би мен Шар­дара аудандарының Құрметті азаматы Амал­бек Қозыбақұлы хатшы қызға шай алдырып, жайдары да қазақы мінезімен емін-еркін әңгіменің өрбуіне жол ашып берді.

 

О баста музыкант болғым келген

 

– Амалбек Қозыбақұлы, жас кезіңізде ел басқарам деген ой болмаған да шығар. Өзіңіз арман еткен мамандық түрі болды ма?

– Мен өзі көпбалалы отбасында дүни­еге келдім. Көпбалалы үйдің балала­рындай бір-бірімізге, үлкеніміз кішімізге қамқорлық көрсетіп, жетелеп өстік десе болады. Ол кезде ауылдағы үлкен де, кіші де колхозда жұмыс істейтін. Төртінші сыныпты бітірген біздер де колхоздың жұмысына ерте жегілдік. Соғыстан кейін­гі ауылдағы жұмыстың көпшілігін қарттар мен балалар атқарғаны тарихтан белгілі. Шама-шарқымызға қарай бидай тасы­дық, шөп ордық, шөмеле салдық. Біздің әулеттен соғысқа төрт азамат аттанған еді. Әкем, үлкен ағамның жасы он алтыда болса да колхоз бастығы бір жағдайлармен он сегізде деп жаздырып, соғысқа жіберген. Анамның жалғыз інісі Құдайқұл да жеті жасынан жетім қалып, біздің үйде өсті. Үлкен бабамыз Байназардың бес ұлы болған. Олардың ең үлкені Өмірзақ, оның баласы Қозыбақ. Мен Қозыбақтың бел баласы болсам, Тшан сол бес ұлдың ең кішісі болды.  Ол кісі әкемнің інісі болып келеді. Сол Тшан ағамыздың үйіндегі Күлдар анамыз отыз бір жасында жалғыз қалып, мені ұл етіп асырап алды. Бірақ қиын-қыстау кезде бәріміз бір шаңырақтың астында тұрдық. Екі ағам да майданнан оралған соң мектепте мұғалім болды, үлкен ағам мектеп директоры болып көп жыл қызмет етті. Екі ағам да домбыра тартып, гармонға қосылып ән айтатын. Екінші ағам өнерге бейім болып, ауылдағы сауық-сайранды ұйымдастырып жүретін. Мен де сол ағаларыма еліктеп, мектепте оқып жүргенде домбыра тартуды үйрендім. Жетін­ші-сегізінші сыныпта гитарада ойнап, баян тартып жүріп, жоғары сыныпта музыкант болуды армандадым. Мектеп бітірген соң үйдегі үлкендерге «Алматыға барып, консерваторияда оқып, музыкант боламын» деген ойымды айттым. Сонда үлкен ағам: «Әртіс болып, ел кезіп жүрмек­сің бе? Одан да Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтына барып, техни­калық мамандықты меңгеріп шықпайсың ба?» деген ақылын айтты. Үйдегі үлкен­дердің ұсынысына бір ауыз қарсылық білдір­мей сол оқу орнында бес жыл оқып, инженер-механик мамандығын алып шықтым. Шардара қаласына барып, әпкем­нің қолында тұрып, «Өндірістік-құрылыс материалдары» тресінің құрылыс материал­дары комбинатында алғашқы еңбек жолым­ды бастадым. Сол мамандықты игеру мақсатымен өзім бітірген институтқа сырт­тай бөліміне қайта келіп оқып, инженер-құрылысшы мамандығын алып шықтым. Ары қарай құрылыс саласында жұмыс істеп кеттім. Шымкент қаласындағы «Өнді­рістік-құрылыс материалдары» тресінің бас технологі,  «Оңтүстік-құрылыс конструк­циясы» тресінің бас инженері және бас директоры еңбек сатысынан өттім.

 

Фонарьдың жарығымен жұмыс істеген кезіміз болды

 

– Шымкент қаласы мен Жамбыл облы­сы­на әкім болып келгенде бір қоғамдық құрылыстан екіншісіне ауысқан нағыз тоқы­рау жылдарына,  қайта құрудың алғашқы қиын кезіне тап келгеніңізден хабарымыз бар. Қаржының тапшы, бәрін қайтадан бастау керек болған,  қалада халыққа аса зәру жарық жиі сөніп, ұн мен көмір тапшы кезде басшылық қызмет атқару сізге жеңіл соқпаған болар?

– Тоқсаныншы жылдың басында  демократиялық қарым-қатынас енді белең алған тұста Жоғары Кеңеске депутат болып сайландым. Оған дейін үлкен құрылыс мекемесінде бас директор болып қызмет етіп жүрдім. Үш комбинат, екі зауытымыз болды, төрт-бес мыңға жуық жұмысшы еңбек етті. Тоқсан бірінші жылдың желтоқ­санында Ел Президенттігіне сайлауға дайындық басталған кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты болып жүріп, Оңтүстік Қазақстан облысы бойыншы Президентік­ке үміткер Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді өкілі болдым. Тоқсан екінші жылы басқарудың әкімшілік жүйесі іске асқанда облысымызға Қазақ химия-технологиялық институтын бітірген Марс Фазылұлы Үркімбаев деген азамат әкім болып келді. Сол кездегі жоғары жақтың ұсынысы болу керек, тоқсан екінші жылы қаңтар айында Шымкент қаласына әкім етіп тағайын­дады. Мемлекет мүлкі жаппай жекешелен­діріле бастаған, тоқыраудың алғашқы толқыны басталған шақта бұрынғы қоғамдық жүйе ыдырап, қалада жарық жиі өшіп, мектеп оқушылары тақта алдында аш өзек тұрып, көзі қарауытып құлап қалып жатқан кез еді. Қалалықтар саяжай­ларына бара алмай қалды. Қала бюджетінде қаржы тапшы қиын-қыстау кезде жоқтан бар жасап, үлкен қаланың бүкіл инфрақұ­рылысын ұстап тұру қажет болды. Бар тапқан-таянғанымызды қала мұқтажына барынша үнемдеп жұмсауға тура келді. Қалаға қыс маусымында ең қажетті инже­нерлік инфрақұрылымдар (жылу, су, электр жүйесі, т.б.) – жарық пен жылу еді. Ша­руашылық саласында қызмет істе­генімнің пайдасы тиіп, қысқа дайындықты ерте бастағандықтан, қалаға қажетті бар­лық коммуналдық қызметтен таршылық көр­сетпедік. Саяжайға қатынайтын аза­мат­­тардың жекешеленген автопарктер­мен келісім-шартқа отырып, жетісіне бір рет жұмсалатын  қаржының елу пайызын қала бюджеті есебінен төлеп тұрдық. Бұл шара қиын-қыстау азық-түлік тапшы кезде сая­жайда бақша өнімдері мен көкөнісін өсіріп, қыстық өнімін жинап алуға көп көмек болды. Қала мектептеріндегі бірінші сыныптан төртінші сынып оқушыларына күніне бір мезгіл тегін ыстық тамақ бергі­зуге шешім қабылдадым. Қала тіршілігінде менің жаныма қатты батқаны – жергілікті халықтар ауызсу тапшы, жылу мен газ тартылмаған, балаларын оқытатын мектеп және дәрігерлік көмек қала шетіндегі бұрын «Нахаловка» деп аталынып кеткен кіші аймақтарда ауыр тұрмысты бастан кешіріп жатқан еді. Сол шеткері ауылдарға қатынайтын асфальт жол салып, мектеп тұрғызып, газ бен су құбырын тартқызып, дәрігерлек амбулаториялар ашуға күш салдық. Мен өзі Шымкентте әкім болып бар-жоғы бір жыл он-ақ ай қызмет еттім. Сол халық үшін қиын-қыстау кезде еткен аз еңбегімнің нәтижесі төрт рет депутат болып сайлануыма зор көмегі тиді. Халық еткен еңбегіңді ешқашан ұмытпайды, жоғары биліктегілер ұмытуы мүмкін. Сол кездегі қатаң тәртіп пен жауапкершілікті талап етуім өзінің нәтижесін берді де. Көп адамдар қатаңдық пен қатыгездіктің ара­жігін ажырата алмай келеді. Жалпы, мен өте қатаң адам екенімді мойындаймын. Ең алдымен, өз-өзіме қатаңмын. Сол Шымкент­­те әкім болып жүргенде таңғы сағат алтыда жұмысқа келетінмін. Түн жарымында жұмысымызды аяқтап, ертеңгі атқарылар міндетті әбден пысықтап алып, үйге қайтатынбыз. Бұл туралы кезінде газеттер де жазды, сол кезде бірге қызмет атқарған азаматтар да жақсы біледі. Керек десеңіз, сол кезде өз балаларымның қалай өсіп жатқанына көңіл бөлуге де уақытым болмаған екен. Барлық ынта-жігерім қала халқын қалай қиын кезден аман алып шығуды ойлаумен болды. Мысалы, сол кезде қала көшелеріне су себетін, ағаштар­ды суаратын 60–70 автомашина бар екен. Олар жұмысты қалай болсын солай атқа­рып, жеке мүдделерін ойлаумен келген. Қаржының тапшылығынан сол автомаши­на­ның елу пайызын қысқартып, тек жарам­­дыларын қалдырып, қатаң жұмыс кестесін жасатып, көше-көшеге су сеуіп тұруды қадағаладық. Жауын жауып тұрған кездің өзінде көшеге су сеуіп жүрген автомашиналарды көрген жұрт: «Қала әкімінің бұл не істегені?» деп әңгіме еткен кезі де болды. Жауын асфальт жолды жібіте­ді, ал сол кезде су сеуіп өткенде қала көшелері тап-таза болып тұратын. Кешегі кеңестік кезде қаладағы аялдамаларды әрбір мекемеге бекітіп беріп, оларды әркім өзінше жасайтын. Қала сәулетшілерінің басын қосып, әрбір аймақтың ерекшелігіне байланысты аялдамалардың жобасын жасатып, сол мекемелерге қайта бекітіп бердім. Айырмашылығы әр мекеме өз білгенін емес, архитектуралық әсемдігі бар жаңа аялдамалар пайда болды.

Жамбыл облысына әкім болғанда да не жарық жоқ, не газ жоқ не бюджет жоқ кезге тап келдік. Орынбасарларымды таңғы алты­да жинап алып, тапсырма беріп, аудан-ауданға жіберіп, түнгі он бірлерде қайтадан бас қосатынбыз. Түнгі бір-екі­лерге дейін фонарьдың жарығында отырып талқылап, алғашқы айларда осылай жұмыс жаса­ған кезіміз де болды. «Неге үлкен облыста жарық пен газ жоқ?» деген мақсат­пен жұ­мыс жасап, Өзбекстанмен қайта­дан келісімге келіп, жұмысымыз алға баса бастады. Газ Шымкент арқылы өтсе де ол қаланың халқы таршылық көріп отырды. Сол кездегі облыстың бюджеті қазіргі бір ауданның бюджетінен де кем еді. Ол кезде әрбір тиынды санап, барынша үнемдеп жұмсап, жұмыс атқаруға тура келді.

 

Тараздың көне атын қайтарғанбыз

 

– Амалбек Қозыбақұлы, Сізді ірі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде білумен қатар, ұлттық мәдениетіміздің үлкен жанашыры ретінде де жақсы танимыз. Руханият саласында жаңашыл қадамдарға баруыңызға не себеп болды?

–  Жоғарыда айттым ғой, бала кезден музыкаға бейім болып өстім. Сондықтан өнер мен үшін өте ыстық. Шымкентке әкім болып келгенде Алматыда «Азия дауысы» ән фестивалінің қызып тұрған кезі еді. Ол фестивальдің ешбір ұлттық негізі жоқ болатын. Сол кезде неге біз ұлттық өнері­мізге тән өнер фестивалін қазақтың таны­мал бір композиторының атынан баста­масқа деген ой келді. Ол кезде Еркеғали Рахмадиев ағамыз Мәдениет министрі еді. Сол кісіге шығып, ойымды жеткіздім. Ағамыз бірден хош алып, облыстарға хат жазып, фестивальге өнерпаздардың келуіне көмектесетінін айтты. Осылайша бірінші Шәмші Қалдаяқовтың әнін, екінші композиторлардың Шәмші ағамызға арнаған әндерін орындаудан фестивальдің шартын бекіттік. Алғашқы фестивальге 350-ге таяу талапкер келді. Олардың өнерін үш күннің ішінде тыңдап шығып, бағасын беруге тура келді. Себебі, үш күнде 350 талапкерді тыңдап үлгеру мүмкін емес еді. Қазылар алқасына ұсыныс жасап, тек бір шумағын ғана тыңдадық (мамандар үшін дауыстың бар-жоғын айыру қиын бол­майды деп шештік). Алғашқы фестиваль өте жоғары деңгейде өтті. Бұл Шәмші аға­мыздың атындағы фестивальді екі жылда бір рет өткізіп тұрамыз деп келіскенбіз. Өкінішке орай, мен әкімдік қызметтен кеттім, Шәмші ағамыздың ән фестивалі ұмытылды. Арада төрт жыл өткеннен кейін мен Жамбыл облысына әкім болып бардым. Сонда барғанда Шәмші ағамыздың Жам­был қаласында жеті жыл тұрғанын естідім. «Дунгановка» ауылынан үйдің құрылысын бастап, аяқталмай қалыпты. Әрі компо­зитор ағамыз Жамбыл қаласының Құрметті азаматы екен. 1996-1997 жылдары Шәмші Қалдаяқов атындағы екінші және үшінші ән фестивальдерін халықаралық дәрежеде Жамбылда өткіздік. Ән фестиваліне қатысушылар көп болды, өзіміздің елді айтпағанның өзінде, жеті шет елден өнерпаздар қатысқанын айтсақ та болады.

Жамбылда әкім болып жүргенде Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыздың ірі қайраткер әрі дүниежүзілік білімді меңгер­ген көрнекті тұлға екенін білетінмін. Ол кезде жоғары оқу орындарының басын қосып жатқан кезде Премьер министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовті шақырып, қазақтың танымал ғалымы Манаш Қозыбаев ағамыз бас болып, үлкен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфе­рен­ция өткіздік. Оның жұмысына Өзбек­стан мен Қырғызстаннан көрнекті ғалым­дар қатысты. Конференцияның материал­дарын үлкен кітап етіп шығардық. Оның ішінде менің де баяндамам бар. Сол кезде Тараз университетіне Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыздың аты берілді. Бұрын «Химик» деп аталған сарайды Баласағұн атындағы мәдениет орталығы деп атадық. Таразда орыс-қазақ драма театры бар. Сол өнер ордасына облыстың бірінші басшысы бас сұқпаған екен. Әкім болып барған алғашқы айда сол театрдың орыс труппа­сы­мен кездесу өткізіп, теледидар тарту еттім. Әртістерге облыс басшысымен алғаш рет бетпе-бет жүздесу әлбетте үлкен қуа­ныш. Бір жеті өткеннен соң қазақ труп­пасымен кездесу өткіздім. Театр артисте­рінің жаз маусымында еліміздің облыс орталықтарына гастрольдік сапармен өнер көрсетіп қайтулары үшін аяғына тұра бастаған  мекемелер мен өндіріс орында­рына бекітіп, спонсорлық көмек көрсеттік. Артистер үшін өнерін елге жеткізуден артық бақыт болмаса керек. Сол кезде сыртқа шықпай тоқырап қалған өнер иелері үлкен қуанышқа кенелгендерін әлі ұмытпаған болар деп ойлаймын. Соның нәтижесі болу керек, Жамбыл атамыздың 150 жылдық тойында біздің қазақ труппасы «Гран- при» иеленді.

Мен тарихшы емеспін, бірақ ұлтымызға қатысты тарихтан біршама хабарым бар. Жамбыл қаласының көне кездегі аты Тараз болғанын тарихи деректерден оқып-білдім. Қаладағы тарихшылармен әңгіме­лесе келе, неге біз Тараздың бастапқы атын қайтармасқа деген ой туды. Елімізде Жамбыл атындағы облыс пен аудан, мектептер мен көшелер, өнер шаңырақтары жетерлік. Бұл атаулардың өзі біржақтылау болып көрінуі де мүмкін емес пе? Сол кезде: «Жамбыл Президентіміздің атасы, неңіз бар қозғап?» деп ақыл айтушылар да болды. Өзбекстанға ғалымдарды арнайы жіберіп, Тараз қаласының екі мың жылдық тарихы бар көне қала екенін дәлелдеп, Президентке хат жолдадым. Осы мәселемен Елбасымызға барғанда ол кісі бұл ұсыны­сымызды жылы қабылдап, толық қолдады. Тараз бен Жаркенттің еліміздегі өте көне қалалардың қатарына жататынын айтып, тарихтан көп хабары бар екенін білдірді. Дайындық жұмыстары толық біткенде Елбасымыздың өзі Таразға келіп, Қарақан бабамыздың кесенесі жанындағы болашақ ескерткіштің іргетасына келешек ұрпаққа деген өзінің хатын салып, үлкен шаруаның басы-қасында болғанын өздеріңіз білесіз­ дер. Елбасымыз қар жауып тұрған күні Жамбыдың атын Тараз деп өзгерту туралы тарихи шешімге қол қойды. Бұл – Елбасы көрегендігінің тағы бір белгісі. Сол кездегі қаржының тапшылығына қарамастан Тараз қаласының кіреберісіне 19 миллион теңгеге үлкен қақпа жасаттық.

– Амалбек Қозыбақұлы, адам өмірі бірқалыпты тұрмайды. Өрлеу бар да қайта­дан құлдырау бар. Сіздің өткен өміріңізге ой жіберсек, биліктің биік сатысында тұрып, кенет төмен құлдилап, шағын ғана бір фирма бастығының кеңесшісі болған кезіңіз болған екен. Жалпы, сіздің өмір баспал­дақтарында өкінген, «әттеген-ай» деген кездеріңіз болды ма?

— Сізге айтайын, басымнан өткен жәйт­терді Алланың адамға берген сынағы деп ойлаған жөн. Бірақ мен азды-көпті еңбек етіп жүріп жұмыссыз қалдым екен деп қиналып, қажыған емеспін. Үлкен лауазымды қызметтен кеткен небір аптал азаматтардың уақытша қиындыққа шыдас бермей өмірден өтіп кеткенін де білемін. Барлық кезде айтып та жүрмін, мені ата-анам дүниеге әкелгенде министр не әкім болсын демеген болар. Қаршадай бала кезден жәй ғана қарапайым отбасында өстім. Қиын кезде жалаң аяқ, жалаң бас топырақ кешіп өсіп жүріп тәрбие көрдік. Егер мен өскенде қандай да бір жетістікке қол жеткізсем әкемнің арқасы деп ойлай­мын. Әкем мені қаршадайымнан еңбекке баулыды. Жеті-сегіз жасымда таңғы бестен оятып алып, тауға қамыс оруға алып кете­тін. Сонда анамыз: «Тауға жалғыз баруға қорқасың ба? Мына қаршадай бала саған қандай жәрдем береді?» деп кейитін. Кейіннен ой жіберсем, әкем өзінің өмірін­дегі қиындықты көрмесе екен, жастайынан еңбекке үйренсе екен деген мақсатпен ерте еңбекке баулыған екен. «Әттеген-ай» деген мәселеге келетін болсак, Шымкентке әкім болып келіп, алдымызға үлкен міндет қойып, енді-енді іске қызу кірісіп жатқан­да Оңтүстік Қазақстан облысына Зауытбек Тұрысбеков әкім болып келген бетте ешқандай себепсіз мені қызметтен босатты. Халықтың мен туралы пікірі бір бөлек те, әкімдікі бір бөлек болды. Мен бір «халық жауы» сияқты шетте қалып қойып, төрт ай жұмыссыз отырдым. Содан екінші рет халықтың алдына шығып, Жоғарғы Кеңес  депуттаттығына үміткер болып тіркелдім. Халық маған сенім артып, бес үміткердің ішінен мені екінші рет Жоғарғы Кеңеске депутат етіп сайлады. Әуелі Алланың, екін­ші халықтың қолдауымен депутат болып сайландым. Одан кейін Жамбыл облысы­ның әкімдігінен босағаннан кейін де бір жыл тоғыз ай жұмыссыз отырдым. Отбасын асырау мақсатында жалақы алу керек болып, өзің айтқан «Адис» фирмасы басшы­сының кеңесшісі болып баруға тура келді. Сол кезде еңбектеніп жүріп, канди­даттық диссертациямды қорғап алдым. Егер әкім болып жүрген кезімде докторлық еңбегімді де қорғауға да болар еді, артық ауыз сөзден қашып, бұрынғы өндірісте істеген жұмысымның нәтижесін қорытып, техника ғылымының кандидаты атағын абыроймен қорғап шықтым. Егер адам баласының айналысар шаруасы болса, көп қиыншылықтан құтылуына болады. Жам­былға қызметке келгенде ол қызметтің басы мен соңы болатынын сезгенмін. Бірақ үлкен міндет жүктелген қызметтен екі жыл үш айда кетемін деп ойлаған емеспін. Жамбылға барғанда ауқымды бағдарлама жасап алып, оны орындау мақсатында қызу жұмысқа кіріскен болатынбыз. Мен елді түсініп, ел мені түсініп дегендей, жұмыс жасап жатқанымызда бел ортадан тоқтатуға тура келді. Сонда да іште пікір қалғанымен қатты қиналған жоқпын. Шымкент пен Жамбылдан кеткеніме жиырма жылдан асса да халқы әлі күнге ұмытпайды. Бәрінен де мен үшін өмірдегі үлкен қайғы – жоғары оқу орнын бітіріп, қалалық банкіде қызмет істеп жүрген үлкен ұлым Нұрғалидың жол апатынан өмірден ерте кеткені қасірет болды. Өмірде бәріне төзуге болады, денеге ауыр соққы алсаң жара­сы жазылады, үлкен лауызымдық қызметтен кетсең, оның да ауыртпалығы  ұмытылады. Ал жүректегі жара ешуақытта жазылмайды екен.

 

Қалаға тал отырғызудың мәдениетін үйренуіміз керек

 

– Амалбек Қозыбақұлы, енді әңгімемізді өзіңіз өмір сүріп, қызмет етіп жүрген үлкен мәдениет орталығы – Алматы қаласына қа­рай бұрсақ. Алматының қазіргі өсу-даму деңгейіне сіздің көзқарасыңыз қандай? Алматымен қай кезден бастап байланысы­ңыз болды?

– Алматы қай кезде болмасын өзінің ерекше көркімен, табиғатымен, жыл сайын жаңарып-жасаруымен елдің назарын аударып келе жатқан қала екені белгілі. Студент кезімде спорттың бокс түрімен айналысқандықтан жетпісінші жылдардан бастап Алматыда өткен жарыстарға жиі келіп тұрдым. Еліміздің құрама команда­сының сапында шаршы алаңға шығып та жүрдік. Ол кезде көшеде көлік аз болған­дықтан, қыстың кезінде жерге түскен қар аппақ болып жататын. Қыс ауасының өзінде күн жылы болғандықтан жеңіл киім, туфлимен жүре беретінібіз. Алматы әлемдегі еш қалаға ұқсамайтын ерекше қала. Халқымызда: «Алланың құдіретін көргің келсе, тауға бар» деген тәмсіл бар. Құдірет­тің бәрі осы тауда. Халыққа дем беріп тұрған да тау емес пе? 1994 жылы Алма­тыға көшіп келдік. Жоғарғы Кеңестің арнайы шешімі бойынша осында тұрақты қызмет істеуге алып келді. Құрылыс министрі болып қызмет етіп, осында тұрақтап қалдық. Содан бері ширек ғасыр өте шығыпты, бүгінде Алматының байырғы тұрғыны болдық. Алматы қаласы маған өте ұнайды, жүрегіме жақын десем болады. Алматыны әр кезде басқарған азаматтар өздерінің шама-шарқынша қаланың әлеуетін жақсарту мақсатында еңбек етіп келеді. Кейінгі кезде Алматы күннен-күнге көркейіп келе жатыр. Алматыда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, заманауи келбетін ауызбен айтып жеткізу қиын. Бәрі керемет, бірақ менің көкейімде Алматы көшелеріндегі ағаштардың өсуі талапқа сай емес-ау деген ой тұрады да қояды. Бұл мәселені тек мен ғана емес, қаланың өзге тұрғындары да байқап жүр­ген болар. Бұл туралы қала әкімінің қабыл­дауында болғанда Бауыржан ініме айттым да. Қаланың ұсқынын кетіретін, қалай болсын солай өсіп тұрған терек пен қара­ғаштан арылатын кез келді. Олар қаланың емес, даланың ағашы деп өздерің газетте­ріңде де жаздыңдар емес пе? Бұл ағаштар тез қурап, ұштары сарғая бастайды, аллер­гия­лық аурулардың да ошағы болып табы­лады. Оны  өзімнің тәжірибемнен айтып отырмын. Жамбылда әкім болып тұрғанда қарағаш пен теректі түгел қырқып тастауға шешім шығарып, орнына сәндік ағаштар отырғыз­дық. Қаланың шырайын келтіретін аласа да сәнді болып өсетін ағаш түрлері көп қой. Ағаш отырғызудың да өзіндік мәде­ниеті бар. Ағаштардың арасын алшақ етіп отырғызу керек. Ал Алматыда өсіп тұрған ағаштар жиілі­гінен бір-бірімен тұтасып кеткен. Көрікті үйлердің келбетін бүркеме­леп, ашпай тұрады, сұлу келін­шектің бетін паранжімен бүркеп қойған сияқты. Ал біздің Алматыға қандай ағаш отырғызсаң да көгереді емес пе? Алматыдай көрікті қала­ның сұлулығын ашу керек. Қалада мүмкін­дік көп қой. Қызмет бабы­мен шет елдерге барып жүріп өркениетті елдер қалаларын­дағы ағаш отырғызу мәдениетіне еріксіз риза боласың. Париж­дегі талғаммен отырғызыл­ған ағаштар еріксіз көз тартады, қаланың әсемдігін айқындап тұр.

– Сіз Алматыда Бокс академиясын ашу туралы бастама көтерген екенсіз, оның соңы не болды?

– Ұмытпасам, 2011 жылы болар, Қазақстан Бокс федерациясына президент болып Темір Құлыбаев келді. Алматы қала­сында Кеңес Рақышевтан кейін мен прези­дент болдым. Сол кезде біздің Республи­калық спорт колледжінің базасынан Бокс академиясын ашу туралы ұсыныс айттым. Темір Құлыбаев біздің колледжді аралап көріп, бұл ұсынысымды қолдады. Бұл екі азамат та біздің колледж жұмысының жанда­нуына көп қолдау көрсетті.  Бүкіл­әлемдік Бокс федерациясының және Орта Азиялық Бокс конфедерациясының прези­денті, екеуі де қытай азаматтары, олар да келіп көріп, менің ұсынысымды мақұл­дады.  Кейіннен табиғат жағдайы қолайлы Талғар жақтан ашамыз деген шешім қабыл­данды. Қазіргі кезде Бокс акаде­миясы толыққанды жұмыс істеп, спортшы­ларымыз сонда жаттығу жасап, шеберлігін арттырып жатыр. Осылайша елімізде Бокс академиясын ашу туралы бастама о баста менің тарапымнан болғаны рас.

Ақыры спорт туралы әңгіме қозғалды ғой, мен сізге айтайын, сырт елдерден спорт­шыларды алып келіп, еліміздің намысын қорғатуға тікелей қарсымын. Шет­тен қомақты қаржы төлеп, мықты жаттықтырушыларды алып келіп, олардың қара­мағына талантты өзіміздің жас спорт­шыны бекітіп беру керек. Ал қазақ жастары қай салада болмасын өте талантты. Біздің колледжден «Алаш» деп аталатын футбол командасын құрдық. Талантты жастарды іріктеп алып, жұмыс жасап жатырмыз. Нәтижесін алдағы кезде көретін боламыз.

 

Даңқты спортшылардың ұстаханасы атанған оқу орны

 

– Амалбек Қозыбақұлы, енді өзіңіз басқарып отырған еліміздегі бірден-бір байырғы оқу орны  – Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжінде жастар­ды спорт түрлеріне баулуда қол жеткізген жетістіктер туралы айтып берсеңіз?

– Өткен ғасырдың жетпісінші жылда­ры­ның басында құрылған спорттық бағыт­та жалпы білім беру мектеп-интернаты, спорттық резервті дайындауда  Республи­ка­лық спорт колледжінің 45 жылдан аса тарихында Д.Тұрлыханов, О.Турчак, В.Лю­кин, Б.Байсейітов, М.Мамыров, И.Байрамуков, В.Новиков, О.Шишигина, Е.Ибрагимов, өзге де даңқты спортшылар әр жылдары бізден қанаттанып шыққан.  Қазіргі таңда колледжде спорттың 17 түрі бойынша жас спортшылар дайындықтан өтеді. 2017 жылы колледждің 162 оқушысы спорт түрлері бойынша еліміз құрама командасының мүшесі болды. Өткен жылы колледж бір әлем чемпионын және 7 әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегерлерін дайындап шығарды. Спорт түрлері бойынша және жас ерекшеліктеріне  қарай  25 Азия чемпионаттарының жүлде­гер­лерін және 54 Қазақстан чемпиондарын дайындады. Колледж оқушыларының сапа­лық құрамына тоқталар болсақ, 17 Халық­аралық дәрежедегі спорт шебері, 83 Қазақ­станның спорт шебері бар. Оқу орнында оқу-жаттығу жұмыстарын 62 жаттық­тыру­шы жүргізеді. Олардың 6-ы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықты­рушысы, 17-і біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы, 25-і білік­тілігі жоға­ры деңгейдегі бірінші санатты жаттық­тырушы болып келеді. Биылғы жылы Аргентинада өтетін Жастар олим­пиада­сына 9 спорттың түрінен 16 спорт­шы­мыз үміткер болып, лицензияға тала­суда. Алла бұйыртса нәтижесін көреміз деген үміт бар. Сонымен бірге, Жазғы Азия ойындарына 16 спортшымыз қатысады деп күтілуде. Қазақстан спортының өркен­деуіне, жас ерекшеліктері бойынша еліміз­дің ұлттық құрама командаларының жасақ­талуына мектеп-интернат-колледж­дер зор үлес қосып отыр. Ересектер ұлттық құрама коман­даларының, яғни еркін күрестің 50, дзюдоның 30, таэквондоның 50, ауыр атлетиканың 45, грек-рим күресі­нің 60, бокстің 25, әйелдер күресінің 30, жеңіл атлетиканың 20, семсерлесудің 40 пайызын Республикалық спорт коллед­жінің түлек­тері құрап отырғанын айтсақ та жеткілікті.

– Амалбек Қозыбақұлы, бұл сауалым ыңғайсыздау болуы да мүмкін, Сіздің үлкен лауазымдық қызметте жүрген кезіңіз бен қазіргі көзқарасыңызда айырмашылық бар ма?

– Үлкен лауазымдық қызметте болған азаматтар да кейінгі қызмет барысында  өзіне лайықты шаруамен айналысады. Әкім мен министр немесе депутат болып жүргенде, әрине, мүмкіндік мол еді. Ал қазіргі кезде атқарып жүрген қызметіңе байланысты барлығы шектеулі екенін біле­сің. Бірақ мен қай кезде болса да өзімнің өмірлік ұстанымымды ешуақытта өзгерткен емеспін. Елбасымызға рахмет, менің еңбегімді бағалады, қай колледждің дирек­торын құттықтап жатыр?

Қазіргі кезде көп нәрсе өзгеріп кетті ғой. Жастайымыздан үлкендердің тәрбиесін көріп, солардың айтқанынан шықпай жүр­ген­діктен кейінгі көп жәйттерге көңіліміз толмай жататыны да рас. Бұрын базарға, не дүкенге бару әйелдердің шаруасы еді, қазіргі кезде базарда ер кісілер сауда жасап тұрады. Нарық шіркін бізге бәрін үйретті ғой. Қазақ: «ауруын жасырған өледі» дейді. Кейінгі жастардың тәрбиесіне көңіліміз толмайтын жерлері де бар. Бұдан біраз жыл бұрын қала көшесінде екі қазақ қызының бір-бірін аймалап тұрғанын көріп, бойым­дағы қаным басыма шапқан еді. Заманның өзгергені болар, бұрынғы ата-бабамыздан қалыптасқан ұлттық құндылықтарды жоғалта бастағандай әсерде жүретініміз бар. Бұған кім кінәлі деген сауал да маза­лайды. Жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп, әуелі қазақ екенімізді естен шығар­майтындай ықпалды жұмыс жасау қажет­тігі туындайды. Иә, адамның жас ерекше­лігіне байланысты ойлау қабілеті де өзгеріп жататыны шын болса керек.

Амалбек Қозыбақұлы Республикалық спорт колледжіне басшы болып 2008 жыл­дың соңында келген еді. Еңбексүйгіш те, талапшыл басшының іскерлігін осы оқу орнын басқарған уақыт ішінде де еркін аңғаруға болады. Ұзақ жыл күрделі жөндеу көрмеген, іші-сырты әбден тозып, құлауға айналған оқу орнын екі жылдың ішінде адам танымастай етіп өзгертіп жіберді. Оқу орнының ғимара­тын күрделі жөндеуден өткізіп, жертөлесіне дейін оқу-жаттығу жұмыста­рына лайық­тап, қайта жасақтап, заманауи құрал-жабдықтармен толықтырды. Жеңіл атле­тика манежін, бокс залын абаттандырып, жазғы стадионды жасыл желекпен көмкеріп қойды. Колледждің ішінде бассейн мен монша бар. Бұрынғы басшылар сатып жіберген колледжге қарасты жерлерді соттасып жүріп қайтарып алды. Колледжде еңбек ете­тін жұмысшы-қызметкерлердің қай-қайсы­сынан сұрасаңыз да Амалбек Қозыбақ­ұлы­ның іскер де талапшыл басшы екенін, оқу орнын аз уақыттың ішінде қалыпты жағ­дайға келтіргенін мақтаныш сезіммен айта­ды.  Республикалық спорт коледжінде күрделі жөндеу жұмыстарының барлығын демеуші­лердің қолдауымен атқарылғаны Амалбек Қозыбақұлының ел ішіндегі беделінің қандай екенін білдірсе керек.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *