МЕН ГАЗЕТ ҰЛТТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ деген сөзге сенемін!

Өткен жүзжылдықтың сексенінші жылдарының соңы. Қоғамның «Енді не болады?» деп абдыраған сәті. Қоғам, анығырақ айтқанда, қазақ тарихқа сұрау салып, тарихшыға жүк артты. Күпті көңіліне ем, тайғанақ аяғына бедер іздеді. «Мен кіммін, қайдан шықтым, қайда барамын?» деген сауалдар мазасын алды. Советтік идеологиядан жеріп газеттен теріс айналған жұрт қайтадан газет-журнал оқи бастады. Ұлы ұстаз Ахаңның «газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі сексен жылдан соң әлгінде ғана айтылғандай қайта жаңғырды, көңілге жылы сезім ұялатты. Бәріміз сөздің күшіне сене бастадық. Ахаңның «халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы», халыққа жанашыр сөз жеткізетін газет жолы, «жол ұзақ, ғұмыр қысқа, қолдан келгенін ғұмыр жеткенше істеп кетелік» деген аталы сөзі ойлы кісіге артылған жүк, жауапкершілік еді. 1989 жылы университеттегі мұғалімдік жұмысымды доғарып, сол кездегі партия тарихы институтына ғылыми қызметке ауыстым. Бұл биліктегі партияның Орталық Комитеті жанынан саяси репрессия құрбандарын ақтауға байланысты арнайы комиссия құрылып, оның қызу жұмысқа кіріскен кезі еді. Институттан Т.Омарбеков екеуміз осы комиссияға материалдар даярлаумен айналыстық.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,академик

Советтік өмірдің соңғы жылдары коммунистік партияның өзінің басшылығымен жүрген бұл жұмыс менің де өмір жолымда мүлдем жаңа кезеңді бастап берген еді. Мен үшін ол өткен ғасырдың басындағы жаңа сападағы азаттық қозғалыстың бастау көзінде тұрған үштіктің (Ә.Бөкей­ханов, А.Байтұрсынұлы және М.Дулатұлы) төл перзенті «Қазақ» газетінің тігіндісіндегі әрбір санда жарық көрген материалдармен қызыға танысумен басталған еді. «Қазақта» жарық көрген материалдар маған сол уақытқа дейін бейтаныс әлемді ашты. Ол менің халқымның ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы еді. Анығырақ айтқанда, газет арқылы   мен танысқан мате­риалдар қазақ деген ұлттың әділет­сіздікпен ашық айқасқа шыққан оқыған азаматтарының жанкешті қызметінің шежіресі болатын. 1913–1918 жылдар аралығында жарық көрген «Қазақ» газеті бұл Ә.Бөкей­ханов, А.Байтұрсынұлы және М.Ду­латұлы бастаған ұлт оқығандарының бізге, жалпы кейінгі буындарға қалдырған рухани аманаты.

«Қазақ» – бұл бүтін бір мектеп. Оның беттерінде жарияланған материалдармен бүтін күйінде мұқият танысқан кісі қазақ деген елдің бар екенін, оның сол бір тарихи кезеңде «Бауыры балшық, сырты су болып, көзінен аққан жасы таусылып, қан аққанын» (Кердері Ахметжан халфе Баймұхамедұлы), осындай халге түскен жұртына араша түсіп, қолындағы Прометейдің отымен жанұшыра ұмтылған зиялыларының болғандығына көзі жетеді.

Советтік идеологтар «Қазақ» арқылы Ахаң негізін қалаған дәс­түрдің күш-қуатын, ұлтты қалып­тастырып оның өмірін жаңа сапаға көтеруге бастай алатын мүмкіндігін дәл түсінді, сондықтан да болса керек, сол дәстүрді  құрдымға жіберуге тырысты. Бүгін советтік идеолог­тардың осы әрекеті жөнінде ойланғанда, жасыратын несі бар, апыр-ай, солар белгілі бір дәрежеде өз дегендеріне жетті ме деп сезіктенемін. Мәселе мынада. Мен түрлі кездесу­лерде боламын. Сонда байқағаным, жоғары сыныптарда оқитын балғын буында Алаш идея­сына, Міржақып пен Мағжанның  арманына ұмтылыс бар, ол байқалады. Ал осы ұмтылысқа біз, аға буын тиесілі дәрежеде қамқорлық, қолдау көрсете алмай келеміз. Кінә советтік идеологиямен уланған аға буын, бізде ме деп қорқамын. Бүгінгі қазақ деген ұлттың бар екендігіне алаштық буынға, майдан даласында мерт болған мыңдаған боздақтарға қарыздар екендігімізді ұмытқан сияқтымыз. Дегенмен, Құдайға шүкір, көңілге медеу боларлық бір нәрсенің бары анық. Ол қазақ журналистикасындағы Ахаң негізін қалаған дәстүр. Ол елдің, ұлттың, атамекен жердің ертеңін ойлап алаңдау, әділетке араша түсу. Бүгін біз қырық күндігін еске алып отырған Шер-аға, Шерхан Мұртаза қазақ журналисти­касындағы осы дәстүрдің лайықты жалғастырушысы болды. Халық, оның зиялылары бұл тұлғаны сол үшін ардақ тұтады, құр­меттейді. Осы ретте тарихты зерттеу­шілік жолымда осы кісімен кездесуге тура келген бір-екі жағдайды еске алғаным артық емес сияқты.

Сексенінші жылдардың орта тұсы болса керек, қазақ тарихшылары Орынбордағы облыстық архивке жиі атбасын бұратын. Алғаш рет барға­нымда генерал-губернатор кеңсесінің қорынан Қаздауысты Қазыбек бидің Орынбор губернаторына жазған хаттарын кезіктіріп, Алматыға келген соң құжаттарды жариялауға даярлап, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакция­сына бардым. Бұл кез қазақ билерінің қызметіне байланысты бұрынғы советтік идеология ұстанымының іргесі әлі де болса нығыз кезі. Газеттің әдеби қызметкері Дидахмет Әшімхан­ұлының бас редактор Шерхан Мұртазаның би туралы материалды бірден жаратып, жариялауға келісім бергендігі туралы айтқанын қалай ұмытарсың.

«Қазақ» газетіндегі материалдарды негізге алып, Орынбор архивіндегі құжаттармен танысып, 1989 жылы Әлекеңнің, Ә.Бөкейхановтың қыз­метіне байланысты «Қуандым түнде жүріп күн шығар деп!» деген тақырыпта мақала даярлап, оны  «Жас Алаш» газетіне өткізе алмай «Егемен Қазақстанға» барғанымда Шер-аға көлемді мақала­мен қолма-қол таны­сып шығып, орынбасары Ержұман бауырымызға «мына материалды жариялауға даяр­лаңыздар» деп тапсырғаны, әрине, естен шықпақ емес. Артын ала «Егеменде» «Алаш­орда», «Ұлтшылдықпен күрес нау­қаны» сияқты мақалаларым нөмірден-нөмірге жалғасып, шығып жатты. Бас редактордың қолдауымен  аталған материалдардың жарық көруі, әрине, авторы мен болғандықтан емес-тін, қоғамдағы сол тақырыпқа  деген сұранысқа байланысты еді. Сонымен бірге, бас редактордың тарихи әділет­тілікке араша түсуге әзір екендігінің де айғағы болатын.

Осы материалдарды өткізіп жүріп байқағаным, редактор Шерхан Мұр­та­заның алаш қайраткеріне, репрес­сия құрбаны болған ұлт қайрет­керлеріне қатынасының тазалығы, осы тақырыпқа байланысты аза­маттық ұстанымының биіктігі еді. Бұл ретте Ш.Мұртаза журналис­тикада Ахаң негізін қалаған дәстүрдің жалғастырушысы болды. Ал Ахаң негізін қалаған журналистика бұл ұлтты қалыптастыратын, оған жан­ашыр, оны өрге сүйрейтін журна­листика болды. Осы материалдарды өткізіп жүріп байқағаным, редактор Шерхан Мұр­та­заның алаш қайраткеріне, репрес­сия құрбаны болған ұлт қайрет­керлеріне қатынасының тазалығы, осы тақырыпқа байланысты аза­маттық ұстанымының биіктігі еді. Бұл ретте Ш.Мұртаза журналис­тикада Ахаң негізін қалаған дәстүрдің жалғастырушысы болды. Ал Ахаң негізін қалаған журналистика бұл ұлтты қалыптастыратын, оған жан­ашыр, оны өрге сүйрейтін журна­листика болды. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *