МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ қазақ рухын асқақтатуға бағытталған нақты қадам

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдар ішінде халықаралық қоғамдастықта өз орнын тауып, рөлін нығайтып, беделін арттыруда. 1986 жылғы желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі мен ұлттық тәуелсіздігі мәселесі алдыңғы қатарға шығып, дүние жүзінде саяси жүйе өзгеріске ұшырап, 1990 жылдан елімізде жаңа мемлекеттіліктің іргетасы қаланып, бірыңғай мемлекеттік билік қалыптаса бастағаны белгілі. Сондықтан қоғамымызда әлеуметтік-саяси тұрақтылықты орнатып, бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыруға нақты қадамдар жасала бастады.

 

СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОСПАРЛАР

МЕН ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ

ДАМУ ҮРДІСТЕРІ

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі бекіткен тарихи құжат – «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декла­рация» еліміздің егемендігін бүкіл әлемге паш етті. Республикамыздың негізгі әрі тұңғыш заң актісі болып табылатын бұл Декларацияда Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет болып жарияланды. Сондай-ақ, алғаш рет Қазақстанның дербес экономи­калық және ғылыми-техникалық әлеуетіне, табиғи қорына меншік құқығы бекітіліп, еліміз егемен мемлекет ретінде республика мәрте­бесін асыратын заңдық-құқықтық актілер әзірлеу өкілеттігіне ие болғаны мәлім.

1992 жылы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан­ның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» жарияланды. Онда Қазақстанның келешек дамуы: «Қазақ­станда қарапайым көп укладты нарықтық экономикасы бар демократиялық қоғам болады», – деп белгіленген. Егемендіктің ең басты белгілері – елдің мемлекеттік рәміздері болғандықтан, мемлекеттік деңгейде байқау өткізіліп, нәтижесінде 1992 жылғы маусымның 4-інде ҚР Президентінің «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік рәміздері туралы» Жарлығымен еліміздің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны бекітілген болатын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бүкіл ТМД елдері үшін өте күрделі де қиын кезең болды. Елбасы қайта құру мен жеделдету кезеңіндегі тоқырап қалған экономиканы қалпына келтіріп, халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды барынша тиімді әрі жедел жүргізуге орасан зор күш жұмсады. Осы мақсатта батыстық және шығыстық дамыған елдердің басшыларымен, іскер-мамандарымен кездесіп, озық тәжірибелерімен танысты. Еліміздің әл-ауқатын жақсартуда әлеуметтік-экономикалық өндірістік бағдарла­малар қаржысыз іске аспайтынын ескеріп, 1993 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Ұлыбри­танияға іссапары барысында банк қызмет­керлерімен қарым-қатынас орнату мәселесін алға қойды. Қазақстанды өркендетуде Елбасы банк қаржыларын экономикаға тарту мүмкіндіктерін қарастырды. Нәтижесінде ірі банктер жекешелендіру, өндірістегі нарықтық қатынастарды тереңдету бағдарламаларына инвестиция бөлуге келісім берді.

 

АДАМ ҚҰҚЫҒЫ

МЕН БОСТАНДЫҒЫНЫҢ САҚТАЛУЫ ДЕМОКРАТИЯНЫҢ БІРДЕН-БІР АЙҒАҒЫ

Адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуы мен қорғалуы демократияның бірден-бір айғағы екенін ескерсек, 1994 жылғы 12 ақпанда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев Жарлығымен Адам құқықтары жөніндегі республикалық комиссия өз қызметін кеңес беруші орган ретінде бастады. Бүгінде ол қоғамдық құқық қорғау ұйымдарымен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе жұмыс істейтін, ресми түрде тіркелген құқық қорғаушы бірден-бір ұйым. Оның қызметіне: ҚР Президентіне адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау кепілгері міндетін атқаруға жәрдем беру; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау кепілдіктерін нығайту; оларды қамтамасыз ету және сақтау саласын­дағы заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және бұл саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту жатады. Сондықтан бұл ұйым адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған дәстүрлі мемлекеттік институттар – әділ сот, прокурорлық қадаға­лау, тергеу және алдын ала тергеу сияқты құрылымдарға қосымша орган ретінде арнайы өкілеттіктерге ие болып отыр.

Н.Ә.Назарбаевтың 1994 жылы жария­ланған «Президент Меморандумын» респуб­лика халқына арнаған ең алғашқы Жолдауы деп қабылдауға болады. Меморандумда мемлекеттегі ақша құнсыздануын, яғни инфля­цияны тоқтату үшін банк құрылымдарын қайта құрып, ақша-несие реформасын шұғыл іске асыру және қоғамның тұрақтылығын сақтау мақсатында азаматтық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайту қажеттілігіне баса назар аударылды. Мемлекетті саяси тұрақтандыру және экономиканы дамытуға бағытталған стратегиялық жоспарларды табысты жүзеге асыруға демографиялық, әлеуметтік, экологиялық факторларды есепке алу міндетті болып табылады. 1997 жылғы қазан айында Елбасы мемлекет пен қоғамды басқаруда тың серпін жасау мақсатында Қазақстан халқына «Қазақстан—2030. Барлық қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Жолдауын арнады. Стратегиялық бағдарламаны дайындау барысында еліміздің мамандары Корея, Сингапур, Малайзия елдерінің озық даму үлгілерін, «Боинг», «Дженерал Электрик», «Бри­тиш Петролеум» сияқты ірі компа­ниялардың бизнес-жоспарларын зерттеген. Сонымен қатар, құжатты дайындау жұмысына Х.Берсток, К.Грей, В.Худжонг, т.б. әйгілі сарапшылар тартылғаны белгілі. Жолдауда мемлекеттің саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени тұрғыдағы негізгі мәселелері көтеріліп, ілгері дамыту мен нығайтудың бағыт-бағдарлары айқындалған болатын.

Елбасы жыл сайын Қазақстан халқына Жолдау арнау арқылы өткен кезеңді саралап, келешекке жоспар құру дәстүрін енгізгенін байқаймыз. Президенттің жыл сайынғы Жолдаулары алға қойған міндеттердің орындалу барысы мен нәтижелерін талдауға, жаңа мақсат-міндеттерді белгілеуге, мемле­кеттік билікті іске асырушыларға жаңа жауапкершіліктер жүктеуге, қазақстандық­тардың өсіп-өркендеуіне, әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады. Стра­тегияда Мемлекет басшысы қоғамымызды құру­дың дұрыс бағытын таңдап алудың мәні өміршең екендігіне тоқталып, стратегиялық жоспар біздің мақсаттарымызды жүзеге асы­руға және шешімдер қабылдауға тың серпін беретініне назар аударады. Аталған стратегия­лық бағдарлама негізінде елімізде саяси-экономикалық салада жекешелендіру, зейнет­ақы реформасы, құлдыраған өндірістік кәсіп­орындарды қалпына келтіру, шет елдерден инвестиция тартып, бірлескен кәсіпорындарды ашу, бағаны ырықтандыру сияқты бірқатар күрделі экономикалық іс-шараларды орындай отырып, қоғамдық орнықтылықты қамтама­сыз етуге бағытталған ішкі саясат жүргізілуде.

 

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҮРДІСТЕРДІҢ ТАҒЫ БІР

ҚЫРЫ – КӨППАРТИЯЛЫЛЫҚ

Бүгінде саяси партиялардың ішінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы халық арасында зор беделге ие әрі ең ірі саяси ұйым болып табылады. Партияны қолдаушы­лар санының көп болуының басты себебі – оның Қазақстанның демократиялық даму жолындағы мұраттарды, Президент саясаты­ның түпкілікті мақсаттарын жете түсініп, оларға жету жолында қазіргі заман талапта­рына сай белсенді іс-қимылдар жасауға бар күш-жігерін аямай жұмсауында болып отыр. Қазіргі кезде партияның 16 филиалы, 220 өкілдігі, 10 мыңға жуық бастауыш партия ұйым­дары жұмыс істейді. «Саяси партиялар­дың қоғам өміріндегі рөлін арттыру» мақса­тында 1999 жылы Президент Парламентке депутат сайлауды партиялық тізім бойынша да жүзеге асыру туралы арнайы бастама көтер­гені белгілі. Бұл бастаманың негізгі ұстанымы – сайланбалылық принципін кеңейту арқылы аймақтық және жергілікті басшылықты сайланатындай, демек, халыққа есеп беріп отыратындай ету болатын. Белсенді демокра­тиялық қозғалыс нәтижесінде парламенттің төменгі палатасына пропорционалды жүйе бойынша сайлау жүргізілді, яғни Парламенттің Мәжілісінде 77 орынның 10-ы пропорционалды жүйемен сайлау үшін бөлінді. Сонымен қатар, саяси партиялар алғаш рет депутат мандаты үшін партиялық тізімдер бойынша сайлауға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Қазіргі жаһандану жағдайында мемлеке­тіміз халықаралық қатынастарға мақсатты түрде қосылып отыр. Қазақстан Шанхай Ын­тымақтастығы Ұйымының (ШЫҰ), Еуропа­дағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйы­мының (ЕҚЫҰ), Экономикалық Ынтымақ­тастық Ұйымының (ЭЫҰ), т.б. көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі. Сонымен қатар, Елбасының Азия кеңістігінде Еуропа­дағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) үлгісімен Азиядағы өзара ықпалдас­тық және сенім шаралары жөніндегі Кеңес (АӨСШК) құру бастамасы БҰҰ және көпте­ген елдер тарапынан қолдау тауып, бүкіл­дүниежүзілік ауқымда іске асырылды. Нәтиже­сінде, 1999 жылғы қыркүйекте Алматы қаласында АӨСШК ұйымына мүшелікке кірген мемлекеттердің сыртқы саясат жөніндегі мекеме басшыларының ең алғашқы кездесуі барысында 16 мемлекет өкілдері Декларацияға қол қойды. Онда: тең егемендік, адам құқық­тары мен мүдделерін, бостандығын құрметтеу, күш қолданудан бас тарту, аумақтық тұтас­тықты бұзбау, мемлекеттердің ішкі мәселе­леріне қол сұқпау, дау-шарларды бейбіт әдістер­мен шешу, қарусыздандыру және қаруға бақылау жасау, әлеуметтік-эконо­микалық және мәдени қарым-қатынастарды нығайту ұстанымдары жарияланды. Ал 2002 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық Кеңесінің Төрағасы лауазы­мына сайланып, 2002 жылы Мәскеуде, 2003 жылы Душанбе қаласында ЕурАзЭҚ мемле­кет­аралық кеңесінің отырысы өткізілді. Жиын­дарда қоғамдастықтың кедендік одақ құру, экономикалық саясатты келісім-шарттар негізінде жүргізу, бірлескен энергетикалық одақ құру, агроөнеркәсіп саласындағы ынты­мақтастықты дамыту, қаржы нарығында валюталық ықпалдастық орнату, әлеуметтік-гуманитарлық және көші-қон саясатын бірлесе жүзеге асыру сияқты маңызды мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы халықаралық қоғамдастықта орнықты ішкі-сыртқы саясатымен, қуатты экономикасымен зор беделге ие. Тәуелсіз саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асыру мен халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелерінде Қазақ Елі еркін даму жолына қатар түскен ТМД мемле­кеттері ішінде алдыңғы қатарда екені белгілі. Еліміз ТМД мемлекеттері ішінде алғаш жаңа экономикалық жүйе құрып, демократиялық құқықтық мемлекет іргетасын қалады, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру жолында бірқатар іс-шараларды іске асырды. Үздік экономика қалыптастыру және сенімді әлеуметтік негіз қалау нәтижесінде республи­ка­мызда ішкі тұрақтылық орнады. Мемлеке­тіміз орталық-азиялық өңірде геосаяси тұрақтылықты және халықаралық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету міндеттерін атқаратын халықаралық қоғамдардың толыққанды мүшесі болып табылады.

Бұлардың барлығы – Қазақстан мемле­кеттілігін қалыптастырудағы қазақ рухын асқақтатуға бағытталған нақты қадам. Бүгінде бүкіл әлемді шарпып өткен экономикалық дағдарысқа қарамастан, елімізде саяси-экономикалық тұрақтылық, әлеуметтік орнықтылық сақталды, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз.

 

Ұлжалғас ЖОЛДЫБАЕВА,

 тарих ғылымының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *