МАСА КІМДІ ШАҒАДЫ?

немесе мас адамды маса шақпайды деген рас па?

Әрине, маса шақпайтын адам жоқ шығар. Ол сен әкімсің бе, министрсің бе деп таңдап отырмайтын болуы керек. Мамандардың айтуынша, маса шағуын шағады, бірақ оны елең қылмайтын адамдар да бар. Ал енді кейбіреулердің асқан сезімталдығының арқасында маса шаққан жер қайта-қайта дамылсыз қасыған соң жараға айналып кетіп жатады. Тағы да мамандардың айтуынша, бұл ұят сезімі күшті адамдарда кездесетін жағдай екен. Демек, ұяты аздарға маса да жолай бермейтін көрінеді. Енді біреулерді қаны тәтті немесе қант диабетімен ауыратын болған соң оған маса үйір келеді деседі. Бұл да медицинада дәлелденбеген негізі жоқ далбаса сөз.

Ең бастысы, сүйектің, дененің тем­пературасына байланысты көрінеді. Ыстық жоғары болған сайын ол да адам денесіне өш келеді екен.

Р.S. Маса демекші, белгілі қаламгер Әділ Дүйсенбектің «Шерағаңның шеруі» атты кітабында мынадай қағытпа бар. Әдекең Шерағаңмен бірге бір облысқа жолсапарға шығады. Бір жұпынылау қонақүйге түнеп шыққан олар түнімен масаға таланады. Әдағаңның денесінен, түрінен сау-тамтық қалмайды. Сонда Әдағаң «Шераға, сізді неге маса шақпаған?» деп таңқалады. Сонда Шерағаң: «Маса да біледі, қаны тәтті адамға үйір. Ал ашаршылықтың азабын көріп, таудың ащы жуасын жеп өскен адамды маса неғылсын» депті.

Әзіл болса да астарында ақиқат бар сөз. Ащы жуа дегеннен шығады, мас адамды да маса шақпайды дегенді де естігенбіз. Бұл да рас сөз болуы керек.

 

Жүзім қосылған бӨлке тағамының тарихын білесіз бе?

Ертеде императорға тамақ дайын­дайтын Иван Филиппов деген аспаз болыпты. Бүгінде оны жүзім қосылған бөлкенің авторы деп санайды. Аңыз ба, әлде ақиқат па, кім білсін, бірде әлгі кісі Александр екіншіге таңғы асты алып келеді. Сондағы бір кішкентай бөлкенің ішінен патша таракан тауып алады. Мына масқараның ізін тез суыту үшін Филиппов «ой, бұл жүзім ғой» деп бас салып жеп қояды. Бұдан соң таңғы ас мәзірінде жүзім қосылған бөлке де сағындырмай келіп тұратын болыпты.

Қ.ҚҰРАЛБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *