Ұлттық мұраға айналатын құндылық

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, кинодраматург:

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­малық мақаласында айтылғандай, латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы техноло­гиялық орта­ның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру жүйесінің ерекше­ліктеріне байланыс­ты.  Әрі ана тіліміздің келешегін жар­қын етуге жасалған нақты қадам­дардың бірі.

Президенттің бастамасымен қолға алынған қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру қозғалысының ішінде біз де болғанбыз. Әліпби бір жылға, он жылға таңдалмайды, ол ғасырларға кетеді. Ұлттық мұраға айналатын құндылық. Сондықтан еліміз тәуелсіздік алып, тіліміз бен салт-дәстүрімізді, тарихи құнды­лық­тарымызды енді түгендеп, қазына­лары­мызды қайтарып жатқан тұста қазақ әліпбиін латынға көшіру туралы пікірлердің кезінде сан тарауға бөлініп, ұзақ талқылан­ғаны заңдылық.

Осы тақырып қозғалған алғашқы күннен бастап-ақ «Қазақстанда әліпби өзгеретін болса, онда бүкіл балабақша, мектептер ла­тын­ға ауысу керек» деген идеяны айтқан едім. Және сол идеямнан әлі де танған жоқпын.

Біз Президентпен кездесуде Қазақ­стан­да балабақшадан бастап, орта мектеп бір бағдарламамен оқуы керек және ол жерде мемлекеттік тіл басты тіл болып, орыс тілі мен ағылшын тілі қосымша жүру керек деген едік. Мінекей, осы орайда мемле­кеттік тілді латын графикасымен оқытып, оқу процесінің өне бойында, оның ішінде орыс тілінде жүретін пәндерді кирил­лицамен, ағылшын тілінде оқытатын пәндерді ағылшын әліпбиімен оқытса деген ойдамын. Сонда мектепте үш әліпби де жүреді. Әрине, ең басты қазақ әліпбиі бірінші тұрады. Бұрынғы құндылық­тар да ұмыт қалмай, өткен жүз жылдық тарихтан қол үзбейміз, арадағы рухани байланыс та үзілмейді деп ойлаймын.

Балалар, біріншіден, мемлекеттік тілде толық білім алатын болады, барлық бала ұлтына қарамастан. Содан кейін орыс тілін де меңгеріп шығады, оны кириллицамен оқитын болады. Ағылшын тілін онсыз да латыншамен оқи береді. Сонда 12 жыл оқыған балалар осы үш тілді меңгеріп, әсіресе, мемлекеттік тілде сайрап шығады, латынша да, кирилше де жаза білетін болады. Ол орыс бола ма, кәріс бола ма, қазақ па, бәрібір. Айналасы бір 10–15 жылдың ішінде біз Қазақстандағы тіл мәселесін осылай шешетін боламыз.

Оның өзге ұлт өкілдеріне үлкен пай­дасы бар. Күні ертең барлық мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік тілді білу керек деген талап қойылады. Бүгінгі таңда біз соған келе жатырмыз. Мінекей, сондай жағдайларда қазақ-орыс болып бөлінетін болсақ, орыс мектебін бітіріп шыққан балалар да, өзге ұлт балалары да мемлекеттік тілді білмей шығатын болады. Қазіргі практика соны көрсетіп тұр. Ал еңбек нарығында олардың құқықтары тапталатын болады. Адам құқығы тапталатын болады. Сондықтан сондай болмас үшін барлық ұлт балалары бір мемлекеттік бағдарламамен оқуы тиіс.

Осы орайда латынды да, кирилді де қатар алып жүреміз деп мектеп жасындағы балалардың миы ашымай ма деген сауал туындауы мүмкін. Миы ашымау үшін жаңағы айтып отырған мемлекеттік мектеп идеясын жүзеге асыруымыз керек. Негізгі басымдық қазақ тіліне беріліп, орыс тілі қосымша ретінде оқытылады, кирилл әліпбиінде. Бұл баланың миына сонша­лықты салмақ салмай­ды. Керісінше, ойлау өрісін, білімін жетіл­діреді. Үш тілде сөйлеген бала ешқашан жаман болған емес.

Бірақ тағы айтамын, басымдық тек қазақ тіліне берілуі керек. Сонда ғана біз ұлттық бірлікке қол жеткізе аламыз. Барлық бала бірінің тілін бірі білетін болады.

Латын мен кирилді қатар алып жүру керек. Өйткені, онсыз да мектепте орыс тілі жүреді деп отыр ғой. Мемлекет басшысы орыс тілінде білімді кириллицада алады деді. Ендеше ала берсін. Ол қазақтың балаларына да керек. Өйткені, мынау 100 жыл бойы кириллицамен жазылған дүниелерді игеруге кедергі болмайды. Кириллицамен орыс тілін үйренген қазақ балалары ертең кириллицамен жазылған мәдениетті, әдебиетті түгелімен оқи беретін болады.

Жалпы, латынға көшу 2022 жылға барады деп отырмыз ғой. Демек, әлі де дайындалуға тағы төрт-бес жыл уақытымыз бар. Сон­дықтан қазір балабақшадан бастап осы рефор­маны енгізу керек. Түгелімен мемлекеттік тілде оқытып, тәрбие беруіміз керек. Сонда ол балалар төрт-бес жылдан кейін мектепте қазақ тілінде, қазақ-латын әрпімен  білім алуға дайын болады. Сөйтіп, ары қарай мектепті толығымен бітіріп шыққан кезде олар өте жақсы дайындық­пен шығады. Ал енді біз сияқты кирил­лицамен қалып­тасқандар сол кириллица­сымен көпке дейін жүре береді деп ойлаймын.

Біздің немерелеріміз қазір үш тілде білім алып жатыр. Солар үштілді мектепте екі әліпбимен де білім ала беруі керек. Оның зиянын емес, тек пайдасын көретін боламыз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *