Көрнекті қаламгердің естеліктері жастарды ұйытты

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі студент-жастарды еліміздің көрнекті қайраткерлері өнегесінде тәрбиелеуге бағытталған «Ұлы дала тұлғалары» орталығының кезекті дәрісі Қазақстанның Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық және қайраткерлік еңбегіне арналды. Биыл 95 жасқа толып отырған қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы студенттермен кездесуге өзі келді.

Танымдық дәрісті ашқан университет ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев алдымен жазушының шығармашылығына тоқталды.

– Сөз өнері арқылы өмір бойы ұлтқа қызмет істеген ұлы тұлғаларымыздың бірегейі ортамызда отырған  Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз. Бүгінде тоқсан бес жасқа келіп отырған қазақ әдебиетінің патриархын, ұлттық әдебиетіміздің классигін мерейлі мерейтойымен университет ұжымының атынан шын жүректен құттықтаймын, – деді Т.Балықбаев. – Ұлы Отан соғысының от-жалынынан аман-сау оралған балаң жігіт алғашқы романы «Курляндияны» оқырман назарына ұсынғанда әдебиет сүйер орта әдебиетке қабырғалы қаламгер келгенін бірден байқаған еді. Қаламгердің «Қан мен тер» трилогиясы Арал балықшыларының ғана емес, жалпы қазақ ұлтының болмыс-бітімін айқара ашып көрсеткен теңдесі жоқ шығарма ретінде тарихта қалды. Даңқты қаламгердің «Соңғы парыз» романы да бүкіл дүние оқырмандарының ыстық ықыласына бөленген шығармаларының бірі.

Осы айтқанымызды тірілту үшін әлемге әйгілі қалам қайраткерлерінің Нұрпейісов шығармашылығы жөнінде айтқан пікірлерін келтіре кетсек те жеткілікті. Француздың ұлы қаламгері Луи Арагон: «Әрі терең, әрі шөлдегі бір ащы сулы шыңыраудай осынау роман  қазіргі таңдағы әлемнің ірі туындыларымен иық тірестіре алады…», – десе, француздың тағы бір қаламгері Лили Дени: «Белгілі бір дәрежеде мен Нұрпейісовті Лев Толстоймен салыстырар едім», – дейді. Ал Лев Аннинский: «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты осынау үш кітапта алып әлем бейнесі сомдалған. Басы ашық нәрсе: қазақ әдебиетіне көркемдік қуаты зор ұлттық эпопея келіп қосылғаны анық. Нұрпейісов романы – дала психологиясының энциклопедиясы. «Қан мен тер» – ұлттық ғарышқа тән мінездер галереясы», – деп роман табиғатына тән ерекшелікті тап басып танығандығын байқатады. Башқұрт әдебиетінің классигі Мұстай Кәрім «Соңғы парыз» романы туралы: «Терең, мұңды дүние екен. Оқығаныма әлденеше күн өтсе де өн бойымды баурап алған сенің сол ұлы мұңыңның әсеріндемін», – деп түйіпті.

Иә, Әбдіжәміл Нұрпейісов – әлемдік деңгейдегі есім. 2013 жылы Мәскеудегі «Художественная литература» баспасы, «Қазақ ПЕН» клубы сияқты беделді ұжымдар Әбдіжәміл Кәрімұлының «Соңғы парыз» романын халықаралық Нобель сыйлығына ұсынды. Осы сыйлыққа ұсынылған жүздеген шығарманың ішінен Нобель комитетінің қатал іріктеуінен  бес шығарма ғана өткен. Сол таңдаулы бестіктің ішінде «Соңғы парыз» романының да болуы бүкіл қазақ халқы үшін қуанышты жағдай.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Темірхан Тебегенов жазушының шығармашылығы туралы терең мазмұнды баяндама жасады. Ал белгілі жазушы Молдахмет Қаназ Әбдіжәміл Кәрімұлының қаламгерлік және адамгершілік қырларынан терең тағылымды әңгімелер айтты.

Кездесуде сөз алған көрнекті жазушы Смағұл Елубаев:

– Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 1986 жылғы аласапыранда Қазақстанның бірінші басшысы Г.Колбинге қарата айтқан сөздері, КСРО Жазушылар одағының пленумында қазақ халқының ұлттық менталитетін, салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани құндылықтарын білмейтін адамның Республиканы басқаруға келгені дұрыс емес екені туралы пікірі, М.Горбачев Алматыға келгенде оның елді басқаруға көлденең көк аттыны жібергені дұрыс болмағанын бетіне басуы Әбекеңнің ерлігін көрсетеді, – деді.

Ә.Нұрпейісов өзінің ұлы ұстазы Мұхтар Әуезов, көрнекті жазушы Сәбит Мұқанов, ақындар Тайыр Жароков,  Қуандық Шаңғытбаев және басқа да қаламдас достары туралы әңгімелеп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Университет ректоры Т.Балықбаев қадірлі мейманға «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Құрметті профессоры» дипломын тапсырып, профессордың мантиясын кигізді.

 

Мырзахан Ахметов,

Абай атындағы ҚазҰПУ

Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *