КӨКПАР – ұлттық құндылық

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жастар Көкпар Лигасы» мен ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен ұлттық спортымызды дамыту мақсатында «JKL PROFІ 3×3» форматында кәсіби көкпар командалары арасында тартысты көкпар ойыны өтті.

Аталмыш тартысты ойынды тамаша­лауға ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов, Түркі дүниесі Журналистер федерациясының  президенті Мендерес Демир  мырза мен түрік  делегациясы және де «Жастар Көк­пар Лига»  кеңесінің президенті Данияр  Дәукей мен ұлттық  спортымыздың  жанашырлары  жиналды.

Биылғы көкпардың артықшылығы мұнда тек қана студенттерден құралған командалар емес, сонымен қатар кәсіби көкпар командалары да қатысты. Тартысты доданы салтанатты түрде ашып берген ҚазҰУ ректоры ұлттық спортымызды қолдауға келген көпшілік қауымға өз алғысын білдірді.

– Осынау ұлан-ғайыр кең даланы ата-бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап қалғаны баршамызға белгілі. Сайын даланы жаудан аман сақтау үшін жауынгер де, астындағы тұлпар да бабында болып, жігерлі болуы үшін осы көкпар ойынын өткізіп тұрған. Сондықтан да мұнда тек ғана ойын емес, үлкен мән-мағына, ұрпаққа деген тәлім-тәрбие жатыр. Көкпар — ол біздің рухани құндылығымыз. Осы орайда, ұлттық спортымыздың жана­шырына айналған, жастарға қолдау көр­сетіп келе жатқан Данияр Дәукей мырзаға айтар алғысымыз шексіз. Ұлттық құнды­лық — ұлттың мызғымас байлығы. Ендеше осынау асыл мұрамызды сіз бен біз болып жаңғыртуға атсалысайық, – деді Ғ.Мұта­нов.

Түркі дүниесі Журналистер федерация­сының президенті Мендерес Демир мырза өз кезегінде Қазақстанда ұлттық спорттың қарыштап дамып келе жатқандығына өз ризашылығын білдірді.

– Мен сіздердің оқу орындарыңызды аралау барысында қаншалықты халықара­лық деңгейде дамып келе жатқандығына куә болдым. ҚазҰУ әлемнің 250 үздік университетінің қатарына еніп, әлем алдындағы беделі қарыштап дамып келеді. Білім мен ғылымды дамытумен қатар өз дәстүр­леріңізге де қаншалықты берік екендеріңізге бүгінгі көкпар ойыны дәлел. Көкпар — бұл түркітілдес елдерге ортақ ұлттық ойын. Өкінішке орай, арамыздан жыл санап ұмыт болып барады. Осы орайда, мен қазақ жастарының осы ұлттық спортқа деген ерекше махаббаттарын көріп, өзімізге үлгі ретінде алып  отырмын. Алдағы уақытта көкпар ойынын Түркияда, Еуро­пада, тіпті бүкіл әлемге жарнамалап, қайта жаңғырту жолында белсене жұмыс атқа­руға дайын екенімізді жеткізгім  келеді, – деді  Мендерес  Демир.

Жалпы, «JKL PROFІ 3×3» форматы Көкпарды қалалық жерлерде дамытуға өте оңтайлы формат болып саналады. Яғни бұл форматта ойын өткізу алаң аумағының кіші және көкпаршылар  санының аздығын кедергі келтірмейді, бұл формат елімізде  кең  таралуда.

Тартысты додада ҚазҰУ құрама коман­дасы бар күштерін салып, көрермен қауымға ерекше аламан ойын көрсете білді. Команда құрамында өнер көрсеткен Абылайхан Қожамбердиев, Мәди Шойбек, Бердіғали Жакешев, Айболат Бердімұрат университет намысын қолдан бермей жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Тартысты ойында ақтық мәреге жетіп жеңісті «Алмалы» көкпар құрама коман­дасы олжалады. Ал 2-орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері еншілесе, 3-орын Қазақ спорт туризм академиясы мен «Астана» құрама командасына бұйырды. Аламан бәйгеде көкпаршылар көрерменнің көңілінен шығып, көпшілік қауымның ризашылығына  бөленді.

 

Перизат ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының 1-курс магистранты.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *