ГАДЖЕТТЕРДІҢ МҰРАТЫ: СӨЙЛЕСІП ЖАТҚАН АДАМЗАТ

Постмодерн дәуірінің постулаттары

Дидар АМАНТАЙ

Модерн/постмодерн сипаты

Бірде шет елде тұратын, тегі қазақ­стан­дық көрнекті жазушы-драматург Сергей Лукьяненконың Tengrіnews сайтына берген жеке бір сұхбатында: «…біз, ойшылдар, жазушылар, қайраткер қауым осыдан, шамамен, он бес, жиырма жыл бұрын, аз уақыт ішінде адамзатты жаулаған, елді жаппай дүрліктірген, әлеумет өміріне тез арада дендеп енген гаджеттер дәуірін болжай алған жоқпыз»  дегені маған қатты әсер етті. Қаламгердің қай мағынада, нені меңзеп сөйлегені түсінікті деп ойлаймын… Ал оның мына бір пайымы бәрімізге қозғау салары хақ: «Это самая банальная вещь – смартфоны. И в нашей, и в западной фантастике нет всего того, что сейчас стало важнейшей частью жизни. Мы нигде там не увидим социальных сетей, которые сегод­ня многим заменили настоящую жизнь. Все это казалось писателям, види­мо, малоинтересным или маловероятным. А вот то, чего все ждали, о чем мечтали – что космические корабли будут летать в дале­кий космос, это остается где-то в далекой перспективе. Наверное, писатели не ожи­дали такого «коммуникационного взрыва», недооценивали важность общения». https://tengrіnews.kz/conference/176/».

Әлемді билеп-төстеп, шартарапқа жар­лық шашқан патша гаджеттер адамзатты жаңа дәуірге  бастады. Біз жоғары техноло­гиялар рөлі, маңызы, күші, жылдамдығы тегеурінді қарқынмен артып, дамып келе жатса да, сол өндірістің қосалқы және қосымша өнімі, қолдағы жеңіл де ауыр гаджеттердің, яғни икемсіз, иесіз, тіпті, қажет­сіз заттардың ертең серігімізге айналатынын, шынында да, аңдамаған, байқамаған, аңғармаған екенбіз.

Сол үшін бізді жазалады. Бәрімізді, әркімді. Не Тәңірі, не тағдыры.

Мен әуелі философ, ақын, марқұм Жанат Баймұханбетов ағылшын тілінен орыс тіліне сәтті аударған Ричард Чейнидің «Постмодернистік бейненің күйреуі»  атты еңбегін оқыдым. Әсерде қалдым.

Жақсы шығарма қолыма кездейсоқ тиді. Алғаш оқып-танысқан айшықты, жар­қын күндерден бастап мен постмодерн тақы­рыбына қалам тартып, күн тәртібіндегі бұл түсініксіз құбылыс, күрделі мәселе жайын­да, тым заманауи шарттары туралы үнемі айтып жүретін, сөз қозғайтын болдым.

Өзімді ешқашан постмодерн қаламгер тұрғысынан танымасам да, атамасам да, жұрт  мені постмодернистік жазушы ретінде тізімге іліктіріп, осы бір оқшау, айрықша топқа енгізе бастады. Тіпті, бір аға буын өкілінің үлкен өшпенділікпен, әлде жеккөрініштіліктен айтқан: «Ол (Дидар Амантай) – жазушы емес, постмодернист!» деген сөзін де естідік.

Ол кезде әдеби ортада бұл термин әлі беймәлімдеу еді. Мен бұл тақырып бойын­ша ізденуге көштім. Сол ізденістің бір нәтижесі – осы көлемді эссе.

Тақырыпқа шығарылған атау мазмұн тақырыбын ашпайды, алайда, екеуінің арасында тығыз байланыс бар. Көрінбейтін дерек мәтін мәнерінен бой береді.

Бұл тұс – постмодернге жол тартқан модерн өткелі. Ізденіс нысаны – үрей  батыстық модернистік дүниетанымға сай ма, сонымен қатар, өжет философия – қаһармандық теория екендігі.

Алға тартылған қос мәселеге қабат үшінші мұрат:  Қазақстанда, тіпті, әлемде босағадан озып, биіктен орын тепкен, кеңінен жайғасып, бабын тапқан, басқа бір қоғамдарда дағдарысқа ұшырап, сахна төрін тастап кетіп жатқан постмодерн мәдениеті туралы ой кешу.

Бұл аталған, көтеріліп отырған үш тақырып – қазақ қоғамы үшін өте маңыз­ды жайттар. Себебі, постмодерн дәуірінің бір көрінісі – глобализация  ұлттық құнды­лықтарға қауіп төндіріп отыр. Қазақ жұрты глобализацияға қарсы күреспей, керісінше, ғаламдану-жаһандану процесіне бейім­деліп, мүмкіндіктерін, жетістіктерін ұлт мүддесі, халық пайдасына жаратуы қажет.

 

Шежіре бастаулары

Орыс ойшылы Николай Бердяевтің  «Самопознание»  деген кітабында айтқан тамаша бір сөзі бар:

«В книге, написанной мной о себе, не будет выдумки, но будет философское поз­нание и осмысливание меня самого и моей жизни. Это философское познание и осмыс­ливание не есть память о бывшем, это есть творческий акт, совершаемый в мгно­­вении настоящего. Ценность этого акта определяется тем, насколько он возвы­шается над временем, приобщается ко вре­мени экзистенциальному, то есть к вечности.

Победа над смертоносным временем всегда была основным мотивом моей жиз­ни. Книга эта откровенно и сознательно эгоцентрическая. Но эгоцентризм, в котором всегда есть что-то отталкивающее, для меня искупается тем, что я самого себя и свою жизненную судьбу делаю предме­том философского познания. Я не хочу обнажать души, не хочу выбрасывать вовне сырья своей души. Эта книга по замыслу своему философская, посвященная фило­соф­ской проблематике. Дело идет о само­познании, о потребности понять себя, осмыслить свой тип и свою судьбу».

Біз шығармашылық бейнетімізді ғұмы­рымызға айналдырдық. Біз кітап тағдырын кештік. Біз дәстүр бойынша еңбегіміз еленіп, кезегімен атақ-даңқ та келетінін білдік. Сондықтан да кітаптарымыздың жарық көруін ұзақ жылдар бойы сабырмен күтіп жүрдік.

Модернистік азап-мехнатымыз постмо­дерн жағдайында күл-талқаны шықты. Берлинге түскен көп тонналы бомбалардай модерндік ғимараттардың шатырын жұлып, іргесін шайқалтты, қабырғаларын қиратып, құт қонып, ырыс дарыған, бақыты жанып, береке жайлаған шаңырағын жермен-жексен етті. Адамзатқа жаңа өнер үлгісін ұсынған, мәдениетін байытқан, шәрбәт рақатқа бөлеген аяулы модерн қапысыз жанталасты, күресті, қарсыласты, бірақ бәрібір, күш тең емес еді, әділетсіз, ашық  майданда опат болды, десек те, ерлікпен қаза тапты, демек, модерн өлмей, постмодерн тумайтын еді.

Ол айтпай келді.

Тойнби шығармаларынан елес берді, бірде структуралистер мен марксистер еңбектерінен қылаң етті.

Сосын дабысы жер-жаһанды шулатып, дабыры бүкіл елді үркітіп өзі көрінді. Кешегі жаңа тәсіл, зияткер ізденістер құнын жоғалтып, бағасынан айырылды. Кезінде мен жайма-шуақ дегдар заманда, талай азапты күндерімді, қаншама ұйқысыз түн­дерімді мәтін табиғатын зерттеуге жұмсаған едім. Бірақ кейін, көріп отырғанымыздай, бәрі рәсуа болды.

Алапат жарылыстың дүмпуі

Модернизм таным еді. Көркемдік танымда қомақты табыстарға қол жеткізді. Зерттеді, үңілді, өндірді.

Өнеркәсіптік жетістіктер, капитализм, табиғи тауар нарықтары, жарқын болашақ­қа деген сенім, жасампаз ұлттардың қалып­тасуы, бәрі-бәрі модерндік дүниетаным перзенттері еді.

Сұрақ философиядан көшіп ғалым­дарды да ойландыра бастады.

Айырым-белгі, сан алуан таңбалар, рәміздік түсініктер философия мән-жайын, мазмұн-мағынасын іздегенде түпнұсқаға сілтейтін еді.

Түпнұсқа – қуат көзі. Байланыс, қарым-қатынас басы.

Иә, бұл символ мынаны білдіреді деп, orіgіn, яғни қайнарынан, көзінен қашанда адаспайтын едік.

Кейін бәрі өзгерді.

Тегінде, өзгерістерді түсіндірген – лин­гвистикалық революциялардың атасы – Фердинанд де Соссюр мен Чарльз Пирс болатын.

Пирстің атағын шығарған – шәкірті Чарльз Моррис. Ұстазы тұңғыш рет таңба-белгілерге бүгінгі түсініктегі заманауи анық­тама берді. Ол белгінің үш тобын жіктеп алды. Икондар, индекстер және символдар.

Көрнекті қазақстандық  философ Бекет Нұржанов:  «Модерн. Постмодерн. Куль­тура»  атты кітабында икондар өзі бейне­лейтін нәрселердің жедеқабыл көшірмелері болды деп жазады. Фотосуреттер, живопись суреттері, штамптар… Екіншілерінің заттарға қатысы жоқ, олар белгілі бір ақпа­рат беретін, жөн сілтейтін, қалып-жағ­дайын көрсететін нұсқалар екенін байқай­мыз: жол белгілері, сигналдар, сілтемелер. Үшінші топ пәнара­лық таным-түсінік негізін қалаған, өнер-мәдениет саласында тас шағып, тау қопар­ған, символизм қозға­лысы арқа сүйеген, жеке категория, үлкен құбылыс тудырған кешенді теорияны қалыптастырды. Икон тектес нақ көшірім де емес, индекске ұқса­ған еркін мағыналы да емес. Семиотикадан қуат алған символизм постмодерн постулат­тарының біріне айналды.

Соссюр түсінік пен акустикалық образ­ды біріктіріп, екеуін бір таңба, бір белгі ретінде біртұтас қарастырды. Дыбысты акустикалық образ ретінде танып, түсінік екеуін бір белгімен белгілеп, ғалым оларды психикалық кеңістікке ауыстырды, жаңа белеске шығарды.

«Белгілейтін» «білдіретін» (көрініс ретінде) және «белгіленетін» білдірілетін (түсінік ретінде) қос жартыдан бір бүтін шығарып, яғни кезінде дербес өмір сүрген тәуелсіз қос категорияны бір кермеге қосақтап шылбырынан байлап, толық, бөлшектенбейтін бірлік жасады.

Ғалым тілді, лексиканы,  сөзді, тіпті, сөз бөлшектерін сөз ретінде емес, белгілі бір мән-мағынаны білдіретін таңбалар тұрғысында таныды. Екінші, сөйлеу құра­лына жатпайтын дүниелерді де таңбалық түсінікке негіздеді. Мысал ретінде қолдан жасалған тілдің әріп-таңбаларын келтіруге болады.

Сөйтіп, классикалық философиядағы ойлау мен тіл арасындағы қалыптасқан теңсіздік жаңа шешімін тапты. Бұрын тіл төменгі тап, ойлау үстем тап болса, енді тіл тек ойды ғана білдіретін сөз емес, әр комби­нациясында түрлі мағына беретін таңба­ларға айналды.

Ой жаңа соқпақ тапты. Ой ойланудан ғана тумайтын болды. Мысалы, ұлттық ақындар басқа тілге ана тіліндегі мағына­сында дәл аударылмайды.

Төменде келтірілген сауалдар да тәржі­маланғанда алғашқы мағынасын жоғал­тады.

Таным мен түсініктер өзгерді.

Көрейік.

Модернистік сауалдар жарыққа ұмтыл­ған, жақсылыққа қол созған,  бекзат жаратылыс, сәулелі таным еді, бізді төтелей ілім-білімге жетеледі, философия шыңда­рына шақырды. Өйткені, модерн дүниені тануға болады деп есептеді, адамзаттың ақыл-ойына сенді. Кванттық физика табыстары ынтаны еселеді, жігерді жаныды, қайратты күшейтті.

Алапат Жарылыстан бұрын не болды деп ойланып-толғандық. Неге үш физика бір-біріне сәйкес келмейді: ядролық физи­ка, Ньютон заңдарының тәртібі бойынша құрылған Жер бетіндегі физика және ғарыштағы алапат гравитациялық күштер макро-физикасы, неге оларды Жасаған Ие әрқилы ғып жаратты?

Тәңірім бәрібір бұл екі кеңістіктің шегін көріп тұрады емес пе. Қара құрдым (Черные дыры) дегеніміз не, ол құдығына құлаған нәрсені тулақтай сүйретіп қайда апарып тастайды.  Ғаламның жаралуына зор үлес қосқан Қара құрдым бір күні Бүкіл Әлемді қиратып, қопарып, жойып жібермей ме?

Адамзат – Күн жарылып, сөнбей тұрып жойыла ма, әлде басқа ғаламшарға үдере көшіп үлгере ме, түбінде бәрі жойылатын болса, бұл Әлемде не мағына бар? Құдай­дың бар екендігіне күмәнданатындар күнәһарлар болса, Аллаға неге олар керек болды? Әлде, пенде атаулыға берілген қалау құқы ма, ақылымен танысын деген ниеті ме? ХХ ғасырдың ұлы қырғындарын Құдай неге тоқтатпады? Өмірде неге әділдік жоқ? Адам ойлап тапқан заңдар мен Тәңір жарат­қан заңдар қашанда алшақ, неге? Өлім­нен кейін өмір бар деген наным-түсінікке сене алмай жүргендерге не дауа? Шексіз ғарыштың шегі бола ма?

Енді бұл танымдық ізденістер, ақиқат жолындағы талпыныстар, ғылымға деген құштарлық, дүниетанымдық кеңістік, бәрі-бәрі пайда іздеген жеке мүдденің саяси-әлеу­меттік мәлімдемесіне, тиімділікті арттыратын, қаржыны үнемсіз ұстайтын, көлденең табыс табатын заңды институтқа айналды.

Ғылым дүниені тануды, ақиқатты зерт­теуді доғарды. Жаңа мәртебесі постмодер­нистік шарттардың бірі еді.

Бұл эссенің мұраты: қос дәуір, яғни ХХ мен ХХІ ғасырлардың  аясында өмір сүріп отырған қаһармандық философиясы модерн заманында қандай сипатқа ие, постмодерн заманы туғанда кескін-келбеті қандай екендігін пайымдау.

 

Сауық мәдениеті

Әдетте, модерн заманында, математи­када – алгебра, кинематографта – арт-хаустық фильм, физикада – теориялық физика тәрізді, көркем прозада ақындық проза саланың жаңа қабілетін ашып, көкжиегін кеңейтіп, қалыптасқан бейнелеу тілін күшейте, әрлендіре, дамыта түседі. Кейін соны қолданбалы математика, жанрлық кинотуындылар, жаңа техноло­гиялар, коммерциялық проза өндірісте өлшеу­сіз пайдаланып, постмодерннің қисап­сыз шарттарын туғызды: күрделі дүниелерді жеңілдетті, арзандатты, теңестірді. Түбінде жоқ қылды.

Қалыптасқан постмодерндік жағдайда түпнұсқа деген жойылды, бәрі бір-бірін қайталайды, әрине, бұл кезеңнен де өтеміз. Тұтыну қоғамы көңілі ауған дүниесін қылғы­тып жұта береді, рақатқа бөлесе, ләззатқа тойдырса болды. Жолаушылар әдебиеті («вокзальное чтиво») осылай дүниеге келді. Қоғам не көретінін, не оқитынын, не тыңдайтынын, өкінішке қарай, оқымыстылардан (интеллектуал­дардан) сұрамайды. Қайсысына қызығады, соған жүгіреді.

Бұл – постмодернистік кезеңде пайда болған сауық мәдениетінің жалпы көрінісі, салтын, әдет-ғұрпын, дағдысын ұмытқан елдің хал-ахуалы.

Сауық мәдениеті ұлттық мемлекет, дәстүрлі қоғамның айырма-белгісін жойып, халықтардың қол созған арман-тілегін, мұрат тұтқан құндылықтарын арзан ұғым-түсінік төңірегінде тоқайластырып, бәрін таяз, жадағай мазмұнға келтіреді, сөйтіп, теңестірілген бар мағына бір ғана мәнді білдіреді, ол – қызықтыру, еліктіру, сосын, жұрттың елтуі.

Көпшілік мұраты қызық кешу филосо­фиясына құрылғандығын, бұқаралық сипаты ессіз көптің қасиетіне айналған пост­модерн құбылысы Қазақстанда бар ішкі мәнімен көрінбей, тысымен жұрт көзіне түсті. Бұл сипатты жіктей келе, зерттеп-зерделей келе үлкен проблема екенін аңғарамыз.

 

Кітапханалар. Постмодерн шарты

Постмодерн дәуірінде кітапханалар жабылады, кітап жинау дәстүрі жойылады. Кітап – ұзақ мұраттың жолы. Постмодерн тура қазір, нақ осы жерде жүзеге асатын нәрсеге құмар келеді.

Ел өмір бойы шексіз махаббат, ынтызар құмарлықпен жинаған кітаптарын белгілі бір әлеуметтік мекемелерге, алыс-жақын­дағы ауыл-аймақ, жер мойны қашық ағайын-туғанға еш қиналыссыз таратып жатқанын естігенде, менің бойымды белгісіз бір мұң билеп кетеді…

Қазақтың, жалпы, адамзаттың кітапқа деген махаббаты суыды ма, әлде кітаптың құны түсті ме, не болды, өзі қоғамда не, қандай өзгерістер жүріп жатыр деп толқып, өзімнен-өзім күйзеліп, өмірімнің мағына­сына, мәніне айналған асыл мұратым бұлыңғырланып, көз алдымды көк мұнар шалып, кіреуке тұман басады, бауырым­нан, туғанымнан айырылғандай біртүрлі жетімсіреймін, кітаптарын соңғы көшке жөнелткендері, кітапханасымен мәңгілікке қош айтысқандары көңілімe аяусыз жара, қаяу салады…

Бірге жатып, бірге тұрған, жалғызды­ғына ес, жалқы ғұмырына серік тұтқан аяулы достарымен қалай ғана ажырасты екен, біржолата айырылысты екен – Алла(һ)дан рақым, Мұхаммедтен, салла­(А)ллаһу аләйһи уә сәлләм, шапағат болсын деген ой жадымда жаңғырыққан сайын ұзақ ойланамын…

 

Дәмді ас – тәтті тоқаш

Бұрын ас дәмді болатын еді. Енді тәттілене бастады. Меніңше, постмодерндік шарттың бірі осы.

Монтаждың құдыреті – үшінші негіз.

Тәтті ас, оқырманның көрерменге айна­луы, кинематограф пен жанрлық кинода монтаж өнерінің жетекші рөлі, бізге жүріп жатқан құбылыстардың постмодерн сипатын айғақтайды.

 

Сөз туралы. Модерндік көзқарас

Бүгінде Сөз, зады көп қасиетін жоғалт­ты. Бұрын Сөздің жауапкершілігі болатын, қазір екінің бірі өтірік айтады. Серт пен Сөз тең еді, айттың ба – орында дейтін едік. Енді бүгін Сөзге сенбейтін болдық, жүгіну­ден қалдық, елдің міндетті түрде айтқан Сөзін тексереміз. Сөз берсе, бір нәрсеге келіссек – кісіге сенбей, келісімшарт жасасамыз.

Ұлтқа адал, елге жанашыр, жұртқа  қамқор жазушылардың сенгені Сөз еді. Ол енді қаламгерге қорған бола алмайды. Бүгінгі қоғамдағы ең қорғансыз, ең қор адам – жазушылар. Сөздің қасиетін ұқпаған қоғам Сөзде қасиет қалдырмады. Сөз – әрі шектеулі, әрі шексіз кеңістік.

Сөз – тіл. Тіл – болмыстың үйі, депті ХХ ғасырдың данышпаны, пәлсапаның шыңына жеткен алапат ойшыл Мартин Хайдеггер. Дүние, ұшы-қиыры жоқ алып ғарыш, біз тіршілік кешіп отырған кең-байтақ ғалам тек тілдің құдіреті арқасында ғана өмір сүре алады. Тіпті, жаратылыстың өзі тілдің бояуынан, Сөздің әрінен пайда болған түсінік. Сондықтан…

Ұлттық әдебиет – халықтың болмысы. Тіл жойылғанда, халық та жоғалады.

Мен – қазақпын, ту тігіп – қазық қаққан жерім – қазақ байтағы.

Болмысым алаштың Сөзінен жара­тылған. Киіз туырлықты көшпелі жұрттың айбынды рухы қашан да, қайда жүрсем де, есімнен еш кетпейтін, мәңгілік пана тапқан, ырысты бақ қонып, берекелі құт дарыған қоныс-тұрағым. Күш-қуат, қайрат-жігер беретін қасиетті Отаным…

Қазақ ұлысы дүниені таныған, ғалам­зат­пен тілдескен, Тәңірді болжаған, шексіздікті топшылаған ана тілімде, адамзат тілінде алғаш сөйлеген ақ босағам, төрт баулы түндігін түріп жарқыраған жауһар Күнді көрген алтын шаңырағым.

Ана тілім жоғалар болса, мен де өмірде жоқпын.

 

Cөз – кейіпкер

Рас, сөз кейіпкерге айналды. Себебі, жазу мәнері машық, яғни стиль модерн ықпалында қалыптасып, өсіп-өніп, кемел­денді. Сөз проза, поэзия өнерінде шығар­машылыққа қаламгер мен сюжеттен кейін­гі әмірі жүретін, немесе бұрынғы, әлде ал­дың­ғы, үшінші қатысушы мәртебесіне жетті.

Сағыныш. Модерн қасиеті

Мен модерн тәсілінде қалыптаған шығармаларымда, көркем прозада, өмірде көзге көрініп тұрған, елдің бәрі білетін нәрсені жазбай, айтпай, қалдырып, түсіріп кетіп отырамын. Ал әдетте байқала бер­мейтін, жұрт аңғара қоймайтын құбылыс­ты, сезімді, түйсікті, ойды шетін шығарып, емеурінмен білдіріп кетемін.

Осыған ғұмырымды жұмсадым. Қазір әдебиетсіз өмірімді көз алдыма елестете алмаймын. «Елдің бәрі әдебиетті ұмытқан, естен шығарған кезде, әдебиетпен шұғыл­данып, проза жазып жүрген ең соңғы қалам­гер, тіпті, ең соңғы оқырман мен бола­тын шығармын»: әлі жарық көре қоймаған кітабымдағы бір кейіпкерім де осылай дейді.

Әдебиет – өмірдің де, ойдың да көшірмесі емес, ол – түйсіктің, долбардың, естеліктердің қоймасы. Сіз оқып отырып – ешқашан оқып отырған кітабыңыздың – шындығына көз жеткізе алмайсыз.

Тегінде, әдебиет – көкте жарқырап жанып тұрған күннің біздің денемізді қыздырған шұғыласы, сезім-түйсіктен туған махаббат, сағындырған ескі ауылдың орны немесе біз аңсап жүрген, көшесі тастақ, үйлері сары ала түсті әсем қала­лар… Мен әрқашан сол бір әдемі елді-мекен­дерді сағынып жүремін, сол бір сағыныштардан романдарым, повестерім, әңгімелерім туады…

Қазір мен көрген Қарағайлы, сүйген өңір-аймақ, 1986 жылы пойыздан түскен бетте көзіме жылы ұшыраған Алматы жоқ. Мен соларды сағынамын…

Бозбала кезден модернистік ақын-жазушыларды зерделей оқи жүріп,  атал­мыш қаламгер топтың шығармаларынан белгілі бір елге деген, жерге деген, жанға деген, ар-ұятқа деген, эстетикалық сұлу­лыққа деген, алаңсыздық қалыптастырған бақытқа деген, сағынышты байқадым.

Меңінше, сағыныш – модерн  дәуірінде дүниеге келген перзент. Бұл аңсар сезім шығарманың асыл қасиетіне, тіпті, мұратына айналды. Мен сағынышты шығармашылықтың жақсы бір әдіс-тәсілі ретінде қабылдаймын.

 

Модерндік тағылым

Бүгінгі ұлттық проза – дәстүрлі классика­лық нұсқадағы көзге көрінер-көрінбес, білінер-білінбес модерндік үлгі.

Қазақ әдебиетіне модерндік қасиет-белгілер, десек те, жайлы нұсқа, елеусіз айырма-белгілер, майда өзгерістер түрінде келді. Батысты дүрліктіріп, дабысы әлемді жаң­ғырықтырған, дүниені билеп-төстеп, адамзат ақыл-ойын емін-еркін билеген модерндік сана ғұмыры қазақтарға жетпей үзілді.

Модернизм қазақ әдебиетінде ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде бұтағын жая бастады да, еркін ой қудалауға түскен қиын кезден бастап, бұршақ ұрғандай солды…  Арада ширек ғасырдай уақыт өткенде,  Әлемде модерн сахна төрінен түсіп келе жатқанда, Қазақстанда жұмсақ модернизм атқа қонды. Сондықтан да көшпелі жұртқа дін таратқан сопылық үлгі сияқты сұңғыла да жуас, қазақ модернизмі өткел бермес өзендей тасқындап келген жоқ, жайлап аққан жіңішке жылғадай елеусіздеу жетті.

Жұмсақ модернизм жазу тәсілі ретінде Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбай, Қалихан Ысқақ, сондай-ақ  Шерхан Мұртаза,  Мұх­тар Мағауин, Дулат Исабеков, Төлен Әбді­ков, Тынымбай Нұрмағанбетов шығарма­ларынан көрінді.

Шығарма – машықтың перзенті. Ма­шық атмосфера тудырады. Ал атмосфера – кез-келген өнердің мұраты.

 

Қос нысан

Постмодернизм уақыты өтті ме, келді ме, әлде өмір сүріп отыр ма? Тегінде, ол мәдениет пе, жоқ, мәдениет жағдайы ма? Өнердің формасы ма, мазмұны ма? Қалып­тасқан жалпы машық па, жеке тұлғаның оқшау жазу мәнері ме? Ізденістің тапқан жаңалығы ма, жүйрік қалам, ұшқыр ойдың соқпақты, соқтықпалы жолда адасқаны ма, белгісі ме, дағдысы ма? Талғам ба, жал­ған ба, талас па, ынтымақ па? Бақ па, сор ма? Заман ба, адам ба? Қасиеті ме, қасіреті ме?

Батыс елдерінде капиталистік қаты­настар модерндік түсініктер қалыптасумен  қатар жүрді. Өндірістегі өнімдер өнердегі көркем нұсқаларға сай, адам өмірін, тірші­лігін, тұрмысын жақсартуға талпынған жасампаз философия, жарқын ұғым-түсінік­тері болды. Сол қалыптасып жатқан модерндік дәуірдің Орта Азиядағы проек­циясы сайын далада, кең сақарада таби­ғатқа бауыр, серіктестікке адал, Тәңірге дос, көшпелі өмірден қол үзіп, отырық­шылыққа бет алған, қала салып, қамал тұрғы­зып, ілім-білімге ұмтылған түз қазақ­тары еді. Ницше айтқан рух, сомдаған қаһармандық қасиет, шын мәнісінде, жауынгер айбынды  халықтың бойында ежелден бар болатын. Бұл құбылыс Махамбет философиясының қайнары. Махамбет жастар – тұрмыс-тіршіліктің де, ұғым-түсініктің де иесі.

 

Тақырып мәні

Бір қарағанда, бейкүнә көрінген періш­те сауал ешкімге зияны жоқ, әркімнің қара басына ғана жеке қатысты, жай бір мәселе сияқты, індете, іздене келе, түп негізін зерттеп, тереңдей бастасаңыз, көз алды­ңызда не бүтін емес, не бөлшек емес, тұтас па, жарты ма, анық па, танық па, ойдың өзі ме, сөзі ме, жағдайы ма, халы ма, толық па, орта ма, түбінде ме, бетінде ме, белгісіз, мың құбылған, Ницшенің көше жағалаған мәңгілік сауалдары тәрізді, дала кезген, қала көрген, орын тауып, орнықпаған, әлде, ірге тепсе де, іргесін бекітпеген, бірақ тарих жаршысы жүгін жинап, үйді босатуды талап еткен, бар ма, жоқ па, болды ма, бола ма, сан қырлы, әр түрлі пәлсапашылар қатысқан, пікір алуандығын туғызған, жауа­бынан сұрағаны көп, қоғамдық құбылыс, әлеуметтік көрініс, мәдени жағдай – бұл, зады, постмодернизм.

 

Тұжырымдамалар

Абай айтқандай, постмодернистік шешім түйінді тарқатпайды, байлауына тағы бір байлам қосады.

Сонымен, постмодернизм бе, әлде постмодерн бе?

Постмодернизм дегеніміз – біз өмір сүріп отырған заман.

Постмодерн – сол біз өмір сүріп отырған заманның мәдениеті.

Сондықтан ақпараттық қоғам дегеніміз – постмодернистік қоғамның нұсқаланған бір вариациясы. Бүгінгі мәдениетке бұқаралық ақпарат құралдары қатты әсер ететіні жөнінде кезінде пікір айтып, аталмыш маңызды тақырыпқа бірнеше рет қалам тарттық, тіпті, БАҚ мәдениеттің модустарын қалыптастыратыны туралы да мәселе көтерілді.

Қазіргі заман өскелең ұрпақ поп-жұлдыздарды өнеге тұтатыны рас, еліктейді, солықтайды, өнерпаз қауым, теле-тұлғалар жүріп-тұрудың үлгісіне айналады, артистердің мойнында осындай үлкен әлеуметтік жауапкершілік, ауыр жүк бар…

Постмодернистік кезеңде мәдениет, өнер және әдебиет эстрадалық сипат алады. Таным қабілетіне шәк келтірген ізденістер өнердің шын мұратынан пайда көрмей, тез арада табысқа қол жеткізе алатын жайдарман түрлеріне ауысады.

Әнге сөз жазатын қаламгер нағыз шайыр­дан гөрі әлдеқайда ақынырақ көрінеді. Негіз бар, өлшемі де анық, ол – табыс.

Бүгінгі халық шығармашылықта жүрген қайраткерді сіңірген еңбегіне қарай емес, көпшілік таныған табысына қарай, яғни бірнеше критерий немесе еңбектің өзі емес, еңбектің нәтижесі бойынша бағалайды.

 

Қайнар көзі

Классикалық, батыстық, платондық-гегельдік философияның бастауында тұрған, екі жарым мың жыл тірегі, жалауы,  кеңістігі болған, басты категориясы, тіпті, тумысынан негізгі сауалы, тақырыбы, өзегіне айналған, барлық өзге қалың ұғым-түсініктердің мәнін ашқан, мазмұндарын тапқан, таптыртқан Сөз, модернистік ұғым – мәртебелі болмыс дискурсы еді.

Қиял

Уақыт – модернистік түсінік. Уақыттың шарттылығы, шексіздіктің түсініксіздігі постмодернизм құбылысын тудырады. Әдеттегі өмірде модернистік дәуірдің адамдары уақытқа тиянақты категория ретінде қарайды. Негізінде, уақыт – берекесіз шарт. Уақытты әр кеңістікте әр түрлі қабылдап, түсінуге болады. Уақыттың тұрақсыздығы үнемі қозғалыста өмір сүретін шексіз әлемнің салыстырмалылығынан туады. Уақыт – адамзат өркениетінің туындысы һәм түсінігі. Шын мәнісінде, әлемде априори берілген уақыт деген нәрсе жоқ. Ол – адамзаттың ойлап тапқаны. Яғни уақыт – қиял, бұл енді постмодернистік ұғым.

 

ГАДЖЕТТЕРДІҢ МҰРАТЫ: СӨЙЛЕСІП ЖАТҚАН АДАМЗАТ

                                   эссе

                                       II

 

Постмодерн: шығу тегі, қалыптасу кезеңдері және авторлық құқықтар

 

Әлмира Бекетқызы Наурызбаева. Әріп-таңбалар

Меніңше, әдебиет, өнер – белгіден, әріптен басталады. Бұл жерде біз, әрине, жазба әдебиетін айтып отырмыз. Әріп – ауыз екі тілде айтылатын сөздің мәнерін, ойдың формалық нұсқасын өзгертеді. Сөйтіп, көтеріңкі пафостың қуатын, екпінін, арынын азайтады, пәрменді серпінін қажетті шамаға дейін бәсеңдетеді. Әңгіме шабытынан айырылып, бірқалыпты, қоңыр дауысты нақышқа, әуезге түседі. Әйтпесе, пафосқа құрылған шығармада жалған әуен (фальш) пайда болады, ол, задында, оқырман тарапынан сенімсіздік тудырады. Міне, хатқа түскен графикалық белгілердің осындай әсері, ықпалы бар. Суық жазылған мәтін неғұрлым бейтарап болса, оның оқырманға етер әсері де күшейеді. Жазба әдебиеті дегеніміз осы.

Әріп – civilis (civility), әдебиет – cultura.

Жазба әдебиетінің бейнеті көп. Басу технологиясы кемел дамуына жетіп, эстетикалық талғам, этикалық талап электрондық нұсқаға көшкенде, салыстырмалы Эйнштейн теориясындай, күтпеген жерден, алдымыздан, жеке заңдылық, оқшау тәртіп ретінде көзден жасырын қалыптасып келе жатқан құбылыс… жазу технологиясы ашылды.

Проза кәсіп түріне айналды. Өлең жасалу жолдарын, өнімді жазылу амалын, өндірістік сипатын тапты.

 

Өзекті үн қату: қазақша тәржімасы

 

Постмодерн талаптарына алғаш сипаттама берген Жан-Франсуа Лиотар. Бірақ, «Модерн. Постмодерн. Культура» атты кітабында постмодерн зерттеушісі Бекет Нұржанов америкалық медиологтың жаңа қоғам туралы тамаша бір сөзін келтіреді:

«Қазіргі заманнан кейінгі (postmodern) қоғамда әлеуметтік тұрақтылықтың дәстүрлі ұстыны жоғалады. Қарапайымдылық күрделілікке орын береді. Айқындылық – шартты. Жады – қысқа. Шындық құбылмалы. Ар-ұят жоғалады. Ұзақ мерзімді мақсат-мұраттарды бір сәттік ләззаттың қызығы жеңеді. Түр-сипат мазмұннан үстем түседі. Коммерциялану жойқын жарылысқа бергісіз қуатпен жер-жаһанды шарпиды. Әрекетті сезім басқарады. Мұндай өзгерістердің әлеуметтік зардабы болуы әбден мүмкін. Көптеген некелер ажырасумен аяқталады.  Балалардың басым көпшілігі некесіз туылады. Еңбек ұзақтығы қысқарады. Корпорация құжаттарын жояды. Жоғары сынып оқушылары бір-біріне оқ атады. Вирустар компьютерлерді бүлдіреді. Телевизияда соғыс өрістейді. Ормандар жойылады. Музыкада әуен қалмайды. Тілге салынған татуаждар мен сырғалар жұрт назарын өзіне аудартады. Өмірдегі кез келген ұжымдық мақсаттардың айқын бағдары болмайды. Мәдени категориялар, контекстер, кемшілік-қателіктер, құштарлықтар мен орынды-орынсыз қылықтар ақылға сыйымсыз жағдайда бір-бірін жойдасыз алмастырады. Әлеуметтік қатынастардан – музыка мен сәулет өнеріне дейін – ештеңенің мәні қалмайды. Мұның салдары жаһандық деңгейде көрінеді. Жаңа әлемдік бейберекеттік рәсімделеді. Джеймс Лалл (Lull, 2000, 262), америкалық медиолог».

 

Бекет Нұржановтың жіктеген топтары

 

Әрине, постмодерн шарттары тууына бір емес, бірнеше жағдайлар әсер етті. Оның ішінде, Бекет Нұржанов пайымдауынша, екі топтан тұратын (біріншісі: «XX ғасырдың соңғы тоқсанындағы ұлы мәдени өзгерістер», екіншісі: «Пәндік шарттардың қалыптасуы») он екі негізгі себеп бар:

 

Бірінші тобы:

1)      Гуманитарлық таным жүйесіндегі лингвистикалық революция;

2)      Де Соссюрдің лингвистикалық теориясы;

3)      Тілдің шығу тегінің семиотикалық теориясы;

4)      Гуманитарлық таным жүйесінде пәнаралық шекаралардың жойылуы;

5)      Модерн институтының қазасы;

 

Екінші тобы:

6)      Постмодерннің экономикалық шарттары;

7)      Постмодерннің әлеуметттік шарттары;

8)      Гидденс тұжырымдамасы;

9)      Ульрих Бектің «Тәуекел қоғамы: басқа модернге барар жолда»  атты

кітабы

10)    Хабермас: ойшылдың модернистік жобасы

11)   Посмодерннің коммуникативтік шарттары

12)   Medium is the message

 

Карл Маркс

 

Зады, данышпан, сұңғыла ойшыл Карл Маркстің қарапайым да күрделі постулаты – кезінде әлем мойындаған таңғажайып теория болатын. Өркениеттің даму сатыларын, ауысым тетіктерін мейлінше дәл ұғып, қоғамдағы әлеуметтік құбылыстарды жете түсіну үшін енгізілген өндіріс ұғымы өзіне жүктелген аса маңызды міндеттерді абыроймен атқарып,ұлы миссиясына бір де бір рет қаяу түсірмеді. Кейінгі онжылдықтарда, тұтынушы қоғам, көпшілік мәдениеті және ақпараттық технологиялар – басқа тенденциялардан гөрі – ұшқыр, жылдам, епті шықты, үрдістерді баса озып, қалың әлеуметке, дүйім жұртқа әмірін, үстемдігін жүргізе бастағанда, өндіріс категориясы кейін шегініп, қайраты кеміп, қуаты әлсіреп, кешегі зор ықпалынан айырылды.

Юрген Хабермас әлемді қопарған мәдени-әлеуметтік транформация электронды құрал-жабдықтармен қаруланған адамдарды қалыптастырғанын алға тартады, шын мәнісінде, интернет, мультимедиа, сандық технологиялар, жалпы, электронды және телекоммуниациялық желілер, тіпті, радиолар, компьютерлер, мобилді байланыс құралдары, принтерлер, ксерокстер, сканерлер, факстер, автомобильдер, пойыздар, ұшақтар – біздің өмірімізге, тұрмысымыздың антуражына, тіршіліктің сюжеттері дамып, уақиғалары жүретін  рухани-материалдық композициялық фабуласына айналды.

Біз, керісінше, жоғары технологиялық ізденістер мұраты, түпкі мақсаты – жайлылығы мен рақаттығы, яғни комфорты асқан, қызметі кемелдене түскен заманда, жансыз заттардың, толқындардың, өрістердің тұтқыны болдық.

Уақыт бөлшектене, ірілері майдалана келе, тәуліктер тұтас қирап, сағаттар тігісінен сөгіліп, минуттар ыдырап, секундтар алға озды. Секундтар табысқа кенелді, үнемі сергек жүрді, шешімді тез қабылдап, мәселені көтерілген жерінде, тұрған орнында шешті.

Сапаның өмір сүру уақыты қысқарды. Бүгін бар – ертең жоқ. Кешегі алдағы күндерде жаңа мазмұнға байып, жаңа сапаға көшті.

Үйдегі телевизор отбасылық кинотеатрға айналды.

 

Көліктер теориясы

 

Көлік ертеде жылқы еді, кейін  қылаң түсті автомобиль, баран өңді

пойыз болды, сосын, көлік жерден көкке көтеріліп – аспанға ұшты.

(Қазақ халқы бүкіл өң-түсті қылаң, баран деп екі текті топқа жіктейді.Қылаң дегені – ақ, боз, ақ боз, шаңқан, шаңқан боз, тарлан, ақ тарлан, боз тарлан, тағы басқалары. Баран дегені – қара, қоңыр көк, жасыл, қызыл, күрең, жирен, торы, сұр, күлгін, құла, шабдар, сары, солай жалғаса береді. Қазақтың баранға жіктеген өң-түстері табиғаттағы кемпірқосақ өң-түсі негізінде аталған деуге болады).

Сапа қасиеттен сәндік атрибутқа айналды.

Телефон да көлік, дауыс тасымалы, үлгілері сәннен шықса, нарықта жаңа нұсқалары пайда болды. Немесе, керісінше, жаңа нұсқалары қолданыстағы түрлерін ескіртеді.

Қоғамдағы өзгерістер саясаттан экономикаға дейінгі аралықта, кеңістікте, кең алқапта жүрді. Тасымалдаған, көліктің миссиясын атқарған – идеялар.

Өзгерістер өндіріс пен тұтынуды түгел қамтыды, трансформациялық үдерістер  постмодерн шарттарын туғызды.

Француз әлеуметтанушысы, мәдениеттнушы  және философ-постмодернист Ж.Бодрийар қоғамды ақпараттандыру постмодерн шарттарының қалыптасу процесінде жетекші рөл атқаратындығын көлденең тартады. Постиндустриализация, медиатизация, глобализация (мәдениеттің метисизациясы немесе, менің ойымша, диффузиялық араласуы) құбылыстарынан соң информацияландыру алға шығады.

Тәуекел қоғамы қалыптасады. Тәуекел де – көлік. Шешімдер көлігі.

Гуманитарлық таным жүйесінде лингвистикалық революция жасалды.

Тіл – таңба немесе белгі ретінде – қызмет атқара бастайды.  Француз философ-постмодернисі және әдебиет теорияшысы Ж. Лиотар соңғы жылдары озық теника мен технологиялар өз тілдерін жасағанын айтады: фонология мен лингвистикалық теориялар, кибернетика мен коммуникациялық мәселелер, қазіргі алгебра мен информатика, есептеу машиналары мен тілдері, аударма проблемалары, жад мен хат-хабарды сақтау, телематика мен ойлы терминалдар, парадоксология.

 

Эпистемологиялық тіл көшкіні.Тілдің дерті

 

Әуелi, сонау қадым заманда тiлдi ой жаратқан болатын, бүгiн кемелденiп алған қоры мол жүйелi тiл жаңа дәуiрде ойды өзi туатын қабiлет тапты.

Екi белестiң орта кезеңiнде, қалыптасқан тiлдiк жүйе көкейге түскен ойды дөп басып, басқаға жеткiзе алатын ең жетiк қарым-қатынас құралы едi.

Қазiр тiлдiң өзi ойлайды. Алғашқы екпiн, әрине, көкейдегi ойдың ықпалы. Бiрақ, құлдықтағы бодан ойға салтанат құрған озбыр тiл толығымен иелiк етедi. Тәуелсiз асқақ тiл ойдың билеушiсi боп алды, қабат келген бес сөз кәдiмгi аяқталған сөйлемге айналды, сөйлем ізденіп, топшылайтын болды, бүгiндерi жүздеген тiлдiң жүйесiнде мыңдаған иесiз ой көздеген мұратынан адасып жүр.

Адамдар тiлдiң құлына айналды. Үнемi тiлдiң жетегiнде кетедi, ойына бұйырып тұрады, айтпайтын пайымын айтқызады. Өстiп, мәтiндер түсiнiксiз бола бастады, өмiр мен пәлсапа қайшылыққа түстi, ойдың табиғаты бұзылды, тiл дертке ұшырады.

Ескiлiкте, Тiл — Болмыстың үйi едi. Қазiргi шақта сырқат тiл жетiм болмысқа қалайша пана бола алады.

Бейшара ой қаңғып далада қалды, адасқан күшіктей ұлыды, өйткенi тiлдiң өзi ойлайтын болды, оған ендi ештеңе қажет емес, көңiлдегi ой мен жүректегi ниет тiлдегi сөздiң тұтқынына түстi.

Тіл мен адам теңеседі. Болмыс тілге айналады.

Бірақ, тілді зерттейтін лингвстика еді. Бұрын логос пен адам арасында тіл тұратын. Енді ол табиғи тіл және символдық тілге айналды.

Бұл дәстүрдің жетекшілері Чарльз Пирс пен Фердинанд де Соссюр.

Означающее/означаемое

Белгі хат ауыз екі тілден дәрежесі төмен еді.

Тілдің шығу тегінің семиотикалық теориясы  тіл мән-мағына жүктелген әлемді білдіреді. Тіл – мәдениеттің өмір сүру формасы.

 

Қаза 

 

Модерн қазаға ұшыраған қаралы күн – постмодерннің туған күні. Постмодернистік дәуірдің тағы да бір көрінісі: «өлім-жітімнің көбеюі». Бекет Нұржанов «постадам» («постчеловек»)  деген ұғым енгізеді. Яғни, адам қазаға ұшырап, адамнан кейінгі ұрпақ пайда болады. Адамнан кейінгі ұрпақтың қасиеттері көпшілік мәдениетіне негізделеді, яғни, телевизиялық тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге перзенті. Сонымен қатар Әлмира Наурызбаева докторлық дисертациясында  «постгуманизм» деген түсінікті алға тартады. Бұл атау гуманистік қызметтің, тіпті, гуманизм деген ұғым-түсініктің өз мәнінен айырылғанын білдіреді. Қазақ философтары әрбір құбылысқа ұлттық көзқарас тұрғысынан, демек, ұлттық дүниетаным биігінен қарауға шақырады. Себебі, әр ұлттық танымда архитиптік қазына-көмбе, жүздеген ғасыр қалыптасқан тәжірибелік өз түсінік әлемі бар. Постмодерн ойшылдары әлеуметтің өлімі, театр ажалы, музыка қазасы, тіпті, тарих ақыры және мәдениет соңы туралы мәселе көтереді. Бұл данышпандардың айтқаны рас сияқты. Себебі, фонограмманың тууы және оның кеңінен қолданылуы дыбыстың, тірі дауыстың өлгенін айғақтайды.

 

Модернизм/постмодернизм

 

Бір ғасырға жуық адамзат ақыл-ойына әмірші, талғамына жетекші, мәдениетіне төре постмодернизм ағымы бастауынан адасты. Өнер патшалығында шексіз билік құрған салтанатты дәуір аяқталды.

Ту көтерген байрақты табыс алтын тұғырынан тайды.

Қайраты қайтты. Үнсіз қоштасты.

Шулатып келді, дабырамен өмір сүрді, бірақ көзден елеусіз кетті. Сахнадан түскенін ешкім байқаған жоқ. Дабысы қырды жайлаған, атақ-даңқы түзді дүрлік-тірген әдеби-философиялық кешен үстемдігінен айырылды. Абырой-беделден жұрдай болды.

Постмодернизм бейнесі күйреді. Бейнелеп айтсақ, метафора жойылды, қаһарман өзгерді, алапаты басылды. Кезінде әдеби кітаптарда, архитектуралық шығармада, кинематографиялық фильмдерде маңдайы жарқырап – пешенесіне жазған бақ, басына қонған бақыт құсы мехнаттан қашық, сордан шалғай уақыт кешіп еді. Енді, міне, қадір-құрметінің қазасында отыр.

 

Модерн – естелік

 

Айдан анық: модернизм – ХІХ ғасырдың аяғында өмірге келген эстетикалық талғам. Ол ХХ ғасырдың 40-50-жылдарына таман әбден толып жетіліп, өзінің шарықтау шегіне жетті, бойындағы бар қуатын сарқыды: сөйтіп, алпыс-жетпіс жыл бойы әлем әдебиетіне (өнеріне де) жарлығын жүргізген, құзырына бағындырған, ақыл-ойын билеп-төстеген бұл әдіс-тәсіл – үстем әдеби ағым, өктем көзқарас тұрғысында – толық аяқталды.

Әрине, модернистік машық әкелген эстетикалық табыстар әдебиеттің керегіне жарап, проза мен поэзия жанрына әлі де болса қызмет ете беретіні даусыз. Десек те, енгізген жаңалықтары бүгінде ешкімге таңсық емес. Модернистік тәртіп-талаптарды сөйлем құрағанда, шығарма жазғанда – қолдануға, пайдалануға болады, бірақ қазіргі таңда сөздің көсемі озық машық ретіндегі мәртебесінен айырылды.

 

Беймезгіл уақыт

 

Әділіне жүгінсек, постмодернистік машық деген жазу тәсілі жоқ. Тек қана постмодернистік ситуация ғана бар. Сол постмодернистік ситуацияда белгілі бір машықтар туады. Ол – полистилистикалық машықтар. Яғни, постмодернистік дәуірде бостан проза, тәуелсіз поэзия қалыптасады, еркін әдеби кеңістік жаралады. Дербес кеңістікте полистилистика өмір сүреді. Бірі классикалық үлгіде, бірі модернистік үлгіде жазады, баз біреулер Толстойды да, Достоевскийді де, Бунинді де біріктірген аралас машықта кейіптейді. Немесе тексте Герман Мелвилл, Джером Дэйвид Сэлинджер, Джек Керуак, Томас Пинчон қолтаңбасы аралас-құралас өріліп отырады. Стильдер арасындағы айырмашылық сақталса да, қайшылық жойылады.

Әдебиет пен өнерде мәңгі қалыптасқан, ешқашан бұлжымайтын тәртіп-тәсіл жоқ. Машық үнемі өзгеріп отырады. Әрине, олқылықтар, қателіктер, селкеуліктер болады. Бірақ жастардың талпынысы, шама-шарқы қателіктерді ескеруге, түзетуге жетеді деп ойлаймын. Ізденіс, адасу, ұмтылыс – шығармашылықтың негізгі мәні. Түпқазығы. Егер қаламгер төл перзенті – қолға алған романы – қалай аяқталатынын, қай бетіне не жазылатынын алдын-ала біліп, танып отырса, онда туынды көркем шығармашылықтан гөрі кәсіпкерліктің еңбегіне, күнделікті еңбектің нәтижесіне көбірек ұқсайды. Нобайы, сұлбасы бар, соңы белгісіз, мұраты жұмбақ өнер – шығармашылық өнер. Ізденістің мақсаты, маз-мұны, мағынасы осы.

 

Ғаламзаттық құбылыс

 

Постмодернизм – ғаламзаттық құбылыс, цивилизация дамуындағы белгілі бір кезең. Батысқа ғана тән емес. Адамзатқа – бір, өркениеттерге тең дүние. Сонымен қатар, постмодернизмді құбыжыққа айналдырудың да қажеті жоқ, бір басына бүкіл жақсы-жаманды үйіп-төгудің де керегі шамалы.

Біздің мақсатымыз – мәнін ашып, шындыққа жету, сәті түсіп, жолымыз болса, ақиқатын тану.

Посмодернизм деген тұтас бір құбылыс жоқ. Ол туралы түсінік – әртүрлі цивилизациялық көріністен, қоғамдағы белгілерден бас құраған қасиеттер жиынтығы, оқшау категория, жеке мән, ескі де жаңа мазмұн, содан біз қолданып жүрген жалпылама ұғым қалыптасқан.

 

Модерн – стиль, постмодерн – ситуация

 

Менің ойымша, өнер тарихы дегеніміз стиль немесе стильдердің тарихы. Әдебиет – машық биографиясы. Кинематография – бейнелеу тілінің ғұмырнамасы.

Әдебиеттегі постмодерн дегеніміз не?

Тегінде, өнердегі посмодерн стильді білдірмейді. Постмодерн – стиль емес, кино тіліне жатпайды, қойылым формасына келмейді.

Постмодерн – мәдениет, өнердегі қалыптасқан ситуация. Басымызға туған күн немесе қонған бақ.

Модерн стиль болды. Көп стиль, бірақ ортақ белгілері бар стиль. Дүниені қайта жаңғыртуға, ойды, құбылысты қайта түсіндіруге ұмтылған стиль.

Уильям Фолкнер, Эрнест Хемингуэй, Джеймс Джойс, Гертруда Стайн, Марсель Пруст, Франц Кафка…

Ертеңге асыққан, ізденістері сөздің жаңа мүмкіндіктерін көрген, жаңа қабілетін ашқан, қысқа да жазған, ұзақ та тербеген стильдер. Ол туралы эсселерімізде көп жаздық.

Ал постмодерн – стильдің өзі емес, стильдердің араласуы. Бір шығармада бірнеше жазу тәсілі көрініс табуы мүмкін. Тіпті, қаламгер романына басқа жазушы не ойшылдың мәтіндерін енгізуі де мүмкін. Енгізбеуі де мүмкін. Демократия. Қатаң тәртіп жоқ. Бастан-аяқ өзі жазып шыққан туынды неліктен постмодерн болады?

Жазу тәсілі түрлі, не тақырыбы қалжың, епті боксшы тәрізді біресе солға шығады, біресе жылдам секіріп билеп оң жақтан көрінеді. Виртуоз. Интеллектуал. Эрудит.

Кітаптың соңын жырлаған ақырғы алыптар. Гиганттардың құлауы.

Тарих та бітті. Өнер де солды. Әдебиет те ақырына келді. Сөз таусылды, ой сарқылды. Бір қарағанда.

Бірақ, үміт бар.

Оқырмандардың оралуын күтіп жүрміз.

Жазушылық – туа біткен қасиет, бірақ оның тәртібі кітаптан қалыптасады. Жас ұрпақ қашанда ескі низамнан қашып, жаңа машықтың саясын паналайды.

Қаламгер кітапты көп оқыса – машыққа жетеді, киногер көркем фильмді көп көрсе – кино тілін табады.

Тәртіпсіз проза – мәдениетсіз проза.

Стиль – тәртіп.

Әдебиет тарихы – стильдердің тарихы.

Стиль көп оқып, көп жазғаннан қалыптасады. Стиль – атмосфераның авторы. Атмосфера – бір нәзік дүние. Кез келген өнердің, өнерпаздың мұраты – атмосфераға жету.

Стиль атмосфераны тудырады, атмосфера – шығарманың жаны. Атмосферасыз кітап – өлі туынды. Атмосфера барда, кітап та тірі.

Шын, атмосфера жоқта оқылған кітаптың: сағынышы – сенімсіз, қасіреті – күлкілі, махаббаты – жалған.

Кітапты оқу үшін шығарма ішінде де, оқырман бойында да, мезгіл уақытында да, төңірек жағдаятында да атмосфера болуы керек.

Менің ойым сол.

 

Модерн түсініктері: пафос – фальш

 

Сырт көз байқай қоймайтын тағы бір шындық бар – ол көркемдік шындық.

Табиғаты бөлек. Тағдыры оқшау. Тар жолы – тайғақ.

Тайғақ дегеннен шығады: көркемдік шындық тарихи жайттан кейде тұрақтай алмай тайып кетеді, кейде бір жағына салмағы басып ауып кетеді. Суреткер жұртқа қатты әсер етемін деп, тегінде, деректі не күшейтіп, не әлсіретіп алады, әйтпесе туындының өзі не күшін жоғалтады, не шектен тыс қуаттанып кетеді, ол дегеніміз – жалған пафос, жалған пафос өз алдына – шығармашылық тұлғалардың жалған салтанатына жиі алданып, адасып жетегінде кетіп қалатын – фальш.

Фальшті талғам жеңеді.

 

Фабула-модернити

 

Фабула композициядан үлкен, ал композиция фабуладан гөрі әлдеқайда дәл.

Орыс тілді ортада бойына әлем әдебиетінен жұғып, санасына озық нұсқалардан сіңген жақсы дәстүр бар. Жазушының жеке басында ешқандай шаруасы жоқ. Бар назары – қолдағы мәтінде. Әділетсіз сөйлей алмайды.

Жұрт қарап отыр.

Бірінші кезекте, әрине, стиль. Фабула – екінші кезектегі мәселе. Әңгімеленетін тақырыптың бір-біріне жалғасқан не қабысқан жайттарының біртұтас жиынтығы.

Ал композиция сол жайттардың орналасуын, кезектесуін, тіпті, байланысуы мен біріге, бірге өрбуін білдіретін түсінік.

 

Постмодернизм теориясының майталмандары.  Бекет Нұржанов тізімі

 

Ролан Барт, Мишель Фуко, Жиль Делез, Феликс Гваттари, Жак Деррида, Жан-Франсуа Лиотар, Жан Бодриар, Фредрик Джеймисон,  Ричард Рорти, сонымен қатар, постмодерн ойшылдарына барабар Фридрих  Ницше, Жорж Батай, Морис Мерло-Понти, Морис Бланшо, Пьер Клоссовски, Жак Лакан, Хорхе Луис Борхес, Мишель Серр, Ги Дебор, Пол Фейерабенд, Джанни Ваттимо, Зигмунт Бауман, Умберто Эко, Филипп Лаку-Лабарт, Жан-Люк Нанси, Юлия Кристева, Элен Сиксу, Люси Иригаре, Джудит Батлер,Линда Хатчин, Сара Коффман, Винсент Декомб, Дэвид Харви, Дуглас Келлнер, Марк Постер, Вольфганг Ширмахер, Стюарт Холл, Чарьлз Дженкс, Мишель Мафессоли, Славой Жижек, Дэниел Белл, Юрген Хабермас, Энтони Гидденс, Ульрих Бек, Сэмюэль Хантингтон, Элвин Тоффлер, Фрэнсис Фукияма.

 

Постмодернизм ойшылдары. Бекет Нұржановтың екінші тізімі

 

Теориялық постмодернизмнің шыққан тегі, негізінде, Франция. Бұл құбылыс – француздардың табысы, ойлап тапқаны. Ұлттық жемісі. Бірте-бірте әлемдік ой-сананың озық үлгілерін жаулап, бүгінде Еуропа, Азия және Сотүстік Америка құрлықтарына кеңінен таралып отыр.

 

Ролан Барт

 

Ролан Барт таңба-белгілер теориясын қалыптастырды. Мәдениет семиотикасы, билік, идеология, коннотация/денотация, мәтін, автор өлімі, мәтін  ләззаты, көпшілік мәдениеті анализі (сән үлгілері, күнделікті жарнамасы) мәселелерін зерттеп, табысты еңбек етті. Жалпы, Ролан Барт философиясына структурализм мен марксизм ықпал етті.

Барттың семиотика мен мифология тақырыбын зерттеген еңбектері қазіргі таңда да маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Кейбір ғалымдар Бартты семиотиканың негізін қалаушы деп атаса да семиологияны қалыптастырған Фердинанд Де Соссюр және Чарлз Пирс екені ешкімге күмән тудырмаса керек. Соссюр семиологияны мәдениеттің негізгі өлшемі ретінде емес, лингвистиканың бір бөлігі ретінде қарастырды. Барт тіл туралы түсінікті қоғамдық қатынастар мен мәдениеттің кеңістігіне дейін кеңейтті. Ол Леви-Стросс пен Жан Лаканның идеяларына сүйенді, мәдениетті тіл тұрғысында таныды. Сондықтан мәдениетті талдау тіл құрылымдары мен методикасын талқылаудан басталады. Ол структурализм мүмкіндіктерін, батыстық сананы модернистік философиядан постмодернистік филолсофияға көшіру мәселесінде пайдаланды. Яғни, классикалық философияда таным мен ойлаудың көзі де, өзегі де  сана деп қарастырылса, постклассикалық философияда сана орнына тіл зерттелді.

Соғыстан кейінгі Францияда марксизм философиясы үстемдік құрған еді. Өз замандастары секілд Барт маркстік нарративке сенді. Метанарратив ықпалды еді. Еркіндікке қол созған Барт философиясы бостандық жолындағы бірден бір күш Соссюрдің семиологиясы деп ұқты. Барт идеологияны Соссюр жасаған коннотоция және денотоция түсініктері шеңберінде зерттейді.Ол идеологияны коннотативтік тәжірибеге  теңейді. Сана жайлы теориядан бас тартып, тіл мен таңба теориясын қолданады. Кейін бұл түсініктер постмодернистік ұғымдар құрамына енді. Биліктің көзқарасы ретінде идеология жалған сана қалыптастырады. Тілдік коннотация үлкен рөл атқарады. Яғни, жаңа сана үстемдік құрады. Коннотация дегеніміз – түп нұсқаның өзіне емес, басқа бір белгіге жасалған сілтеме. Белгі белгілерді белгілейді.  Коннотация адамзат әлемін тіл мен таңбалар дүниесі тұрғысында көреді. Мұндай сана жалғандығы түпнұсқаның жойылғандығынан көрінеді. Бір-біріне сілтеген бейнелер бір-біріне түскен сынықтар тәрізді. Белгі белгіні растаса да, түпнұсқасыз белгілер шындықты көрсете алмайды. Коннотативті тәжірибенің зияндығы сол таптық, нәсілдік, гендерлік және түрлі топтық мүдделерді табиғи құбылыстар тұрғысынан көреді. Әлемді  мәтін ретінде таныған Барт ұстанымдарын Анри Лефевр, Мишель де Серто, Ариэль Дорфман, Арман Маттелар, Энтони Гидденс, Пиер Бурдио және cultural stadies өкілдері қостайды. Түйін – мәтінде мәтіннен басқа ештене жоқ.

 

Мишель Фуко

 

Барттың кіші замандасы, философ Мишель Фуко постмодернизм деген сөзді қолданғанымен, бұл ағымға қатыстығын жасырған ойшылдардың бірі. МишельФуко дискурс түсінігін ойлап таппаса да, бұл сөзді қолданысқа, сөз айналымына, постмодернизм лексикасына енгізген ғалым. Дискурс – іргелі категориялардың бірі.

Бүгін де  дискурс барлық гуманитарлық пәндердің белсенді категориясына айналды. Бірақ Фуко бұл терминге жаңа мағына береді. Оған дейін дискурс лингвистикалық термин болатын. Сонымен қатар, Фуконың арқасында сөйлеу, ойлау мағынасында қолданыла бастады. Кезінде Декарттың  «Метод туралы сөз» деген кітабы орыс тіліне аударылған еді. Ал Фуко түсінігінде дискурс тәртіп пен талаптың жиынтығы.  Яғни белгілі бір тілдің  құрылым тәртібі тұрғысындағы категория. Ұлттық тіл мағынасында емес, дискурс таным объектісі мен зерделеуші субъектінің қарым-қатынас арнасы, байланыс жолы. Дискурс қашанда көпір қызметін атқарады.

 

Жиль Делез

 

Мишель Фуко Жиль Делезді құрметтегені соншалықты 20 ғасырды «Делез ғасыры» деп атағысы келген. Делез адам бойындағы билікке деген, лауазымдық қызметке деген құштарлықты зерттеді. «Ницше және философия»  деген кітап жазды. «Айырым-белгі және қайталау» деген кітабы дүние жүзіне кең тарады.

 

Жак Деррида

 

Батыс философиясын қайта жаңғыртуды ойлаған Деррида мәселенің шешімі ретінде батыстық сана-сезім арқа тұтқан ақыл-ой философиясын сынға ала бастайды. Ол рационалистік философияны – фоноцентристік философия деп атайды.

Сонымен қатар, Батыс метафизикасында дыбыстың үстемдік құратынын байқайды. Иероглифтік жазудың (тізбек емес хат) фонетикалық жазуға (тізбектік  хат)  ауысуы, дыбыстың белгіден үстем екендігін аңғартты. Тізбек хаттың негізгі қасиеті дыбыстың, дауыстың және уақыттың бір бағыттылық екендігі. Фонетикалық хаттағы мәтінді тек солдан оңға қарай оқуға болады. Және де оқылым бір-ақ бағытта ғана жүреді. Тізбектік ойлау – темпоралдық пайымдаудың бар екендігін білдіретін ой процесі. Тарихи лингвистика – жазу дәстүрін пиктографиялық (әріптік және иеороглифтік) идея мен таңбаның бірлігін аңдататын ғылым. Суреттік жазылым алфавиттік немесе белгімен белгілеп жазуға қарай жүрген қозғалыс.

 

Жан-Франсуа Лиотар

 

Француз ойшылы 1979 жылы «Постмодерн шарты» атты еңбегін жариялайды. Бұл еңбек постмодерн дәуірі келгенін паш еткен алғашқы кітаптардың бірі де бірегейі еді. Аталған кітапта ол білімнің табиғатын зерттейді. Оның бүгінгі қоғамдағы дәреже-деңгейіне, абырой-беделіне тоқталады.

Лиотар  бүгінгі білім мен ғылымның екі мәселесін күн тәртібіне шығарады: білімнің заңдастырылуы, яғни, заң тұрғысынан мәртебеленуі немесе легимитация, білімнің компьютерленуі немесе бұқаралық ақпарат құралдарында шоғырлануы.  Білімнің өмір суретін формасы тек қана ғылыми тұрғыда емес. Білімнің екінші түрі – нарративтік білім. Нарративтік білім – ақыл-ойға жүктемей-ақ, дәлел келтірмей-ақ, ұлттық салт, қоғамдық дәстүр күшін пайдалана отырып мәселе шешілетіндігін алға тартады. Лиотар нарративтік білімнің үш мәртебесін айқындайды. Топтың үш қатысушысы сияқты қатысатындар – шешен, тыңдарман және референт. Үш түсінік орын ауыстыруы мүмкін, бірақ қажетті хат-хабарды бір-біріне анық жеткізеді. Сонымен қатар метанарративтер де өмір сүреді.

 

Жан Бодрийар

 

Бодрийар  «Объектілер жүйесі», «Тұтынушы қоғам», «Саяси экономия таңбасы туралы сын», «Символдық айырбастау және ажал» деген кітаптар шығарды. Ол медиа-ақпараттық хабар, көпшілік қоғамы, жарнама, сән үлгілері, жалған құндылықтар қалыптастырған телевидение жайындағы тақырыптарды көтерді. Постмодерн айналымына симуляция, симулятор, гиперреалдық, гипертелия, имплозия, экстаз, патафизика тәрізді түсініктерді енгізді. Ол «жасанды» («подделка») ұғымын жете зерттеді. Симуляция және симулятор дегеніміз – Ролан Барт  түсінігіндегі коннотация сияқты референтке немесе түпнұсқаға емес, келесі бір басқа белгіге сілтеп жіберетін таңбалар.

 

Фредрик Джеймисон

 

Америкалық постмодернизм зерттеушісі аталмыш пән саласына маркстік ілімнен ауысып келді.

 

Модерн кімнің перзенті?

 

Модерннің шығу тегіне, қалыптасу себебіне көз жүгіртсек, төмендегідей, XIX-XX ғасырда жүрген оқиғаларға, тарихи жайттарға, әлеуметтік жағдайларға және танымдық өзгерістерге келіп тірелеміз, деп атап көрсетеді Бекет Нұржанов.

 

  1. Экономикалық процестер және өзгерістер капитализмі
  2. Саяси либерализм, демократия, ұлттық мемлекет, колониализм
  3. Техникалық және технологиялық эволюциялар
  4. Рационализм мен ақыл-ойдың үстемдігі
  5. Білім мен ғылым беделі
  6. Бұқаралық байланыс құралдарының пайда болуы
  7. Уақыт пен кеңістік формаларының өзгеруі
  8. Секуляризация процесі мен діндарлықтың әлсіреуі
  9. Урбанизм және жаңа архитектуралық тәжірибелер

10.Жетекші урбанизм, гуманизм, перспектизм және секулизация.

11.Ұлы жағрафиялық ашылымдар заманындағы мәдени кеңістік

шекараларының кеңеюі.

  1. Қолданбалы немесе нақты постмодернизм

 

Модерн мәдениетінің қалыптасуына жоғарыда тізімделген жағдайлар негіз болса, оның қоғамдық институттардан көрінуі алты кеңістікті құрайды  (Бекет Нұржанов):

  1. Урбанизм және капитализм
  2. Модернизм және перспектизм
  3. Хабермастың модернизм жобасы
  4. Эстетикалық модернизм
  5. Жоғарғы модернизм
  6. Машина туралы миф

 

Мен зерттеген модернизм

 

Қолданбалы немесе нақты модернизм жазушылардың, суретшілердің, мүсіншілердің, жалпы, өнер тудырушы қауымның шығармаларынан көрінді. Әсіресе, 20-30-жылдары әдебиетке келген қаламгерлердің туындылары модерндік жазу тәсілдерін тауып, кітаптарына енгізгендігі адамзат мәдениетін аса қатты байытты.

Марсель Пруст, Гертруда Стайн, Дос Пассос, Эрнест Хемингуэй, Фрэнсис Скотт Фицджеральд, Томас Элиот, Джеймс Джойс, Томас Манн, Франц Кафкалар жаңа әдебиетті қалыптастырды.

Мен көркем прозаға келгенімде Эрнест Хемингуэй бастаған модернистік қаламгерлердің жазу тәсілдерін көп зерттедім. Альбер Камю де ұмыт қалған жоқ.

 

 

Қоғамның өзгеруі: телевидение, технология және

электронды мәдениет

 

Телевизиялық салдарлар

 

Көпшілік мәдениеті, дұрысы бұқаралық мәдениет —  ХХ ғасырдың басында, кешегі ойшылдардың пайымдарына азық, түсінігіне негіз, гносеологиялық ізденістеріне мұрат, сонымен қатар, бүгінгі қоғамдық ойға дүниетаным: заманауы ой-сананы билеп-төстеп тұрды және қос жүзжылдықтың философиясын қалыптастырған алапат құбылысқа айналды. Осы құбылысты алғаш кейіптеген философиялық категория –  бұқара (масса)  деген сөз болатын.

Қазір талант танылмайды, теледидар елге, жұртқа әуелі таныстырады, сосын – танытады, телевидениеде талғам жоқ, кім көрінген телевизияның елге әсерін өз жеке мүддесіне пайдаланып, көсем дәрежесіне көтеріледі, жалған көсем қиюы қашқан ағаш үй тәрізді жер сілкінісі болса, сүйегінен ажырап, далада шашылып жатады.

Үстірт түсінік – жеңіл түсінік. Тез қабылданатын ақпарат түрі жеңілтек хабарларға, жылдам сіңірілетін тақырыптарға құрылады, тез өзгеріп отыратын тұрақсыздық, тұрлаусыздық – жалықтырып, зеріктіріп алмаудың амалы, ойдан қашу – бұқаралық мәдениет.

Бұқаралық мәдениет – қоғамға таңылған дискурс, яғни қалыптасқан жаңа қасиеті.

Бұқаралық мәдениетті постмодернистік цивилизация тудырды. Постцивилизация. Ғылым мен техниканың өркендеуі талғамның өсуіне, ойдың тереңдігіне алып келген жоқ. Технология – цивилизация перзенті, яғни  бұқаралық мәдениеттің,  масс-культураның қайнар көзі.

 

 Медиагер

 

Сөз талайы – адам тағдыры. Сөзге адамдай қарау керек. Медиагер дегеніміз бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпараттық технология саласында қызмет етіп жүрген маман.

 

4.2.  Интернеттік салдарлар. Электронды кеңістік.

 

Бірақ, жалпы, адамзат, жекелеген данышпандар Интернетті болжай алған жоқ. Ақпараттық технология дүниені өзгертті. Біз қарыштап дамып, аршындап адымдаған үдерістердің соңына ілесе алмай, ілдебайлап жүріп келе жатырмыз.

 

Руханияттық салдарлар

 

«Әдебиет өлді»,  «өнер құрыды»,  «мәдениет ажалға ұшырады». «Тарихтың соңы» – жер бетінде ештене қалмаған жағдаятқа куәгер болды. «Кітап қазасы» дүниені өзгертті. Әлемді «онтологиялық жалғыздыққа» апарып соқты. «Антураж қирады». Тұрмыс өмірден жоғалып, абстракциялық терминге, яғни, болмысқа айналды.

Постмодернизм өзінің ақырына жетті.

 

 Онтологиялық-эстетикалық салдар

 

«Түпнұсқалар жойылды».

«Бүкіл әлем, бар өмір қазір көшірмелерден ғана тұрады».

Демек, түпнұсқаның жоқтығынан, эксперттер көшірмелерге қарап пікір айтатын болды. Көшірмелерде түпнұсқалық қасиет жоқ. Шыққан тегін, ерекшелігін басқа заттармен салыстырғандағы өзгешелігін бір бойынан іздеп таба алмайсыз. Көшірмелер түпнұсқадай көрінеді, бірақ, түпнұсқаның атмосферасы, аурасы, сәулесі жоқ.

Кезінде, модернизм ұясына айналған Парижде, атақты «Ротонда» және «Клозери де Лила» кафелерін жағалап, өмір сүрген жас буын, жаңа толқын қаламгерлер ғана түпнұсқаларды көріп үлгерді. Содан кейін өнеркәсіптік революция нәтижесінде өндіріс ошақтары, тауар өндірушілер бір-бір данадан жасалатын нұсқаларды миллиондаған таралыммен өндіріп шығара бастады.

Тираж – түпнұсқаны жойды. Бір дана – бір даналық еді, құны – бір қаралық еді, таралым ойға таршылық етті. Сынған айналардың қиылып түскен сынықтары бір-бірінің жүзінде жарқыраған бейнелерді бей-берекет жарыса қайталап, түпнұсқа деген ұғымның күл-талқанын шығарды.

Өмір де көшірмеге айналды. Біз сахнадан, көшеден, үйден адамның өзін емес, сұлулық салондары жасаған гламурларды көреміз. Гламур – ішкі  мән емес. Ол қолдан жасалған алдамшы, сыртқы көрініс. Адамның өмірі гламурлық образдың фонына және фабуласына айналды. Гламур – қашанда  өтірік: жалған образ.

Бұрын гламур  аристократтық немесе элиталық субмәдениет болатын. Енді қазір бүкіл қоғам, әрбір адам гламурланды. Инстаграмды аша қалсаңыз, гламурлы фотосуреттер немесе бейнебаяндар. Фейсбуктегі суреттерге қарасаңыз, бәрі де патшадай өмір сүріп отырған сияқты. Шын мәнісінде, бұл жалған образдан туған жалған әсер. Суретке түсер алдында гламурлы жерді, гламурлы атмосфераны және гламурлы адамды таңдап алады. Гламурдың өмір  сүру уақыты – бір тойдың мезгілі. Өз бейнесінен өзі қашқан, өз өмірінен өзі бас тартқан гламурдың құлы, жалған образдың иесі осылай постмодернистік дәуірде мағынасыз өмір сүреді. Гламур – үріп қойған қарын тәрізді. Ішінде май бар деп ойлайсыз, ал шынында, онда ештене жоқ. Бірақ бұл жерде мәселенің шешімі емес, әсері маңызды, яғни гламур әсер, пайдасыз әсер, өзіне-өзі тең емес, өзінен-өзі мазмұн таппаған, мағына көрмеген шын сезімді, шынайы әсерді кешпеген, иә, рас, жалған қуаныш.

 

 Философиялық салдарлар

 

Мен бірде былай деп жазған едім, үнқатудың (цитата) үлкендігі үшін кешірім сұраймын, бірақ ой әуелі орыс тілінде жазылғандықтан  сол түпнұсқада қалдырғанды жөн көрдім:

«Философия, размышляя над языком и мышлением, определяет мир как непрочитанный, скрытый текст, их просто надо расшифровывать.

Теория о текстах стала смертью философии.

Постмодерн изобилует смертями:  «смерть Бога», провозглашенная Ницше, было только началом. За ней следуют «смерть автора», «смерть или конец истории», «смерть книги, философии, науки» (она теперь ищет не истину, а то, что увеличивает эффективность производства).

Из музыки исчезает мелодия. Из кино – кинематограф. Книги – просто ненужный хлам, их сейчас никто не читает.

Вот об этом мое эссе.

Время выглядит с каждым разом старше чередующейся жизни… время – это большая жизнь, а жизнь –Вселенная… и ты, и я, мечтающие романтики о долгой и долгой счастливой жизни»…

 

Технологиялық салдарлар

 

Жоғары технология адам тұрмысын, өмірін, өнерін өзгеріске ұшыратты. Технология өзі қаншалықты интеллект туындысы болса да, қызметі интеллекті соншалықты мансұқ етеді. Себебі, постмодернистік заманда технология көпшілік мәдениетін қалыптастырады. Бейнетқор тұлғаны ләззатқұмар, жайлылықты жақсы көретін, өз бабын өзі тапқан, нәпсіқұмар адамға айналдырды.

 

Постскриптум

 

Постмодернистік теорияның соңы

 

Дүние өзгерді. Адамзат біртіндеп ғаламзат болды.

ХХI  ғасырда туған үйің, туған жеріңді ғана жақсы көрген аздық етеді, себебі, адамзаттың жалғызы – Жер, піл сауырлы Ғаламшар, ұлы Планета – біреу ғана. Біздің ендігі туған үйіміз – өз кіндігін өзі айналып жүрген қара топырақты, күн шұғылалы, ай мүсінді Жер. Планеталық сана ортақ үйімізге төнген қауіп-қатер туралы дабыл қағады.

Бірақ, планеталық сана әр ұлттың өз туған жерін ғана емес, туған елін сүйген шексіз махаббат, терең сезімінен қалыптасады. Туған үй, алтын бесік сіздің туған жеріңіздің көрінісі болса, мемлекетіңіз – туған еліңіздің өзі.

 

Семей

 

сәуір-маусым, 2017 жыл

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *