ЕЛБАСЫНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы күні кешегі «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жобаларының заңды жалғасы. Кезінде «Рухы мықты халық қана мықты мемлекет құра алады» деген Елбасы халық рухын көтеру үшін, ең алдымен, өзі сүйген, өзін сүйген ұлтының тарихына бұл жолы өте тереңнен үңілді. Мақалада айтылғандай, ұлы қазақ даласындағы үлкен мәдени жетістіктер шоғыры бізге сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы байтақ өлкемізде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды. Шынында да, «қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ».

Негізі Мемлекет басшысының қазақы бояуы қанық бұл мақаласында атап өткен жеті бөлімнің символикалық мәні бар. Қазақ үшін 7 – ежелден қастерлі сан. Сондықтан оны қадір тұтып, «Жеті қазына», «Жеті амал», «Жеті шәріп», «Жеті жарғы», «Жеті ғашық», «Жеті ғалам», «Жеті ата», «Жетіқарақшы» деп бірқатар наным-түсінігіне, табиғат құбы­лыстарына, Ата  Заң, салт-дәстүрлеріне арқау еткені де тегін емес.

Ел аузында Елбасы жайлы тағылымды әңгімелер жиі айты­лады. Тек өзіміз ғана емес, әлемнің барлық мемлекеті де оның батыл қадамдарына таңдай қағысады. Сондықтан біз бүгін «Ұлы даланың жеті қырын» ұсынған Елбасының жеті қырын тізіп көрдік.

1. СҰҢҒЫЛА САЯСАТКЕР

Нұрсұлтан Назарбаев тарихи өлшем бойынша өте қысқа мерзімде жас мемлекетімізді халықаралық қо­ғамдастықтың белді мүшесіне айналдырды. Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде қайта құрып, БҰҰ мен Дүниежүзілік сауда ұйымының сапына қосты. Егемен елімізде саяси бірлік пен қоғамдық келісім орнатты. Демократиялық бастамаларды нығайтып, дамудың дара жолын қалыптастырды. Халықаралық деңгейде Қазақ­станды қарусыздану және жаппай қырып жою қаруын таратпау үдерісінің көшбасшысы, аймақтық және аймақаралық интеграциялық үдерістердің бастамашысы, мәдениет, дін, сонымен қатар өркениеттер арасындағы пікіралмасудың ұйытқысы ретінде танытты.

Ұлт көшбасшысы елімізді өзгелер жүз жыл жүріп жет­кен жетістіктерге ширек ғасырда жеткізді.  Иә, Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілік пен бірлікті наси­хат­тай отырып, қазақ елін дүние жүзі танитын, құр­мет­тейтін, бағалайтын және пікірімен санасатын тәуелсіз мемлекетке айналдырды.

Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыру үшін сыртқы әлеммен сауда-экономикалық және инвести­ция­лық байланыс жасауға терең мән берді. Ал елдің береке-бірлігін сақтап, өзара сыйластық пен келісім орнату үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы атты ұлтаралық татулық­тың бірегей институтын құрды.

 

2. ДАРА ДИПЛОМАТ

Президент 2003 жылы Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезінің өтуіне ұйытқы болды. Бұл басқосуға ислам, христиан, иудаизм, буддизм, зороастризм, синтоизм сынды діндердің өкілдері қатысты. Осы жиында әлемде бейбітшілік пен келісімді сақтау бойынша дінаралық диалогқа қатысты декларация қабылданды. «Көптеген ғасырлар бойы Ұлы далада тәңіршілдікті, зороастризмді, буддизмді, христиандықты, иудаизмді, исламды және басқа діндерді ұстанған талай халық тату-тәтті тіршілік еткен. Бұл жер сонау бағзы  заманнан қазіргі күнге дейін сауда мен мәдени байланыс арқылы Азия мен Еуропа арасын жалғап жатқан өзіндік бір өткел тәрізді. Ол бүгінгі күні де көптеген халық пен дін өкілдері үшін атақоныс», – деді Президент.

Бұдан кейін Астанада 2006, 2009, 2012, 2015 жылдары тағы 4 съезд өтіп, бұл басқосуларда да Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары барлық дәстүрлі діндерде бағаланатын ождандық құндылықтарды дәріптеп, діни негізде орын алатын қақтығыстарға жол бермеу мәселесін талқылады. Діндарлардың ІV съезіне әлемнің 40 елінен делегат келді.

Айтпақшы, Елбасы Сауд Арабиясына барған сапарында Корольдің ерекше ықыласы түсіп, Меккеде Қағбаның ішіне енген, Мәдинада Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жатқан жерге кіруге рұқсат алған тұлға.

Мәдинада үш ай жаумаған жаңбыр біздің Президент барған уақытта жауған. Арабтар мұны ерекше құбылысқа балап, оған өзгеше құрмет көрсетіп, алтын мұқабалы Құран сыйға тартқан.

3. Астананың авторы

Елбасы халқына Астанадай сәнді де, салтанатты шаһарды сыйға тартты. 2010 жылы Елордада ЕҚЫҰ халықаралық саммиті ұйымдастырылды. Сол кезде қазақ елінің бас қаласында бір мезетте 56 мемлекеттің басшысы бас қосты. Қысқы Азия ойындарының жалауы да Астанада желбіреді. Астана экономикалық форумының ашық пікірталас алаңына айналғанына да біраз жыл болды. ТМД елдері арасында тұңғыш, Азия елдері арасында төртінші болып халықаралық «EXPO-2017» көрмесі де біздің Қазақстанда дүбірлеп өтті.

Иә, Астананың бас сәулетшісі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болып саналады. Қаланың көптеген ғимараты, ескерткіштері Елбасының сурет, сызба және нобай түрінде түсірген ой-идеяларынан алынған. Ал әлемнің белгілі сәулеткерлері Нұрсұлтан Әбішұлының ойларын өмірде жүзеге асыра білді.

Мәселен, Мемлекет басшысының сызбасы бойынша «Бәйтерек», «Хан Шатыр» бой көтерді. Арнаулы полимерлік жабыннан жасалған кешен «Forbes Style» журналының зерттеуінше, әлемдегі ең үздік он экоғимарат қатарына енген. Бейбітшілік және келісім сарайы, Президент мәдениет орталығы, Ақорда резиденциясы, «Отан қорғаушылар» монументі де Нұрсұлтан Назарбаев сызған нобай түрінде пайда болған.

Астана – Тәуелсіз Қазақстанның басты рәмізі.

4. Кітапқұмар

Нұрсұлтан Назарбаев бос уақытын кітап оқуға ар­найды. Тіпті, ресми іс-сапар­лармен ұшақта ұшып бара жатып та қолынан кітабын тастамайды.  Кітапқұмарлық оның бойында балалық шағы­­нан қалыптас­қан екен. Сүйікті кітаптары­ның қа­та­рында Абай, Мұхтар Әуезов сияқты белгілі қазақ жазу­шылары мен ақындары­ның, орыс және әлем әдебиеті клас­сиктерінің туындылары бар.

Бүгінде өзінің де бірнеше кітабы жарыққа шықты. Елбасы кітаптарында оның қоғамдық-саяси өмірдің, эко­номика мен мәдениеттің маңыз­ды бағыттары туралы афо­ризм­дері мен өз ой-пікірлері басыл­ған. Мысалы…

Мейлі, сен патша, не қойшы бол, бәрібір… Атамекеніңнен табаның тайса – жетімсің…

***

Мен өз халқымның жолын­да басымды бәйгеге тіккен адам­мын.

***

Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында.

***

Еліміздің басты байлығы, ең қастерлі қазынасы жердің ас­тында да емес, үстінде де емес – адамдарымыздың жүрегінде.

***

Құдай қазаққа қырын қара­маған: пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, асты-үстін толтырып кен берген, мейірбан, ақ көңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген.

***

Біз қандай қиын-қыстау сындарда да өзіміздің жауын­герлік даңқымызға дақ түсір­меген халықпыз.

***

Еуразияның ең бір бай да бірегей мәдениеті – қазақ мәдениеті.

5. Дүлдүл домбырашы

Ата-анасы туралы Нұр­сұлтан Әбішұлы На­зарбаев: «Әкем етік тігіп, жер өңдеп, сонымен қатар, ол орыс, қазақ ән­дерін құйқылжыта сала­тын. Әйелі Әлжан да өзіне бап қосылған, шын­ту­айтында, ауылда ән салып, өлең шығарудан шешеме ешкім тең кел­мейтін. Ма­ған да солар­дан жұққан болар, дом­бы­раның құла­ғында ой­науға бармын», – дейді «Әділет­тің ақ жолы» атты кіта­бында. Сондық­тан Прези­дент өмірінде өнер маңызды орын алады. Мерекелік жиын-тойларда Елбасының талай рет қолына домбыра алып, ән шырқаған кездері де болды. Бала күнінен мандолин, баянда ойнаған.

Бүгінде жұртшылық ақынжанды Президенттің «Елім менің», «Жерім менің», «Үшқоңыр», «Шұбарат» сияқты әндерін тыңдап жүр. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Әнұраны мәтінінің телавторы екені де баршаға белгілі.

«Домбыра қазақтың жан дүниесімен байланысты. Күйді, дом­быраның әуенін, сазын мұрнына жусан иісі барған әрі Ұлы далада өмірге келген қазақ қана түсіне алады. Себебі, бұл ерекше музыка адамның жан-дүниесін көрсетеді, яғни мұңды немесе қуанышты  ойды ашық байқатады. Кешкілік домбыраны шертіп отырған кезде  барлығы ұмытылады. Маған бұл әсер ұнайды, сондай-ақ, домбырада жақсы ойнайтын адамдарға құрметпен қараймын», – деген естелік-кітабында.

Президенттік оркестр өнерпаздарының айтуынша, Елбасы халық әндері мен ретро әндердің басым көпшілігінің сөзін жатқа біледі. Бір жылдары ішіне бірталай халық әні топтастырылған 200 беттік кітап жарыққа шығыпты. Сол кітапты Елбасына тарту еткенде: «Мен, тек осынша ғана біледі деп ойлайсыздар ма?» деп кітапты тарту еткен адамның өзін ұялтқан екен.

Халық арасында Елбасы Абайдың әндерін, қазақ вальсінің патшасы Шәмші Қалдаяқовтың әндерін жақсы көреді деген сөз бар.

Айтпақшы, биыл Елбасының ұсынысымен тұңғыш рет елімізде Ұлттық домбыра күні аталып өтті.

6. Шебер шаңғышы

Мемлекет басшысы салауатты өмір салтын және спортпен шұғылдануды өз үлгісімен насихат­тап жүрген жан. Елбасы үшін сүйікті спорт түрлерінің бірі – үлкен теннис. Ол ракетканы еркін меңгерген және кортқа жүйелі түрде шығып тұрады.

Президент гольф та ойнайды. Бірде Хайнань аралдарындағы демалыстарының бірінде гольф допшасын бастау алаңшадан көмбе алаңшадағы шұңқырға бір ұрғаннан кіргізген. Таңдай қаққан қытай мамандары сол жерге ескерткіш те орнатпақ болған екен.

Шаңғы да тебеді. Бала күнінен шаңғыны жақсы көрген Нұрсұлтан Үшқоңырдың биігінен, небір қиын, жолсыз жерлермен сырғанағанда алдына жан салмаған көрінеді. Мемлекет басшысының Шымбұлақ шатқалында және басқа да таулы курорттарда демалып жүргенін жиі көруге болады.

Ол – альпинист. Президент бола жүріп те кә­сіби альпинистерге ілесіп, бірнеше шыңды бағын­дырған. Соның ішінде теңіз деңгейінен 4010 м. биіктіктегі Абай шыңының орны ерекше. Бүгінгі таңда Алматы маңында Нұрсұлтан шыңы бар.

Елбасының жайлауға жиі барып, ат үстінде мығым отырып, еркін шабатыны да елге үлгі.

Ол – құралайды көзге атқан мерген. Аң аулағанды, саят құрғанды жақсы көреді. Оның мергендігі туралы түрлі аңыздар бар. Үзеңгілес досы, марқұм Мақсұт Нәрікбаевтың Нұрсұлтан Әбішұлы туралы: «Бір жолы атқан оғының жарты шақырым қашықтықта тұрған жануар­дың жүрек тұсынан дәл тигендігін көрдім. Тек хас мерген ғана осылай ата алады», – деп жазған естелігі де бар.

Одан бөлек, суда жүзу сынды спорт түрінен де әлі күнге дейін қол үзіп көрген емес.

7. Әзілқой адам

Нұрсұлтан Назарбаевпен дастархандас болған көптеген адам естеліктерінде оның ерекше әзілқой жан екендігін айтады. Әсіресе, еркін отырыстарда айналасындағыларды күлдіріп, көңілдерін көтеріп отырады екен. БАҚ өкілдерімен өткен кездесулерде де жиі қалжыңдайды.

2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында  Теміртау қалалық тарихи-аймақтық музейдің директоры Наталья Скори­кованың Нұрсұлтан Әбішұлына: «Сізге 8 миллион әйел ғашық!» дегені бар. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы да тың мақтауға тосылып қалмай: «Онда Сүлеймен Сұлтан демала тұрсын», – деген екен.

***

2016 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назар­баев Астана қаласында Тәуелсіздік сарайында Жаңа жылдық қайырымдылық балл кезінде Үкімет мүшелерімен:

– Үкіметтің барлық мүшесі Жаңа жылды Үкіметтің ғимаратында қарсы аламыз деп шешті. Жаңа жылды қайда қарсы алсаң, сол жерде өткізесің.., – деп қалжыңдасқан екен.

***

Елбасы Алматыда 2017 жылы Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың ашылуында сөйлеген сөзінде:

– Жуырда менен шетелдік сарапшылар «Алматыда қар жаумай қалса қайтеміз?» деп сұрап жатыр. Мен еркін түрде «Астанадан әкелеміз» деп жауап бердім. Құдайға шүкір, Алматыда қазір қар жеткілікті, – деген болатын.

Осындай орынды әзіл мен оңтайлы ойлары Нұрсұлтан Әбішұлының беделін биіктетпесе, аласартпайтыны анық.

Президент Маңғыстау облысына барған бір сапарында шығыста Абай мен Шәкәрім, оңтүстікте Домалақ ана кесенесін көтерген сәулетші әрі ақын Сайын Назарбекұлының үйіне түседі. Сәулетші екі жастағы немересі Досанды көтеріп келіп, Елбасына сәлем бергізеді. Нұрсұлтан Әбішұлы балдырғанды құшағына алып, бетінен сүйеді.

– Аты кім бұл батырдың? – деп сұрайды сосын.

– Аты Досан, Нұреке, – дейді атасы.

– Қай Досан? – деп Президент басын көтеріп алады. – 1870–1873 жылдардағы патша саясатына қарсы Маңғыстау шаруаларының көтерілісін бастаған батыр Досан емес пе?

– Дәл солай, Нұраға. Бұл сол батыр Досанның ұрпағы – бала Досан.

– Досанды патша өкіметі ол кезде Александровск, қазіргі Форт-Шевченкода азаптап өлтірді емес пе?

 – Тура айтасыз, Нұреке.

– Онда бұл бала маған емес, мен бұл батырға сәлем беруім керек! – деп Елбасы баланы қайтадан қолына алып, көкірегіне қысқан екен.

Міне, БҰЛ – БІЗДІҢ ПРЕЗИДЕНТ!

 Әзірлеген –  Нұржамал  ӘЛІШЕВА.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *