Үлескерлік – үлкен жауапкершілік

Үлескерлік – үлкен жауапкершілік
newsnhk.com

Әрине, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңы құрылыс кезеңінде пәтер сатып алатын азаматтардың құқықтарын қорғайды. Үлестік құрылысқа қатысу тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту мүмкіндігіне де, бас ауруына да айналуы мүмкін. Сондықтан асығыс шешім қабылдамай, «сақтанғанды сақтайды» дегенді ұмытпаған абзал. Сондықтан үлестік қатысу туралы шешім қабылдамас бұрын, болашақ келісімшарттың барлық мәліметтерін зерделеу қажет, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

Алматы қаласы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мамандары  алдымен құрылыс компаниясын аса мұқият зерттеу жасау керектігін алға тартады. Зерттеудің алғашқы қадамын құрылыс салушы туралы ақпарат жинаудан бастаңыз. Көп пәтерлі тұрғын үйлерді (КПТҮ) қайда және қаншалықты сапалы тұрғызды, құрылысты салу мерзімін қаншалықты сақтағанына баса назар аударғаныңыз жөн. Міндетті түрде шаршы метрдің бағасын анықтаңыз. Ұсынылған бағаның қаладағы тұрғын үйдің шаршы метрінің орташа нарықтық құнынан едәуір төмен болуы байыпты зерттеуді қажет етеді. Пәтерлерді сату жөніндегі уәкілетті компанияның жарғылық капиталына жүз пайыз қатысу арқылы меншікті және (немесе) тартылған ақша есебінен көп пәтерлі тұрғын үйлердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға ғана құрылыс салушы бола алатынын есте сақтаңыз. Уәкілетті компанияда мемлекет берген уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен немесе меншік құқығымен тиесілі жер учаскесі және кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысымен көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы болуы міндетті.

Заңды немесе жеке тұлғалар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу үшін шарт жасасу мақсатында компаниядан ақпарат талап еткен жағдайда уәкілетті компания мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпарат беруге міндетті:

- құрылыс салушының және уәкілетті компанияның атауы мен заңды мекенжайы туралы;

- мемлекеттік тіркеуді (қайта тіркеуді) растайтын анықтаманы;

- кепілдік шартының болуы туралы, Бірыңғай оператормен жасасқан және Бірыңғай оператордан кепілдік алу арқылы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру жағдайында оның негізгі шарттары;

- екінші деңгейдегі банк жобасына қатысу арқылы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастырған жағдайда үлескерлерден ақша тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсатының болуы немесе көппәтерлі үйдің қаңқасы салынғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілі туралы;

-құрылыс салушы өткізген көп пәтерлі тұрғын үйлер құрылысы жобалары туралы;

- құрылысы болжанатын көп пәтерлі тұрғын үй құрылысы объектісі туралы;

- уәкілетті компанияның жер учаскесіне тиісті құқығын растайтын құжаттың болуы туралы;

Мұндай құжаттарды зерттеу үшін арнайы білімі болмаса, осы салада тәжірибесі бар мамандарды тартқан дұрыс. Құрылыс салушыны таңдау маңызды мәселе екенін есте ұстаған жөн, өйткені ол сізге пәтерді беруге жауапты болады.

Мұны мұқият зерттеп, компания туралы толық ақпаратқа қанық болғаннан кейін екінші қадам – үлескерлік құрылысқа  келісімшарт жасауға болады.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша түрде жасалады және шарт Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңының 12-бабында көзделген тәртіппен көп пәтерлі тұрғын үйдің орналасқан жеріндегі жергілікті атқарушы органда есепке қойған кезден бастап жасалған болып есептеледі. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың үлгілік нысаны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, уәкілетті компанияның ұсынуымен КПТҮ орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы органда есепке алынуға тиіс.

Шарт EGOV.KZ порталында есепке қойылғаннан кейін ғана құрылыс салушы (уәкілетті компания) сізден ақша алуға құқылы.

Құрылыс салушылар үлестік құрылысқа қатысу шартын жасасудың орнына келесі заңсыз әрекеттерге баратын жағдайлар барып жатады. Кейбір құрылыс салушы тиісті заңды құжаттарының орнына  инвестициялау шарты; бірлескен қызмет туралы шарт; үлестік құрылысқа қатысуға алдын ала жасалған келісімшарты; әлі салынбаған (болашақта салынатын) жылжымайтын мүліктің алдын ала жасалған сату-сатып алу келісімшарты;  жоғарыда аталған келісімшарттар бойынша қойылатын талаптар құқықтарына жол беру жөніндегі келісімдер; пәтерді брондау немесе брондау шарты және т.б. секілді құжаттарды көрсетеді.

Егер құрылыс салушы үлестік қатысу шартынан басқа қандай да бір шарт жасасуды ұсынса, мұндай құқықтық қатынастар заңсыз болып саналатынын және заң талаптарын бұза отырып жасалған барлық мәмілелер жарамсыз деп танылатынын есте сақтағаныңыз жөн.

Басқарма мамандары заң аясында тұрғын үй сатып алу ғана сіздің құқықтарыңыз бен мүдделеріңізді қорғауға кепілдік беретінін еске салады.

Үлескерлерден ақша тартуға рұқсаты бар тұрғын үй кешендерінің тізімін мына сілтеме арқылы көруге болады:

https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-uaig/about?lang=ru  және https://almaty.uaig.kz/ 

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы толық ақпаратты:

https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-uaig/activities/directions?lang=ru  және https://almaty.uaig.kz/

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, сондай-ақ «сұр схема бойынша» пәтерлерді сату фактілері бойынша сұрақтарыңызды: 8-727-240-80-00, ішкі: 221 телефоны арқылы біле аласыз. Сонымен қатар, uaigkz@mail.ru электронды поштасы арқылы жолдасаңыз болады.

Алматы қаласы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы