Құдайға қай тілде жалбарынасыз?

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

 

 

Белгілі ақын Абдрахман Асылбектің  «Көкжиек» діни әдебиеттер баспасынан «Құран Кәрімді» түпнұсқасына жақындата отырып, өлеңмен жырлап шыққан «Қасиетті  Құран – мәңгілік  мұраң» атты кітабы жарық көрді.

 Шындық көп, ақиқат жалғыз. Ел арасына кеңінен тараған осы ұғымның аясына адамзаттың бүкіл ғұмыры сыйып  тұрғандай көрінеді. Бұл бүгінгі айтар әңгімеміздің де өзегіне айналғалы тұр. Негізі, Құдайға қай тілде жалбарынасыз деп сұраған адамда ес жоқ шығар, бірақ өмірде бір адамның екі түрлі кейіпте болып, бүкіл ғұмырын түсініксіз өткізетіні ойлантпай қоймай­ды. Екі сөзінің бірінде «Машаллах», «Әлхамдулла», «Ассаламу алейкум уа рахматуллахи уа баракатух» деп, араб­тардың арасында жүргендей кө­рінетін­дер аз емес. Осының бәрін қазақша айтса, қабыл болмайды деген түсінік қалыптасқан ба дерсіз. Муфтият­тағы имамдарымыздың өзі «Пайғамбары­мыз (сала аллаху уағалейкум салам)» дегенді «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)» деп айта бастаған заманда тіліңді мың бұрап, Құдайдың берген тілін менсінбей тұру қалай болар екен?

Марқұм шешем кейде айтарын «Құдай асылық айтқызбасын» деп барып бастаушы еді… 90-жылдардың аяғында «Түркістан» газетінде тілші болып жүргенімде «Құранды» неге қазақша оқымаймыз?» деген шағын ойсалар мақала жазып, Бас редакторға ұсынғаным бар. Онда аздап болса да, бірталай мәселеге көңіл бөлген едім. Адамзаттағы дін Құдайтану ма, идеология ма? Саясаттың құралына айналып кеткені өз алдына бөлек әңгіме, ал егер Құдайтану болса, ол жеке адам мен Жаратушы арасындағы делдалсыз, тіке байланыс болуы керек. Адамды да, тілді де, нәсілді де жаратқан бір Алла. Ендеше, бір халық Құдайға неге екінші халықтың тілімен мінәжат етуі керек? Кез-келген қазақ шын қазақ болса, Құдайдан тілейтінін қазақша тілейді ғой. Жүрегінің тілімен! Көлемі шағын болғанмен, салмағы ауыр сол мақала газетте басылмай қалды. «Мына жазып отырға­ныңның бәрі дұрыс, Әнуар. Бірақ бұл мәселенің көтерілуіне әлі жүз жылдай уақыт керек шығар… Жалпы, идеология деген не өзі, біз әуелі соны біліп алайықшы», – деді Бас редактор Қалағаң – Қалтай Мұхамед­жанов.

Шынын айтқанда, бұл менің алғаш рет қозғап отырған мәселем емес еді… 90-жылдардың басында «Қазақ әдебиеті» газетінде жүріп, «Дін заманға бейімделе ме, әлде…» деп мақала жазғаным бар. Онда дін мемлекеттен бөлек болғанмен, халық ортақ екендігі, ел мен мешіт арасындағы жанды байланысты орнату үшін заңды түрде сүндетке отырғызу, неке қию рәсімдерін мешіт арқылы жүзеге асыру, осы жұмыстарға байланысты дінге жақын мамандарды мешітке тарту, әр түрлі ғылыммен айналысатын діни қызмет­керлер ұстау, т.б. ұсыныстар айтылған болатын. Ол кездері мешіттің өмірі бөлек, халықтың өмірі бөлек, мемлекет­тің тірлігі бөлек – әрқайсысы өз алдына әрекет етіп жататын. Қазір қарап отырсақ, осы нәрселердің біразы жүзеге асыпты.

«Құдай қазақша түсінбейді» дегенді ешкім айта алмас-ау, дегенмен не оқып жатқаныңды өзің түсінбей, жаттағаның­ды ғана сырттай айтып шыққаннан, байыбына барып, жүректің тілімен оқып шыққанның арасы жер мен көктей емес пе? Бұл жерде арабизация туралы тіпті айтқалы да отырған жоқпыз, саясатта шаруамыз жоқ делік. Дін шынында бәрінен бөлек дүние болуы керек. Ол жеке адам мен Алланың арасындағы тіке байланыс. Алла жалғыз, оған баратын жол көп деген сөз де бекер айтылмаған. Көктен түскен соңғы дін – ислам біздің дініміз, кітабымыз – Құран Кәрім. Оны аударуға болмайды, адам өз тіліңде оқуға тыйым салынады деген нақты айтылмаған. Көпшілік алдында емес, жеке отырғанда, Аллаға құлшы­лық етуде өзінің берген тілімен құл­шылық жасау жеке адамның дербестігі емес пе?

Құран тек өзі түскен тілде оқылуы керек деген пәтуа бары белгілі, бұл көпшілік алдында оқитын адамдарға арналған болар. Ал сіз бен бізге адаспас үшін Құранда не айтылғаны, не оқып жатқаныңыз аса маңызды болса керек. Әзірге бүкіл халық арабша сөйлеп кеткен жоқ, ал жекелеген имамдар мен молда­лардың танымы халықтың танымы бола алмасы тағы белгілі. Сонда қазақ Құдайын танымай өте ме?

Шындығын айтқанда, бұл мәселе өзі аса нәзік нәрсе, пікір таластыратын да дүниеге жатпайды. Алайда, Құдайға көзсоқырлықпен, көрсоқырлықпен бар­ғаннан гөрі, жүрекпен танып, шын көңілмен құлап, ықыласың мен ризашы­лығыңды білдірудің, Аллаға өз тіліңде мадақ айтудың орны өзің үшін бөлек. Қайда келгеніңе, қайда баратыныңа ой жіберіп, өз тіліңде мінәжат етудің ешкімге зияны тимеген болар еді. Бәрінен бұрын, бұл адамды Құдайсыздықтан, имансыз­дықтан сақтайды.

Жиырма жыл бұрынғы әңгімені қайта жалғастыруға не себеп болды дейсіз ғой… Бөлмеме белгілі ақын Абдрахман Асылбек қуана кіріп келді. Қолында өзі айтып жүрген аударма кітабы бар. «Құран Кәрім». Өлеңмен жазылған. Кітапта Құран сүрелерінің арабша түпнұсқасы мен аудармасы қоса беріліпті.   Оның сапасы мен бағасын ел айта жатар. Жалпы, бұл аударма жайындағы соңғы пікірді де тиісті орындар мен ғалымдар айтар деймін, ал өз басым қатты қуандым. Құранды қазақша сөйлету бұрыннан бар десек те, өлең түрінде қысқа да нұсқа етіп беру алғаш рет жүзеге асып отырғанын айта кету керек.

Құранның алғашқы беташар «Фатиха» сүресі қазақша былай берілген:

Өте рахымды әрі мейірімді

Алланың атымен бастаймын

 

1.Жаратушысы, иесі де ғаламның,

2.Алла, барлық  мадағымыз саған мың.

3.Сенен ғана күтіп тірек, тіршілік,

Саған ғана етеміз шын құлшылық,

4.Алла, бізді тура жолға бастағын,

5.Адасқандар жолын сырып тастағын.

6.Әрқашанда  ізгі ойдың оңын бер,

7.Игілікке кенелдірер жолын бер.

 

Ал Құранның ең соңғы 112, 113, 114-сү­ре­лерінің 112 – «Ықылас» сүресіне көз салыңыз:

1.Алланы сен бір деп біл,

Бар әлемге нұр деп біл.

2.Алла туылған жоқ,

Ешкімді де туған жоқ.

3.Аллаға ешкім тең емес,

Құдіретінде күмән жоқ.

Түсінікті, жеңіл, көркем тілде жа­зылған кітап жалпы қалың көпшілікке, мұсылман қауымға арналған.

 

P.S. Бұл кітапты Алматы қаласы, Мақатаев көшесі, 128-А үйдегі (Сейфуллин мен Наурызбай батыр көшелерінің аралығы) «Көкжиек» кітап дүкенінен алуға болады. Сондай-ақ «Көкжиек» баспасының сайты арқылы онлайн тапсырыс бере аласыздар: Kokzhіek.kz Алматы қаласы бойынша жеткізу тегін. Тел: +77010717344 — Қанат Ибрагимов.  

 

 

 

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *