Дәрі тапшылығы неден туындады?

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Бұл туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті онлайн-брифингте қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев айтты. Сондай-ақ, бүгінгі пандемия жағдайында дәріханалардың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу жайын да тарқатты.

Осыдан біраз уақыт бұрын пандемияның өршуіне байланысты тұрғындар арасында дүрбелең туып, дәрілерді қораптап ала бастаған еді. Сөйтіп қала дәріханаларында дәрі-дәрмекке деген сұраныс күрт артқан болатын. Мысалы, спикердің сөзінше, қала бойынша мамыр айында 50 мың парацетамол сатылса, маусым айының басында бір күнде 100 мың данаға дейін сатылған. Одан бөлек, дене қызуын өлшейтін термометрдің былтыр жыл көлемінде 100 мыңы сатылған болса, биыл айналдырған екі-үш күннің өзінде 50 мыңы сатылып кеткен. Ал қазір дәріхана желілерінде 6 мыңғы жуық термометр бар.
– Біз дер кезінде іс-шара қолданып, 105 дәріханамен, еліміздегі негізгі дәрі өндіруші және шет елден дәрі алып келетін компаниялармен арнайы келісімшартқа отырдық. Келісімшарт негізінде бір қолға үш қорап дәріден артық сатпау, дәрі бағасын бақылау, қай жерде дәрі тапшылығы анықталса, сол жерге жедел жеткізіп беру мәселелері қаралды. Бұл бойынша күніне екі рет мониторинг жасап отырмыз. Рас, бастапқы кезде логистикалық компаниялар, дәріханалар мұндай сұранысқа дайын болмаған еді. Бірақ ол кәсіпорындардың да дер кезінде қабылдаған іс-шаралары арқасында бұл мәселе шешіліп, соңғы бір аптаның көлемінде дәріханалар алдында бұрынғыдай дүрлігу жоқ, – деді ол.
С.Тұяқбаевтың айтуынша, маусым айынан бастап қала дәріханаларына сұранысқа ие 900 мыңға жуық дәрі жеткізілген. Алдымыздағы бір айдың көлемінде 3 миллион 685 мың дана дәрі жеткізу жөнінде келісімшарттар жасалған.
Спикер қаладағы стационарларда да дәрі жеткілікті екенін атап өтті. Науқастар санының өсуіне байланысты резервтік қор құру жөнінде шешім қабылданғанын айтты.
– Стационарларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында арнайықұрылған, 24 сағат жұмыс істейтін штаб бар. Қай жерде қандай тапшылық бар болса, соған тиісті компаниялармен келісіп, тауардың барлық түрін шұғыл жеткізіп беріп отырамыз, – деді С.Тұяқбаев.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *