БІЗДІҢ ЕЛДІҢ ЖІГІТТЕРІ

Тәжік-ауған шекарасындағы әскери ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге де мәртебе берілді

 Нұржамал ӘЛІШЕВА

  Биылғы 6 мамырда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңына қол қойды. Ондағы тың жаңалық – осы кезге дейін ешқандай ресми мәртебесі болмаған тәжік-ауған шекарасындағы әскери ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер де назарға алынған. Олар – Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде ТМД шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері.

Өткенге тағы бір оралу үшін біз басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлерінің «Ер Отан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы полковник Ерлан АЛДАНАЗАРОВПЕН сұхбаттастық.

 

– Ерлан Жарылқасынұлы, кезінде басын бәйгеге тігіп, тәжік-ауған шекарасындағы әскери ұрыстарға қатысқан ардагерлердің бүгінгі ресми мәртебесі құтты болсын! Қалай қабылдадыңыз?

– Осы ұрысқа қатысқан барлық азаматымыз кезінде өз өміріне қауіп төндіре жүріп, жауынгерлік міндеттерін адал атқарған, рухы биік жігіттер. Жаңа заң сол азаматтардың мәртебесін елдік деңгейге көтеріп, әлеуметтік жағынан қорғалуына кепіл бола алады. Арамызда әскери ұрыс қимылдары кезінде оқ тиіп жараланып, жылдар өте келе оның зардабы мүгедектікке алып келгендері де аз емес. Ал бұл мәртебе сол азаматтарға ең алдымен лайықты медициналық қызмет алуына мүмкіндік береді. Оның ішіне жылына бір рет шипажайда ем алу да кіреді. Қажет болған жағдайда тегін операциялар жасатуына, дәрі-дәрмектерге қол жеткізуіне жол ашты. Мемлекет тарапынан ай сайын ақшалай жәрдемақы беріледі. Мейлі, бұл бәлкім аз көлемдегі қаражат болар, бірақ соның өзі адамдардың рухын көтерер еді. Өйткені, бұл мемлекет арқылы олардың еңбегінің бағаланғанын көрсетеді.

Біз бірақ бұл кезге дейін қарап отырған жоқпыз. Бір-бірімізді өз күшімізбен қолдап жүрейік деп, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлерінің «Ер Отан» қоғамдық бірлестігін құрған болатынбыз. Қазіргі таңда еліміздің барлық аймағында филиалдарымыз жұмыс істеп жатыр.

– Тәжік-ауған шекарасына тап болған жылдарыңыздан сыр тарқата отырсаңыз?

– 1992 жылы азаматтық соғыстың ортасында қалған Тәжікстанға көмек көрсету мақсатында Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасында ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетуді қамтамасыз ету шеңберінде арнайы келісім-шартқа қол қойылды. Сол кезеңдерде Ауғанстаннан есірткі және қару-жарақтар тасымалдау дәліздері пайда бола бастаған. Қазақстан тарапынан шекарашылардан, Ішкі әскерлерден (қазіргі Ұлттық ұлан) және Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерінен жеке құрама атқыштар батальондары құрылды. Біз азаматтық соғысқа араласпадық, бізге жүктелген міндет – шекараны жауып, қалқан болып тұру еді. 1992 жылдан 2001 жылға дейін созылған тәжік-ауған шекарасындағы ұрыста 9215 қазақстандық (оның ішінде 500-ден астам алматылық) өз борышын абыроймен орындап, өкінішке орай олардың 46-ы қаза тапты.

– Шекараны шегендеп тұру, одан қыбыр еткен жанды өткізбеудің өзі оқ пен от оранған азаматтық соғыстан бірде-бір кем болмағаны анық. Сол рухты сарбаздар қазір қайда, бір-біріңізден жиі хабар алмасып тұрасыздар ма?

– Иә, ол сәттерді сөзбен өрнектеп жеткізу мүмкін емес шығар бәлкім. Оның бәрі көкіректе сайрап тұр ғой. Мұздай қаруланған моджахедтер шекарадан асып өтуге өршеленген сайын, біздің жалындаған жүректі жігіттер де одан сайын рухтанып алға ұмтыла түсетін. 7 сәуір – біз үшін ең ауыр күн. Себебі, 1995 жылы дәл осы күні Пшихавр шатқалында қазақстандық батальон ең үлкен шығынға ұшырады. Жыл сайын осы күні барлық қазақстандық «тәжіктер» (тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер өздерін осылай атайды), қай қалада, қай түкпірде жүрмесін, міндетті түрде бас қосады. ҚР Ұлттық ұланында бұл күн жыл сайын «Ерлікке тағзым күні» болып аталып өтіледі.

– Білуімізше, сол тұста Пшихавр шатқалындағы моджахедтерге қарсы тұра білген сіз жетекшілік еткен 7-ші атқыштар ротасы екен. Сол сәттерді әңгімелеп берсеңіз?

– Мен ол кезде жас капитан едім. Иә, сол ұрыста осы ротаны басқардым. Пшихавр шатқалы моджахедтер үшін стратегиялық маңызы жоғары орын саналған. Олар сол шатқал арқылы есірткі мен қару-жарақты емін-еркін тасымалдап, сайран салып дәнігіп алғандар еді. Бұл шатқалды жүз адамнан құралған менің ротамның күшімен бекіту туралы шешім қабылданған болатын. Ал бұл әрекетіміз моджахедтерді жаналқымнан алып тұншықтыра бастағанмен бірдей болды. Әскери стратегиямыз жайындағы ақпаратымыз оларға өзімізден бұрын жетіп үлгергендіктен, содырлардың алдын-ала тастүйін дайындалып алғандарын білдік. Моджахедтер бізге тар да бұралаң тау жолдарына бекініп алып, ашық қарсылыққа көшті. Оқ қарша борады. Бейбіт елден келген біз үшін бұл шын мәнінде күтпеген, өте ауыр ұрыс болды. Көп жігіттер үшін бұл өміріндегі ең алғашқы шын соғыс еді. Бірақ мен сол кезде жігіттердің ешқайсынан қорқу не бұғып қалу әрекетін байқамадым. Қайта бір-біріне жігер беріп, жауға қарсы атой салды. Шын мәнінде, содырлар біздің тарапымыздан мұндай тойтарысты күткен жоқ. Бізге ресейлік шекарашылардан көмек келіп жетіп, алға қарай қадам баса бердік. Бес сағаттан астам уақытқа созылған бұл ұрыста қазақстандық 17 жігіт ерлікпен қаза тауып, 33-і жараланды. Қаза болған 17 сарбаздың бесеуіне ІІ дәрежелі «Айбын» ордені, он екі жауынгерге «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі берілді.

Тәжік халқына көрсеткен көмегі үшін қазақстандық жауынгерлерге құрмет ретінде Душанбеде монумент тұрғызылып, ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында «Отан-Ана» монументі қасынан Ішкі әскердің 17 сарбазына арналған аллея ашылып, ескерткіш бағана орнатылған. Сонымен қатар, өзіміздің Шымкент, Тараза, Қызылорда, Петропавл, Атырау қаласында батырлардың құрметіне ескерткіш қойылды.

Ал Алматыда мұндай ескерткіштер әзірге біздегі Ұлттық ұланның әскери бөлімшелерінде ғана тұр. Алдағы уақытта шаһардың да төрінен бой көтеруіне жұмыс істеп жатырмыз. Дәурен Есполов, Ералы Қордабаев, Мират Жексенбаев, Қуаныш Жұмаділов, Бағлан Дүйсенбаев, Ербол Байтұқаев, Қанат Көшербаев, Сұңғат Серғазин, Нұржан Жанпейісов сынды өзіндік ой-пікірі бар, қай істе де жанып тұратын, қолдауға әзір ардагер жігіттерімізбен бірлесіп әлі талай биікті бағындыратынымыз сөзсіз.

– Былтыр Алматыда ҚР Ұлттық ұланының қолдауымен «Казбат» көркем фильмі жарыққа шықты. Қазақстанның әскери қызметшілерінің тәжік-ауған шекарасындағы  ұрыс қимылдары баяндалған картина сіздер жүріп өткен жолдарды көрсете алды ма?

– «Казбаттың» алғашқы таныстырылымына сол ұрысқа қатысушы ретінде біз шақырылдық. Мен сол кездегі 7-ші ротаның командирі ретінде бұл картинаға жоғары баға бере аламын. Кино таулы Алматы облысында түсірілген екен. Басты рөлдегі актерлар режиссердің шешімімен және әскери кеңесшілердің қолдауымен бірнеше ай бойы казармаларда тұрыпты. Актерлар тау шатқалдарындағы ұрыстарды, біздің жай-күйімізді, ішкі сезімдерімізді дәл берген. Өйткені, фильм желісі нақты оқиғаларға құрылған. Фильмнің премьерасында көрермендердің өздерінің көңіл толқыныстарын да жасыра алмағандығы сондықтан шығар. Мұндай картиналар кейінгі ұрпақты патриоттық сезімге жетелеп, отаншылдыққа тәрбиелеуге өте керек деп білемін.

– Бейбіт елдің ұлдарының қаза болғаны өкінішті!.. 

– Біз, бірінші кезекте, өз еліміздің ұлттық мүддесін қорғадық. Содырлардың әрекеті біздің елге де кесірін тигізбеуі үшін жан аямадық. Мысалы, көршіңіздің үйі өртеніп жатса, сыртынан қызықтап қарап отырмайсыз ғой, дереу көмекке жүгіресіз. Егер қарап отыратын болсақ, сол өрттің жалыны қатар тұрған үйімізді де шарпуы мүмкін.

Одақтас мемлекеттерге көмек қолын ұсына білгеніміздің өзі тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштері үшін үлкен мәртебе деп білемін. Қарулы Күштеріміздің іргесі қалана бастаған сонау жылдарға көз жүгіртейікші. 92-ші жылдары офицерлік кадр құрамы жетіспейтін. Советтік офицерлердің басым көпшілігі өздерінің тарихи отаны – Ресейге, Украинаға, Белоруссияға қызмет етуге кете бастаған тұс. Ал тәжік-ауған шекарасындағы ұрыста біздің әскери қызметшілер нағыз әскери тәжірибе жинады. Ал қазақстандық әскерилер өзінің кез-келген жағдайда күрескер, рухты күш екендігін таныта білді. Біздің көптеген ардагеріміз әлі күнге дейін Қарулы Күштер сапында қызметін жалғастыруда. Мысалы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Қайдар Қарақұлов, ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Альберт Маткаримов және тағы да басқа тұлғалар бар. Бұл тәжірибе Қазақстанның Қарулы Күштерінің қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Жинақталған жауынгерлік тәжірибелер негізінде әскери жоғары оқу орындарының курсанттары үшін оқу бағдарламалары жасалды. Мысалы, біз қазір таулы жерлердегі ұрыс тактикасы қандай болатынын білеміз.

Бұл ұрыс қимылдары тарихтан өшпеуі керек. Біз «Ер Отан» қоғамдық бірлестігін де осы мақсатта құрған болатынбыз. Батырларымыздың ерлігін насихаттау үшін жасөспірімдер арасында түрлі кездесулер, тақырыптық семинарлар, кештер ұйымдастырып отырамыз. Былтырғы желтоқсанда осындай ержүрек, отаншыл ұлдарды дүниеге әкелген аналарға ілтипатымызды білдіріп, аяулы жандарды «Асыл ана» медалімен марапаттадық. Ардагерлердің балалары арасында өткізіліп жүрген әскери-спорттық жарыстар да дәстүрге айналған. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты жарияланған карантин кезінде көпбалалы ардагерлеріміздің, сонау жылдардағы тәжік-ауған ұрыс қимылдары салдарынан денсаулығына зақым келген жігіттердің отбасыларына әкімдік өкілдерімен, «Қызыл Жарты ай» қоғамымен бірлесіп, көмек көрсеттік. Жауынгерлердің ерлігі ұмытылмауы және кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс.

– Ерлан Жарылқасынұлы, әңгімеңізге рахмет! Жас буын өздеріңіздей ержүрек аға буынды мақтан тұтары анық.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *