Бес бастама жастарды қанаттандырды

Елбасы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасымен студент-жастарымыз таныс па? Біз осы туралы жастар арасына сауал тастаған едік.

 

 «ҚАЙДА ТҰРАМЫН?» ДЕГЕН ОЙ СТУДЕНТТЕРДЕ БОЛМАУЫ ТИІС

 

Данай БАҒЖАН,

ҚазҰУ, Филология факультеті:

– Мен Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының ішіндегі білім алу қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту жөніндегі айтқандарын оқып, қуандым. Барлық оқу орындарында жатақхананы бірінші кезекте басқа қалалардан келгендерге, мүгедектерге, отбасылық жағдайы төмен және сол секілді жеңілдіктер қарастырылған студенттерге беріп жатады. Олардан кейін қалған студенттерге орын қалмай қалуы да мүмкін.  Әрбір талапкер қалаға оқуға келгенде өзінің тұратын жері, яғни жатақханасы жайлы еш уайымдамай, алатынына сенімді болып келсе деп ойлаймын. Ал бізде қазір ондай емес. Жатақханадан бөлме алып, ішіне кіргенше соны ойлаумен жүресің. Оған дейін тұрақтай тұратын жер іздеу керек. Егер студент өзі оқитын оқу орнының жатақханасында тұрса, ол оның сабақ оқуына, жан-жақты ізденуіне, сабақтан кешікпеуіне зор ықпалын тигізеді. Мәселен, сабақты өзімен бірге оқитындармен бірге дайындайды, білмейтінін сұрайды, қажет болса, кітапханаға да жүгіріп барып келеді. Таңертең ешқандай көлік күтпей, сабаққа жаяу келе салады. Бұның бәрі адамның дұрыс әрі сапалы білім алуына да тікелей әсер етеді деген ойдамын. Сондықтан әр студент ата-анасынан келетін ақшасын пәтерге, жолға төлеп, шашылмай, жатақханада тұрып, уайымсыз сабағын оқыса деймін.

 

НЕСИЕ ПАЙЫЗЫН АЗАЙТЫП, АЛУ ЖОЛДАРЫН ЖЕҢІЛДЕТКЕН ЖӨН

 

Ғалымбек ҚАЛИҚҰЛОВ,

кәсіпкер:

–  Мен жас кәсіпкер ретінде, 5 әлеуметтік жобаның ішінде айтылған жеңіл несие беру жайлы Мемлекет басшысының айтқандарын толық қолдаймын. Өйткені, бүгінде халық несие алып, оны өз пайдасына дұрыс жұмсауды үйреніп келеді. Әсіресе, жаңа кәсіп бастайтындар үшін бұл үлкен қолдау. Олай дейтініміз, кәсіпке керек болатын қаражатты бір сәтте бәрін түгелдеп ешкім қолыңа ұстата салмайды. Қарызға алғанның өзінде оны бөліп-бөліп, уақытын созып қайтара алмайсыз. Осы тұсынан қарыз ақшаны банктен алғаныңыз дұрыс. Тек бұл ретте банктер өздері ұсынатын несие пайызын азайтып, оны алу жолдарын жеңілдетсе деген ой бар. Несие пайызының көп болуына көптің аяғына тұсау болып отыр.

 

АЛАҢСЫЗ ОҚУ ҮШІН ТҰРАҚТЫ БАСПАНА КЕРЕК

 

Қуандық ҚАЙРАТҰЛЫ,

ҚазҰУ-дің 3-курс студенті:

– Студенттерге жатақхана жаппай жету керек . Елбасының осы мәселені қозғауы да бекер емес. Бүгінде ЖОО-ның жатақхана­ларында бір бөлмеде 4-5 адамнан тұрады.  Соның өзінде онда орналаса алмай жүрген қанша адам бар. Негізінен, талапқа сай, бөлменің шаршы метріне қарай жатақханалардағы бөлмелердің үлкенінде 4, кішілерінде 2 адам тұруы тиіс. Бірақ студент көп болғандықтан, 4-5 адамнан тұруларына тура келеді. Одан өршитін жұқпалы ауру түрлері де бар.  Егер студент пәтерде тұратын болса, пәтерақыға, жолақыға артық ақша қажет болады. Ата-анасынан бір-екі рет алғасын, сұрай беруге ұялады да жұмыс іздеп шығады. Солай сабақтан қалады, кешігеді. Сабақтан шығып қалу, емтиханға жолдама ала алмау деген мәселелер туындайды. Алаңсыз оқу үшін – тұрақты жатақхана қажет.

 

ШӘКІРТАҚЫНЫҢ ЖЕТПЕЙТІНІ РАС

 

Нұрсәуле БЕЙБІТОВА,

студент:

– Мен студенттерге төленетін шәкіртақы жайлы айтқым келеді. Меніңше, бүгінде студенттер алып жүрген шәкіртақы көлемі аз деп ойлаймын. Өйткені, біз оны тек ішіп-жемге, жүріп-тұруға ғана емес, сабақта берілетін тапсырмаларды орындау үшін де жұмсаймыз. Бір сабақтың өзінен қаншама көшірме жасатып, қаншама қағаз жазып шығарамыз. Рефе­раттар мен өзіндік жұмыстар 10 сабақ болса бәрінен дерлік беріледі. Ақ қағаз сатып аламыз, қажетті кеңсе тауарлары бар, шәкіртақының барлығы дерлік соған кетіп қалады. Қалған шығындарды жабуға үйден ақша сұратамыз, болмаса қосымша жұмыс табуға тырысамыз. Ерте бастап жұмыс істеген дұрыс та шығар, бірақ студент студент ке­зінде жұмыспен емес, сабақ оқумен айналысу керек секілді. Жақсы білім алып, дұрыс маман болып шықса, онсыз да ары қарай жұмыс істейді. Ал білім алуға мүмкіндік үнемі беріле бермейді.

 

ЖАТАҚХАНАЛАРДА ЖАҒДАЙ ЖАСАУ ЖАСТАРДЫ ІЗДЕНІМПАЗ ЕТЕДІ 

 

Шалқар БЕЙБІТҰЛЫ,

ҚазҰПУ-дің графика мамандығы бойынша 3-курс студенті:

– Жатақхана мәселесі өз алдына, ал онда студенттерге дұрыс жағдай жасау басқа мәселе. Бүгінде бір бөлмеде 5-6 адам тұрады. Бөлменің тарлығы соншалық еркін қозғалыс жасай алмайсыз. Жатақханада студенттер бос уақытында дене шынықтырумен айналысқаны жақсы ғой. Ал қазіргі жағдайда сабақтың өзін бәріміз тығылысып, әрең оқимыз. Біз өнер факультеті болғасын, үлкен-үлкен плакаттармен мүлде сыймай кетеміз. Жатақханаларда сабақ оқитын, дене шынықтыратын бөлмелер болса деп ойлаймын. Сол кезде студенттер бос жатпас еді. Шынығар еді, ізденер еді. Мәселен, жылына азық-түлік, киім-кешек, кеңсе тауарлары, салық көлемі секілділер бірнеше рет бағаны көтереді. Ал шәкіртақы көлемі болса, бір өссе, сонымен ұзақ тұрақтайды. Оқу жабдықтарының қымбаттығы сонша, оған бір шәкіртақы да жетпейді. Сондықтан Елбасының көтерген бұл 5 бастамасы орынды.

 

Сауалнаманы жүргізген – Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *